1666
Иран қазақтары
Иран қазақтары
Иран қазақтарының көбі 1995 жылы мемлекеттің атамекеніне оралды. Олардың елге оралған тобы түгелдей Маңғыстау облысының орталық қаласы Ақтауға орналасты. Сол жылғы көште иран қазақтарының жартысына жуығы елге оралған болатын. Себебі олар Иранның солтүстігіндегі бұрынғы Мазадыран правинциясы кейінгі бөлініп жаңадан құрылған Гүлістан правинциясының Горган, Бәндәр-түркімен, Гүмбәз-кавуыс қалаларының әрқайсысында екі қазақ ауыл болып тұрған. Иранда қалған қазақтар үшін үш жылдық тегін виза беруге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағынан Горган қаласында бас консулдық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ қазақ тілі мен мәдениетін үйренуге жаңадан ашылған әл-Фараби – Абай орталығының қызметін пайдалануға мол мүмкіндігі бар.
Иран қазақтарының бір артықшылығы – ағайындарының бір бөлігі Ақтау мен Жаңаөзен қаласына орналасқан. Сондықтан олармен той және садақа сынды шараларға қатысуына байланысты жиі қарым-қатынас жасап келеді. Сондай-ақ иран қазақтары елге оралған соң өздерінің ата қонысы Маңғыстау облысында тұратын ағайын, жекжаттарын тауып, олармен туыстық қарым-қатынас жасай бастады. Енді бір артықшылығы олар жергілікті қазақтарды жатсынбай құда-құдандалы жақын болып жатыр. Ал иран қазақтарының басты артықшылығы – қазақы салт-дәстүрлерін берік ұстап келе жатқандығы. Мысалға айтар болсақ, олар Иран еліне көшкен жылынан бастап бүгінге дейін ешқашан қолынан домбыраны тастамаған, ешқашан ұлттық киімінен де ажыраған емес. Сонымен бірге иран қазақтары білім мен ғылым, өнер және техника мамандығына аса мән беріп келеді. Бұл жайын кейін кеңірек әңгімеге өзек етемін. Сондықтан Иранда қалғандары да Қазақстанға оралғандары да жоғарыдағы айтылған салаларда айтарлық жетістіктері бар. Бірақ аталған барлық мүмкіндіктерге қарағанда қазақтың әдеби тілін үйренуге, бойына сіңіруге құштарлық байқалмайды. Қазақ әдебиеті мен тарихына терең үңілу үрдісі қалыптаспағаны шындық. Мен өз тәжірибеме сүйенер болсам. Иран елін паналаған қазақтардың алғашқы буыны туған еліне деген өздерінің бойындағы сағынышты келесі ұрпаққа яғни біздерге сіңіріп, аманаттай білді. Өйткені олардың бойындағы еліне деген ыстық ықыластың оты үздіксіз күн сайын жанданып тұрғаны үшін келесі ұрпағына дарыды. Сондықтан біздің буын көрмеген атамекенге ынтық болып, өз бақытын, келешегін сонымен байланыстырды. Біз сол қиялдағы еліміздің елесімен өмір кешіп жүрдік. Сондықтан әдет-ғұрпымызға және тілімізге айрықша ықыласпен көңіл бөлдік. Біздің елге деген іңкәрлік сезіміміз ұдайы күнделікті іс-әрекеттерімізден көрініс тауып тұрды. Мәселен, шағын қазақ ауылымыздан қаланың орталық базарына шыққан әрбір қазақ келіншегі немесе мектепке баратын қазақ қыздарымызды екі көзін төрт етіп, жігіттер оларға жол бойы көз қырын салып, қамқорлық танытып жүретін еді. Олар тек қана бұл жайтқа емес, кез келген қазаққа қатысты оқиғаларға байланысты істе өз қазағын қорғаушы еді. Қазақ көші Иран жеріне қадам басқан жылдан бастап, елдің заңнамалық жүйесі