Ату жазасынан аман қалған Түгелбай Тәшенов елімізді дамытудың ұлттық жобасын ұсынып отыр

Ату жазасынан аман қалған Түгелбай Тәшенов елімізді дамытудың ұлттық жобасын ұсынып отыр

Ату жазасынан аман қалған Түгелбай Тәшенов елімізді дамытудың ұлттық жобасын ұсынып отыр
ашық дереккөзі
Адам тағдыры өте жұмбақ та күрделі нәрсе, бәрі ойлағаныңдай бола бермейді. Өмірдің арнасы кейде ойламаған жерден күрт бұрылып, сені өзің біле бермейтін, бұрын мүлде жолың түспеген жаққа қарай қаңғалақтатып ала жөнеледі. Ар жағы белгілі, қазақ айтпақшы «басқа түскенді көз көреді». Қиырдағы қарақалпақ еліндегі қалың қазақ арасында дүниеге келіп, мектеп бітірген соң білім іздеп, туған жерінен жыраққа аттанған 20 жастағы қазақ жігіті Түгелбай Тәшеновтің те алдында не күтіп тұрғаны оған белгісіз еді... Түгелбай айтады: – Қарақалпақстанның Бозатау ауданындағы Аспантай совхозында дүниеге келіп, сол жерде мектеп бітірдім. Ресейдің Оренбург облысында әскер қатарында болдым. Одан соң оқу іздеп Саратов қаласына бардым. Бірақ ол жақта оқуға түскеніммен бір жағдайларға байланысты оқудан шығуға мәжбүр болдым. Сөйтіп, Алматыға келіп, құрылыс техникумының кешкі бөліміне оқуға түстім. Сонда үшінші курста оқып жүріп, СМУ деген мекемеде жұмыс істеп жүргенде Желтоқсан оқиғасы басталды. 1986 жылғы 16 желтоқсан әлі есімде. Сол күні түнгі ауысымда жұмыста болып, жігіттерден Қазақстан басшылығы ауысқанын, Дінмұхаммед Қонаев жұмыстан кетіп, оның орнына Ресейдің Ульяновск облысының обкомы  Геннадий Колбин деген біреудің сайланғанын естідім. Жігіттер қазақты басқаруға сырттан адам әкелінгеніне наразы болып, «сонда елімізді басқарудан қазақтан бір адам шықпағаны ма? Мәскеу мұны әдейі істіп, елді қорлап отыр» деп жатты. 17 желтоқсан күні таңертең жатақханаға келсем, бір топ қыз жігіт жиналып қалған екен. Бәрі Қонаевтың басшылықтан кетіп, елді басқаруға Колбинің келгеніне ашулы. «Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті ғимаратының алдындағы Брежнев (қазіргі Республика) алаңына барып, Мәскеудің шешіміне қарсылығымызды білдіруіміз керек» деп тұр. Сөйтіп, соларға еріп мен де алаңға бардым. Жастар күллі қазаққа белгілі, бүгінде еліміздің Әнұранына айналған Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты әнін қосыла шырқап барды. Алаңға барған жастардың ісі, негізінен жай наразылық, бейбіт шеру болатын. Сол кезде КСРО президенті М.Горбачевтің «қайта» құру» идеясына сенген, қоғамда демократия бар деп ойлаған жастар өз пікірімізді ашық айтуға хақымыз бар деп түсінген еді. Бірақ әлі кеңестік өктем саясаттың өз күшінде екені алаңға барғанда белгілі болды. Бейбіт түрде өз наразылығын білдіріп тұрған жастарды әскер мен милиция күштеп таратуға кірісті. Ақ қар, көк мұзда жігіттердің қолынан қайырып ұстап, қыздардың шашынан сүйреп, соққыға жыға бастады. Сосын әрине олар да қарсылық көрсетті. Алаңдағы гранит тастарды сындырып алып, оларға қалай лақтырды. Жігіттер намысқа тырысып, қыздарды арашалады. Қыздарды қуғандардың жолына кедергі болып, таспен, таяқпен қарсыласып, олардың милиция мен солдаттардан құтылуына көмектестік. Бізді алаңнан күштеп қуғаннан кейін де қарсылық тоқтай қойған жоқ. Қашып бара жатқан жастар бір-біріне көмектесті. Жараланғандарын саулары арқалап қашқан жағдайлар болды. Мен де Байсейітов көшесінің бойымен жүгіріп бара жатқанда бір жас қызды шашынан сүйреп бара жатқан милицияны (түрінен ұлтын