232
Болашақ үшін батыл қадамдар
Болашақ үшін батыл қадамдар
Бүгін сағат 20:30-да Qazaqstan ұлттық телеарнасынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті сұхбаты көрсетіледі. Сұхбатта Мемлекет басшысы «қаңтар оқиғасының» себеп-салдары мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы стратегиялық серіктестерімен қарым-қатынастарына, қабылдаған шешімдеріне қатысты сауалдарға жауап бермек.
Ал біз өткен аптадағы маңызды оқиғаларға, «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған қадамдарға шолу жасап өтсек.
Өткен аптада Мемлекет басшысы Әзірет Сұлтан мешітіне барып, «қаңтар оқиғасы» кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштау рәсіміне қатысты. Мәскеуге жұмыс сапарымен барып, Ресей Президенті
Владимир Путинмен келіссөз жүргізді, бірқатар меморандумға қол қойды.
«Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды»
«Қаңтар оқиғасының» өткеніне 40 күн болғанда Мемлекет басшысы Әзірет Сұлтан мешітіне барып, қайтыс болған азаматтардың рухына Құран бағыштау рәсіміне қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев құран бағышталған соң арнайы сөз сөйлеп, бұл жыл еліміз үшін қайғылы оқиғадан басталғанын, халқымыз өте қиын күндерді бастан өткергенін тағы бір мәрте айтты.
– Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнді. Біз лаңкестерге дер кезінде тойтарыс беріп, бетін қайтардық. Өкінішке қарай, дүрбелеңде бірқатар азаматымыз қаза тапты. Бұл – нағыз қасірет. Қазіргі таңда тиісті мекемелер азаматтардың әрбір ісі бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Адам құқығын қорғау мәселесі мен үшін аса маңызды. Қайғылы жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы осыған байланысты Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланғанын еске салды.
– Сол қасіретті оқиғадан бері 40 күн өтті. Бүгін марқұмдардың рухына Құран бағыштау үшін мешітке арнайы келдім. Қаза болған адамдардың жақындарына тағы да көңіл айтамын. Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды. Мен қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді тапсырдым, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоры да осы қайырымдылық жұмысқа атсалысады деп ойлайтынын, енді халқымыздың тыныштығын бұзуға жол берілмейтінін жеткізді.
– Халқымыздың береке-бірлігі мен тыныштығын бұзуға жол бермейміз. Бұл – биліктің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ борышы. Мұндай қасірет ешқашан болмасын, – деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің соңында Президент Қазақстан халқына сабыр, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тіледі Сонымен қатар өскелең ұрпақ үшін тұтас ел болып Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.
Мәскеуге сапар
10 ақпан күні Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшылары екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады.
Қазақстан Президенті Мәскеуге сапармен келуге шақырғаны және дәстүрлі түрде қонақжайлық көрсеткені үшін Ресей көшбасшысына ризашылығын білдірді.
Ал Владимир Путин қаңтардағы қайғылы оқиғаларға қатысты өзінің пікірін білдірді.
– Қазақстанды ел ішіндегі күрделі жағдайды пайдаланған қандай да бір халықаралық бүлікшілердің құрбаны болды десек, артық айтқандық емес. Ресей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттің бірі ретінде шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстанға көмек қолын созды. Дегенмен Қазақстан басшылығы негізгі рөл атқарды, сондай-ақ өздерінің ісіне, антына және халқына адал құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштер өздеріне жүктелген міндетті орындады. Осы оқиғалар кезінде қираған нысандарды қалпына келтіру үшін көп күш жұмсау қажет екенін де білемін. Бірақ Қазақстан Сіздің табандылығыңыздың арқасында нық тұр және Сіздің басшылығыңызбен белсенді дамып жатыр, – деді Ресей Президенті.
Президенттер екі ел арасындағы жан-жақты байланыстың табысты дамуын жоғары бағалап, саяси, экономикалық, сауда, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды тереңдетуге екі тараптың да мүдделі екенін мәлімдеді.