орныққанша 1970-1980 жылдарға дейін өзгелердің күнделікті бұзақы, бейбастық әрекетінен аз ғана қазағын қорғауға ержүрек, намысшыл топтар болды. Соның соңғы тұяқтарын біздің заманда бізден екі-үш жас үлкен Сұлтанбек Бәйбіше басқарған намысқой ерлер бар тұғын. Олар: Әбдіраһим Жары, Семсер (Шәмшир) Қазақ, Әшім Жеменей, Қадір Жеменей, Әлі Бегей, Тойжан Ескелді, Мәдірей Сәдуұлы, Мергенше Тіней, Дүрді сынды азаматтар күнделікті қазақ тіршілігінің алынбас қамалы болды. Ол жылдары дүние бүгінгі көріп жүргендей тек қана мәдениеттілік емес. Бәлки, онымен бірге айбарлы болуды қажет ететін қоғамның болмысын айқындап тұрған заман болды. Онда сенің айбарлы мінезің болмаса, кез келген жерде біреудің тентегі сені езіп кете береді. Өйткені заң мен заң орындары нық аяққа тұрып жұмыс істей қоймаған жылдар болды. Жоғарыда аты аталған жандар қазақты әртүрлі зорлыққа қарсы қорғаушы міндетін атқарып жүріп, өздерінен кейінгі буын мектепте оқып жүрген, оқуға ынталы замандастарына бар ынта-ықыластарымен оқуларын орта жолда тастамай жалғастыру керегін айтып жүретін. Олар оқып жүрген жастарды топтасқан әлгіндей төбелестерге араластырмайтын. Олардың бәрі қарапайым жұмысшы, жүргізуші, техник. Бірақ елдік рухы, елдік танымы біздің жанымыздың тұңғиық қабаттарына сіңіп кеткен еді. Содан менің білетінім: мен, мен емес, мен бізден тұрады. Ол «біз»-дің ішінде қоғамның барлық мүшелері бар. Ол жылдары оқымысты, ауқатты, кедей, қара жұмысшы, жұмыс беруші болсын, бәрін біріктіретін, достастыратын бір арман болды. Ол қазақ туының желбіреп, тәуелсіз елдің белгісіндей бәрімізді сол тудың астына жинаса деген арман болды. Бізде ақсақалдық институт та бар болды. Соңғы жылдарда ақсақалдар алқасының төрағасы қажы Ақмұрат Рақбайұлы беделі, өткір тілі, парасат-пайымы әлгі жастардың азын-аулақ тентектік жасағандарына қорған бола алды. Өйткені қалалық басқару мекемелерінің басшылары ақсақалымызды сыйлайтын. Оның бір ауыз жылы лебізі мен сөйлеген сөзі тентектеріміздің түрмеге қамалмауына кепіл бола алатын еді.
Біздің оқымысты буында қазақтың қазақы болмысын тілі мен салтын сақтап қалуға кіріскен 1980 жылдары да қазақ үшін жемісті жылдар болды. Ондаған жастар менің ұсынысым бойынша біздің шаңырақта қазақ тілінің тазалығын сақтап қалуға, мәдениетін Қазақстандағы жаңа өрісімен өркендетуге «Қазақ мәдени қоғамын» құруға бас қостық. Мұхаммед Ескелді, Қажы-мұхаммед Батырұлы, Қамид Ұзақбайұлы, Ізжан Көрпе, Сүлеймен Бәйбіше, Нияз Тобыш, Ғапур Бәли, Ғаппар Бәли, Мәнсұр Уәли, Ғаппар Қазақ, Абдолла Қаржу, Құшбек Қазақ, Оразбай Бегей, Әбдіраһим Павиз, Әбубәкір Павиз, Қылыш-мұхаммед Ескелді, Әбдісары Қазақ, Ағали Нұрқожаұлы, Илияс Жеменей, Тойжан Бабық, Әбжан Бабық және мен. Аталған қоғамды мәдени іс-шараларды іске асыру мақсатында құрдық. Содан қоғамның төрағасын сайлауға жасырын дауыс берілді. Мен 99,99 пайыз дауыспен төрт жылға қоғамның төрағасы болып сайландым. Осы тұста айтарым, әлгі қоғам төрт жыл қазақ тілі мен мәдениеті қызмет атқарған соң қалалық әкімшілік тарапынан діни шаруаларға