Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық ахуалы қорытындыланып, биылғы жаңа жоспар талқыланды.
Отырысқа Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.
Сонымен қатар жиын кезінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйледі.
Көпірме есеп, көзбояушылық...
Президент ең алдымен өткен жылғы экономикалық ахуалға тоқталды.
– Өткен жылы ел экономикасы 4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібі 5,5, құрылыс индустриясы 7,6 пайызға артты. Қызмет көрсету саласында оң көрсеткіш бар. Сауда-саттық 9,2 пайызға, көлік саласы 3,6 пайызға артты. Дегенмен инфляция межелі деңгейден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, «Қаңтар оқиғалары» қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Заңсыз әрекеттердің салдарынан көптеген азаматымыз зардап шекті. Шағын және орта бизнес өкілдері шығынға ұшырады. Қазіргі мәліметтер бойынша бизнеске 100 миллиардтан астам теңге көлемінде залал келді, – деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметтің ең басты міндеті халықтың әл-ауқатын, жағдайын жақсарту, табысын өсіру екенін баса айтып өтті.
– Қазір Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын жақсарту, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент елде қарызға батқан азаматтар мен кедейлер көбейіп бара жатқанын, 1 миллионға жуық халық ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен табыс табатынын, әлеуметтік көмек пен зейнетақыға өмір сүріп жатқанын айтты. Әсіре байлардың үстемдігі туралы тағы бір мәрте тілге тиек етті. Дегенмен орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс мөлшері ұдайы өсіп келеді деген жалған, көпірме есеп берілген. Президент мұның нағыз көзбояушылық екенін баса айтты. Осы мәселені реттеуге бағытталған шаралар да әзірленіп жатқан көрінеді.
– Қазір 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Қазір менің тапсырмам бойынша Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент барлық деңгейдегі әкімдердің бюджет дербестігін одан ары арттыру қажет екеніне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, аймақтардың 82 пайызының дотацияда болуы дұрыс емес.
– Мен бұған дейін бюджетаралық қатынастың жаңа жүйесін қалыптастыру туралы тапсырма берген болатынмын. Осы тапсырманы тағы да естеріңізге саламын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент инфляцияны ауыздықтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді, бюджет қаражатын желге ұшыратын тиімсіз жобаларды анықтауды тапсырды.
Президент еңбек ұжымдарындағы наразылықтың өсуі туралы ашық айтуға шақырып, сонымен қатар қызметкерлердің заңды мүдделерін сақтап, олардың талабын басты назарға алу керек екенін айтты.
Сауда-саттықтағы
бассыздыққа тоқтау салатын кез келді
Президент тағы бір түйткілді мәселе деп сауда-cаттықтағы делдалдардың бағаны негізсіз көтеруін, жоқ жерден пайда көріп отырғанын, мұндай бассыздыққа тоқтау салатын уақыт келгенін айтты.
– Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елдімекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Бұған Алматыдағы «Қаңтар оқиғасы» кезінде анық көз жеткіздік. Бұл – басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалыссын. Екі ай уақыт беремін, – деді Президент.
Утилизация алымы:
қалдықтан нарық ашудың қажеті жоқ
Көптен бері халықтың наразылығын тудырған утилизация алымы мәселесі де қозғалды. Президент шектен шықпаған жөн екенін айтып, мөлшерлемені анықтауға тапсырма берді.
– Утилизациялық алым бойынша барлық қаражат мемлекет пайдасына түседі деп шештік. Ендігі мәселе – мөлшерлеме деңгейін анықтау. Жұмыс тобы осы мәселені қызу талқылап жатыр. Бірден айтайын, утилизациялық алым қайта қаралады. Бірақ шектен шықпаған жөн. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашудың, ескі автокөліктерді сырттан әкеліп, қалдықтан нарық ашудың қажеті жоқ. Утилизациялық немесе тіркеу алымы түпкі мақсат емес. Бастысы – тұтынушылар үшін автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Өндірушілер мен дистрибьюторлар тарапынан әрекет болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау: бастаманы тезірек жүзеге асыру керек
Президент жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастамасын тездетіп жүзеге асыру қажеттігіне де баса мән берді. Бұл бастама өткен жылы іске қосылуы керек еді.