– Алдағы келіссөз кезінде Қазақстанның және екі елдің де стратегиялық мүдделерін қамтитын бірқатар өзекті мәселе бойынша пікір алмасуды жоспарлап отырмыз. Маңызды келісімге қол қойылды. Жалпы, саяси ерік-жігер бар, өзара стратегиялық, одақтастық қарым-қатынастар бойынша нақты нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Бұдан бұрын да Қазақстан мен Ресейдің Құдай қосқан көрші екенін айтқанбыз. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара да бізге тиесілі. Елдеріміз арасында достық пен ынтымақтастықтан басқа қарым-қатынас болуы мүмкін емес, – деді Қазақстан Президенті.
Ресей басшысы екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықты арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.
– Ресей Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі екеніне қуаныштымын. Халықаралық алаңдарда да тығыз ынтымақтастық орнатқанбыз, бұрынғы Кеңестік кеңістіктен тыс ірі халықаралық ұйымдарда да ықпалдастығымыз бар. Биыл дипломатиялық қатынастарды орнатқанымызға – 30 жыл. Бірқатар көлемді іс-шара өткізу көзделіп отыр. Олар біздің іскерлік, гуманитарлық байланыстарымызға пайдалы болатынына сенімдімін. Ғарыш, энергетика, машина жасау салаларындағы ірі жобалар бойынша бірлесіп атқаратын жұмыс көп, – деді Владимир Путин.
Қазақстан мен Ресей басшыларының кездесуі барысында білім беру саласындағы ынтымақтастыққа баса мән берілді. Инженерлік-техникалық саладағы жоғары білікті мамандардың тапшылығына байланысты Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және «Болашақ» бағдарламасы аясында Ресейде мамандар әзірлеу жөнінде әңгіме қозғалды.
Келіссөз қорытындысы бойынша білім беру, теміржол, цифрландыру, ғарышты игеру және атом энергетикасы салалары бойынша мамандар даярлауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды.
Екіжақты келіссөздің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Одан соң Президент Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей президенттерінің бүгінгі келіссөздерінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
– Елдер арасындағы стратегиялық серіктестік пен шынайы одақтастық қатынастарды ілгерілету үшін көп жұмыс істеу керек. Бар күш-жігерді күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жұмсау қажет. Мен жаңа ғана Владимир Владимировичпен ұзақ әрі тиімді келіссөз жүргіздім. Біз ынтымақтастығымызды нығайтуға, халықаралық және өңірлік жағдайға қатысты барлық мәселе бойынша сөйлестік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Кездесу соңында Қазақстан Президенті экономикалық кооперацияның мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық мақсатына сай келетініне сенім білдірді.
Қазанға сапар
Қазақстан Президенті Ресей Федерациясына жұмыс сапарының екінші күні Қазан қаласында болды.
Мемлекет басшысының Татарстан Республикасына сапары «Қазан Кремлі» мемлекеттік тарихи-архитектуралық және көркем музей-қорығына барудан басталды. Ондағы көрікті жерлерді Қасым-Жомарт Тоқаевқа Татарстан Президенті Рустам Минниханов таныстырды.
Рустам Минниханов ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұраларының тізіміне енген осы бірегей тарихи кешен туралы әңгімелеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан Кремлі аумағындағы «Құл Шариф» мешіті мен Благовещенский соборын аралап көрді.
Мешітте Татарстан Республикасы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Камиль Самигуллин Құран оқыды.
Благовещенский соборында Қазақстан Президенті Қазан және Татарстан митрополиті Кириллді биыл елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуға шақырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан Кремлін аралап көргеннен кейін Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесу өткізді. Кездесудің алдында Қазақстан Президенті «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңба қалдырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рустам Минниханов сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.
Қазақстан Президенті мыңжылдық тарихымен, бай мәдени мұраларымен танылған Татарстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Рустам Миннихановқа алғыс айтты.
