533
Қазанға түскен қапқа қайтып түсе ме?
Қазанға түскен қапқа қайтып түсе ме?
Өткен аптада Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов Қаржы мониторингі агенттігіне депутаттық сауал жодап, шетелге аударылған қомақты қаражат туралы толық ақпаратты жария етуді сұраған болатын. Ал Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында заңсыз шетелге шығарылған миллиардтаған қаражатты қайтарудың ұсынысын әзірлеуді тапсырды. Оған екі ай уақыт берді.
Шетелге заңсыз шығарылған қаражат, оффшор алаңдардағы ақша мәселесі бұған дейін де талай мәрте көтерілген болатын. Қаржы министрлігі де елден шыққан ақшаға бақылауды күшейтуге ниетті екенін білдірген де еді. Бірақ бұл бастамалар нәтиже бермеді.
Жалпы, оффшор алаңы деген не? Оған қаражат қалай шығады? Заңсыз шетел асырылған ақшаны қайтару мүмкін бе? Ол үшін не істелуі керек?
25 жылда – 140-160 миллиард доллар
Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов Қаржы мониторингі агенттігінен қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде Қазақстаннан шет елге ірі көлемде қаржы аударылғаны туралы ақпаратты жария етуді сұрап, депутаттық сауал жолдады. Агенттік әзірге жауап берген жоқ.
Мақсат Раманқұлов депутаттар 10 жыл бойы «Панама тізімі», «Парадис досье» сияқты Швейцария банктеріндегі қазақстандық есепшоттарға қатысты бірнеше рет сұрақтар қойғанын да атап өтті. Депутат Tax Justice Network халықаралық ұйымының мәліметін дереккөз ретінде алға тартып, соңғы 25 жылда елімізден шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 млрд доллар шығарылғанын айтты. Бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең екен.
Tax Justice Network халықаралық ұйымының 2020 жылғы деректерінде де Қазақстаннан тек оффшорлық аймақтарға жылыстаған капитал шамамен 140 миллиард доллар екені айтылған. Ал еліміздің құқық қорғау органдары соңғы 5 жылда шет елге капиталды заңсыз шығару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған. Алайда бұл жұмыстың нақты нәтижелері туралы ештеңе белгісіз екенін айтқан депутат «Қаңтар оқиғасы» кезінде олигархтардың Қазақстаннан жеке ұшақтарымен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шет елдегі есепшоттарға шұғыл түрде аударып алғаны қызу талқыланып жатқанын қосып өтті.
Осыған байланысты депутат Қаржы мониторингі агенттігінен агенттік құрылғаннан бері Қазақстан экономикасына оффшорлық аймақтардан нақты қанша қаражат қайтарылғаны туралы ақпарат беруді, «Қаңтар оқиғасы» кезінде Қазақстаннан шет елдерге ірі ақша аударымдары, сондай-ақ мұндай операцияларды жөнелтушілер, жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ сомалар алынған шетелдік шоттардың иелері туралы ақпарат беруді сұрады.
Сондай-ақ ол ел үшін қиын сәтте өмірін Қазақстанмен байланыстырмағандар көлеңкелі капиталды алып кетті деген болжамын да айтты.
Бұдан бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оффшор алаңындағы шоттарды «бір күнде емес, мың күнде жарылатын минаға» теңеп, ақшаны елде ұстау керек екенін айтқаны да есте.
Ал 8 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент осы мәселені көтеріп, Үкіметке нақты тапсырма берді. Яғни Үкімет алдағы екі ай ішінде Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару жөнінде ұсыныс әзірлеуі керек.
Экономист Асылбек Күздеубаевтың пікірінше, оффшор алаңына заңсыз шығарылған ақшаларды қайтаруға мүмкіндік бар. Бірақ сарапшы бұл мәселемен Үкімет айналыспағаны жөн екенін айтады.
