Сұрақ көп, жауап аз

Сұрақ көп, жауап аз

Сұрақ көп, жауап аз
ашық дереккөзі
616
Жұмыр басты пенде болғасын кейде ойға беріліп, санаңа салмақ салып, қоғамда болып жатқан өзгерістерге, өмір­дегі базбір құбылыстарға зер саласың, зерделеп, сарап­тайсың. Иә, «Тәуелсіздік алдық, егеменді ел болдық!» деп төс қақ­қанымызға отыз жылдан асып жығылыпты. Уақыт бір жер­де тұрмайтыны айдан анық. Тіпті, осы жылдар ішінде қоға­мы­мызда бүтін бір ұрпақ алмасты емес пе? Жаңа толқын жастардың тәр­биесі, мүддесі, көзқарасы, менталитеті түгелдей өзгеріске ұшырады десек, қателеспейміз. Осы жылдар ішінде біз не ұттық, неден ұтылдық? Бірінші, көпшілік кеңес зама­нын­да негізгі тәрбиелік шара болып с­аналған идеология мәселесінен сырт қал­ды. Жастар арасында патриоттық се­зім, ұлттық рух, ұлтжандылық, отан­сүй­гіштік көмескеленіп, тым бұлыңғыр бо­лып кетті. Жас ұрпақ дүниеге (ақ­ша­ға) жақын болып, «өмірдің мәні бай­лық­та, не болмасын бәрін ақша шешеді» деп қалыптасуда. Өйткені қазіргі мына өмірде дәл солай болып тұр. Қалтаң қа­лың болмаса немесе жоғары қыз­мет­те ағаң-көкең болмаса сенің біліміңе қарап қызметке алып жатқандары ша­­­малы. Қазақтың «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» заманы жан­данып тұр. Сондықтан қазіргі біраз жастар болашағына сенімсіздікпен қарайды, тіпті білімді, талантты жастар келешегін болжай алмай шетелдерге кетіп жатқандары жоқ емес. Олар «Күте тұрыңдар, жақсы заман келеді, жұмақ-пейіш күндер болады» деп айтқанымыз қол жетпес арманға, бұлыңғыр ертегіге айналғанын жақсы біледі. Әсіресе, соң­ғы жылдары шетел асып жатқан бі­лім­ді, болашағы зор, дарында жастардың саны өсіп кеткені көпшілікті алаң­да­та­ды. Шетелдік университеттер де ойлы, білімді, перспективасы бар жастарды өз елдерінде қалдыруға әрекет етіп ке­леді. Ол мақсат өз жемісін беріп жа­тыр. Дарынды жастарымыздың біразы сол білім алған елдерінде қызметке қалып, сол елдің экономикасын, ғылымын, өне­рін жетілдіруге өз үлестерін қосып жүр­гені өтірік емес (халықаралық «Түр­кістан» газетінде олар туралы тар­тым­ды мақалар соңғы жылы үзбей жария­ланып келеді). Билік иелері мен байшыкештердің басым көпшілігі бүгіндері ұл-қы­зарын шетелдік университетте оқы­туды үрдіске, сәнге айналдырды. Енді қазір немерелеріне де сол жаққа білім алуға жіберіп жатыр. Олардың арасын­да елге оралатындары шамалы. Өйткені басқа елдің тұрмыс-тіршілігі бізге қара­ғанда жақсы, қызықты, тіпті тамаша екенін олар өз көздерімен көріп отыр. Жастар біздің еліміздің болашағына сене бермейді. Сөйтіп олар да өз туған жері­нен жеріп, бөтен елге сіңіп, ел-жұр­тын мүлдем ұмытып, сол мемлекет үшін қызмет етеді. Әсіресе, қыз балала­рын бөгде елге оқуға жіберіп, кері қай­тара амай жүргендері қаншама? Елге орал­мау үшін «соқыр болса да» сол ел­дің жігітінің біріне тұрмысқа шығып жат­қандар саны азаймай, соңғы жыл­дары, тіпті көбейіп кеткені алаңдатады (әлеуметтік желілерде африкалық аза­маттарды «күйдім, сүйдім» деп, бас­қа елден бақытын іздеп, байға тиіп жат­қан қыздарымыз жайлы мәліметтер көбейді). Бұлбұлдай сайраған шенеунік-шешендердің сөздері өтірік мәлі­меттерге, статистикаға, цифрларға толы (мысалы, денсаулық сақтау сала­сын 90 пайызға қағассыз цифрлық са­­­лаға аудардық, компьютер мен ғалам­тормен 99 пайыз қамтамасыз еттік деген мәлімет және т.б.). Оның ондай емес екенін көріп-біліп отырған, әділ­діктің, шындықтың жоқ екенін мына дүрбелеңге толы өмірден көріп жүрген халық неге ашынбасын? Алысқа бармай-ақ, әкімдердің жыл­дағы дәстүрлі халық алдындағы есеп-беру жиналысында болып, баяндаманы құлағыңызбен естіп, көзіңізбен көріп, ой елегінен өткізіңізші. Бейне бір кере­мет жұмақта тіршілік етіп жатқандай се­зінесің. Алдын ала дайындалған сұрақ­тарға, дайын жауап (кейде ғана біреу­лер дайындалған адамдармен жа­ғаласып, микрофонға қолы жетпесе)... Мұндай есеп беру жиынның көпшілікке не пайдасы бар? Тіпті, сол жиын не береді? Одан халық не ұтады? Кім