Айтыстың адал торысы

Айтыстың адал торысы

Айтыстың адал торысы
ашық дереккөзі
1711
Шығыста халқымызға таланттарды топ-тобымен берген Ақсуат деген өңір бар. Басқасын айтпағанда, айтыстай атамұра өнеріміздің талай саңлақтары сол өлкеден шыққан. Арғысы «Біржан – Сара» айтысында Сара ақын пір тұтып сөйлейтін Сұртай Тұрарұлы, әйгілі Әсет Найманбайұлын сөзден сүріндірген Кәрібай Таңатарұлынан тартып, бүгінгі Рүстем Қайыртайұлы, Сара Тоқтамысова, Нұржан Өмірбаев, Қуаныш Шармановтарға дейінгі аралықта аламан айтыстардың алдын бермеген өрен  жүйріктерді түлеткен қасиетті топырақ. Өткен ғасырдың 80-жылдары айтыс қайта жанданғанда сол Ақсуаттан дүркіреп бір буын жыр дүлдүлдері өнер көшіне қосылған болатын. Еліміздің қиыр шетінде жатқан шағын ауданның Сембай Жансақов, Серік Жұматов, Әмина Құрманғалиева, Қайыртай Ақылбеков, Аманғазы Кәріпжан сияқты айтулы ақындары республикалық додаларға араласып, оты сөне бастаған ұлттық мұраның қайта тұтанып, тамырына қан жүгіруіне үлесін қосты. Олардың бастаған ұлы көші одан кейін де қаңтарылған жоқ. Қазақ елі енді тәуелсіздік алып жатқан кезеңде Ақсуаттың бағына осы аға-апаларының ізін басқан Серік Қалиев деген жас дарын жарқ етіп сахна төріне шықты. Сол өңірдегі ақындардың бір кезеңінің басында осы Серік Әкірамұлы тұр десек, қателеспейміз. Өйткені ол өзі ғана айтысып қойған жоқ, соңында үлкен ақындық мектеп қалыптастырды. Қазіргі елімізге танымал көп айтыскерлер оның шәкірттері саналады. Біз де сол мектептің бір өкіліміз. Оған кейін кеңірек  тоқталамын. Біздің айтысқа енді тәй-тәй басқан кезімізде Секеңнің айтыскерлік шеберлігі туралы ел ішінде жақсы әңгімелер айтылып жататын. Оның Семей қаласында «Абай» театрында өткен бір аламан айтыста жасаған ерлікке пара-пар оқиғасын естіп сондай болсақ деп армандайтынбыз. Ол оқиға былай болған екен. Сол уақытта Арқада атағы дүрілдеп, ешкімді бет қаратпай тұрған Аманжол Әлтаев жаңағы айтысқа барыпты. Сөзі мен сазы, әні мен сәні келіскен азулы ақын Аманжолға қарсылас шақ келмепті. Тіпті, финалдық айтыста бір қарсыласы жауап беретін сөз таппай «жеңілдім» деп басталмай жатып сахнадан шығып кетіпті. Серік Қалиев ол айтысқа Алматыдан көрермен болып барып залда отырған. «Абай мен Шәкәрімнің елінде менімен айтысатын ақын тумаған ба?» деген Аманжолдың өткір сыны шымбайына батып, жанындағы бір ақынның домбырасын ала салып сахнаға атып шығыпты. Үстінде ұлттық киімі де жоқ. Содан бір сағатқа жуық тартысқан керемет айтыс болады. Табан астындағы тапқыр сөздер, ұтқыр шумақтар көпшілікті тәнті етіп, жарасымды айтыс жасаған екі ақынды көрермен ұзақ қошеметпен шығарып салыпты. Бұл оқиға ел-елге ауызша тарап, сол кездегі ақпарат құралдары да жарыса жазып жатты. Осы айтыстан кейін Серік Қалиевтің есімі айтыссүйер қауымға кеңінен танылды. Оның сыртында 1991 жылы Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына арналған республикалық айтыста олжа салып, 1992 жылы  Мақаншы ауданында Әсет Найманбайұлының 125 жылдығына орай өткен республикалық айтыстың бас жүлдесіне тіккен ақбоз атты мінеді. Осылайша, қалың ел өнеріне құрметпен қарайтын танымал ақынға айналып шыға келеді. Сол Серік Қалиевке өнердегі шәкірт, өмірдегі іні болып ілескеніме 30 жыл уақыт өтіпті. Алғаш қалай кездескеніміз әлі көз алдымда. 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетіне оқуға түсіп, тамыздың соңында пойызға отыруға ауылдан Аягөзге келдім. Теміржол вокзалында менің ауылдас ағам, ҚазҰУ-дың Тарих факультетінің төртінші курсында оқитын Ербол Ережепов кездесе кетті. Қасында бір көзілдірікті жігіт бар екен. Олар да Алматыға оқуға бет алыпты. Таныса келе көзілдірік киген азамат бізден екі курс жоғары оқитын шұбартаулық Базарбек Атығаев деген студент екенін білдім. Базекең білімі төгіліп тұрған оқымысты, әңгімешіл азамат болып шықты.  