«Елге бай – құт емес, би –құт». Судьялар съезі сот мәселесін қарады

Апта басында Астанада өткен VII Судьялар съезінде сот және сот төрелігіне қатысты барлық мәселелер көтерілді.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспарындағы жүз нақты қадамның орындалу барысын қадағалап, саланың жетістіктері мен жетілдіретін тұстарын түгелдей атап өтті. Аталмыш жиын төрт жылда бір ұйымдастырылады, сондықтан қордаланған мәселелер шаш-етектен.

Н.Назарбаев: Қазір халық сот төрелігіне жүгіне ме, әлде әлі де Президентке хат жолдай ма?

«Біз Тәуелсіздік жылдары мемлекет құра отырып, Қазақстанда жүргізілген іргелі реформаларға сай қазіргі заман­ғы сот жүйесін қалыптастыруға ай­рық­ша көңіл бөлдік. Мұнсыз алға қа­рай шынайы жылжу болмайды. Атап өт­кенімдей, аз нәрсе жасалған жоқ. Алай­да, біз атқарған орасан жұмысты жұрт­шылықтың оң бағалауы, тұтастай ал­ғанда, сот қаншалықты жылдам және ең бас­тысы, әділ болатындығына байла­ныс­ты», –деді Елбасы.

Мемлекет басшысы атап өт­кен­дей, адамдар өз мәселелерін шешу үшін айлап-жылдап билік дәліз­дерін тоздырмауы тиіс. Заңбұзушылық орын алған жағдайда сотқа барып, өз құқықтарының қорғалуын талап етуі керек. Дегенмен елімізде сотқа жүгіну мен сот төрелігіне деген сенімсіздіктің бары байқалады. «Сот жүйесіне халық тарапынан әлі де алаңдаушылық бар. Әсіресе, кейбір судьялар тарапынан қателіктер кеткен жағдайда. Тек осы жылы дисциплинарлық тәртіпте 32 судья өз жазасын алса, 2 судья қызметінен босатылды. Сот жүйесінде мұндай олқылықтар болмауы керек», – деді Мемлекет басшысы. Өткен жылы Президент ҚР Жоғарғы соты прокуратураның наразылығымен 63 азаматтың ісін қайта қарағанын ерекше атап өтті. Бұл дерек отандық соттардың өздеріне жүктелген міндетті толық атқара алмай отырғандығын білдіреді. «Өкінішке қарай, қарапайым халық әділдік іздеп, Жоғарғы соттан немесе прокуратурадан көмек сұрайды. 2015 жылы прокуратураның наразылығымен соттың үкімі шыққан 63 азаматтық істі ҚР Жоғарғы соты қайта қарады. Демек, қазіргі таңда біз тиісті құқық берген төменгі соттар өздеріне жүктелген міндетті толық атқара алмай отыр. Бұл – ең маңыздысы. Яғни, біз қолға алған реформалар бойынша дұрыс жұмыс істелмей жатыр деген сөз. Сондықтан біз жүйелі түрде сот жүйесінің беделін көтеретін істерді жүргізуіміз қажет», – деді Н.Назарбаев. Бұған қазақстандықтардың жоғары мемлекеттік инстан­цияларға, Президенттің өзіне дейін шағымдануы дәлел, сот­тар мен құқық қорғау органдары­ның шешімдеріне арыз-шағым­дар түседі. Ал судьялар кор­пусы өкілдері мен құқық қорғау­шы­лардың адалдығы мен сатылмай­тындығына күмән бар. Мысалы, Президент әкімшілігіне 2015 жылы азаматтар мен ұйымдардан заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері бойынша 10 мыңдай арыз-шағым түсті. Ал үстіміздегі жылдың 10 айында осындай арыз-шағымдар саны 7 мыңға жуықтады.