айыра алмадым) көріп қалып, асфальттың шетінен жұдырықтай тасты тауып алып оған қарай жіберіп қалғанымда тас тура оның маңдайынан тиіп құлады да, қыз жанұшыра қашып, құтылып кетті. Менің соңыма да милициялар түсті. Солардан олай-былай жалтарып қашып келе жатып темір тордан жасалған бір қоршауға тап болдым. Айналып өтетін жер жоқ. Қолымда таяқ. Ізімнен қуып  келе жатқан екі милиция қазақ жігіттері болып шықты. Олар маған таяп келіп, «Таяғыңды таста да, тез сеткаға өрмелеп өтіп кет, әйтпесе қазір солдаттардың қолына түссең оңбайсың» деді. Жанұшыра өрмелеп, ар жағына секіріп түстім де тайып тұрдым... Дегенмен Түгелбайды жатақханадан ұстап әкетіп қамайды. Қолға түскен қазақ жастарынан қалайда қылмыскер жасап соттау үшін тергеушілер ілік іздей бастайды. Ал Түгелбай құрылыс техникумында оқып жүргенде қазақ ауылын дамыту туралы жоба жасап, соның сызбасын қағазға түсіріп жүретін. Қамалған соң оның жатақханадағы бөлмесінен әлгі сызба табылып, тергеушілердің қолына түседі. Ондағы «қазақ ауылын дамыту», «жаңа қазақ ауылының көрінісі» деген жазуларды көрген тергеушілердің көктен сұрағаны жерден табылып, құдайы беріп қалады. Сөйтіп, Тәшенов «ұлтшыл, көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі» ретінде күдікке ілінеді. Оның алдында Түгелбай алғашқы сот отырысында кісі өліміне қатысы бар деп айыпталып, сотқа әкелінген куәлар Түгелбайды танымаған соң, оны «психикалық ауытқушылығы бар» деп, Алматыдағы Каблукова көшесіндегі психдиспансерге жатқызып қойған болатын. Әлгі қағаз табылған соң оны психдиспансерден шығарып алып, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің түрмесіне әкеліп тергеп, «ұлтшыл, алаңға шығуға жастарды ұйымдастырған» деген айып таққан. Сөйтіп атышулы «төртеудің сотында» Түгелбай Тәшенов пен Қайрат Рысқұлбеков екеуі тәртіптік жасақшылардың қатарында болып, алаңда қаза тапқан Сергей Савицкийдің өліміне кінәлі деп табылады. Алты айға созылған тергеу қорытындысында Қайрат Рысқұлбеков пен Түгелбай Тәшенов екеуі С.Савицкийдің өлтіргендер ретінде ату жазасына кесіледі. Бірақ тағдыр Түгелбайға теріс қарамай, оның кісі өліміне қатысы дәлелденбей қалады. Соңғы сот отырысында Түгелбаймен бірге жұмыс істейтін екі жігіт Түгелбайдың өздерімен бірге болғанын, Желтоқсан мен Сәтбаев көшесі қиылысында С.Савицкий қаза тапты деген уақытта өздерінің Фурманов пен Сәтбаев қиылысында болғанын айтып куәлік береді. Міне осы сөзден соң Түгелбайдың ісінен кісі өліміне қатысты деген күдік алынып тасталады да, Жамбыл Тайжұмаев екеуіне 15 жылға қамауда отыруға жаза кесіледі. Қайрат Рысқұлбековке өлім жазасына кесіліп, Қайыргелді Күзембаевқа 14 жылға түрмеде отыруға үкім шығарылады. Сотта ТАСС-тың фотохроника бөлімі архив үшін сурет сұратып, ҚазТАГ-тың фотографы Юрий Беккер сот үкімін тыңдап, қасқайып қарсы қарап тұрған қазақтың төрт жігітін суретке түсіріп, ол сурет Алматы облысына тарайтын «Жетісу», «Огни Алатау» газеттеріне жарияланып кетеді. Оның соңы «сотталғандарды батыр ретінде көрсеткен суретті жариялады» деп кінәлап, сол кездегі ҚазТАГ-тың директоры Жұмағали Исмағұловты жұмыстан шығарумен аяқталды. Дегенмен сол сурет төрт батыр желтоқсаншыны әлемге танытқан құнды фотодерек болып қалды.  