Пойызға отырған бетте «ертең бізді Алматыдан айтыскер ақын Серік Қалиев деген досым қарсы алады» деді самбырлап. Секеңнің атын ел аузынан ғана естіген мен мынаның сөзі шын ба, өтірік пе деп отырмын. Базарбек те Серік досының мықты ақын екенін айтып мақтанып отыр. Оның сөздерінен кейін көз алдыма бір лапылдаған отты ақын елестеп кетті. Өзімше онымен кездесуге іштей дайындала бастадым. Түсе салып өлеңмен сөйлесем бе екен деп қоямын. Мінезі қатал, тәкаппар адам болып, бетімді қайтарып тастаса не істеймін деп тағы қиялға батамын. Солай неше түрлі ойдың құшағында Алматыға да жеттік. Ербол мен Базарбектің менің қиялымда шаруалары жоқ. Сол кездегі студенттердің дәстүрімен жаңа оқу жылы басталғанын тойлатып жүр. Маған «қорықпа, бәрі жақсы болады. Жігіттерге сені тапсырып қоямыз. Ешкім тиіспейді» деп қайта-қайта арқамнан қағады. Олар менің бұрын атын газеттен ғана оқыған, Базарбектің мақтауындағы атақты Серік Қалиевпен кездесуге дайындалып келе жатқан албырт балаң қиялымды қайдан ұқсын. Ауылдан алысқа ұзап шықпаған мені үлкен қалада оқуға  жүрексініп келе жатыр деп ойласа керек. Бірақ Серік ақын мен ойлағандай жұртқа шекесінен қарайтын «аспандағы жұлдыз» болмай шықты. Көрген жерден бауырына тартып, бұрыннан білетін жақын ағамдай ілтипат танытты. Мінезі биязы, өте сабырлы, әр сөзін ақылға салып сөйлейтін азамат екен. Сол күні кешке жігіттермен бір дастарқанның басында қауыштық. Секең домбырасын алып, сызылтып бірнеше ән салды. Дауысы құлаққа жағымды, үнінде жүректің қылын қозғайтын ерекше бір сағыныштың сазы барын аңғардым. Арасында мені сынайын дегендей суырып сап бірнеше шумақ өлеңді де тастап жіберді. Мен де өлеңдетіп жауап берген болып жатырмын. Жауаптарым жақсы шыққан тұста Секең басын изеп балаша мәз болады. Осылайша, Серік Қалиевтің айтыстағы алғашқы шәкіртінің бірі болып, өнер деген үлкен әлемге сүңгідім де кеттім. Өзі отбасында тоғыз қыздың ішінде жалғыз ұл екен. Мені туған інісіндей қабылдады. Секеңнің студент кезінде университетте абырой-беделі жоғары болды. Ел есігінен сығалап қарайтын беделді ректор Көпжасар Нәрібаевқа емін-еркін кіре беретін. Көпжасар ағамыз да ұлттық өнерді ерекше бағалайтын парасатты адам еді. Университеттегі мәртебелі жиындардың  барлығы  Серік Қалиевтің  жыр шашуынсыз  ашылмайтын. Кездесуге келген сыйлы қонақтар Әзілхан Нұршайықов, Қасым Қайсенов, Тахауи Атанов, Фариза Оңғарсынова сияқты қаламгерлердің Секеңнен жыр сыбаға алмай қайтқаны кемде-кем. Сол уақытта университетте «Ақ отау» деген студенттердің клубы болды. Зейнолла Қари деген профессор ағамыз басқаратын. Сол клубтың ұйымдастырумен жыл сайын студенттердің аламан айтысы өтіп тұрады. Аманғазы Кәріпжан, Амангелді Сейітхан, Бекжан Әшірбаев, Есенгүл Кәпқызы, Айгүл Асанова, Талғат Ешенұлы, Мұхамеджан Тазабек, Нартай Өтегенұлы,  Нәзира Әлімжанова, Алтынбек Құрманбаев, тағы да басқа ақындар қатысқан университеттің үлкен залында дүбірлі айтыстар өтеді. Секең сол айтыстардың да алдыңғы шебінде жүрді. Ол айтыстар біздің ақын ретінде шыңдалуымызға себепкер болған шығармашылық шеберханасы десе болады. Серік Қалиев жазба поэзияға да ерте араласқан ақын. Бірінші курсқа түскен жылы «Жас Алаштан» белгілі ақын Қайырбек Асановтың алғы сөзімен шыққан топтама өлеңдерін оқып тамсанғанбыз. Өлеңді