216
КӘСІПКЕРЛЕР ҚУАНЫП ҚАЛДЫ, БІРАҚ...
КӘСІПКЕРЛЕР ҚУАНЫП ҚАЛДЫ, БІРАҚ...
Кәсіпкерлерді тексеру тағы да жарты жылға шегерілді. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы (КҰП) 2015 жылдың шілдесіне дейін мемлекеттік органдар шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерін тексермейтінін жариялады. Жаңа жылды жағымды жаңалықпен бастаған бизнесмендерді алда не күтіп тұр? Әлемдік дағдарыс кезінде отандық бизнес қалай өмір сүрмек?
ТЕОРИЯ БОЙЫНША БӘРІ ТАМАША
Шілде айына дейін тексеруге уақытша тыйым салуды өткен аптада Астанада ұйымдастырылған брифингте КҰП өкілдері мәлімдеді. Айтуларынша, жоспарлы тексеру алынып тасталған соң, мемлекеттік органдар енді субъектілерді жылына көп болса 1-2 рет қана тексеруі тиіс. КҰП мамандары кәсіпкерлер жағдайын тым күрделендірмеуге шақырды. Себебі ештеңеге қармастан кәсіпкерлер баяғыша тыныстап келеді. «Бизнесті тексеруге қойылған мораторий біткен соң не болады деген сұрақ барлығын алаңдатады. Осыған байланысты елімізде жоспарлы үдеріс жүріп жатыр. Біз жоспарлы тексерістерді алып тастадық, бақылаудың ерекше тәртібі жұмыс істеп тұр. Бүгінде осы бақылаудың ерекше тәртібін жүзеге асыру үшін әрбір ведомствоға сәйкес бұйрықтар қабылдау қажет. Ал бұйрықтарды қабылдау үшін оларға тәуекелді бағалау жүйесін құру керек. Қазір барлық мемлекеттік органдар осымен айналысуда. Сондықтан біз кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін бақылау жұмыстары 2015 жылдың шілдесінен кейін ғана басталады деген ойдамыз», − дейді Ұлттық палата басқарма басшысының орынбасары Гүлнар Құрбанбаева. Тексерулердің заңдылығы мен негізді болуы кәсіпорынның қауіп-қатер деңгейіне байланысты болады. Қаупі жоғары субъектілер жартыжылда бір рет тексеріледі. Жиі, әрі жіті тексерілетін объектілерге эпидемиологиялық мекемелер жатады. Статистика бойынша ШОБ-тың 10%-ы қаупі жоғары деңгей, 30%-ы орта, 60%-ы төмен деңгейге жатады. Екінші тексеру түрі – ішінара тексерулер. Тексерудің бұл түрі бұған дейін жасалған тексерулер нәтижесі бойынша өткізіледі. Демек, алдыңғы заңбұзушылықтардың жойылғанын қадағалайтын шара. Үшінші тексеру жоспардан тыс тексерулер. Мемлекеттік органдар бұндай «тосынсыйларды» жиі жасамауға уәде беруде. Тағы да бір тексеру камералды бақылау, яғни объектіге шықпай өнімді зертханаларда тексеру, адамдардың арыз-өтініштері бойынша, заңбұзушылықтар бойынша құжаттарды тексеру.
Сондай-ақ, Қазақстанның Бас прокуратурасы өткен жылы жарияланған мораторийға қатысты қорытынды есепті жариялады. Мәліметтер бойынша, мораторий жарияланған сәттен бастап құқықтық статистика органдарында 3866 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексерулер тіркелді. Олардың қатарында мемлекеттің мүдделері мен халықтың денсаулығын қамтамасыз ету үшін Бас прокуратурамен келісілген 101 тексеру бар. 2013 жылдың дәл осы кезеңінде 180 312 тексеру болған. «Мемлекет Басшысы жариялаған мораторий жылдық тексерулердің жалпы санының 176 мыңға немесе 67%-ға төмендеуіне ықпал етті. Бұл ретте жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерулердің саны 142 мыңға немесе 82%-ға (173 082-ден 30807-ге дейін), оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулер 136 мыңға немесе 86%-ға (158915-тен 22050-ге дейін) төмендеді», − делінген ақпаратта. Уақытша тыйым салу кезінде 5 заңбұзушылық ғана тіркелген екен. Барлығы дерлік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. «2014 жылы біздің ұлттық кәсіпкерлер палатасына 20 мыңнан астам арыз-шағым түскен болатын. Естеріңізде болса, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзған, таптаған шенеуніктердің есімдерін жариялап, оның 20-дан астамы қызметтерінен кеткен еді», − дейді кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.
Дегенмен тәуелсіз сарапшылар бұл тексерулерден мемлекет өзіне негізгі қорытынды жасамаған дейді. Бақылау-қадағалау органдарының тексеру жүйесі өзгермеген, әкімшіл-әміршіл тәртіп жойылмаған сынды. Сыбайлас жемқорлық пен билік бар тұста мемлекеттік органдар тарапынан небір негізсіз тексерулер жүргізілуі мүмкін. Өйткені сол тексерудің тәуекелді бағалау жүйесін жасайтын, қорытынды шығаратын өздері. Өткен жылдар тәжірибесіне сүйенсек, шенділердің бұл жүйеден бас тартуына ешқандай кедергі болмаған. Сондықтан, тек ашықтық пен жариялылық қана таза, бәсекеге қабілетті бизнестің өркендеуіне жол ашады.