– «Отбасы банк» пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі субсидия алатындар мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер тіркелетін арнайы цифрлық платформаны әзірлеуге тиіс. Азаматтар өздерінің қажеттіліктеріне сәйкес әкімдіктер немесе құрылыс компаниялары айтқан жерден емес, өздері қалаған жерден тұрғын үй таңдай алады. Әлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін жалға алу шығынының 50 пайызы мөлшеріндегі субсидия мемлекеттен төленеді. Тұрғындар отбасылық бюджеттің артылған ақшасын азық-түлік, білім алу, медицина және тағы басқа қажеттіліктеріне жұмсай алады. Осы жүйе бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімін биылғы 1 мамырдан кешіктірмеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Ауыл шаруашылығы субсидиялары талан-таражға түсіп жатыр
Президент соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін еске салды. Алайда оның айтуынша, субсидия қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Мемлекет басшысы осы саланы ретке келтіруді, аграрлық саланың тиімділігін арттыруға бағытталған субсидиялаудың жаңа жүйесін құруды тапсырды.
– Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті, ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлінді. Бірақ оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті, кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек Президент жерді белгілі бір тұлғалардың меншігіне өтіп кетуіне жол бермеу керектігіне тоқталды.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі бір тұлғаға 98 мың гектарға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін иемденуге рұқсат беретін қаулы жобасын әзірледі. Бұл өлшеусіз жер иелену құқығын заңдастыру әрекеті сияқты көрінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкіметке жер учаскелерінің шекті көлемін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құру тапсырылды. Мұны осы жылдың 1 мамырына дейін бекіту керек.
Президент энергетика кешенін дамытуға тағы бір басым міндеттің бірі ретінде тоқталды. Мемлекет басшысы былтыр осы салада болған дағдарысты да еске салды. Атап айтқанда дизель отынының, авиакеросиннің, сұйылтылған мұнай газының, электр қуатының тапшылығы байқалды.
АЭС салу мәселесі
қозғалды
Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін АЭС салу арқылы тез арада шешу қажет деп санайды.
– Жауапты тұлғалардың атом стансасын салу мәселесі жөніндегі сауалдарға жауап беруден неге жалтаратындарын түсінбеймін. Шындығын айту керек: егер таза атом энергиясы болмаса, инвестиция тартпақ түгілі, барлық экономикадан да, аймақтық көшбасшылықтан да айырылып қаламыз. Бізге электр қуаты, әсіресе таза атом энергиясы аса қажет. Экономикалық ахуалдан хабары жоқ популистердің сөзіне ермейік. Атом энергетикасының мәнін кәсіби деңгейде түсіндіру қажет, – деді Президент.
Кедендегі былықты
жөнге келтірмесек,
салдары қиын
Президент кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажет екенін тағы бір мәрте айтты. Бұған дейін Президент Қытаймен шекарада көліктер тексерілмейтінін, салық пен баж салығы төленбейтінін мәлімдеген еді.
– Кедендегі былықты жөнге келтірмесе, салдары қиын болуы мүмкін. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 миллиард доллар болуы – соның дәлелі. Қазір Қытаймен арадағы кеден бекетінде 12 мыңнан астам көлік электрон кезекте тұр. Құзырлы экономикалық операторлардың заңсыз іс-әрекеті туралы бұған дейін де айттым. Олар кеденнен және басқа да бақылау органдарынан соншама жеңілдікті қалай алып отыр? Не себепті бұл мәселе назардан тыс қалған? Бұл сұрақтарға 10 күн ішінде нақты әрі толық жауап күтемін, – деді ол.
Денсаулық сақтау саласы: тиімсіз бастамалар қайта қаралуға тиіс
Президент денсаулық сақтау мәселесі жөнінде айта келе, бұл саланың қаржыны көп қажет ететінін атап өтті.
– Қолда бар қаржыны түгендеп, басымдықтарды қайта қарау керек. Бұл – алдағы жобаларға, соның ішінде мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі арқылы салынатын 20 ауруханаға қатысты мәселе. Оның әрқайсысына жұмсалатын шығын қолданыстағы заманауи ауруханалардың құнынан бірнеше есе артық. Мұндай мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қажет емес, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар медицина техникаларын сатып алуда сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғаны да айтылды. Осыған байланысты Президент медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алу жүйесіне көшіруге тапсырма берді.
