«Алаңда салафиттер мен мастар көп болды» - Бердібек Сапарбаев

«Алаңда салафиттер мен мастар көп болды» - Бердібек Сапарбаев

«Алаңда салафиттер мен мастар көп болды» - Бердібек Сапарбаев
ашық дереккөзі
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында өңірдегі жаппай тәртіпсіздікті белгісіз топ арнайы ұйымдастырғанын, жастардың соларға арандап қалғанын айтты, деп хабарлады turkystan.kz.
«Облыстық құқық қорғау органдары Қырғызстан мен Түрікменстанның азаматтарын қолға түсірді. Бізде бар дерек бойынша, олар – Тараз қаласының студенттері. Ал сырттан келген басқа шет ел азаматтарын қосымша анықтап жатырмыз. Олар кімдер, қайдан келді, мақсаты не, қай елдің азаматы, тәртіпсіздікке неге барды және не пайда тапты деген сұрақтарға жауап табылады. Келесі аптада біз толығымен зерттеуді бітіреміз, сосын тиісті жаза қолданылады. Араларында басқа мемлекеттерден келгендер де болды. Мысалы, Қырғызстанның, Ресейдің нөмірімен жүрген көліктер, сондай-ақ, нөмірсіз жүргендері тағы бар. Ең маңыздысы, бейбіт шеруге шыққандардың қатарында салафиттер мен сақалдылар көп. Олар қаланың шет-шетінен адамдар тартып, сепаратизмге шақырған. Біздің болжам бойынша, 2 мыңдай адам болды. Соның өзінде мен әскерге де, полицияға да тек заңға сәйкес әрекет жасаңыздар дедім. Өз халқымызға зияны тиіп кеткенін қаламадым», - дейді облыс әкімі.
Оның айтуынша, жиналғандар өздеріне не керек екенін де білмейді. Алдарына өзі шыққанда да жұрт әр нәрсені бір айтып, үлкен дау бастағылары келіп тұрған.
«Қанша тырыссақ та құлақ аспады, сөзімізді тыңдағысы да келмеді. Ең өкініштісі, алаңға шыққан адамдардың көбі жастар еді. Обал болды. Тек менің байқауым емес, көпшілік те бірден аңғарған жайт: жиынға шыққандардың басым бөлігі мас болып шықты. Ешқандай тәртіпке бағынбайды. Мұндай бассыздықты олардың өздері ұйымдастырмаған, бөтен адамдардың қолы анық байқалады», - деді Бердібек Сапарбаев.