ЖАРНА ДАУЫ СЪЕЗДЕ ШЕШІЛМЕК
Жалпы, КҰП пен оған қатысты заңның қабылдануы қоғам арасында бірқатар сұрақтардың туындауына негіз болды. Әсіресе, қазақстандық ноу-хаудың міндетті мүшелік, жарна төлеу тәртібі кәсіпкерлер арасында наразылық тудырды. Айтуларынша, палатаға еріксіз мүше болу бизнестің үстінен жасалған қадағалау деп бағаланды. Қарағандылық кәсіпкер Олег Кондратов өткен жылы КҰП-ты сотқа берген азаматтардың бірі. Ол сияқты 26 бизнесмен өз арыздарын сотқа берген. Бұған дейін палатаның көмегінсіз табыс тапқан адамдар, не үшін және неліктен осыншама сомада жарна төлеулеріне міндетті екенін білмей дал. Бүгінгі таңда 20 адамды жұмыспен қамтып отырған Кондратов үшін жылына 300 мың теңге төлеп тұру үшін 3 адамды жұмыстан қысқартуы керек көрінеді. Дегенмен, олардың уәждерін тыңдайтын адам жоқ секілді. Өйткені 62 арыздың сот тек 11-ін қабылдаған. Олар ұйымға төленетін жарна түскен табыспен емес, таза пайдамен есептелу керек дейді. Олай етпейінше, күнін әзер көріп отырған кәсіпкерлер шығынға батады. КҰП төрағасы Абылай Мырзахметов өз тарапынан аталмыш мәселенің күн тәртібінде тұрғанын, 27 қаңтардағы палата съезінде мәселенің нақты шешілетінін айтады. Заң бойынша, 106 миллион мен 2,6 миллиард айналымы барлар жарна ретінде 296 мың төлейді. Сондай-ақ азаматтардан жиналған жарнаның қандай мақсатта жұмсалатынын жайып берді. «Бiр жылда жиналған 6 млрд. теңге қайда жұмсалды. Бiрiншiден, бiз жоспарланған штаттың 40 пайызын жұмысқа алдық. Мұнда ешкiм ештеңе көбейткен жоқ. Орташа есеппен департаменттерде 5 адамнан ғана. Департаменттер көп, себебi қарастыратын салалар өте көп. Бiрақ қызметкерлер бесеуден алынды», − дейдi А. Мырзахметов. Оның сөзiнше палатаға 24 мың арыз келген. Бiр қызметкерге 100 iстен келедi. 6 млрд. теңгенiң 60%-ы жалақы мен салыққа кетсе, 12%-ы кеңсе жалдауға, 10-12%-ы қарыз өтеуге, 2%-ы – iс-сапарларға, 2%-ы – кеңсе тауарларына, 5% -ы техника мен жиһаз сатып алуға кеткен. Соңғы уақытта кәсіпкерлер палатасына қатысты дауға съезде соңғы нүкте қойылуы тиіс. Өйткені міндетті мүшелік пен жарна төлеу мәселесін шешілмейінше, ұйым қызметіне қатысты сыңаржақ пікір өзгермейді.
КӘСІПКЕРЛЕР ҚИЫН КҮЙГЕ ДАЙЫН БА?
Қазіргі таңда кәсіпкерлерді тағы бір маңызды сұрақ алаңдатуы тиіс. Бұл тіпті тексерулерден де өзекті секілді. Президент жолдауында алдағы екі-үш жыл ел экономикасы үшін қиын кезең болатынын ескерген жөн сияқты. Себебі, бүгіннің өзінде үкімет үнемдеу саясатын бастап, шығындарын азайтып, бірқатар стратегиялық объектілер құрылысын тоқтатты. Енді бұндай кезеңде кәсіпкерлер ары қарай қалай тіршілік етеді деген заңды сауал туындайды. Мемлекеттік органдардың тексерулермен бас қатыруы бір бөлек, көршілес нарықты бағындыру мен әлемдік дағдарыс ықпалына жауап беру мүлдем бөлек жағдай. Сондықтан КҰП біздің бизнесмендердің Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) аясында «жұтылып кетпеуіне» белгілі бір әрекеттер жасауы тиіс. Ресейлік рубльдің құлдырауы қайткенмен де экономикамызға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ЕЭО-да тең бизнес жүргізуге мүмкіндік бермейді дейді сарапшылар. Бұған компанияларымыздың бәсекеге қабілетсіздігін қосыңыз. Биліктегілер алдын алу шаралары ретінде отандық өндірушілермен ұзақ мерзімдік келісім-шарттар жасап, сұранысты өзіміздің кәсіпорындар өнімдерімен толтыру керектігін айтады. Ұлттық палата сырттан тауар әкелуді шектеу, импортқа тыйым салу, импортты лицензиялау қажеттілігін, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындарды арнайы субсидиялауды жүзеге асыруды ұсынады. Дегенмен бұл шаралар бұған дейін де аз-маз қолға алынғаны бар. Алайда отандық өндірушілер Ресей, Беларусь нарығын айтпағанның өзінде, өзіміздің қажеттіліктерімізді толықтай қамтамасыз ете алмайтыны жасырын емес. Ал мұнай бағасының төмендеуі мен рубль бағамының өзгеруіне байланысты кәсіпкерлерді қолдайтын шараларды ойластыру керек сияқты. 2007 жылдағы дағдарыста құрылыс, өндіріс саласының кәсіпорындары қатты зардап шеккені белгілі. Демек, бизнесмендер енді банкротқа ұшырамаудың жолын іздеуі тиіс. Өйткені бұған дейін қолдау көрсеткен мемлекетке бизнес тарапынан да көмек болуы керектігі күн тәртібінде тұр.
Диас БЕЙСЕНБЕК