– Бұл – үлкен мәселе. Өйткені бұл салада сыбайлас жемқорлық жоғары деңгейде екені байқалып отыр. Өңірлер жабдықтың есебі мен бағасын тұрақты түрде көтеріп отырады, оның қызметіне де көп ақша жұмсалады. Сондықтан Үкіметке медициналық техниканы «СҚ-Фармация» базасы арқылы орталықтандырылған сатып алу жүйесіне көшіруді тапсырамын, – деді Президент.
Майнингке
салынатын салық
мөлшері артады
Мемлекет басшысы майнингке салынатын салықты арттыруды тапсырды.
– Барлық майнинг фермаларды анықтау, салық және кеден мәселелерін тексеру қажет. Алынған техникалық шарттарды, сондай-ақ олардың қызметінің басқа да қырларын мұқият зерделеу керек. 15 наурызға дейін есеп берулеріңізді сұраймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, мемлекет жұмысын бүкпесіз ашық жүргізетін майнингке қарсы емес.
– Бұл салада жұмыс істегісі келетіндердің лицензиясы болуы қажет. Электр энергиясын ақылға қонымды тариф бойынша алып, кірісін декларациялауы және салық төлеуі, «жасыл» энергетика жобаларын іске қосуы тиіс. Майнинг салықтарын біз де арттырамыз. Қазіргі қуаттың әр киловатына 1 теңге деген мөлшерлеме өте мардымсыз. Үкіметке аталған салықты еселеп әрі қысқа мерзімде арттыруды тапсыра-мын, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Цифрлық майнингті реттеу мен дамыту жөніндегі шешімдердің толыққанды пакетін әзірлеуді тапсырды.
– Үкімет цифрлық майнингті реттеу мен дамыту бойынша толыққанды шешімдер пакетін әзірлеуі керек. Нәтижені
1 сәуірге дейін күтемін, – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Адал еңбек ету –
бәрімізге ортақ міндет
Президент қоғамда табысқа жетудің төте жолы жемқорлық пен алаяқтық деген қате түсінік орнығып жатыр деген ой айтты.
– Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет. Өкінішке қарай, кейде жұрт, әсіресе жастар, маңдай терін төгіп жұмыс істегісі келмейді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргенді жөн көреді. Өйткені олар «бізде адал еңбек бағаланбайды» деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін алаяқтар мен жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Тіпті соларға қарап бой түзейтін болды. Қоғамда табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсінік орнығуда, – деді Президент.
Сондай-ақ, ол бұл қате түсініктер жойылу үшін масылдықтан арылу керектігін жеткізді.
– Оған қоса тағы бір жағымсыз үрдіс бар. Кейбіреулер адал еңбекпен жетістікке жететін мүмкіндік жоқ екенін білген соң еш әрекетсіз қол қусырып отырады. Жұмыс істеудің орнына мемлекетке де, жақындарына да масыл болуда. Өзіне жәрдемақы мен жеңілдік талап етіп, алақан жаюдан арланбайды. Тіпті, жергілікті билікке қоқан-лоққы көрсетуден де тайынбайды. Ұлтты жегідей жейтін осы кеселдер елімізді кері тартуда. Министрден малшыға, қаржыгерден қара жұмысшыға дейін әрқайсымыз бұл туралы терең ойлануымыз керек. Тиісті қорытынды жасап, дұрыс әрекет етуіміз қажет. Сонда ғана біз өркениетті қоғам құра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы билік пен қоғамның адал еңбек пен әділ ынталандыру идеологиясын ұстануы қажет екенін айтты. Бұл идеология компрадорлар мен уақыт өткізіп жүргендердің, масылдардың орнын алмастыруға тиіс.
– «Жаңа Қазақстанды» құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл саясат шенеуніктердің жөнсіздігіне жол бермейді. Бәсекеге және технологияға негізделген экономиканы қалыптастырады. Сонымен бірге, жекеменшікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы кепілдік береді, – деді Президент.
– Үкіметке шетелге заңсыз шығарылған қаражаттарды және онда сатып алынған активтерді елімізге қайтару жолдары жөнінде ұсыныс әзірлеуге 2 ай уақыт беремін, – деді Мемлекет басшысы.
Айтылған мәселелерге байланысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Отырысты қорытындылай келе, Мемлекет басшысы халықтың талабы түсінікті де әділ саясат жүргізу екенін, биліктің соған сай болуы қажет екенін баса айтты.