– Мұнда Қазақстан Президенті ретінде келгеніме өте қуаныштымын. Сізбен елімізде бірнеше рет кездестім. Біз көптеген мәселе туралы, соның ішінде Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту жөнінде сөйлестік. Екіжақты ынтымақтастыққа негізделген маңызды жобаларымыз бар. Егер Қазақстан мен Татарстан басшылары саяси ерік-жігер танытатын болса, бұл жобалардың жүзеге асырылатыны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызды екенін атап өтті.
– Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы байланыстардың тарихы терең. Тарихымыз – ортақ. Бұл тақырыпта жазылған мақалалар мен кітаптарды қызыға оқимын. Оқыған сайын тарихи байланыстарымыздың соншалықты терең әрі сабақтасып жатқанына көз жеткіземін, тіпті таңғаламын. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты міндетті түрде дамыту керек деген пікіріңізді қолдаймын. Қазақстан бұған дайын, – деді Қазақстан Президенті.
Татарстан Президенті Қазан қаласына сапармен келгені үшін Мемлекетіміздің басшысына алғыс білдіріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті.
– Біз үшін бұл – үлкен абырой. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланыстар аясында Сіздің еліңізбен ықпалдастықты нығайту мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Қазақстан – Татарстан Республикасы үшін стратегиялық серіктес. Қазақстанның аймақтарымен көптеген келісім жасалған. Сіздің еліңізде табысты жұмыс істеп жатқан компанияларымызды көптеп мысалға келтіруге болады, – деді Рустам Минниханов.
Кездесу соңында Рустам Минниханов Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевты «Дуслык» орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Татарстан жеріндегі сапары Нижнекамск қаласында жалғасты. Мемлекет басшысы Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен бірге Нижнекамск қаласындағы «ТАНЕКО» мұнай өңдеу және мұнай-химия зауыттарының кешеніне барды. «Татнефть» компаниясының негізгі мұнай өңдеу активі саналатын бұл кешен – Ресейде Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңадан салынған алғашқы өндіріс орны.
Одан соң Мемлекет басшысы Татарстанның республикалық маңызы бар қаласы Набережные Челны шаһарына барып, Ресейдің ірі автомобиль корпорациясы – «КАМАЗ» компаниялар тобының өндірісімен танысты.
Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл кеңесі өтті
12 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл кеңесін өткізді.
Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл кеңесі өтті. Жиында ұлттық қауіпсіздіктің бірқатар өзекті мәселесі қарастырылды. Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бірінші кезектегі міндет екенін атап өтті.
Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 3024 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен террорлық актілер бойынша 177 істі қарап жатыр.
Прокуратура органдарының мәліметі бойынша 779 адам қамауда отыр. Олардың арасында ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі бар. 113 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонаушылық және қарақшылық әрекеттері үшін бұрын сотталған. Ұсталғандардың тұлғалары анықталған соң, сондай-ақ денсаулық жағдайларына байланысты және басқа да материалдар бойынша 109 азаматтың қамауға алу жазасы кетіп қалмау жөніндегі қолхатпен және жеке кепілдік берумен алмастырылған. Прокурорлар азаматтардың тәртіпсіздікке қатысы бар екені дәлелденбегенін негізге ала отырып, тағы да 103 адамды босатқан. Ұсталғандарды азаптау туралы әрбір хабарлама жіті тексеріледі. Прокурорлар адвокаттармен, құқық қорғаушылармен және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен әрдайым байланыста. Оларға тергеу изоляторларына, уақытша ұстау изоляторларына және ұсталу себебін анықтайтын арнаулы орындарға кіруге мүмкіндік берілген. Жалпы прокуратураға ұсталғандар тарапынан 305 шағым түскен. Құқық бұзуға қатысты 62 шағым расталмады. Азаптау және билігін асыра пайдалану дерегі бойынша 170 қылмыстық іс қозғалды.
– Әрбір істі егжей-тегжейлі тексереміз және бұлтартпас дәлелдер болған жағдайда ғана кінәлілерді жауапкершілікке тартамыз, – деді Бас прокурор.
Осы аптадағы басты оқиғаларға шолу жасап өттік. Одан бөлек, ауыс-түйістер легі әлі жалғасып жатыр.