Асылбек КҮЗДЕУБАЕВ,
экономист:
Белгілі бір өкілеті
мен құзыреті бар комиссия қажет
– «Қаңтар оқиғасынан» кейін елімізде біршама өзгеріс болды. Соның ішінде Президенттің бастамасымен шетелге заңсыз асырылған қаражатты елге қайтару бойынша тапсырма берді. Бірақ бұл тапсырманы қазіргі Үкіметке екі ай ішінде қайтарудың механизмін әзірлеуге тапсырма беруі қаншалықты тиімді нәтиже береді, қаншалықты орындалады, олар оны қайтаруға мүдделі бола ма деген үлкен сұрақ бар. Менің ойымша, шетел асырылған қаражаттарды елге қайтару бойынша жұмысты қазіргі Үкіметке емес, арнайы, бөлек тәуелсіз, белгілі бір өкілеті мен құзыреті бар комиссия немесе жұмыс тобы сияқты команда құрып, соларға тапсыру керек. Сәйкесінше құрам қаражатты қайтара алатындай күшке ие, білімді азаматтардан құралуға тиіс. Бұл жұмысты Үкіметке тапсыру қателік деп есептеймін. Заңсыз шетел асырылған қаржының барлығы қайтарылады деген күмәнді дүние. Оның 10 пайызы, жақсы, жан салып жұмыс істеді деген күннің өзінде, 50 пайызы ел қазынасына қайтарылатын болса, бұл мемлекет үшін үлкен пайда болар еді. Біздің әлсіреп тұрған салаларымызға инвестиция ретінде салуға мүмкіндік туар еді. Ел ішінде заңсыз жинаған қаражатын заңсыз түрде шетел асыра отырып, белгілі бір қаржылық тәуелсіз, яғни тексерусіз, бақылаусыз аймаққа жинақтау деген сөз. Оффшор аймаққа түскен қаржының сұрауы болмайды. Ол кімнен келіп түсті, қайда келіп түсті, не үшін түсті деген сияқты негіздемелік талап болмайды. Бұл қаражатты елге қайтаруға болады, яғни мүмкіндік бар. Әлемдік тәжірибелерді де алып қарастыруға болады. Бірақ бұл процесс өте ұзаққа созылады. Мұның соттасуы бар, мұның қылмыстық құрамы тексерілуі керек, ол қайдан келді, елден қандай жағдайда шығып кетті және оффшор алаңындағы қандай компаниялардың шотына түсті деген сияқты үлкен зерттеу жұмысын талап етеді. Бүгін айтылды екен деп, ертең мемлекетке барлығы қайтарылады деген сөз емес. Одан бөлек, оффшор аймақтарына қаражатын аударған адамдар, сол дүниені жасай алып отырған адамдар да осал емес екені екібастан белгілі ғой. Олар да бос жатпайды. Қарапайым тілмен айтқанда, өз қалтасындағы қаражат үшін күреседі. Яғни «Міне, мынау біздікі, алып кетеміз, қайтар» деген емес, үлкен еңбек, көп күш жұмсалады.Қарызға батқандар мен кедейлер көбейіп барады Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент соңғы кезде жұрттың табысы экономикалық өсімнің емес, әлеуметтік трансферттің есебінен көбейгенін, соңғы 5 жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірісінің үлесі 80 пайыздан 67 пайызға дейін қысқарып кеткенін алға тартты. Ал әлеуметтік трансферттер 17-ден 29 пайызға дейін ұлғайған. – Бұдан азаматтардың кірісі алатын жалақысына емес бюджет шығысына тәуелді екенін байқауға болады. Бұл аз десеңіз жұмыс берушілердің пайдасымен және нарықтағы бағаның көтерілуімен салыстырғанда еңбекақы әлде қайда баяу өсуде. Соның салдарынан қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдар көбейіп барады, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Экономист Мақсат Халық шетелге шығарылған қаражаттың жартысының өзі елді гүлдендіруге жеткілікті болар еді деген пікір айтады. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Ел экономикасының жаңа моделін қалыптастыруға жартысы да жеткілікті болар еді