width= Түгелбай айтады: – Сөйтіп, 1987 жылы 16 маусымда Алматыда шыққан сот шешімімен Қайрат, Қайыргелді, Жамбыл және мен өзіміз істемеген қылмысымыз үшін сотталып кете бардық. Қайратқа берілген өлім жазасы кейін 20 жыл түрмеде отыруға ауыстырылғанмен ол Семей түрмесінде белгісіз жағдайда қайтыс болды. Қайыргелді бірнеше жыл отырып, кейін жазасын өтеу мерзімі қысқартылып, бостандыққа шықты. Жамбыл Тайжұмаев 1990 жылы абақтыдан босатылды Ал мен бес жыл отырып, Шымкенттегі түрмеден босадым. Ең алғаш этаппен Ресейдің түрмесіне түскенімде мен баратын камерада отырғандарға тапсырма беріліп қойылғанын сездім. Олардың ішінде бір қазақ, тағы бір өзге ұлт өкілі, қалғандары өңкей орыстар екен. Олар маған «Орыстан не жамандық көрдің, неге орыстарға қарсы шығып оларды өлтіресіңдер?» деп дүрсе қоя берді. Мен оларға «Алдымен маған шыққан үкімді біліп алыңдар, мені орысты  сабады деп емес, кеңес үкіметіне қарсы шықты деп соттаған» дедім. Содан кейін бәрі сабасына түсіп, маған құрметпен қарай бастады. Одан Қызылорда түрмесіне жіберді, ең аяғында Шымкенттегі түрмеге ауыстырды. Шымкент түрмесінде мен электрик болып жұмыс істедім. Сол кезде ең алдымен Қайрат Рысқұлбеков ақталып, басқаларымызды да түрмеден шығара бастады. Бес жыл отырған соң маған да берген жаза қысқартылып, бостандыққа шықтым. Біздің бостандыққа шығуымызға Мұхтар Шаханов ағамыздың 1989 жылы КСРО халық депутаттарының бірінші съезінде сөйлеген сөзі үлкен әсер етті деп ойлаймын. Содан соң желтоқсаншыларды ақтау туралы комиссия құрылып, жазықсыз жазаланған қазақ жастары ақталып жатты. Жалпы, Желтоқсан ісі бойынша 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды деп жазады баспасөзде. Сол сияқты өлі-тірісі белгісіз желтоқсаншылар да бар екен... Түрмеден шыққан бойда оны ақтауға еңбек сіңірген адамдар Шымкент қаласында Желтоқсан қаһарманымен кездесу ұйымдастырыпты. Сонда Түгелбай жастар алдында сөйлеген сөзінде «ең алдымен халқымызға бірлік керегін» айтқан екен. Абақтыдан құтылған соң Тәшенов Алматыға келіп, ең алдымен халыққа сыйлы мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың үйіне барыпты. Саяси оқиға кезінде жазықсыз жаланың құрбаны болған жас жігіттің әңгімесін тыңдаған Димаш ақсақал оған ақыл айтып, жұбатыпты. Көрген қиындығының ел үшін екенін, оның ескерусіз қалмайтынын айтып көмек қолын созыпты. Сөйтіп, қазақтың дара перзенттерінің бірі Олжас Сүлейменовке телефон соғып, Түгелбайдың жағдайын айтып, көмектесуін өтініпті. Жазушылар одағында Түгелбайды күтіп алған Олжекең оны жазушыларға таныстырып, «міне, желтоқсанның батыры» деп құрмет көрсетіпті. Кейін Түгелбайға Алматы қаласынан екі бөлме үй де әперген.  Түгелбай айтады: – Кейінгі кезде кейбіреулер «Желтоқсаншылар ел тәуелсіздігі үшін күресті» деп айтады. Әрине, сөз жоқ, олар ел намысы үшін алаңға шықты, бірақ ол кезде жастар әлі тәуелсіздіктің не екенін толық түсіне алды деп ойламаймын. Тіпті, төбеде төніп тұрған КСРО деген алып империяның бір-ақ күнде құлап, жермен-жексен болатыны саяси сауаты бар адамдардың өзінің ойына кірмеген болса керек. Алматыда қазақ аз болатын, алаңға шыққан қазақ жастарының түгелге жуығы ауылдан келген, қазақи ортада тәрбие көрген жастар. Сондықтан қазақ елін басқарған Қонаевтай тұлғаның басшылықтан алынып тасталуы жастардың ашу-ызасын тудырды. Қазақтың жас жігіттері мен қыздары КСРО-ның алғашқы да соңғы президенті М.