Елордадағы балабақшада тәрбиеленуші қабағын жарып алды (ВИДЕО)

Оқиға «Мерей 53» балабақшасында болған деп хабарлады turkystan.kz.

Елордадағы балабақшада тәрбиеленуші қабағын жарып алды (ВИДЕО)
ашық дереккөзі

Бала баспалдақпен көтеріліп келе жатып сүрінген. Сол сәтте кафельмен қапталған басқыштың қырына басын соғып алған. Анасының айтуынша, тәрбиеші жедел жәрдем шақырмай, баланы медициналық орталыққа апарған. Медицина қызметкері ашық жараға стерильді емес таңғыш қолданған.

«Олар жабыстырған таңғышты ашқанда, жарылған қабағынан баламның бас сүйегі көрініп тұрды. Баланың бас терісінің жұмсақ тіндері бас сүйегіне дейін жыртылып кеткен. Хирург баламды әкетіп бара жатқанда соққы кезінде жүйке жүйесіне зиян келген болуы мүмкін екенін ескертті. Салдарынан ол енді көзін жыпылықтата алмай қалуы да ықтимал екен. Сондай-ақ баламның жанарында да мәселе барын айтты», - дейді баланың анасы.

Қазір бала бақылауда. Бірақ ол әдеттегідей ойнамайды және сөйлеуін де доғарған. Баланың анасы болған оқиғаға кінәлілерді, атап айтқанда, өзінің негізгі міндеттерін орындамағаны, жұмысына немқұрайды қарағаны, қарамағындағыларға бақылау жасамағаны үшін жауапкершілікке тартылғанын қалайды. Сонымен қатар бала жарақат алғаннан кейінгі асығыс шешімдері үшін жауапты мамандарды жазалауды талап етеді.