басымдық беріп, жаңаша атпен «Ауылдың исламдық кеңесі» есімімен жұмысын жаңа бағытта жалғастырды. Біздің құрған қоғам кейінгі ислами кеңес ретінде де тәуелсіз Қазақстанға қызмет етті. Ол қазақ азаматтарына қазақ екенін куәландыратын анықтама беруші қоғамға айналды. Содан жұмыс қарқынымен басталып кетті. Біріншіден Қазақстанның өнер және мәдениетін тану үшін деректі фильмдер, күйтабақтар, түрлі түсті альбомдар тағы басқа құралдар қажет болды. Мен мұның бәрін Теһранда оқып жүрген кезде сол кездегі Кеңес Одағының Теһран қаласындағы мәдени орталығында бар екенін анықтап, тауып қойғанмын. Ол кезде әлгі мәдени орталықты Кушев мырза басқаратын. Ол қателеспесем Санкт-Петербург қаласының тұрғыны болатын. Оның орынбасары Әзербайжаннан Әли Иманов (немесе Иман Әлиев) деген кісі болған. Мен сол кісімен жақын танысып, достасып жүрдім. 1977-1980 жылдар аралығында, олардан барып қазақ жайлы кітап, күйтабақ сұрап, алып тұратынмын. Ол үшін Нияз Тобыш, Сүлеймен Бәйбіше және жастардан Шапур Зайырұлы, Ағали Нұрқожаұлы, Аяз Қараұлы, Жамал Нәсенұлы және Ақберді Шәудірбайұлы сынды белсенділер қоғамның көздеген мақсатын жүзеге асыруда ең белсенді азаматтар болатын. Жұмыс бағытында қазақ күйтабақтары сол кездегі ең қолайлы ән тыңдау құралы болған күйтаспаға көшіру жұмыстарын Сүлеймен қарқынды түрде жүргізді. Содан көптеген әннің таспалары көпшіліктің қолына тиді. Ал қазақтың өнері мен Бибігүл, Қапаш, Құрманғазы оркестрі тағы басқа деректі фильмдерін Ағали басқарған топ тек қана қазақтар үшін емес, тіпті иран жұртшылығына Горган, Гүмбәз-Кавуыс, Бәндәр-Түркімен, Теһран, Рәшт тағы басқа қалаларда көпшілікке ұсынды. Ол фильмдерді көрген жұрт қазақ халқының өнеріне тәнті болды. Нияз екуіміз қазақ жастары үшін қазақша-парсыша 32 беттік оқу құралын дәріс кітапшасы етіп дайындадық. Ақберді Шәудірбайұлын мұғалім етіп дайындадық. Содан Ақберді көп жылдар бойы жастарға мешіт жанында ашқан сыныпта қазақ тілін үйретті. Оқу құралы қазақша-парсыша және парсы, крилл, төте жазумен дайындалған еді. Оны дайындау үшін Қазақстандағы «Отан» қағамынан пошта арқылы келіп тұратын көптеген сөздіктер, оқу құралдарын пайдаландық. Ең басты құралымыз Сапарғали Мұқаш жазған «қазақ тілі» кітабы болды. Сондай-ақ жастардың денсаулығын қалыпты түрде жақсартып отыру үшін екі бағдарлама енгіздік. Біріншісі – қазақ футбол командасын құру болды. Осылай алғашқы қазақ командасы өз арамызда іс жүзінде пайда болды. Ондағы бастапқы ойын мүшелері: Мұқыш Жеменей, Рақат Бегей, Ағали Нұрқожаұлы, Әуезберді Сәдуұлы, Шалтай Қазақ, Шаһмұрат Қазақ, Рамазан Пилтән, Аббас Тобыш, Яһия Қосайұлы, Иса Қосайұлы, Шапур Зайырұлы, Уаһаб Түгелбайұлы, Аманбай Ескелді. Кәрім Ақмұратұлы, Әкім Жеменей, Жаппар Бәли, Ғаппар Бәли, Фарһад Ізжанұлы, Қыдыр Қарабалаұлы, Жақып Жари, Бұқай Ескелді, Раһим Ескелді сынды жігіттер футбол алаңының шаңын көтере бастады. Бұл өзара ұйымдастырған алғашқы командамыз болды. Сосын команданы Ресми тіркеуге кірістік. Команданың атын «қазақ» қойдық. Бірақ қаланың қауіпсіздік комитетінің басшысы