Балалық шағымыз басқаша болған

Балалық шағымыз басқаша болған

Балалық шағымыз басқаша болған
ашық дереккөзі
1257

Қазірде «тыл ардагерлері» тобына қосылған біздің тұрғыластарымыздың қай-қайсысы да соғыс жылдарындағы өмірді еске алғанда, «біздерде балалық шақ дейтін болған жоқ» деп әңгіме бастайды. Өзім бұл тұжырымға толықтай қосылмаймын. Біріншіден, бұл сөз тура өз мағынасында емес. Жарық дүниеге пенде болып келген жанның бәрінде де «сәби шақ», «балалық шақ», «жастық шақ» дейтін өмірдің өсу кезеңдері болады. Ендеше осы кезге дейін (70-80 жастан асқандарды айтамын) пәни дүниеде баянды тірлік кешіп келе жатқандар әлгінде аталған «шақтардың» барлығын бастарынан кешіп, өмірдің биік сатысы – кәрілік шаққа жетіп оРас, олар «балалық шағымыз болған жоқ» дегенде ертеден кешке дейін шапқылайтын ойын балалары бола алмағандарын, ән салып, би билеп, күнде думан, той көре алмағандарын, аштықта, жоқшылықта, қиыншылықта тірлік кешкендерін айтпақ болғандары ғой. Өміріміздің ондай жалаңаш, жұтаң жағдайлары болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Дұрысы, сол аштық, жалаңаштық бақандай бес жылға созылды деу керек. Бірақ қайсарлар, қуаттылар төзді, өлмеудің қамын жасады. Әйтпесе, «тыл ардагерлерінің» барлығында да балалық шақ болды, бірақ қазіргі «бозөкпелер» көріп жүргендей емес, мүлде басқаша болды. Біздер өмірдің қатал да, қуатты мектебінде шыңдалдық. Қатал тәртіп тәрбиенің тірегіне айналды. Мұның өзі сана-сезім, ой-парасаттың ерте қалыптасуына, жетілуіне жетеледі. Жақсы мен жаманды, пайда мен зиянды бала болсақ та пайымдай алатын болдық. Адамдар өте саналы, байсалды еді, өтірік, ұрлық дейтіндер болмақ түгілі ондай сөздерді естімей-ақ өстік. Темір тәртіп таза тірліктің арнасын ашты. Ержетіп, есейе келе біздер өзімізді бақытты жандармыз деп сезіндік. Өйткені жанымыз да, арымыз да таза еді. Біздің тұрғыластарымыздың арасында ұрылар, сотталғандар, қылмыс жасағандар, басқа да жат қылыққа барғандар болған жоқ. Бәрімізде өмірге деген ерекше бір құштарлық болды. Қолы жеткендер оқудың соңына түсті, оқуға іліге алмағандар білек түріп еңбекке кірісті. Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында өңірлеріне қос-қостап орден таққандар сол соғыс жылдарында «балалық шақтары болмағандар» еді. Кереметтің «көкесін» қыздарымыз көрсетті. Қылымсыған қыздар болып көлбеңдеп, құлпырып өспесе де, олар махаббат мұнарасына көтерілген періште бәйбішелер атанды. Әрқайсысы дерлік өмірге оннан аса перзент әкеліп, «Батыр Ана», «Алтын алқалы Ана» дейтін атауларды сол «балалық шақтары болмаған» қыздар жасады.

1941 жылы соғыс басталғанда мен тоғыз жасқа қадам басқан едім. Құланның құлағында ойнай алатындай сыптығыр қарасирақтың бірімін. Әкем алты жасымда атқа мінгізіп үйретті. Сегіз жасымда ерттеп берген атқа мініп, өрістегі малды айдап келуге жарадым. Тоғыз жасымда өзекке ау құрып, балық аулайтындарға көмекке қосылдым. Осы тұста анығын айтайын – біздің жерімізде адамдарды табиғаттың өзі асырады. Нарынның түстік етегіндегі шағылдарда қияқ пен құмаршық қалың өсетін. Қияқтың дәнді сабақтарын «сұлыбас» деп атайды. Қазіргі егістік алқаптарындағы бидайдың дәнді сабақтары сияқты. Сұлыбас жазда піседі. Сол кезде өткір пышақпен биік қияқтың ұшар басындағы дәнді сабақтарын кесіп алады. Оны әбден кептіріп, ағаш астауға салып, балтаның желкесімен ұрғылайды. Үгітілген қоқымды жел соққан кезде жоғарыдан төмен сыздықтатып төгеді, оны ақтау деп атайды. Қоқым, қауыздар желмен ұшып кетеді де, дәндері жайып қойған ыдысқа үйіле береді. Бейне қырманға жиналған бидай сияқты. Бірақ сұлыбас бидайдан өзгеше, сыртында қатты қабығы бар, оны арнайы жасалған ағаш келіге салып түйеді. Сонда қабығы жыртылып, таза дәндері шығады. Енді оны темір келіге салып, түйіп жармалайды. Осы жармадан, құмаршықтан қайнатып пісірілген көжелерге қаймағы айрылмаған сүтті құйып ішкенде тірі организмге керекті дәрумендердің барлығы адам ағзасына таралатынын қазақ ғалымдары талай мәрте жазды. Сұлыбас кескенде екі-үш бала жүрсең әбден рахат. Қолыңда шелегің мен пышағың. Кім бұрын шелегін сұлыбасқа толтырар екен деп жарысасың. Толған шелекті үйге апарып төгіп тастап, қайтадан қияқ өскен жерге жеткенше шелегің салдырлап, жарысып жүгіресің. Міне, біз балалық шақта осылай ойнайтынбыз. Ең қиын жұмыс – жалғыз отырып диірменге құмаршық тарту еді. Құмаршықты күзде, қазан айында қағады. Бірер айдай мезгіл керек. Екі-үш адам бірігіп, қостанып шығады, жағдайы болғандар жеке отбасымен келеді. Әкеміз, ағамыз соғысқа кетіп қалған, анамыз мені құмаршық қағудан қалдырмайды. Мен мектептің бірінші класына барғанымда өз бетіммен газет оқи алатын дәрежеде едім. Соған қарай ма, әлде анамыз айтып, сұрап ала ма, әйтеуір мұғалімдерім қайдасың, қашан келесің деп жатпайды. Тоқсан сайын сол көрініс – «оқу озаты» тобында тұрамын. Шынында да сабаққа жаман болғаным жоқ, әсіресе, жадыма сақтау қабілетім жоғары еді.

Сонымен үш-төрт әйел бірігіп, құмаршық қағуға шығады. Анам мені де қалдырмайды, маған тірелетін үлкен жұмыс бар. Ертеңгілік ересек адамдар құмаршық қағуға кеткенде, маған бір табақ ақталған, тазаланған құмаршықты диірменде тартып қою міндеттеледі. Олар жұмыстарынан келгенде тартылған құмаршықтан бір-екі таба нан пісіре қояды. От жағылған соң қазанға тағы бір табақ құмаршықты қуырып алады. Мен оны да диірменге тартамын. Әлгіні талқан деп атайды. Егер сұйық қаймаққа былғаса, астың асылы сол дерсіз. Жұмыстан келгендер құмаршық көжелерін ішіп, талқанға тойып алған соң, шеттерінен «бізді асырап отырған осы бала» деп мені мақтап, ішімді кептіріп қояды. Кейде түс мезгілінде шағыл басына серуенге шығып келемін. Өз-өзіңнен жын қаққан адамдай жүгіріп-жүгіріп аласың. Шағылда «шәукім, тоқым» дейтін ойын бар. Екі сирағыңды астыңа басып отырып, екі тізеңді көтермей жорғалап жүруің керек. Белгіленген межеге дейін солай барасың. Балтырдың, сирақтың еті шынығады, құмда жаяу жүруге төзімді боласың дейді үлкендер. Ал ұзақ күнге диірмен тартқан маған қан таратып алуға пайдалы сияқтанатын. Сөйтіп, «шәукім, тоқыммен» біраз жорғалап алғаннан кейін өзімнің дағдылы ойыныма көшемін. Ол – қырдың сары батпаттарын төбелестіру. Шағылда сондай мақұлық болады. Ін қазбайды, бұрқыраған шағылға көміліп жата береді. Жемтігін іздегенде жердің бетімен зырқырап жүгіреді. Жасырыну керек болса, шағылға бауырымен жата қалып, екі жағына ырғалып-ырғалып, өзінен-өзі көміліп қалады. Бірақ жел жоқ кезде шағылдың бетіндегі ізі де, көмілген жері де белгілі. Жатқан жерінен желкесінен қысып құмнан суырып аламын. Шағылдың етегіндегі қатқылда қазып қойған шұңқырым бар. Батпатты тыпырлатып әкеліп шұңқырға тастаймын, жоғары өрмелеп шыға алмайтын терең шұңқыр. Содан шапқылап жүріп екінші батпатты тауып әкеліп, шұңқырға оны да саламын. Әлгі шіркіндер өзара қырқысып, аянбай төбелеседі. Бірін-бірі өлтіріп тастауы да ықтимал. Кәдімгі Спартак заманындағы Римнің ладиаторы дерсіз. Батпаттардың иесіз далада кездесе қалса екеуара төбелеспей ажыраспайтынын үлкендердің айтқандарынан естігем. Соны көзіммен көріп, аздап қызықтаймын, уақыт өткіземін. Содан олар әбден қалжырап шаршаған, әлсіреген кездерінде «мынау байтақ құм басқан далада бір-біріңнен нені қызғанып жүрсіңдер, бар, сол қимастарыңды тауып алыңдар, қорғаңдар» деп шұңқырда қимылсыз қалған батпаттарды жуан жыңғылмен іліп алып, шағылға лақтырамын. Міне, біздің балалық шағымызда осындай да «ойындарымыз» болған.