«Құқық қор­ғау органдары мен соттардың проб­лемаларының бүкіл қырын қамтитын Ұлт жоспары дәл осы міндеттерді шешуге бағытталған. Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін екі жылда аз шаруа атқарылған жоқ, соның ішінде мемлекеттің қылмыспен күрестегі мүмкіндіктері күшейтілді, азаматтар мен мемлекет мүдделерінің құқыққа қарсы әрекеттерден қорғалу деңгейі өсті. Былтыр Парламенттің белсенді жұмыс істеуінің нәтижесінде нормативтік-құқықтық база қалып­тастырдық. Ұлт жоспарының орындалуын қамтамасыз ететін ондаған заң қабылданды. Бұл заңдар 2016 жыл­ғы 1 қаңтардан іске қосылды», – деді Елбасы.

Сондықтан сот қателіктері мен әділетсіз сот төрелігін болдырмау мақсатында лауа­зымды тұлғаның араласуын қадағалау маңызды. Президент тіпті мұндай тұлғаларды халықтың алдында жария етуді де ұсынды. Дегенмен судьялар қауымдастығы жабық корпорацияға айналып, қоғамдық сын аймағынан тыс болмауы тиіс. Демократиялық мемлекетте қоғам барлық мемлекеттік институттардың, соның ішінде сот органдарының да жұмысына баға беруге құқылы. Сондықтан да Ұлт жоспарында судьялардың есептілігін күшейту міндеті қойыл­ған, бұл олардың тәуелсіз­дігі­не қол сұғу емес. «Ұлт жоспарын нақты жүзеге асыру ел азаматтары тарапынан соттар мен құқық қорғау органдарының қызметін бағалауда түбегейлі жақсару жағына қарай бет бұруы керек. Бұл бағалау жұртшылықтың соттарға қаншалықты сенетіндігі мен олардың жауапкершілік өл­шемін айқындайтын болады. Заң үстемдігін қамтамасыз ету тұрғы­сынан алғанда, әзірше Ұлт жоспары талап ететіндей деңгейде жұмыс жасалған жоқ. Және ұлттық сот жүйесінде белгіленген міндеттерді шешуге ерекше рөл беріліп отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы атап өткендей, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында сот жүйесі түбегейлі жаңаруы тиіс. Қазірдің өзінде бірқатар жұмыстар атқарылып, өз нәтижесін көрсетуде. Нәтижесінде соттың көпсатылы жүйесі жойылды, сот төрелігі жедел әрі ашық бола бастады. Сот саласында ауыз толтырып айтуға тұрарлық маңызды шараның бірі – республика соттарындағы сот процестерін заманауи аудио-бейнетіркеу жүйелерімен 100 пайыз қамту. Соның нәтижесінде судьялар әрекеттеріне шағым түсіру екі есеге кеміген. Сотқа электронды арыз беру жүйесі сәтті жүзеге асып келеді. Мысалы, биыл соттарға электронды түрде 73 пайыз азаматтық іс түскен. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл мүмкін емес болатын.

 

Соттардың кәсібилігі – әділ шешім кепілі

 

Судьяларды кадрлық іріктеу жүйесін жаңғырту аясында Жо­ғары Сот Кеңесі реформала­нды. Осыған орай сот төрағаларына қойылатын талаптар да қатайтылды. Дайын­дығы нашар тұлғалардың судья­лар корпусына еніп кету ықтимал­дығын болдыр­майтын жүйелі ша­ралар қабыл­данды. Мәселен, 2016 жылы соттардың кәсіби деңгейін анық­тауға мүм­кіндік беретін баға­лау жүйесі іс жүзінде қолданыла бастады. Сондай-ақ, соттардың мінез-құ­лқының стандарттары қарастырылған жаңа Этика кодексін қабылдау маңызды оқиға болды. Кадрлардың даярлық сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жылы Жоғарғы сот жанынан Сот төрелігі академиясы ашылды. Академияның басты міндеті – судьялардың жаңа буынын дайындау. «Ұлт жос­парын жүзеге асыру аясында жеке сот орындаушылары институты ны­ғайтылуда. Осылайша, соттың не­гізгі құқық қорғау институты ре­тіндегі мүмкіндіктері жүйелі түрде өсіп келеді. Біз Жоғарғы соттың құ­ра­мын айтарлықтай ұлғайттық, онда елдегі ең үздік сот кадрлары шо­ғырланды. Енді соттар өздерінің биік әрі жауапты миссиясын орындау үшін барлық құқықтық құрал­дар мен мүмкіндіктерге ие. Енді тек қоғам үмітін ақтау қалды, ал ол өте жоғары. Адамдардың баға­сы сот жүйесінің жетістігін анықтайтын басты өлшем болып саналады», – деді Президент.