Горбачевтің «қоғамды демократияландыру керек» деген сөзіне сеніп, арандап қалған сияқты. Қазақ жастарын қудалау арқылы кеңестік билік өзінің екіжүзділігін көрсетті. Дегенмен ақырып теңдік сұрап алаңға шыққан қазақтар КСРО-ның шаңырағын шайқалтты. Желтоқсаншыларды ақтау ісі жүрген соң көп ұзамай қызыл империя да ыдырып, өмір сүруін тоқтатты. Осылайша, ең алдымен алып мемлекеттің солақай саясатына қарсы шығып, ел намысы үшін ауыр күндерді бастан кешірген жас желтоқсаншылар бүгінгі тәуелсіздігіміздің ізашары болды деп батыл айтуға болады. Тіпті, әлемде 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын КСРО-ны күйретудің басы деп санайды. Бұл біздің халқымыздың қайсар рухты ұлт екенін танытады. Өзіме келсем, тағдырыма өкінбеймін. Желтоқсан оқиғасы қазақ рухына жасалған сынақ еді, одан теңдік сұрап алаңға шыққан қазақтар лайықты шыға білді, соның қатарында өзімнің де болғаныма тәубе деймін. Бір кезде шулы оқиғаның басты қаһармандары қатарында көріне білген Түгелбай Тәшенов қазір қарапайым өмір сүріп жатыр. Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін сотталып, ақталып шыққаннан бергі 30 жыл ішінде еш жерге жұмысқа алынбаса да ешкімге алақан жаймай-ақ өз күнін өзі көріп келе жатыр. Біреудің алдына барып жағдайын айтып, «мен осындай адам едім» деп төменшіктеген кезі болған емес. Өз күшімен тірлік кешуде. 1992 жылы отбасын құрып, зайыбы Зибаш Ділекеева екеуі, үш қызды тәрбиелеп өсірді. Ендігі арманы – бір кезде өзі жасаған «қазақ елін дамыту» жобасын тиісті орындарға ұсынып, соны мақұлдатсам дейді.  width= Түгелбай айтады: – Жеріміз үлкен, халқымыз аз. Сондықтан кең-байтақ қазақ жерін игеріп, кәсіп ашып, жұмыссыздықты болдырмау – қазіргі басты мақсатымыз болуы керек. Мен сонау студент кезімнен жасап келе жатқан «Қазақ отбасын өркендетудің тұжырымдамасы» деп аталатын ұлттық жобам бар. Онда елді саяси-экономикалық және мәдени тұрғыдан дамытудың жоспарын жасап шыққанмын. Ұланғайыр қазақ жерінің әр аймағы әртүрлі. Қазба байлығы көп жерлерде өндіріс орындарын ашсақ, шөлейтті жерлерге зауыт-фабрика салып, жері құнарлы, суы мол жерлерге халықты тығыздау орналастырып егін, мал шарушылығымен айналысуға болады. Менің жобам бойынша болашақта еліміздің әкімшілік құрылымы былай болуы керек: елдің астанасы, 4 бас қала, 32 облыс. Бір облыста 12 аудан, 1 ауданда 12 ауыл, 1 ауылда 12 бөлім, 1 бөлімде 12 кооператив, 1 кооперативте 32 отбасы. Әр ауылдың өзінің мешіті, мәдениет үйі болса, олар орталықтандырылған кәріз жүйесімен, су, газ, электр желілерімен қамтамасыз етілсе, сөйтіп қалада не болса ауылда сол болса Еуропа мемлекеттеріндей дамудың жолына түсер едік. Мен бұл жобамды ел басшылығына да, тиісті министрліктерге де жібердім. Олардан бұған қаржы қарастырылмаған деген жауап келді. Әрине, олар бұл жобаны толық түсінді дей алмаймын. Осы жобамды Әділет министрлігінің авторлық құқықтар жөніндегі комитетінде тіркетіп, 2000 жылдың 25 мамырында авторлық құқық та алдым. Ендігі мақсатым осы жобам тиісті орындарда мақұлданса, сөйтім еліміз өз жолымен дамыса деген тілек. Иә, әркімде бір арман бар дегендей, кешегі желтоқсан қаһарманы енді елінің бейбіт түрде дамып, мемлекетінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатуға көмегін тигізгісі келеді. Қиын шақта мойымай, ел-жұртының алдында ар-намысына кір жұқтырмаған азаматтың өнегесі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай. Қашанда сын сағатта азаматтық таныта білген ерді құрметтейтін қазақ халқы үшін де Түгелбай Тәшеновтей тұлғаның орны бөлек. Ол көзі тірісінде-ақ аңызға айналғандардың бірі.

Ахмет ӨМІРЗАҚ