– Оффшор дегеніміз шетелдік компаниялар үшін бизнес жүргізуге арналған ерекше шарттар ұсынатын территория я болмаса аймақ деп айтуға болады. Корпоративтік табыс салығы нөл пайыз, яғни салық бойынша жеңілдіктер қарастырылады. Біздің өзімізде оның мөлшері 20 пайыз, ал әлемде 30 пайыз, тіпті одан да жоғары салық салынады. Яғни оларды төлегеннен гөрі оффшорлық аймақтарда тіркеген тиімдірек болады. Оған қоса компанияның қожайынын жасыруға мүмкіндік бар. Ал бізде оффшорлық аймақтарға көбінесе ірі капиталистер, олигархтар ақшаларын шығарған, бұл процесс күні бүгінге дейін жүзеге асырылып келген. 140-160 миллиард доллар деген елдің сыртқы қарызымен, ЖІӨ-мен пара-пар ақша. Біздің Ұлттық қордың өзінде 55 миллиард доллар бар, яғни сыртқа заңсыз кеткен ақша үш Ұлттық қорды біріктіре алатындай көлемдегі қаражат. Егер бұл ақша ел экономикасының игілігіне жұмсалатын болса, онда одан келетін пайда орасан деп айтуға негіз бар. 50 пайызын қайтара алатын болсақ, ел экономикасының жаңа моделін қалыптастыруға жеткілікті. Қазір айтып жатқан «Жасыл экономика» моделі, экономиканың шикізаттық секторынан кету мәселесі осы қаражаттың негізінде жүзеге асыруға болар еді. Қаражатты қайтаруға болады, бірақ ең алдымен Үкімет кеткен ақшаның заңсыз шығарылғанын ең алдымен дәлелдеуі керек. Одан кейін ғана шығарған азаматтардың кінәсін анықтап, жазалау арқылы ғана қайтаруға мүмкіндік бар. Ал олар басқа елдің азаматтығын алған болса, оларды жазалау да екіталай болады. Және Швейцария банктері сияқты ірі банктерде кодталған шот деген ұғым бар. Ондай шоттардан қаражат шығару мүлде мүмкін емес. Егер коды жоғалса, иесінің өзі де ақшаны шешіп ала алмайды. Бір ғана мысал айтайын: 2012 жылы Швейцария банкі ресейлік миллиардер Морозов салған ақшаны өз еншімізге өткіземіз деп мәлімдеген болатын. Морозов 1912 жылы салған 1 миллиард доллар бір ғасыр өткеннен кейін банкке өтті. Менің ойымша бұл мәселенің төңірегінде біраз жұмыс істелуі керек. 2021 жылдың өзінде 1 триллион теңгедей қаражат сыртқа шығарылған, әлі де шығарылып жатыр. Сондықтан қазір қаражатты сыртқа кетірмеудің амалын ойластыру керек. Шекара, кеден мәселесі, сыбайлас жемқорлыққа байланысты мәліметтер ашық болмайынша, қатаң талап болмайынша бәрі осы күйінше қала беретін түрі бар.«Қазына» аралдары Қазақстанда байлықтың 55 пайызы бар болғаны 162 адамға тиесілі деген ақпарат тек біздің елде ғана емес, әлем бойынша талқыға түсті. Ұлыбритания парламентінде Қазақстандағы жемқорлыққа арналған пікірталас та өтті. Ұлыбритания парламентіне 1994 жылдан бері мүше Маргарет Ходж санкция салынуы тиіс 28 адамның атын атады. Депутат біздің еліміздегі жемқорлықтың етек алуына Ұлыбританияның да үлесі бар екенін, заңсыз ақша осы елден де табылатынын айтқан болатын. Tax Justice network халықаралық тәуелсіз желісінің мәліметтерінде, әлемде оффшорлық аймақ мәртебесіне ие 80-ге жуық юрисдикция бар екені айтылады. Оффшордың негізгі аймақтарына Кариб теңізі (Виргин аралдары, Панама, Багам аралдары, Кайман аралдары, Белиз, Барбадос, Антигуа, Бермуд) және Батыс Еуропа (Кипр, Люксембург, Мальта, Ирландия, Гибралтар, Джерси және Гернси аралдары) саналады. Әлемде оффшорлар туралы мәліметтің ашық дереккөздерге шығып кетуіне байланысты бірнеше үлкен жанжалдар болған. Мысалы, 2016 жылғы «Панамагейтті» айтып өтуге болады. Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумы (ICIJ) оффшорларда жалған фирмалар мен құрылымдар құрған панамалық Mossack Fonseca компаниясының қызметі туралы 11,5 миллион құжат жариялады. Құжаттарда саясаткерлер, бизнесмендер және атақты адамдардың есімдері болған еді. Елімізден заңсыз шығарылған ақшалардың бар екені, ол қаражаттың аз емес екені де бұрыннан белгілі. Олардың елге қайтадан қайтарылуы мүмкін екеніне де сенетіндер аз сияқты. Ал сарапшылар бұған үлкен еңбек, мол қажыр-қайрат керек екенін айтады. Үкімет нендей ұсыныстар айтады, қандай бастама көтереді, оны уақыт көрсетеді.