«Ұлт жоспарын жүзе­­ге асырудың Қазақстан Тәу­ел­сіз­дігінің 25 жылдығымен тұс­па-тұс келуінің нышандық мәні бар. Біз 2050 Стратегиясының басты мақ­саты – Қазақстанның әлемдегі аса дамыған отыз елдің қатарына енуіне ұмтылып отырмыз. Сон­дықтан, біз қандай жағдайда да «тежегішті басып», Ұлт жос­парын жүзеге асыруды «шайқал­туға» жол бермеуіміз керек. Оның үстіне, басқа реформа­лардың барлығындағы табысымыз тікелей «заң үстемдігі» секілді шешуші бағытқа байланысты болып отырған жағдайда. Ұлт жоспарының екінші бағытындағы 19 қадамнан тұратын міндеттердің әзірше тек 13 қадамы ғана орындалған, қал­ғандары аяғына дейін жеткізіл­меген. Мен ескерт­кенмін: алға қойған міндеттердің жарым-жартылай орындалуы деген мүлдем болмауы тиіс, өйткені, бұл жерде әңгіме еліміздің болашағы туралы болып отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Судьяларға қатысты жүк­те­мелердің жоғары болу проблема­сы әлі де сақталып отыр. Соңғы жылдары сот істерінің саны жыл сайын 200 мыңға өсіп отырды, ал ол істерді қараудың сапасы мен мерзімдеріне тікелей ықпал етеді. Мәселен, жүктемені төмендету үшін 2014 жылдың өзінде-ақ Президент шешімімен аудандық соттар судьяларының штаттық саны 450-ге, соттар аппаратының саны 540-қа ұлғайтылған болатын.

Төрт жылда бір рет ұйымдас­ты­ры­латын мұндай маңызды жиынға елі­міздің әр өңірінен 600-ден астам сот саласының мамандары мен әлемнің 11 елінен сарапшылар, су­дьялар корпусының өкілдері келді.

 

Қайрат Мәми: Түрмедегілер саны үш есеге азайды

 

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан әлемге тек демократиялық бағыттағы құ­қықтық мемлекет ретінде танылып үлгерді. ҚР Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің айтуынша, республикамызда әлемдік стандарттарға сай сот жүйесі қалыптасты және үнемі дам үстінде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ жаңа сот жүйесі құрылып, 1995 жылғы реформада сот қызметінің базистік нормалары қабылданған. Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» бекітіл­ген. Қазақстанның бұл бастамасын Ресей мен өзге де посткеңестік респуб­ликалар 20 жылдан соң қайталап қолданған. 2004 жылдан бастап республиканың барлық ай­мақтарында ауданаралық эко­номикалық, әкімшілік, қылмыстық және ювеналдық соттар құрыл­ған. 2007 жылы сот ісін алқабилердің қатысуымен жүргізудің жаңа қазақ­стандық үлгісі қалыптасып, азаматтардың конституциялық құқық­тары мен бостандықтарын қорғауды жетілдірудің кепілі ретінде 2008 жылы тек соттың санкция­сымен қамауға алу тәртібі енгізіл­ген. Нәтижесінде сотқа дейінгі қамауда отырғандар саны екі есеге кеміген. Ал халықаралық сарапшылар сот ісін ізгілендіру тәжірибесін оң бағалап отыр.