көп жазбайды, талғап жазады. Махаббат лирикасынан жанымызға жақын бір өлеңін жастардың отырыстарында жатқа оқитынбыз. Өлеңнің мазмұны қысқаша былай: махаббаттың машақатын тартып, ақбоз ат мінген Төлегеннің күйін кешіп Қыз Жібекті, таз кепеш киіп Қозы Көрпештің азабын тартып Баян сұлуды шарқ ұрып іздейді. Ақыры оның бос қиял екеніне көзі жетеді. Соңында: Көрсетсе тағдыр аяулыма жол. Байланғандай шын арамыз бекем. Жібегім де сол, Баяным да сол, Қасымда жүрген қара қыз екен, – деп түйіндейді. Осы өлеңі сол кездегі қанша отау құрған жастарға үлгі болды. Өзі де сол өлеңінің кейіпкері, бір топта оқитын курстасы, қара торының әдемісі Гауһар деген сұлу жеңгемізбен шаңырақ көтерді. Жар таңдаудан қателескен жоқ. Ақылына көркі сай, пейілі даладай кең, дастарқаны мол жеңгеміздің қолынан дәм татуға жақсы-жайсаң, үлкен-кіші сол үйге ағылып жатады. Алғаш үйленген жылдары Серік ағамыз бен Гауһар жеңешеміздің жатақханадағы аядай бөлмесінде күнде ән мен жыр, айтыс өтіп жататын. Курстастары да шетінен дүлдүл ақын, бұлбұл әншілер. Қазіргі поэзиядағы Әділ Ботпанов, Батырболат Айтболатұлы, сол кездегі айтыстағы Айгүл Асанова сияқты ақындармен бірге оқыды. Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатта оқығанда айтысқа баулаған шәкірті Тоқтар Серіков қасына Мейрамбек Бесбаевты ертіп келіп кетеді. Ол кезде екеуі дуэт болатын. Олар келген күні Қалиевтардың шағын шаңырағында көл-көсір ән, ағыл-тегіл жыр төгіледі. Тағы бірде Балғынбек Имашев, Дәулеткерей Кәпұлы үшеуміз жиналып барамыз. Секең жеңгеміз дастарқанын дайындағанша бізді қатар-қатар отырғызып қайымдастырады. Арасында өзі де қосылып айтысты қыздырып отырады. Кейін тобымызға Оралдан Талант Арғынғали келіп қосылды. Ол ара-тұра курстасы Бауыржан Қалиолланы да ертіп келетін. Ол біз үшін үлкен тәжірибе алаңы еді. Серік Қалиевтің университеттегі айтыс мектебі солай қалыптасты. 90-жылдары Алматыдағы республикалық айтыс сахналарында сол кездегі Семей облысының атынан жалғыз Серік Қалиевті ғана көретінбіз. Бұрын додадан қалмайтын халық ақыны Қалихан Алтынбаевтың шау тартқан шағы еді. Жамбыл мен Шымкент облыстарынан он ақыннан қатысып жатқанда Абай елінен неге жалғыз ақын деп налитынбыз. Ол уақыт Секеңнің нағыз шығармашылық бабында жүрген кезі-тұғын. Семейдегі қалың елдің  1995 жылы Абай тойында өткен халықаралық айтыста топ жарады деген бірден-бір үкілеген үміті болды. Бірақ афишаға аты шығып тұрса да сол айтысқа қатысуына облыстағы бір әкімқаралар бөгет жасады. Алматыдан Семейге ұшайын деп тұрған жерінен орнына басқа ақын қатысатынын айтып қайтарыпты. Осылайша, Абай тойындағы айтыстың Қарауылда өткен финалына Семейден ақын шыққан жоқ. «Секеңнің содан кейін біраз жыл айтыстарда жарқырап көріне алмай қалуына да сол оқиға әсер етті ме?» деп ойлаймын. Шығармашылық адамның көңіл күйіне мұндай әділетсіз әрекеттер әсер етері анық. 1997 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да магистратурада оқып жүргенімде Секең мені жаңадан құрылған Студенттер клубына жұмысқа шақырды. Ректордың бұйрығымен клубтың директоры болып тағайындалыпты. Бұл бір кезде белгілі бір себептермен тарап кеткен «Ақ Отау» деген әйгілі ұжым болатын. Проректор Қуат Баймырзаевтың қолдауымен Секең екеуміз тізе қосып клубты қайта жасақтадық. Клубтың құрамында оннан аса студенттік өнер үйірмелерін құрдық.  Біраз үйірме жетекшілері сол клубтың ішінен тәрбиеленіп шықты. Белгілі әзілкеш Нұрлан Қоянбаев көңілді тапқырлар клубына, кейін саясатқа кеткен Ғалым Боқаш бард әншілер клубына, режиссер-драматург Данияр Саламат студенттер театрына, дирижер Мүсілім Әмзе домбырашылар үйірмесіне, музыкант Болат Әмірханов «Фараби сазы» оркестріне жетекшілік жасады. Солардың жұмысының алға жүруіне Секең бағыт-бағдар беріп отырды. Сол кезде Студенттер сарайында алғаш қазақша «Бәрекелді» әзілкештер сайысы, тағы басқа  ұлттық бағыттағы ірі жобалар  ұйымдастырылды. Бірде ұстазым, академик Рымғали Нұрғали: «Осы жігіттің жанарында бір ғажайып мұң бар. Көзіне қарап ұзаққа шабатын жүйрік тұлпарды танығандай болдым. Кейде бабы келгенмен, бағы шаппай жүрген жоқ па осы Серіктің?»  – деп сұрағаны бар. Рымғали ұстазымыз адамның қасиетін тап басып танитын ғажап сыншы еді ғой. Иә, Секең әртүрлі жағдаймен көп айтыста бас жүлде алған жоқ. Жүрсін Ерман жүргізетін айтыстарда көлік те мінбепті. Бірақ есесіне қанша шәкірт тәрбиелеп, айтыстың абыройын аспандатты. Оның ақыл-кеңесін тыңдап, тәрбиесін көрген Дәулеткерей Кәпұлы, Балғынбек Имашев, Ринат Зайытов, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Рүстем Қайыртайұлы, Шұғайып Сезімхан, Қазірет Бердіхан ақындарымыз бүгінде республикаға танымал айтыскерлерге айналды. Тіпті, Айтақын Бұлғақов, Қаныша Райысова сияқты алдыңғы буын ақындар да айтыстың алдында келіп кеңесіп отыратын. Әр жылдары Республика сарайында Серік Құсанбаев, Аманжол Әлтаев, Оразалы Досбосынов, Ақмарал Леубаева сияқты ақындармен керемет айтыс жасады. Көршілес қырғыз еліндегі ғажап сөз майдандарын да бауырлас елдің көрермені әлі ұмыта қойған жоқ. Әсіресе, қырғыз еліне келін болған ақын апамыз Майраның Қарқараны қырғызға бер деген сөзіне қайтарған жауабы ол жақта аңыз болып айтылады. Бірақ Секең болдым-толдым деп ешқашан кеудесін қақпады. Бізден кейінгі бірнеше буын жастарға  әлі күнге дейін білгенін үйретуден жалыққан емес. Серік Қалиев – сан қырлы талант иесі. Бұл мақалада айтыскерлік қасиетінің кейбір тұстарына ғана тоқталдық. Оның жазба поэзияға қосқан үлесі, сазгерлік пен әншілік өнері әрқайсысы өз алдына бір-бір мақалаға жүк болады. «Көзайым», «Уақыт керуені» сияқты бірқатар жыр жинағы жарық көрді. 2017 жылы  Алматыда «Жасынның оты жанымда» атты шығармашылық кеші өтті. Ән-термелерін Еркін Шүкіман, Мейрамбек Бесбаев, Тоқтар Серіков бастаған әншілер үлкен сахналардан орындап жүр. Басқа композиторлармен бірігіп, 50-ге жуық ел аузындағы әннің сөзін жазды. Әдебиет пен өнерге сіңірген еңбегі үшін Қазақстанның мәдениет қайраткері атанып, жақында ғана Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленді. «Қазақ радиосында» істеген радиожурналистік еңбектері, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының жетекшілігімен жасаған ғылыми ізденістері, «Атамұра» баспасындағы бас редакторлығы мен Қыздар педагогикалық университетінің баспасына директор жылдарындағы  баспагерлік жұмысы, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорын басқарған кезіндегі ғылым мен өнерге меценаттық жанашырлығы арнайы жазуды қажет етеді. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағында Жүрсін ағамызға кеңесші болып қанша айтыс ұйымдастырды. Секеңнің азаматтығын, ақылман ағалығын өзінен кейінгі буындағы ақындардың барлығы біледі. Табиғатынан өте кеңпейіл, үлкен жүректі, көпшіл адам. Қашан көрсең халыққа керек жұмыстың қамында жүреді. Сондықтан да оның ел үшін әрбір жасаған игілікті ісінен ғибрат алуға болады. Қазақтың келешегі жарқын болып, жоғалғаны түгенделуі үшін осы заманға ақын Серік Қалиевтей адал азаматтар көбірек керек.

Серікзат Дүйсенғазы,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі

 

Серіктес жаңалықтары