Қазақстандық трио Франциядағы гастрольдік турын аяқтады

Қазақстандық трио Франциядағы гастрольдік турын аяқтады

Қазақстандық трио Франциядағы гастрольдік турын аяқтады
ашық дереккөзі
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «FORTE-TRIO» мемлекеттік триосының гастрольдік туры аясындағы соңғы концерті Франция елінің 2021 жылғы концерттік маусымын аяқтады. Трио құрамындағы әртістер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев, халықаралық байқаулардың лауреаты Мұрат Нарбеков пен Шолпан Манкеева жоғары дәрежеде өнер көрсетті, деп жазды turkystan.kz. Трионың Франциядағы соңғы концерті ірі мегаполистердің бірі – Лион қаласында өтті. Отандық әртістер шаһар жұртшылығының зор қошеметіне ие болды. Бұл жолы трио әртістері әлемге танымал «Моliere» концерттік залында өнер көрсетті. «FORTE TRIO» бұл тарихи залда өнер көрсеткен алғаш қазақстандық әртістер болып табылады. Музыканттар тыңдармандардың назарына халқымыздың ұлттық құндылықтары көрініс тапқан «Япурай» және «Көроғлы» туындыларын ұсынды. Сондай-ақ С.Рахманинов, К.Дебюсси, И.Брамс сынды әлемдік композиторларының үздік шығармалары орындады. Аншлагпен өткен бұл концерт те талғампаз тыңдармандарды таңғалдырып, жоғары бағасын алды. Әр концерттің соңында отандық әртістер бірнеше рет «биске» шығып, талғамы жоғары көрерменнің зор алғысына ие болды. трио Тур аясында Париж, Мюлуз, Нанси және Лион қалаларында өткен концерттердің француздық өнерсүйер қауымның және елде тұратын отандастарымыздың зор ықыласына бөленгенін атап айтқан жөн. «FORTE-TRIO» жоғары кәсібилігімен қатар еуропалықтарға қазақ музыка мәдениетінің әлемдік рухани өркениетпен ұштасқан ерекше болмысын паш еткен болатын. Бұл жөнінде «FORTE TRIO» тобының көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев өз ойымен бөлісті:
«Франциядағы гастрольдеріміз өз мәресіне жетті. Осы гастрольдер арқылы трио егемен еліміздің мәдениетін халықаралық деңгейде танытуды мақсат тұтты. Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жасалған арнайы тарту. Біздің концерт Францияның концерттік маусымын салтанатты түрде аяқтады. Бұдан кейін Францияда эпидемиологиялық талаптар күшейіп, мереке қарсаңындағы барлық концерттер тоқтатылды. Қазақстандық трионың 4 концерті шетелдік көрерменнің есінде  ұзақ сақталатыны анық».
Еске салсақ, «FORTE-TRIO» әртістері Роза Бағланова атындағы Қазақконцерттің құрамында жұмыс істейді. Трионың халықаралық гастрольдік сапары Францияның 4 қаласын қамтып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жүзеге асты.