Жоғарғы соттың мәліметіне сәйкес, 25 жылда түр­меде отырғандардың саны үш есе азайған. 1991 жылы еліміз 100 мың адамға шаққанда түрмеде отырғандардың коэффициенті бойынша әлемде үшінші орында болса, 2016 жылы Қазақстан 62-ші орынға төмендеді. «Соңғы жылдары отандық соттар сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияны толық меңгерді. Бүгінде көптеген елдердің өкілдері біздің электронды іс жүргізу тәжірибемізді үйрену үшін Қазақстанға сұрануда», – дейді Қайрат Әбдіразақұлы. Ұлт жоспарының жүз нақты қадамына қатысты реформаның тиісті деңгейде жүргізіліп келе жатқанын баяндады. «Барлық қажетті заңдар қабылданды, жаңа нормалар соттардың тәжірибесіне сәтті енгізілуде, нәтижесінде отандық сот жүйесі айтарлықтай жаңғырып, Жоғарғы сот Ұлт жос­пары бойынша өзіне жүктелген 10 қадамның барлығын толықтай орындады. Сонымен қатар, VI Cъезде қабылданған қарарлардың барлығы түгел іске асып отыр», – деді Мәми мырза.

«2011 жылдан бастап Қазақ­стан­ның судьялар одағы Судьялардың халықаралық қауымдастығына толыққанды мүше болып енген­дігін алға тартқан Жоғарғы cот төрағасы 2016 жылы Сот әкімші­лігі жөніндегі халықаралық қауым­дастық Қазақстанның Жоғарғы cотын мүшелікке қабылда­ған­дығын да жеткізді.  Бұл 25 жылда жеткен табыстардың қысқаша қорытындысы ғана»,  – деді Қ.Мәми. Бүгінгі таңда атқарылған сот реформаларына тоқталған ҚР Жоғарғы соты Қайрат Мәми «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының қабылдануы сот жүйесін әрі қарай реформалаудың жаңа маңызды кезеңі екенін жеткізді. Реформаны жүзеге асыру бүгінгі таңда оң нәтижелерін беруде. 2016 жылдың басынан бастап Жоғарғы cот жаңа құрамда жұмыс істей бастады. Жаңа мамандандырылған сот алқасы нәтижелі жұмыс істеп, сот өндірісінің жаңа ережесі іске асырылуда. Сот инстанцияларын оңтайландыру нәтижесінде, дауларды қарау 1,5 жылдан 8 айға дейін қысқарды. Жаңа про­цессуалдық ережелердің енгізілуі сот­тардың ауыртпалықты жүкте­мелерді тиімді атқаруына мүмкіндік береді.

«Халық кешірмейтін бір-ақ нәрсе бар: ол – елдің қолына зарықтырып барып қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айыры­луды кешірмейді» – деген сөз­дер оралады. Сондықтан, біздің – судьялардың қызметі Тәуелсіз­дігімізді нығайтуға, халқымыздың береке-бірлігін сақтауға арналады. Соттың халық алдындағы беделін күшейту, қоғамның сотқа деген сенімін ұлғайту – басты міндетіміз деп білеміз», – деді Қ.Мәми.  Жоғарғы сот төрағасы қазақ халқы сот билігінің маңыздылығын ұғынуда «Елге бай – құт емес, би –құт»  деген мақалды мысалға келтірді. «Біз осы халық даналығына сәйкес болуға уәде береміз», деп қорытындылады сөзін.

Жоғарғы сот төрағасынан кейін съезге қатысушылар жарыс­сөзге қатысты. Судьялар одағының төрағасы Мұсабек Әлімбеков өзі басқаратын қоғамдық бірлестіктің жұмысы туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, республиканың судьялар корпусының өкілдері Су­дьялық әдеп кодексінің жаңа жобасын талқылап, оны бір­ауыздан қабылдады. 15 баптан құралған Судьялық әдеп кодексінде жұмыс істеп жүрген судьялар мен отставкадағы судьялар үшін жүріп-тұрудың әдеп қағидалары нақты көрсетілген. Мәселен, Кодекстің 1-бабында көрсетілгендей «Судья берілген антына берік болуға, оның әрекеттері судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, сот төрелігін іске асыруға, қоғамдық қызмет пен тұрмысқа байланысты кез келген іс-әрекеттерді жүзеге асырған кезде әдепсіз жүріп-тұрудың көріністеріне жол бермей, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс».

 

 

 

 

Back to top button