полковник Фәрташ менімен Қажы-Мұхаммед екеуімізді кеңсесіне шақырды. Сосын: «Бір ақылдасатын шаруа бар. Біз қазақтарды жақсы көреміз. Қазақтар – өте еңбекқор, адал жандар. Мен өте қуаныштымын сонша қиындықтан кейін бүгін жоғары оқу орнында оқып, өз қауымыңыздың қамын жеп жүргендеріңізге. Ендігі мәселе біз сіздерді әртүрлі мәдени іс-шараларда қолдаймыз. Бірақ біздің үкіметтің коммунистік кеңес одағына көзқарасын білесіз. Сондықтан солардың нышаны болатын бірде-бір атау болмағаны жөн. Оны сіздер дұрыс қабылдаңыздар. Сондықтан қазақ атауымен ойын алаңына шыға беріңіз. Тіпті, ойынға киетін көйлектеріңізде қазақ жазуы бола берсін. Бірақ тіркеу құжатында қазақ емес, қазақтардың ең сүйікті есімін қойсаңыздар», – деп пікір білдірді. Полковник өте сыпайы, әдепті, өрісті, жүзі жарқын, келбеті келісті тамаша кісі еді. Әрі әңгіме барысында шай мен тәттілер қойып біздерге ілтипат көрсетіп отырды. Біраз әңгімеден кейін екі жақ болып, пікірлесіп қазақтың кең байтақ жерінде жұлдыздарға қарап жол табатын еді. Сол үшін жұлдыз деп команданың есімін тіркейік деп келістік. Содан қазақтың тұңғыш тіркелген аты «Сетаре», яғни «жұлдыз» болып бекітуге тура келді. Қазақ футбол командасы ресми тіркелген соң оны ұйымдастырып басқаруды ең белсенді азаматымыз Рақат Бегейге тапсырдық. Ол басында команда капитаны да болды. Сосын Әуез Сәдуұлына капитандық міндетін жүктедік. Қазақ командасы ұзаққа бармай-ақ қала мен аймақта даңқы аспандап кетті. Сол жылы Горган қаласының командалар бәсекесінде іріктеліп шыққан сегіз команданың ішінде біздің команда бірінші орын алды. Ол қазақ үшін тарихи күн болды. Егер қателеспесем, сол жеңіс жылы 1980 жылы еді. Сол жылы жарыстарға қатысуға командамыздың бар-жоғы он үш ойыншысы бар-тұғын. Біздің саны екі мыңнан аспайтын қазақ ауылымызданшыққан ойыншыларымыздың екеуі қазақ болып жүрген жергілікті Саид сынды азаматтар болды. Олар қазаққа қосылып, қазақша үйреніп, мен қазақпын деп қазақ командасында ойнап жүрді. Оның біреуі қазақ болып, тәуелсіз Қазақстанның азаматы атанып, осында балалы-шағалы болып, Алматыда дүниеден өтті. Марқұм Саид қазақ руымен үндесіп, ұрпағына қазаққа деген махаббатын аманаттап кетті.
Иранның патшалық жүйесі 1979 жылы желтоқсанда жойылып, 1980 жылғы ақпан айынан соң Иран Ислам Республикасы құрылды. 1980-1988 жылдар Иран-Ирак арасындағы соғыс жалпы елдің шырқын бұзды. Қазақ та сол арада экономикалық-әлеуметтік күйзеліске ұшырады. Жастар оқудан мақұрым қала бастады. Елдің жүнжіп кеткені соншалық, қазақтар әйелімен бірге қалта көтеріп, Иран-Түркия арасында ұсақ саудамен күн көруге кірісіп кетті. Содан 1980 жылы Ауғанстаннан босып кетіп Түркияны паналаған қандастар арасындағы байланыс тіршілік жасаудың ортақ одағына айналып, оларды бір-біріне ажырамас бауыр етті. Түркия Ауғанстан мен Иран қазақтарының табысқан елі болды.
Мен 1986 жылдан бастап Түркияға тұрақты оқуға кеттім. Әрі жолым атамекенімнің тағдырымен ұштасып, 1990 жылы Алматыдан бір-ақ шықтым.
Ислам ЖЕМЕНЕЙ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы