Елдегі банктер штаттық режимде жұмыс істеп тұр

Елдегі банктер штаттық режимде жұмыс істеп тұр

Елдегі банктер штаттық режимде жұмыс істеп тұр
ашық дереккөзі
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк барлық қаржы ұйымдарының, соның ішінде екінші деңгейлі банктердің штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады, деп жазды turkystan.kz.
«Екінші деңгейлі банктердің барлық банктік қызметтері – жалақы мен зейнетақыны, жәрдемақыларды есептеу және алу, оларды банкоматтар арқылы шешу секілді банк қызметтері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қаржы ұйымдарына тиесілі банкоматтар мен терминалдар қолма-қол ақшамен толық қамтамасыз етілген», - делінген хабарламада.
Қаржы институттарының өкілдері қазіргі уақытта интернет желісіндегі жалпы іркілістерге байланысты банк қосымшалары мен төлем терминалдарының жұмысында уақытша кідіріс бар екенін еске салды. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан несиелерді есептен шығару туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні хабарланды.
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады. Кеңселер мен филиалдардың жұмысына қатысты толығырақ ақпаратты банктердің Call-орталықтарынан білуге болады», - делінген хабарламада.