Бейжің Олимпиадасында Қытай құрамы сапында өнер көрсетіп жатқан Ақнар Ардақ қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғысын білдірді. Ол Олимпиадаға конькимен жүгіру спортынан қатысуда деп жазды turkystan.kz ZTB.kz-ке сілтеме жасап.
«Қолдап жатқандарыңызға алғыс айтамын. Бүгін жақсы сырғанап шықтым. Мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында дүниеге келдім. 11 жасымнан бастап коньки тебемін. Отбасым қазір теледидардан жарысымды көріп отыр. Қазақстаннан келген достарымның жақсы нәтижеге жетуіне тілектеспін», - деді ол өз үндеуінде.Конькиші Ақнар Ардақ 2019 жылғы Қытай біріншілігінің 5 мың метрлік жарысында алтын, 3 мың метрде күміс медаль алған. Халықаралық жарыстарға да қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. 2016 жылы Қытайдың ұлттық құрамасына қабылданған. Еске сала кетсек, Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Қытай атынан 3 қандасымыз қатысып жатыр.