Дәрігерлер Тоқаевтан Біртановты босатуды сұрады

Дәрігерлер Тоқаевтан Біртановты босатуды сұрады

Дәрігерлер Тоқаевтан Біртановты босатуды сұрады
ашық дереккөзі
Әлеуметтік желіде бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы петиция жарияланды, деп жазды turkystan.kz. Петицияға қол қою 21 қаңтарда басталды. Қазір оған 2 мыңға жуық адам қол қойған. Өтініш авторлары тергеу органдары, прокуратура және судьялардың экс-министр Елжан Біртановтың кінәсіздігі туралы уәждеріне назар аудармай отырғанын атап өтті.
«Біз Біртановтың тікелей бағыныштысы да, туысы да емеспіз. Елжан Амантайұлын індет кезінде тек құрметпен қарайтын қызметі арқылы ғана танимыз. Ол өзі медициналық ұйымдарды аралап, теледидардан сұхбат беріп, «дөңгелек үстелдерге», брифингтерге қатысты. Көтерілген бірде-бір мәселені назардан тыс қалдырған емес. Бүкіл әлем сияқты, біздің елдің де індетке дайын болмағанына ол кінәлі емес. Сол кездегі Денсаулық сақтау министрі өзіне тікелей қатысы бар жұмысты дұрыс атқарып, қолдан келгенді жасады» деп жазылған петицияда.
Мемлекет басшысына жолдаған үндеуде экс-министрдің кінәлі екеніне сенбейтінін жазған қазақстандықтар Президенттің өз ісіне жауапты басшы әрі жақсы дәрігердің тағдырына бей-жай қарамайтынына сенім білдірді. Еске сала кетсек, Елжан Біртановтың үйқамақта отырғанына бір жылдан асты. Қылмыстық іс 133 томнан тұрады.