50633
Депутаттар Атыраудағы қордаланған проблемаларды талқылады
Депутаттар Атыраудағы қордаланған проблемаларды талқылады
Мәжіліс депутаттары Нұрлыбек Ожаев, Дүйсенбай Тұрғанов және Сәлімжан Нақпаев Атырау облысына сапар барысында «Химик-Атырау» бау-бақша қоғамы елдімекенінің тұрғындарымен кездесті. Депутаттар жергілікті халықпен әлеуметтік ахуалды оңалтуға қатысты қордаланған проблемаларды талқылады.
Тұрғындардың басты мәселесі – әлеуметтік қолдау түрлері. Яғни, ең алдымен, елдімекенге нақты мәртебе беру. Жоғары кернеулі желі жүргізу, көше жарығын қондыру. Сондай-ақ, балалар үшін ойын алаңдарын салу.
Нақты ахуалмен танысқан Мәжіліс депутаттары аталған проблемаларды назарға алып, шешу жолдарын қарастыратындарын айтты.
Кездесуде Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов аталған мәселелерге нақты кім жауапты екенін анықтап, жұмыстың аяқталар мерзімін, қандай нәтижеге жететінін белгілі болатындай жүйелі жұмыс жасау керектігін айтты.
Жалпы, Атырау қаласына қарасты бау-бақша қоғамдарына байланысты ақпаратқа сай, облыс орталығында жалпы көлемі 875 га, 8085 жер учаскесін құрайтын 45 бау-бақша қоғамдары бар. Оның ішінде 32 бау-бақша қоғамында суару жүйесі бар. 4426 учаске 524 га жер игерілген. Тұрғын үйлер саны – 3497, саяжайлар – 929. Игерілмегені – 348 га, яғни, 3659 учаске.
Ағымдағы жылы мүмкіндігіне қарай демеушілікпен 15 бағбандық қоғамға бұрын пайдаланылған электр трансформаторларын, пайдаланылған насостарды ауыстыру, газ құбырындағы газ қысымын арттыру түрінде көмек көрсетілді. Алдағы уақытта жоспарлы түрде бау-бақша қоғамдарына көмек көрсету қарастырылуда.
Ал, мәжіліс депутаттары арнайы барған «Химик» бау-бақша қоғамының көлемі – 64 га, 597 учаске. Бұның ішінде игерілгені – 540 учаске (450 тұрғын үй, 90 саяжай). Игерілмегені – 57 учаске (4,5 га). Былтыр аталған елдімекенді қолдау бағытында көмек түрлері көрсетілген. Яғни, демеушілер есебінен ұзындығы 30 м Ø 315 суару құбыры берілді.