2011
Оразбай ӘБДІРАХМАНОВ: Құдайдың назары түспеген адам өлең түгілі, өзінің атын да айта алмайды
Оразбай ӘБДІРАХМАНОВ: Құдайдың назары түспеген адам өлең түгілі, өзінің атын да айта алмайды

Оразбай Әбдірахманов – қарақалпақ әдебиетіне өткен ғасырдың 70-жылдарында келген дарынды жазушы. Қарақалпақстан Жастар одағы сыйлығының иегері (1979), Қарақалпақстанға еңбегі сіңген көркем өнер қайраткері (1999), Қарақалпақстан Халық жазушысы (2003), Өзбекстан Халық жазушысы (2018). Біз туысқан елдің белгілі жазушысымен сұхбаттасып, одан қарақалпақ әдебиетінің жай-күйін сұраған едік.
– Оразбай Әбдірахманұлы, кеңестік дәуірде қарақалпақ әдебиеті салыстырмалы түрде саны аз ұлттар арасында едәуір өсіп-өркендеген әдебиет болды. Сол уақыттағы кішкене халықтардан шықса да аты бүкіл одақ көлемінде белгілі болған Р.Гамзатов, К.Кулиев, Д.Кугультинов, М.Кәрім секілді тұлғалар қарақалпақ әдебиетінде болды. мәселен, ақын Ибрайым Юсупов, жазушы Төлепберген Қайыпбергеновтердің шығармашылығы бұрынғы КСРО көлемінде біршама танымал еді. Ал одан кейінгі дәуірде қарақалпақ әдебиетіне келген Ш.Сейітов, А.Садықов, К.Алламбергенов және өзіңіз секілді жазушылар қарақалпақ әдебиетіндегі ірі жанрлардың дамуына еңбек сіңірдіңіздер. Қазіргі қарақалпақ әдебиетінің жағдайы қалай? – Пікіріңіз дұрыс, ХХ ғасыр қарақалпақ әдебиетінің өзін-өзі тану және қалыптасу дәуірі болды және бұл тек әдебиетімізді ғана емес, жалпы рухани әлеміміздің жаңғыруына жеткізді дей аламын. Негізі, адамзаттың болмысы ескі мен жаңаның күресінен тұрады десек, өткен жүзжылдықта қарақалпақ әдебиетінде де түрлі буырқаныс, толғаныстар болды. Ол кезде заманға үн қосу, әдебиетте таптық көзқараспен шығарма жазу үрдісі қалыптасты. Олардың арасында, тіпті Садық Нұрымбетов, Аббаз Дабылов секілді халық ақындары да болды. Дегенмен кеңестік идеологияның қысымына ұшыраса да, олардан өлмейтін шығармалар қалды деп айтуға болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін әдебиетке деген көзқарас өзгерді. Кеңестік дәуір әдебиетті де қатты саясиландырып жіберген ғой. Әдебиеттегі кеңестік цензура жойылғаннан кейін көзіміз ашылды. Сөйтіп әлемде социалистік реализмнен өзге де бағыттардың көп екенін көрдік. Шынын айтқанда, содан кейінгі дәуірде оқырмандардың да талғамы өсіп, бұрынғы тәсілмен жазған шығармалар енді оларды қанағаттандырмайтын болды. Бұл өз кезегінде ақын-жазушыларды жаңа деңгейге көтерілуге мәжбүрледі. Ал бұндай жағдай әдебиеттің өсуіне ықпал етеді. Айта кету керек, рухани әлем көбіне консерватив түрде өзгереді, сондықтан әдебиетте ескі қалыптың ішінде де үлкен дарақтар тамыр жайып өсіп шығуы мүмкін. Сондықтан кеңестік кезеңде жазылса да, одан соңғы дәуірлерде де өмір сүруге хақысы бар шығармалар қарақалпақ әдебиетінде де жоқ емес. Қарақалпақ әдебиетінде ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында көрінген Ш.Сейтов, Ұ.Піржанов, Ш.Мәмбетмұратов, Ұ.Хожаназаров сияқты таланттар қатарына 70-жылдарда С.Бахадырова, Қ.Камалов, А.Атажанов, Ж.Ізбасқанов, Т.Мәтмұратов, Х.Айымбетов, А.Садықов, Қ.Әбдіраманов, А.Сейтеков секілді қайталанбас ақын-жазушылар қосылды. Мен әдебиетіміздің болашағын қазір жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай көбейіп жатқан әуесқой «зулфияшылардан» (Зулфия сыйлығына ие болып жатқан жас қаламгерлер) гөрі халық арасынан шығып жатқан талантты жастардан көріп, солардан үміттенемін. Ал бүгінгі әдеби үдерісте қалыптасып толысып, үлкен қаламгерлерге айналған, әдебиетте аға буынға айналған Әбілқасым Өтепбергенов, Сағынбай Ибрагимов, Бахтияр Генжемуратов секілді ақын інілерімнің қалам қарымына сүйсіне қараймын. Проза туралы болса, ондағы жағдай жақсы деп айта алмаймын. Неге екені белгісіз, өз бетімен талпынып, үлкен ізденіске барып жүрген жігіттер көрінбейді. Әдебиеттің бұл жағында қыздар көбірек көрінетін секілді. Әдебиеттің дамуы баспа саласы, кітап шығару өндірісіне байланысты болса, біз тәуелсіздік алып полиграфия базасынан, қаламгерлер қаламақы деген табыстан айырылып қалды. – Жасыратыны жоқ, КСРО тарқағаннан кейінгі дәуірде бұрын социалистік реализм әдісімен жазып, схематизмге әбден үйреніп қалған жазушылар едәуір абдырап, жаңа бағытта жазып кетуге бойын үйрете алмай қалды. Осы жағдай қарақалпақ әдебиетінде қалай көрінді? – Бұл сұраққа жоғарыда берген жауабымда ішінара айтып кеттім-ау деймін. Өзің айтқандай, жазушыларымыз жаңа заман ағымына ілесе алмай қалған секілді. Бір жақсы жері, бұрын ертекті де, терме-толғауды да, пьесаны да бір адам жаза беретін болса, кейінгі буындағы ақын-жазушылар жанрлар бойынша мамандану бағыты қалыптасып жатқанына қуанамыз. Ең бастысы, «ана әдебиетте мына жанр бар, бізде неге жоқ?» деген формализмнен құтылып келе жатқан сияқтымыз. «Көш жүре түзеледі» дегендей, біздің буынға келсек – біз берерімізді беріп, күтеріміз көп халыққа айналдық. Дәуірлер ауысқанда әдебиетке деген көзқарас пен талап өзгеретіні белгілі ғой, қазір бізде сол үдеріс жүріп жатыр. – Әр дәуірде әдебиетке келген ұрпақ көркем сөз өнерінде өз соқпағын салуды қалайды. Кейінгі 30 жылда қарақалпақ әдебиетіне кімдер келді және олардың қандай шығармалары бар, сондай-ақ, олардың шығармашылығы мен бұрынғы қаламгерлердің арасында қандай өзгешеліктер бар? – Бұл әдебиет деген жарықтықтың деңгейі ақын-жазушылардың көптігі немесе том-том кітаптарының молдығымен өлшенбейді ғой, сол үшін көп фамилиялар мен кітаптарды атап басыңды ауыртпай-ақ қояйын, әйтеуір, әдебиетке келіп жатқандар бар, бәрінікі болмағанмен біразының кітаптары да шығып жатыр. Рухани әлемде математика сияқты сан көрсеткіштері сапа көрсеткіштеріне айнала бермейді ғой, өйткені әркімнің өз талғамы бар, оның оқырман тарапынан бағасын алып ұнауы не ұнамауы да мүмкін. Дегенмен жас таланттар мемлекет қамқорлығында болғаны дұрыс. Өйткені материалдық байлық рухани байлықтың орнын баса алмайды! Әдебиетке әр ұрпақ өз өлеңін айтып келеді, ал Құдайдың назары түспеген адам өлең түгілі, өзінің атын да айта алмайды. Талант жеке-дара шығады, оған кейде тек «Құдайдың қолдағаны» да аздық қылуы мүмкін, сол себепті оған отбасы мен туған жерінің, халқының да қолдап-қуаттауы да керек. Бірақ шектен тыс еркелетіп те жібермеу керек. Марапатқа бойы үйреніп кеткен талант өзінің де, халқының да маңдайының соры болады. Қазір (жоғарыда бір айтып кеттім ғой) бізде әуесқой қаламгерлердің арасында қыздар басымдыққа ие сияқты. Солардың арасында Құмар Бекниязова (прозаик), Абадан Тұрдымуратова, ал жігіттерден Әзімбек Өтемұратов, Мейрамбек Әбдіхалықов, Базарбай Жолдасбаев деген ақындардың өлеңдерінен нені айтса да, өзінше айтуға деген ұмтылыстың барын сеземін. Ендігі үмітім осыларда. Ал енді бүгінгі әдебиетке келіп жатқан жас қаламгерлерді бұрынғы әдебиеттің тұлғаларымен салыстыруға әлі ерте сияқты. Олар шығармашылықпен беріле айналысып, түрлі жанрда кітаптары шығып жатса бірдеңе айтуға болар, ал қазір ертелеу. – Сіз бір кезде «Қаракалпақфильм» киностудиясында қызмет атқардыңыз. Онда қарақалпақ халқының алғашқы көркем фильмдері шықты. Қазір қарақалпақ фильмдерінің жағдайы қалай? – 1988 жылы кино саласына араласып, оның өзінше бір өзгеше әлем екенін сездім. «Өзкинохроника» кино- студиясының Карақалпақ филиалы 7-8 адам істейтін кішігірім мекеме екен. Ташкент, Мәскеумен жағаласып жүріп, оны 1990 жылы «Қарақалпақфильм» киностудиясына айналдырдық. Сол жылы «Гүм-гүм» атты алғашқы қарақалпақ көркем фильмін түсірдік. Бірақ қарақалпақ киносының алғашқы қадамы Қарақалпақ АССР-ы облыстық партия комитетіне ұнамады. Антисоветизм деп айдар тағылып, дайын кино сөреге тасталды. Фильмді түсіруге Мәскеу, Ташкент, Украина, Қырғыз Республикасы киношылары көмектескен еді. (Кейін ол еліміздің киноэкрандарынан көрсетілді). Киностудияның ашылып, қалыптасуына Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Әзербайжан киношыларының қол ұшын созғанын да ризашылықпен айтуға болады. Солайша қарақалпақ киносы қалыптаса бастап, халқымыздың көңілінен шыққан бірнеше кино жарық көре бастағанда оның да басына бұлт үйірілді. 1993 жылы «Қарақалпақфильм» киностудиясында 46 адам штатпен жұмыс істейтін кезде кинодан кетуге мәжбүр болдым. Ал қазір кино туралы айтқым келмейді. Біздің жерімізден шығып Қазақстанға танылған киногерлердің барына да қуанамын. Кездесіп жатсаңыз, Арал туралы «Жоқтау» атты тамаша деректі фильм түсірген режиссер, жерлес інім Сергей Әзімовке сәлемімді айтарсыз. – Енді өзіңіздің жеке шығармашылығыңыз жайында әңгімелессек: өткен ғасырдың 80-жылдарында сіздің «Босаға» атты романыңыз, «Мырзаның ізі» деп аталатын эссеңіз басылып шығып, қарақалпақ әдебиетінде жаңалық болды. Арал экологиясы жайында да эсселеріңіз жарық көрді. Өз шығармашылығыңыз жайында не айтар едіңіз? – Қартайған адам мақтаншақ болады деген тәмсіл бар ғой халықта, сондықтан өзіңнің не істеп, не қойғаныңды айтып отыру да ыңғайсыз нәрсе. Дегенмен қазақ оқырмандары үшін сұрап отырсыз ғой, сондықтан аз ғана айтып кетсем айыбы болмас. Ең алғаш «Бір махаббат тарихы» (1977), «Қоңсы-қобалар» (1981) атты сатиралық әңгімелерім жарық көрген. Одан соң «Өжет» деген комедия өмірге келді, ол 1981 жылдан әлі күнге Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыка театрының сахнасынан түспей келеді, 2017 жылдан бері Ташкент драма театрында қойылып жүр. Ал одан кейінгі дәуірде «Босаға» атты романым басылып шығып, оқырмандардың ықыласына ие болды. Ал тек Қарақалпақстанға ғана емес, өзбек, орыс тілдеріне аударылып өз елімнен тысқары жерлерге танымал болған туындым – «Мырзаның ізі» деген эссем. Мырза – Қарақалпақстанның Беруни ауданында туып-өскен. Сол аудандағы Сұлтан Уәйс бабада зиратында шырақшы болған адам. Бір күні сол тұстағы КСРО Жоғарғы кеңесінің органы «Известия» газетінде «Қарақалпақстан он жетінші ғасырда өмір сүріп жатыр» деген мақала шығыпты. Онда біздің елде діни сектанттардың халықты алдап ақшасын алып жүрген топ туралы жазған екен. Содан «кім қай ғасырда өмір сүріп жатқанын көрсетейін» деп мәселені зерттеуге бел будым. Сөйтіп 1984-1985 жылдары Мырзаның және оның тобының әрекеттерін зерттеп, кейін белгілі қазақ актері Талғат Нигматуллиннің өлтірілуіне байланысты болған сотқа қатысып, сектанттарға қатысты оқиғалармен толық танысып, сол көлемді эссені жазып шықтым. «Аралым – дертім менің» деген Арал экологиясына байланысты жазған кітабым да бірнеше тілге аударылып басылды. Қазір де сирек болса да жазып жүрмін. Жақында «Арал толы, ай жарық» атты фэнтези жанрында жазылған хикаятым қарақалпақ және өзбек тілдерінде жарияланғалы отыр. Жалпы мен көп жазбаған жазушымын. Сол үшін кейде жазғанынан алған атағы көп жазушы деп санаймын өзімді. Әрине, өндіріп жазғанға не жетсін, бірақ әркімнің тағдыры әртүрлі, мен аз жазсам да, сапалы жазуды ойлайтын жазушымын. Сондықтан болар, кітабымның санымен мақтана алмаймын. – Қарақалпақ әдебиетінің қазақ әдебиетімен байланысы туралы не айтар едіңіз? – Әрине, әдебиеттер байланысы туралы көп айтуға болады. Менің өскен жерім Хожелі қаласы – көпұлтты мекен. Менің сыныптастарымның арасында қазақ, өзбек балалары да бар еді. Айтсам, сенбеуіңіз мүмкін, бір-біріміздің ұлтымыздың кім екенін тәуелсіздіктен кейін білдік. Мектебіміздің кітапханашысы ұлты татар Шәміл деген кісі еді. Мен сол кісінің ұсынуымен Н.Гогольдің 6 томдығын, тәжік жазушысы Садриддин Айнидің «Құлдар» кітабын қазақ тілінде оқығанмын. Мені әдебиетке қызықтырған әкем емес, кітапханашы Шәміл ағай мен қарақалпақ тілі және әдебиеті пәнінен оқытқан ұстазым – Жиенбай Ережепов. Классикалық қазақ әдебиетінен Абай, Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырзалиев, Төлеген Айбергенов, Оралхан Бөкеев, Дулат Исабековтердің шығармаларын көп оқыдым. 1979 жылы Қазан қаласында Шерхан Мұртаза, Сәбит Досановтармен дидарласып әңгімелескенім, соң 1988 жылы Душанбе, Қызылорда, Алматы қалаларында қазақтың үлкен ақыны Мұхтар Шаханов ағаммен сұхбаттасқаным әлі есімде. Қарақалпақ елінің солтүстігі мен оңтүстігі – туысқан қазақ пенен өзбек және қырғыз халықтары. Демек, бізді тек тіл мен дін ғана біріктіріп тұрған жоқ. Қарақалпақтың қай халық жырына қарасаңыз да, «Ата жұртым – Түркістан» деп басталады не солай аяқталады. Бұл біздің туыстық тамырымыздың тереңде екенін көрсетсе керек. Өткен жылдың соңында Ташкент қаласынан қазақ тілінде нөкістік ғалымдар Қ.Аралбаев пен Ш.Смамутованың «Қазақ-қарақалпақ әдеби байланыстары» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Онда қазақ-қарақалпақ халықтарының әдеби байланыстары жөнінде кең түрде айтылған. Міне, осындай байланыстар көбейе берсе халықтар арасындағы достық, туысқандық сезімдері күшейе түсетіні анық.Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