649
Субсидияның сұрауы кімнен?
Субсидияның сұрауы кімнен?
Елімізде ауыл шаруашылығы саласына аз көңіл бөлініп отырған жоқ. Бөлінетін субсидия жыл санап көбеймесе, азайған емес. Дегенмен бұл қаражаттың игілігін ел емес, ебін тапқан пысықтар көріп жүргені де анық нәрсе.
Жалпы мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төленетін мемлекет көмегі – субсидияны заңсыз иеленіп, мақсатсыз пайдалану деректері тыйылар емес.
11 қаңтарда өткен Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы да ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесіне ерекше тоқталып, олқылықтың орнын тез арада толтыруға тапсырма берген болатын.
– Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуы керек. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз, – деді Президент.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жүйесіз жұмыстар мен қаперсіздіктің салдары былтыр жазда қатты байқалған еді. Құрғақшылықтан қырылған мал мен бос қалған азық-түлік қоймалары, бақылауға көнбей кеткен баға ақыры ведомствоның басшысын отставкаға кетірді. Жаңа министр жұмысты жүйелеуге тырысқанымен, кереметтей нәтиже байқала қойған жоқ, әрине мұндай ушыққан мәселенің шешімі бір ғана ведомство жұмысына ғана байланысты емесі бұрыннан айтылып келеді. Ауыл шаруашылығы министрі субсидия мәселесін реттеуге күш салып жатқанын мәлімдеді.
– Жұмыс топтарының қорытындылары бойынша өңірлерден, салалық одақтар мен қауымдастықтардан, жұмыс тобы мүшелерінен агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың жаңа жүйесіне қатысты көптеген ұсыныс пен ескерту келіп түсті. Олар жүйелендіріліп, негізді ұсыныстар мен ескертулер субсидиялау жүйесін пысықтау кезінде ескерілетін болады. Алдағы наурызда субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша түпкілікті өзгерістер топтамасын Үкіметтің қарауына енгіземіз. Бұдан бөлек министрлік субсидиялаудың бірыңғай интеграцияланған мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірледі. Ақпараттық жүйенің көрсетілетін қызметтері субсидия алушылар үшін тегін болады. Ол Ақмола облысында қанатқақты режимде тестілеуден өткізіледі, – деді Е.Қарашөкеев. Дегенмен бұл шаралар әбден тамырланып кеткен «бармақ басты, көз қыстыны» тоқтата ала ма, ол жағы белгісіз.
Жемқорлардың жемсауына айналған сала
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің 2021 жылғы мәліметіне сәйкес, ауыл шаруашылығы жемқорлыққа батқан салалардың көшін бастап тұр.
Нақты деректерді алға тартсақ, соңғы 5 жыл ішінде елімізде ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2 триллион теңге бөлінген. Осы жылдар ішінде шенеуніктерге қатысты сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, аграрлық сектор бойынша 960 қылмыс тіркелген болса, оның жартысынан астамы (54 пайызы) бөлінген субсидияны жымқырумен байланысты қозғалыпты.
Ең алдымен жемқорлық жасау күдігіне шенеуніктер мен кәсіпкерлер ілініп отыр.
Мәселен, өткен жылдың соңғы айында Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті бюджет қаражатын жымқырған қала тұрғынын әшкерелеген. Тергеу көрсеткендей, заң бұзушы 1 жыл бойы асылтұқымды ірі қара сатып алу үшін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен жалған мәміле жасап келген. Осыдан кейін субсидия алу үшін Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына шарттар ұсынған. Заңсыз әрекеті арқылы ол 400 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.
Ал Шығыс Қазақстан облысында 140 миллион теңгеге мемлекеттік субсидияларды заңсыз алу дерегі анықталған. Кәсіпкерлердің бірі «Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидия алуға өтінім берген кезде жалпы сомасы 140 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алған. Қылмыстық схеманы ұйымдастырушы үлестес кәсіпорындармен 1000-нан астам асылтұқымды ірі қара мал сатып алу туралы жалған шарт ұсынған. Түркістан облысында шаруа қожалықтары субсидияға берілген 380 млн теңгені қалтаға басқан.
Бұл – 2021 жылы тіркелген қылмыстардың бір парасы ғана. Анитикор дерегінше, дәл осындай қылмыстың істің 60-тан астамы сотта қаралып жатыр.
Субсидиялау қағидаларына 47 рет өзгеріс енгізілген
Сыбайлас жемқорлық схемаларын құруға, оны ұйымдастыруға лауазымды қызметкерлер мұрындық болып келгені де анықталды.
Мәселен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының және Ақмола, Түркістан, Жамбыл облыстары, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарының әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларынан тұратын қылмыстық топтар әшкереленді. Олар субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырумен айналысып, кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара мен заңсыз сыйақы алудың жемқорлық схемасын ұйымдастырған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, қарапайым фермерлер субсидия алуға өтінім беру қашан басталатынынан да бейхабар болып келген, оған қоса нормативтік база түсініксіз, оны шаруалар түсіне алмайды.
– Фермерлер өтінімдерді қабылдаудың қашан басталатыны туралы ақпарат қолжетімсіз дейді. Бізге түскен шағымның көбі осыған қатысты. Субсидиялар «кім үлгерді, сол алды» қағидаты бойынша әділетсіз бөлінеді. Ал өтінімдерді қабылдау мерзімі қаражат бөлінген күнге тікелей байланысты. Демек, қаражаттың қашан түсетіні туралы инсайдерлік ақпарат сатылуы мүмкін. Салдарынан субсидияны белгілі бір топтар ғана алады. Шаруалар өтінім беретін Qoldau жүйесінде кезекке тұрудың ашықтығы қамтамасыз етілмеген. Бұдан бөлек заң бойынша өтінім беруге қатысты қызметтердің бәрі тегін болса да, түптеп келгенде осы үшін ақша алатындар бар. Себебі нормативтік база қиындатылып жазылған. Оны қарапайым фермер түсінбейді. Осы күнге дейін субсидиялау қағидаларына 47 рет өзгеріс енгізілген. Бірақ жаңа нормаларды түсіндіру жұмыстары бірде-бір рет жүргізілмеген, – дейді Марат Ахметжанов.
Одан бөлек, ет өндіру саласына 5 жыл ішінде 465 миллиард теңге бөлінген. Ондағы мақсат – ет өнімдеріне ішкі сұранысты қанағаттандыру. Алайда бұл салаға бөлінген қаражат та ұстағанның уысында, қармағанның қолында кеткен.
Сыбайлас жемқорлық схемаларының басым бөлігінде мал басы туралы деректер түзетіледі, есептік деректер қолдан жасалады және қайталанады екен. Бұл әрекеттер жоқ малды субсидиялау, белгіленген критерийлерді айналып өту, бір мал басына екі рет қаражат алу үшін жасалады екен.
Өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын құруға, халыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағада ұсынып, ел экономикасын көтеруге жұмсалуға тиіс қыруар қаражаттың талан-таражға түскені қынжылтады, әрине. Әлеуетіміз зор болғанымен, «әдетіміз» қалмай тұр. Қорыта айтқанда, субсидия мәселесі – жаңа Қазақстанның жедел шешімін табуы тиіс күрделі мәселесі.