Елордада емхана фельдшері кембағал қызды зорлаған

Елордада емхана фельдшері кембағал қызды зорлаған

Елордада емхана фельдшері кембағал қызды зорлаған
ашық дереккөзі
Нұр-Сұлтан қаласында тұратын мүгедек қыздың анасы «Не молчи» қорына хабарласып, жантүршігерлік оқиға жайлы айтып берді, деп жазды turkystan.kz. 2021 жылдың шілде айында зейнеткер әйел мен оның 1982 жылы дүниеге келген мүгедек қызы коронавирус белгілерімен ауырып, тұрғылықты жері бойынша «Емдеу 7» емханасына хабарласқан. Емханадан шақыртумен Ч. есімді фельдшер келіп, ПТР сынамасын алған. Қорытынды бойынша екеуінен де коронавирус инфекциясы анықталған. Келесі күні фельдшер тағы келіп, науқастардың сатурациясын өлшеген. Содан соң ауруханаға жатып, емделу керектігін айтқан. Бірақ сырқаттанушылар ауруханаға барудан бас тартады. Осыдан кейін жедел жәрдем қызметкері зейнеткердің мүгедек қызынан олармен кім тұратынын, тағы қандай туыстары барын, отбасында ер адамдар бар-жоғын егжей-тегжейлі сұрай бастаған. Бойжеткен еш күмәнсіз өздері ғана тұрып жатқанын жеткізген. Ал сенбі күні кешкі сағат 20:00 шамасында фельдшер медициналық бетпердесіз, қорғаныс құралдарынсыз келіп, зейнеткерге қызын томографияға апару керектігін айтады.
«Біз бірге барамыз деп ойладық. Бірақ фельдшер карантин жағдайына байланысты маған баруға болмайтынын айтып, сендірді. Ол қызымды жеке көлікпен оң жағалаудағы «Емдеу 7» емханасына апарып, кеңсенің артқы есігінен кіргізген. Компьютерлік томографияға түсіру үшін оның көзін байлау керектігін айтқан. Сөйтіп, психикалық ауытқуы бар ІІ топтағы мүгедек қызды зорлаған», - деді зейнеткер.
Осыдан кейін ол қыздың анасына телефон соғып, оны да томографияға апаратынын айтқан. Содан кейін ол зейнеткер мен қызды мүлдем басқа мекен-жайда орналасқан компьютерлік томографияға апарған. Жігіттің бұл әрекеті «Сергек» камераларына түсіп қалған. Қыз қорыққанынан және не болғанын түсінбегеннен ешкімге ештеңе айта алмаған. Себебі, фельдшер оған барлығы екеуінің арасындағы құпия екенін, ал оны анасы біліп қойса, көңілі түсіп, ауыратынын айтып, алдаған.
«Келесі күні ол сол уақытта тағы келді. Медициналық қорғаныс киімінсіз келген фельдшер коронавируспен ауыратын қызымды ЭКГ-ға түсіру үшін емханаға апаратынын айтты. Сол жолы да оны қайтадан емхана кеңсесінің артқы кіреберісінен өткізіп, арам ойын тағы да іске асырған», - деді жәбірленушінің анасы.
Оқиғадан үш аптадан кейін қыз анасынан арнайы анализді қалай алуға болатынын сұраған. Ал анасы не үшін мұндай сұрақ қойғанын түсінбеген. Осыдан соң қызы бәрін жайып салады. Мән-жайды ұғынған зейнеткер дереу полиция шақырып, іс қозғалды. Қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр.