50343
Негізсіз қудалауға ұшыраған бір топ адам қамаудан босатылды (ВИДЕО)
Негізсіз қудалауға ұшыраған бір топ адам қамаудан босатылды (ВИДЕО)
Қаңтар оқиғаларына байланысты негізсіз қудалауға ұшырап жатқан азаматтардың құқығын қорғап, бостандыққа шығару мақсатында құрылған «Аманат» қоғамдық комиссиясы жұмысын бастады, деп хабарлады turkystan.kz adyrna.kz-ке сілтеме жасап.
Комиссияның мақсаты: Қаңтар оқиғасы кезінде болған жағдайларға байланысты қудалау көріп, тергеуде жүрген азаматтар арасынан қылмыстық пиғылы болмаған немесе осы жағдайға кездейсоқ тап болған, тек бейбіт шеруге шыққандарды анықтап, олардың жазықсыз жапа шекпеуі үшін мейлінше көмек беріп, қылмыстық қудалау қысымынан алып шығу.
«Қаңтар оқиғасы кезінде ғимараттардың өртенгені, қиратылып, тонауға ұшырағаны, адам шығыны болғаны - бұлжымас факт. Осы орайда қарапайым халықты пайдаланып, арам пиғылдарын іске асырмақ болған қылмыстық топ немесе экстремистер анықталып, тиісті жазасын алуы керек деп санаймыз. Ал біз құрған комиссияның мақсаты - осы қанды оқиға барысында бейбіт шеруге шыққан адал ниетті азаматтар мен арам пиғылды қаскөйлердің ара жігін ажырату, жазықсыз жандардың жапа шекпеуіне, қудаланбауына, заңмен қорғалуына барынша көмек көрсету, үйінде алаңдап күтіп отырған бала-шағасымен, ата-анасымен, жан-жарымен аман-есен қауышуына жәрдем беру», - дейді ұйымдастырушылар.Комиссия құрамында барлығы 8 адам бар. Оның төртеуі - кәсіби адвокат, 1 ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 1 ұлттық қоғамдық кеңестің мүшесі, Бас прокуратура мен ішкі Істер министрлігінің бір-бір өкілі.
«Комиссияның құрылуына байланысты құқық қорғаушыларды, қоғам белсенділерін, БАҚ өкілдері мен барша азаматтарды осы игі іс төңірегінде бірігуге, маңызды жұмысқа жұмыла атсалысуға шақырамыз!» - деді Абзал Құспан.Ал 25 қаңтарда Абзал Құспан Facebook-тегі парақшасында 11 адамды босатып алғандары туралы жазба жариялады.
«11 адамды босатып алдық. Денсаулық жағдайына байланысты. Ал 4 адамды қазір ауруханадан шығару керек», - деді Абзал Құспан.«Тағы қанша адам шығады?» деген журналистің сұрағына «Онымен айналысып жатырмыз, қарап жатырмыз» деп жауап берді ол.
«Олардың жататын орындарына бармаймыз ғой. Оларды адвокаттардың, тергеушілердің кездесетін жеріне алып шығады. Біз жұмысты кеше ғана бастадық. Сенбі күні ғана рұқсат берілді. Бұл бастамамызды Президент әкімшілігі қолдайтынын білдіріп, прокуратура органдарымен бірге жұмыс істеуге тапсырма берді. Кешеден бастап арнайы мамандармен материалдарды енді-енді қарай бастадық. 11 адам тек қана қылмыстық іс бойынша босатылды. Олар 272-баппен ұсталған еді...», - деді ол желіде тараған видеода.