 ШЫЖЫҒАН ШІЛДЕ, ШИҚЫЛДАҒАН ШЫҒЫР

1943 жылы он жасқа толғанымда колхоздың бір мүшесі сияқты болдым. Жалғыз мен емес, барлық ұл мен қыздың үйде қарап отыратыны болмайды. Сабақ аяқталып, жазғы каникул басталғанда оқу баласының барлығы колхоздың жұмысына қатысады. Сауын фермасында бұзау бағады, пішеншілерге көмектеседі, бірқатары егінде істейді. Мен бұл саладағы жұмысты көктем шыға бастағанмын. Ол кезде біздің «Жаңа талап» колхозы (Дәшін аулындағы) егінді көп салатын. Көбіне тары егеді. Жерін жыртып, тұқымын сеуіп тастағаннан кейін егістікке басқа күтімнің керегі жоқ, егістік суғарылмайды, тарының арасына арам шөп те өспейді. Ол күнде егістікті қоршайтын жағдай жоқ, күні-түні оны малдан қорғайтын қорықшылар көзден таса қылмайды. Есенбай деген арал бар. Тарихшы, шежіре қарт Ауатанов Тайырдың атақонысы еді. Әкесі Ауатан дәулетті адам болған екен. Оның қыстауының қасында «Ауатан көлі» дейтін болды, оны көргендер, білетіндер әлі де бар шығар. Су тартылды, балығы бұлқынып, жағалай қалың іржәнік өсетін көрікті көл енді боз топырағы бұрқылдаған ақсортаңға айналған. Сол 1943 жылы «Ауатан көліне» айнала екі гектар жерге тары егу белгіленді. Жер жыртатын адам жоқ. Егіннің бригадирі Кенжин Смағұл деген қария. Жыртылған жерге тарының тұқымын өзі себеді (оны дұрыс білетін адам істеуі керек), өзі тырмалатады, қорықшыны да өзі табады. Тек қос өгізге жегілген темір түренді шебер ұстап, жерді қалай жырту керектігін жақсы білетін тәжірибесі бар адам керек. Смағұл ата ана Тәжіханға қолқа салды. «Егінде көп істедің, жер жыртудың жайын жақсы білесің. Бар болғаны екі гектар жер ғой, балаң екеуің-ақ жасап тастай аласыңдар», – деді. Келістік. Пұлыққа қос егіз жегіледі (ол кезде өгіздерді де мұрындықтайды, атпен бірдей арбаға да жегеді, тіпті үстіне теңдеп жүк те артады). Өгіздер жуас, туламайды, бірақ жетектеп отырмасаң өздіктерінен жүрмейді. Пұлықтың артына тіркелген темір түрен бар. Оның биік жасалған екі «құлағынан» ұстап жүріп отырмаса, құлап қалады. Сондықтан анамыз түрен ұстайтын болды, ал мен өгіздерді жетектеймін. Оның да тәртібі бар, оң жақтағы өгіз алдында жыртылған атыздың бойымен, екінші өгіз жыртылмаған жермен жүргізіледі. Сонда түрен топырақта ашық жер қалдырмай атызды түзу тіледі. Шаршайсың, аяғың талады. Бірақ ол кезде ешкім де қиындықты елең қылған емес. Айтылды – болды, орындалуы керек. Көңіл соған көндіккен. Сол тәртіп, сол ұйымшылдық қандай да қиындықты жеңуге болатынын көрсетті.

Сонымен «Ауатан көліндегі» белгіленген жер жыртылды, тұқым себілді, егістікті қорықшылар қарайтын болды. Мен мектептегі сабағымды жалғастырдым. «Иманғалиев, сен жоқта өткен тақырыптарды мұқият оқып ал», – дейді мұғалима апай. Менің қайда болғанымды, не істегенімді сұрамайды, сірә, өздері де біліп отырған сияқты.

Әне-міне дегенше жазғы каникул болып қалды. Бір топ бала егінге бөліндік. Мен шығыр айдаймын, қыздар егін суғарады, екі бала егіннен қарға, торғайды үркітетін сақпаншы. Қазіргі Дәшін ауылының ортадағы бөлегінің (Шора, Көкарна өзендерінің ортасындағы) шығыс маңдайын жіңішке өзек жиектеп өтеді. Ол кезде су көп, жазда суы сарқылмайтын. Оны «Тар өзек» деп атайтын. Қазір көктемде Еділ тасығанда аздап су жүгіреді, жылдың басқа мезгілінде құрғап қалды. Сарқылған суымен бірге оның «Тар өзек» деген аты да ұмытылып барады.

Осы жіңішке өзеннің шығыс қапталын «Қара қамыс аралы» деп атады. Өте биік, ну қалың қамысы қыста тұтас бір ауылдың отыны болатын, іргелеп өсетін қалың шабындығы және бар. Көктемгі су тасу кезінде сол көк шалғынның арасынан сазанды қолмен ұстаған баланың бірі едік. Ал қыста сол жерлерден «ботташық» дейтінді қазатынбыз. Домаланған кішкентай картоп сияқты боп- боз нәрселер. Әбден жуып, тұз салып қайнатып пісіреді. Әлгі «әтшоқай» жегеннен көп жақсы, тыңқиып тойып алсаң қарның ашпайды. Соғыс жылдарында аш балалар талайды көрді ғой. Қуырған жүгеріні түйген ағаш келінің ішіндегі ұнтақ-жұғынды пышақпен қырып жеймін деп бір бала ағаш жаңқасына қақалып, өлім аузынан қалғаны бар. Ал жазды күні бір көршіміздің баласы «мама, мен көктоқалды еміп келдім» деп мәз болатын. Бақса, көк тоқал ешкінің бір емшегін лағы емгенде, екінші емшекті әлгі бала жата қалып бірге сорады екен. Сол бала қазір 74 жаста. Біздің тұрғыластардың соғыс жылдарында бастан кешкендері бүгінгілерге ертегілердің оқиғалары сияқтанады ғой. Мейлі, солай- ақ болсын, Құдайым оларға ондай заманды қайталап тап қылмасын. Тәуба дейік!

Енді әлгі шыжыған шілдедегі шиқылдаған шығырды айтайын. «Тар өзектің» орта иінінде, Қарақамыс бетте Дәулеш атаның, оған тұспа- тұс Шораның жағасында Салқан атаның үйлері болды. Екеуі де жастары алпысқа таяп қалған, майданға шақырылмаған жандар-тұғын. Бірақ осы екі кісі «Жаңа талап» колхозының өндірістік базасы сияқты көрінетін. Дәулеш – ағаш шебері, Салқан – ұста, көрігі бар, темір-терсекті терідей илейді. Екі қарт шығыр жасайды. Оның қандай дүние екенін айтып түсіндіру маған қиынға соғатын түрі бар. Алдымен терең, кең шұңқыр қазылады. Әлгі шұңқұр жыра арқылы«Тар өзекпен» жалғастырылады. Қазылған кең шұңқырдағы терең суға шығыр орнатылады. Ол қазірде балалар ойнайтын карусельмен бірдей нәрсе, тек балалар отыратын орындарға тақтайдан жасалған шелектер бекітіледі. Шелектердің бір қабырғасындағы тақтайы артықтау болады, шығыр айналғанда су төмен төгілмей, астауға созылып құйылуы керек. Шығыр шұңқырға тігінен бекітіледі, оның төменгі жағы су ішінде болады. Шығыр айналғанда шелектер суға толып, жоғары көтеріледі де, төменге қарай түсерде су астауға өзінен-өзі құйылады.

Осы шығырдың бір қапталында бөлек қондырылған жуан тұғыр бар. Ол тұтасымен айналмалы қылып жасалған. Орта беліне арбаның қос арысы құсатып ағаштар қағылған. Осыған ат немесе өгіз жегіледі және екі көзі жабылып, ноқтасы ортадағы жуан тұғырға байланады. Сондықтан басқа жаққа басын бұра алмайды. Жетектегенде, болмаса артынан айдағанда байлаған ноқтаның бағытымен жуан тұғырды айнала береді, тұғыр да бірге айналады. Ол айналса, шұңқырдағы шығыр айналады. Моторы іске қосылғанда автокөліктердің тегершіктері айналатыны сияқты мұнда да бір механизмдер жасалған. Ол жуан тұғыр мен шығырды жерасты арқылы жалғастыратын белағаштар арқылы жүзеге асырылады. Ешқандай темір жоқ, барлығын да ағаш «тістер» атқарады. Өгіз жуан тұғырды айналдырғанда, ағаш «тістер» де бірін-бірі қозғап, шығырға бекітілген мықты арқалықты бірге айналдырады. Мен бұл көріністі толық түсінікті түрде жеткізіп жаза алмай отырмын. Жер астында қазылған ор арқылы жуан тұғыр мен шығырды бірге қозғалатындай етіп жасалған ағаш «тістердің» механикалық қызметіне талдау жасай алмаймын. Дәулеш пен Салқан аталардың бір геометриялық есептерге сүйенетіні анық.

Сонымен енді «шығыршы бала» атандым. Салқан ата өгізді әкеліп, айналмалы тұғырға жегіп береді, кейде атты пайдаланамыз. Олардың қай-қайсысы да ондай жұмысқа үйретілген, көндіккен. Туламайды, бір бағыттағы аяңымен тұғырды айналып жүре береді. Арасында «әтшу» деп айқайлап, кейде қолдағы ұзын шыпыртқымен бір қамшылап қоймаса тұрып та қалады. Шығырды айналдыру ауыр жұмыс. «Карусельге» сегіз шелек орнатылған. Олар су құятын ағаш астау ұзын етіп жасалған, оның бір шеті биік бөгеттің ортасындағы атызға жалғасады. Топырақ бөгет ұзын, егістіктің бірқатар тұсын қамтиды. Өйткені су биіктен барып құйылмаса, егін арасындағы «жолбылармен» жеткілікті жүрмей қалады. Ешқандай тақтай, болмаса құбыр жоқ, судың барлығы топырақты тіліп жасаған «жолбылармен» жүреді. Шығырдан сыздықтап жеткен судың жартысы топыраққа сіңіп кетеді. Бірақ оны да пайдаланады, биік бөгеттегі «жолбылардың» бойына жүгері егіледі. Сөйтіп ол дақылдар өз-өзінен суғарылады, адамның білегіндей собықтары да дәнге толып жақсы өседі.

Егістік алқабында «жолбылармен» барған суды дән салынған атыздарға бөліп тұратын көбіне қыздар. Олар да өзіміз қатарлы, тұлым шаштары жалбыраған «шүйкебастар». Шеттерінен пысықша келеді, қолдарынан күрек түспейді. Бір атыз толғанда оның аузын топырақпен бітеп, суды келесі атызға жіберуге маманданып алған. Егінімізде көкөніс түрлерінің барлығы бар. Жұрттың егін өнімдерімен, малдың сүтімен күн көріп отырған кезі, қолы жеткендер ептеп балық аулайды. Адамдардың пейілі кең, бір-біріне қамқорлық жасауға әзір. Біреу екі балық әкелсе де көршісімен бөліп жейді, сауын сиыры барлардың үйіне келген адамға бір тостаған айраны әзір. Ал егіннің өнімі мұқият есепте. Өзіміз ортасында жүргенімізбен қауын-қарбызды жегізбейді. Оны мұқият жинап, Ганюшкиндегі колхоздың дүңгіршегіне қайықпен жөнелтеді. Одан түскен қаражат шаруашылықтың қажетіне жұмсалады. Әйтеуір, тиынға-тиын қосқан мұқият есеп. Егінде жұмыс жасайтын балаларға қияр мен қызанақты тойғанша жеуге рұқсат, бірақ үйге алып кетуге болмайды. Әркім егіннен өз бетімен жұлып алып жей беруге де рұқсат жоқ. Үзіліс кезінде барлық бала жиналып отырып, бір орында тамақтанамыз. «Звеновой» апай берген ескі шелек бар. Соны толтырып қияр мен қызанақ жұлу – норма. Артық ысырап жасалмайды. Белгіленген үзіліс мезгілі жоқ. Салқан атаның маған «шығырға жегілген көлік әбден терлеп, шаршаған тұста аздап демалдырып ал» деген тәртібі бар. Мен соны орындаймын. Бұл түскі үзілістің есебі сияқтанатын. Көлігім сол жегілген қалпында демалады, басы мен көзі байлаулы, қайда барсын. Су тоқтаған соң қыздар да отыра кетеді. Сақпан соғатын қорықшы екі бала да келеді. Қыздар шелекті толтырып көкөніс жұлады. Бәріміз бірге отырып жейміз. Шаршаған, жабырқаған ешкім болмайды. Әңгімеміз жарасады, сақ-сақ күлкі. Көкөністі қаузап алып, арықтың бойында тұрып қалған суға беті-қолымызды жуып жатып, қыздарға алақанмен су шашамыз, қыздар бізге уыстап алып балшық лақтырады. Мәз болып қаламыз. Бірақ осылай ойнауға да уақыт жоқ. «Звеновой» апай келіп қалады. «Бұл неғылған ойын, жұмыстарың қайда», – деп айқайлайды. «Су тоқтап қалды» деп қыздар оңай құтылмақ болады. «Салқан ата көлікті шаршағанда демалдырып ал деген», – деп мен шығыршы шеберді алдыма тосқауылға тосамын. Бірақ мұның барлығы орнымыздан тұрып кеткенше ғана айтылатын сөз. Одан бізге жеңілдік болмайды, жұмысымыз тез қайта басталады.

Міне, біздің балалық шағымыз осылай өтіп еді. Дегенмен осының өзін сағынатын сияқтанасың. Қалай дегенде де балалық шақ – ерекше дәурен ғой, қайта айналып келмейтін қимас тіршілікті бағалау да бір ғанибет.

 ЖАЙДАҚ АТ, ЖАЛАҢАЯҚ БАЛА

1944 жылдың жазы. Советтер Одағының жері басқыншы жаудан тазартылып, соғыс көрші Польша, Венгрия, Румыния, Чехославакия, Австрия сияқты елдердің жеріне ойысқан тұсы. Майданға дамылсыз жөнелтіліп жататын азық- түліктің біразы сол елдерге жөнелтілетін болуы керек, бірақ ауылда да ептеп нан көріне бастады, колхоз бірен-саран мал сойып, егіншілерге, пішеншілерге тарататын болды. Есесіне жұмыстың қарқыны бұрынғыдан да үдей түсті. Кеңселерде істейтіндердің қызмет уақыттары үш мезгілге жалғасады, түнгі 12-ге дейін кешкі жұмыс дейтін белгіленді. 15- 16 жасқа келгендерді ұл, қыз демей ФЗО-ға (фабрика-завод оқуына) жіберуде. Жұмысшы кадрлар керек, соғыста бүлінген халық шаруашылығын шұғыл жолға қоюдың қамы жасалуда екенін үлкендердің әңгімесінен естиміз. Бойында күш-қуаты бар қарттар мен бірқатар қыз-келіншектерді жау қиратып кеткен Сталинград (Волгоград) қаласын қалпына келтіру жұмыстарына жіберді. Сөйтіп ауылда адам әбден азайды. Салмақ балаларға, жасөспірімдерге түсті. 1944-1945 оқу жылының сабағын бір ай кешіктіріп, бірінші қазан айында бастаттырған өкіметтің пәрмені еді. Мені сол жазда колхоздың пішеншілер бригадасына қосқан. Атқа мініп, шөмеле тарту керек. Шабылған шөпті атқа жегілген «грабльмен» құрға салады. Әйелдер ол шөпті айырмен тасып, үлкен шөмеле жасайды. Мойнына қамыт кигізілген аттың артында ортасы тұйықталған ұзын арқаны болады. Сол тұйықталған арқанды шөмелені қаусыра орап байлап бекітеді және шөмелені атпен тартып бір шақырымдай (кейде одан да қашық) жердегі пішен маялаушыларға жеткізу керек. Шөмеле тартатын атқа мініп отырасың ба, әлде жаяу жетектейсің бе, ол өз еркіңде. Бірақ бұл екі жағдайдың да қиыншылығы бастан асады. Атқа салатын ер-тоқым жетпейді. Ескі киізден бүктелген бірдеңелерді аттың беліне салады да, баланы көтеріп мінгізіп қояды, ер болмаған соң аяқ тірейтін үзеңгі жоқ. Кейде аттың жалынан тартып мойынға шығып, өзіміз жылжып мініп аламыз. Күн ұясынан жаңа көрінген кезде атқа осылай отырып алғаннан кейін түскі бір-екі сағаттық үзіліске дейін тоқтау жоқ. Оған жайдақ атқа отырған құйрық шыдамайды, ауырады, ашиды. Жаяу жүріп, атты жетектеуге көшесің. Ол кезде бәріміз де жалаңаяқпыз. Аяқ киім жоқ, бар болса «ертең сабағыңа киетінің болмай қалады» деп анамыз тығып тастайды. Шабылған шөптің орнында жалаңаяқ жүру – әбден азап. Табаныңа түбір кіреді, тікен қадалады. Табанымыз қап- қара көн, жарылып, тілініп кетеді, тілінген жерге шөп кіріп кетсе, көзіңнен жас шыққанын білмей қаласың. Сонда да шөмелені пішен маялаушыларға жеткізіп тоқтайсың. Құйрықты бір сипап алып, қайтадан атқа отырасың.

Пішен маялаушыларда тыныс алар сәт болмайды. Өздері ылғи қарттар. Алақандарына түкіріп жіберіп, ұзын сапты айырмен пішен көтергенде – күштеріне қайран қаласың. Пішен маясын өте биік қылып жасайды. Төмендегі айыршы ортадағы «алаңқайға» жеткізген пішенді сол жердегі адам жоғарыдағы үшінші айыршыға береді. Биіктегі үшінші қарт пішен үюдің хас шебері. Маяның «төбесін» қырлап шығарғанда үйдің шатыры құсап «жылмиып» қалады. Пішенге жаңбыр суы өтпейді, қар тұрмайды. Мұндай әдісті пішенді екі сатылап үю дейді. Осылай жасалған үлкен биік маяларға кейде бір аралдың шөбі жиналады. Техника атымен жоқ, бір аралдың шөбін бір маяға тасып беретін жұмыс – жайдақ атта жалаңаяқ отырып, шөмеле сүйрететін «қара домалақтардың» тындыратын шаруасы.

Сонымен 1944 жылдың қазан (октябрь) айына дейін үш ай бойына колхоздың мал азығын дайындау жұмысына қатыстық. Енді мектептегі сабағымызға әзірленіп, кішкене тазалыққа кіріскендей болып жатыр едік, «колхозға шақырып жатыр» деген хабар алдық. Жазда колхозда ұзақ мезгіл жұмыс жасаған балаларға арнайы алғыстарын айтып, азын-аулақ сыйлықтарын жасады. «Мынау бастықтың баласына, анау басқасының үлесіне» дегендей бөлектеуді байқағанымыз жоқ. Қай бала қанша күн жұмыс жасады, қандай шаруа тындырды, барлығы тайға таңба басқандай нақты көрсетіліп айтылды. Киер киімдері болмай қалған 6-7 ұл мен қызға көйлек-көншек үлестірілді, оқу-жазу құралдары есеппен таратылды. Маған екі оқулық пен 5 дәптер бергенде, қисапсыз байлықтың ортасына кіріп кеткендей сезіндім. Соғыс басталғалы таза дәптерге жазып көрген жоқ едік. Біреулердің жазған ескі қағаздарына, кітапқа, газетке шимайлаған да күндеріміз болған -ды. Жеңіске жетер күн жақындап, ауыр тіршіліктен арқа жеңілдейтін заман келеріне үмітімізді орнықтырғандай алғашқы қуанышты сәтке осылай жеткенбіз.

ТАНЫЛҒАН ТҮЛЕКТЕР

Мен жоғарыда бір ғана «Жаңа талап» колхозында өзім қатысқан және бастан кешкен тыныс- тіршілік төңірегінде есте қалғандарды қозғадым. Дұрысында мұндай қарбалас күндер мен қауырт іс-қимыл бір ғана ауыл емес, тұтастай Қазақстан көлемінде орын алған жағдай еді. Біздің замандастарымыздың соғыс жылдарынан әңгіме қозғалса, барлығы бірауыздан келісіп алған адамдардай құсап «бізде балалық шақ дейтін болған жоқ» деп сөз бастайтындары көрген қиындықтың тұтастай ортақ болғанын айқындаса керек. Балалар мен жасөспірімдердің еңбекке қатыстырылуы белгілі тәртіппен ұйымдастырылды. Сол кездегі біздер сияқты 10-13 жас аралығындағы бозақайлар демалыс күндерінде, каникул кезінде ауылдағы шаруашылық жұмыстарының қажетіне қарай қатыстырылды. Бұлар тұрақты еңбеккерлер есебіне алынған жоқ. Бірақ ешкімді үйде қарап отырғызған жоқ. Тіпті 8-9 жастағы балаларды да бұзау, қозы бағуға шығарды. Ал 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер тұрақты еңбекке қатысушылар есебіне алынды. Олардың бірқатары оқудан қол үзуге мәжбүр болды, себебі жұмыс жасап, тіршілік қылуды өмірдің өзі талап етті. Олар соғыс жылдарында есімдері елге танылған түлектер тобында болды. Өрендердің сол патриоттық бастамаларына Жоғары Бас қолбасшы Иосиф Сталиннің өзі назар аударып, арнайы алғыс хат жолдағаны бар. И. Сталиннің Теңіз ауданы пионерлеріне жолдаған хатын арнайы айтуға тиіспіз.

«Қазақ ССР-ы, Гурьев облысы, Теңіз ауданының пионерлері мен мектеп оқушыларына: атап айтқанда – Формула Досалиев, Есен Бисенов, Ғалым Қуанғалиев, Батима Мәженова, Вера Тарасова, Нина Загребина, Римма Спиридонова, Роза Пак, Асылғали Тайпақов, Болат Ысқақов, Таңатар Досаев, Ораз Жұпқалиев, Зайра Сүлманова, Қамеден Сатқанов, Каким Юсупов, Тома Досжанова, Соня Лұқпанова, Жәрдем Қосбергенов, Еркін Жантеміров, Хазира Бисұлтанова, Мүслима Қожаева, Сергей Потемкин, Ақтығали Әбішев, Бәти Рахметов, Идеят Бекмұрзаев және басқаларына!

Танк колоннасын ұйымдастыруға, сөйтіп Қызыл Армияның қуатын арттыруға көмектескен, 160000 сом қаражат жинап берген Теңіз ауданының пионерлеріне сәлемімді жолдап, оқуда үздік табыстарға ие болуға тілектестігімді білдіремін!»

Жоғары Бас Қолбасшы И. Сталин. 1944 ж., ақпан Москва.

Міне, теңіздік өрендердің өнегелі істері осылай ерекше танылғаны ел тарихында қалды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы үлкен-кіші, кәрі-жастың барлығы да ғажап қайсарлықпен, қажымас төзімділікпен, жасымаған жігер-қайратпен адамның рухани қуаттылығын таныта білген жандар болды. Олар Ұлы Жеңіске жетуде өздерінің лайықты үлестерін қоса білді. 1948 жылы қазіргі Құрманғазы ауданының көлемінде ауыл шаруашылығында жұмыс жасаған 15 озатқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілуі мұның нақты дәлелі. Қазақтың қайталанбас ақыны Мұқағали Мақатаев:

Рас, рас көзімізден жас ақты, Атыздардан тердік талай масақты. Бірақ сол бір отты жылдар, өр жылдар.

Бәрімізді бір – бір батыр жасапты, – деп ақиқат жағдайды жыр шумағымен жеткізген. Бұған талас жоқ. Бәрімізден бір-бір батыр жасаған ерекше кезеңде өткен балалық шағымызды өкінішпен емес, шынайы мақтанышпен, бағаласақ ұтарымыз да, ұғындырарымыз да қомақты болатын сияқтанады. Яғни оларда «балалық шақ» дейтін кезеңнің болмауы мүмкін емес.

Рахмет Иманғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы.

Серіктес жаңалықтары