Көлге лай су ағызған 5 жұлдызды Rixos Aktau қонақүйі тексеріледі

Көлге лай су ағызған 5 жұлдызды Rixos Aktau қонақүйі тексеріледі

Көлге лай су ағызған 5 жұлдызды Rixos Aktau қонақүйі тексеріледі
ашық дереккөзі
Әлеуметтік желіде Ақтау қаласындағы Rixos Aktau қонақүйінің лай суы Қаракөл көліне құйылып жатыр деген даулы видео тараған болатын. Маңғыстау облысының Экология департаменті бұл фактіге орай туристік нысанды жоспардан тыс тексеретін болды деп жазды turkystan.kz. Бұған дейін ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев қыста қызғылт қоқиқаздар ұшып келетін Қаракөл көліне лай су қалай құйылып жатқанын бейнекамерасына түсіріп алған. Ол жақын маңдағы демалыс орталықтары мен қонақүйлер, соның ішінде 5 жұлдызды Rixos Aktau-дың пайдаланылған суды көлге құйып жатқанын айтып дабыл қаққан еді.
«Rixos Aktau қонақүйін жоспардан тыс тексеру басталды. Біз судың барлық ингредиенттеріне, белгіленген норматив қалай сақталатынына талдау жасадық. Объективтілік үшін комиссияға қоғамдық ұйымдар мен үш уәкілетті органның мамандарын енгіздік. Олар – балық инспекциясы, орман-аңшылық шаруашылығы және су инспекциясы», - деді облыстық Экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.
Департамент басшысының мәліметінше, олар Қаракөл көлінің маңында орналасқан басқа да демалыс базаларын тексеретін болады.
Екінші тексерілетін «Сая» демалыс базасынан көлге қарай жерасты суы, емдік мақсатта пайдаланатын радон суы ағатынын анықтадық. Қазір біз оның қаншалықты заңды немесе заңсыз екенін талдаймыз. Жақын арада жоспардан тыс тексеріп, тиісті шаралар қабылдаймыз. Қаракөлге ағынды суларды ағызудың басқа дерегі жоқ», - деді Руслан Төкенов.