үшін, не үшін жалған есеп керек? Жоғарыға ра­порт беру үшін бе? Халық арасында се­німсіздік содан туады емес пе? Осыншама дархан, кең жеріміз бар мемлекетіміздің тұрғындар саны 19 миллионнан сәл ғана асып жы­ғылады (кейбір мәліметтер бойын­ша, көрші Қытай мемлекетінде бір жылда 17 миллион сәби дүниеге келеді екен!). Ойланыңызшы, ауылдарды та­лақ етіп, көпшілік халықты қалаға әке­ліп қамағанымыздан не ұтамыз? Бос қал­ған кең-байтақ далаларымызға, егін­діктерімізге, көрікті жерлерімізге ер­тең кім ие болады? Осы Алтайдан Жайық­қа дейінгі жерді алып жатқан елі­міз тамақ өнімдерін сырттан, яғни көр­ші елдерден алуымыз ұят емес пе? Не­ге өзімізді өзіміз нанмен, картоппен, ет­пен, балықпен, күріш пен тарымен, май мен айран-сүтпен қамтамасыз ете алмаймыз? Оңтүстікте жыл сайын мың­даған тонна мақта жинаймыз, ол қай­да, кімдерге кетіп жатыр? Неге киім­ді (тіпті, нәски мен шұлықты) сырттан та­симыз? Жүн мен тері өнімдерін неге өзі­мізде өндірмейміз? Тері мен жүнді керек етпей, тау-тау етіп сай-салаға тө­гіп, өртеп жатқанымызға не дейміз? Өзі­мізді өзіміз қолдан кедейшілікке ұрын­дырып отырғанымыз намысқа ти­мей ме? Жыл сайын берілетін Прези­дент­тік степендия қазір кім­дер­ге беріліп жатыр? Сараптама жасап көріңізші. Бірен-сараны болмаса кілең елге белгілі, тұрмыс-тіршілігі бар, мүйізі қарағайдай сен тұр, мен атайын деген бақуатты, белгілі тұлғалар. Олардың еш­қайсысы кедейшілікке ұрынып, күнін көре алмай отырғаны жоқ. Елі­міз­дің қай түкпіріне бармасын көп­шілік алақандарына салып, құрметпен қар­сы алып, иықтарына шапан жауып, ат мінгізіп, арқаларынан қағып, ардақ­тап шығарып салады. Оған тәубе делік. Соларға кеткен мемлекеттік қаржыны неге анау үйсіз-күйсіз, жілік майы ша­ғылып, сіңірі созылып жүрген жас көп­балалы отбасына жәрдемақы ретін­де бермеске. Әрине, «ол қаржы кімнің жыртығын жамайды?» дер бәзбіреулер мырс-мырс күліп. Бірақ жоғарыда ма­сай­рап, баршасын белден басып, дү­ние табудың жолына түсіп, миллиондап ең­бекақы алып, мына өмірдің рахатын көріп отырғандар «төмендегілерге» де бір сәт көңіл бөліп, көпшілкке қолұшын берсе несі артық? Дүниеге қызыққандар, елдің көз жасына қалғандар ертең неге ұшырарын біле ме екен, сірә? Кейбір мәліметтерге сенсек, қазір елі­міздің тұрғындарының 70 пайы­зы банк­терден несие алып, «шық­па жа­ным, шықпа» деп тіршілік етіп жатыр екен. Яғни, олар банктердің құ­лына ай­налды деген сөз. Қарыздан шы­ға ал­май, күнделікті нәпақасын әрең тауып, есеңгіреп жүрген қалың жұрт несиеге қайтып пәтер алады? Сұра­ғы көп, жұм­баққа толы бұлыңғыр дүние... Қоғамдағы жалған мәлімет, жал­ған сөз сөйлеу, жалған уәде өр­шіп, болып жатқан қайғылы оқиға­лар­ға немқұрайлы қараудың соңы немен аяқталады? Ел-жұрттың мүддесін ойламай, майдаланып дүниеқоңыздыққа, тойымсыздыққа, көзбояушылыққа, өтірік ақпар беруге ұрынған арсыз ше­неу­ніктерден елді сақтасын деп тілейік. ...Қазақтың Шерағасы атанған Ш.Мұртаза ертеректе АҚШ-қа жазушы Әкім Таразимен іссапарға бірге барып­ты. Нью-Йорктің биік-зәулім қона­қүйі­не орналасыпты. Таңертең қонақүйдің терезесінен төмен қараған Әкім аға: «Шераға, қараңызшы, мына биіктіктен тө­мендегі, яки жердегі адамдар құ­мырсқадай болып қыбырлап көрінеді екен» депті. Сонда сабырлы да салмақты Шерағамыз: «Адамдардың ұсақталға­нын, майдаланғанын көргім келмейді», – деп еш қиналмастан, орнынан кө­теріл­мей жауап қатыпты. Түсінген адамға, тіпті кімді болмасын терең ойға қал­дыратын шымыр сөз. Қазіргі қоға­мы­мызда, өкінішке қарай, майдаланған, ұсақталған берекесіз көзбояушылар, бос уәде берушілер, тойымсыздар, әді­лет­сіздер, арсыз, имансыз жағымпаз жан­дар көбейіп бара жатқан көпшілікті алаңдатады. Оған, сірә, заманды кінәлеу дұрыс болмас. Заманды жасайтын адам­дар, яғни мына сіз бен біздер емес­піз бе? Ойланатын жәйт... Өмір кемесі бізді қайда алып барар екен? Лайым, барлығы жақсылықпен аяқ­талса болғаны...

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары