Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтып, этносаралық қатынасты үйлесімді дамыту – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұстанған саясаттың басты мақсаты. Бұл ретте әртүрлі этнос арасындағы мемлекеттік саясатты сәтті іске асырудың маңызды құралы әрі еліміздегі барлық этносты біріктіруші пәрменді алаң – Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше мән беріледі. Біздің өңірде бұл міндет Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясына, ҚХАА хатшылығына, «Қоғамдық келісім» КММ-ге жүктелген.
Ақмола облысында 100-ден астам этнос пен этникалық топ өкілі тұрады. Олардың 50,4 пайызы қазақтар, 33,6 пайызы орыстар, 4,5 пайызы украиндар, 3,5 пайызы немістер, 1,8 пайызы татарлар, 1,4 пайызы белорустар, 1,1 пайызы поляктар және тағы басқа этнос өкілі бар. Өңірде барлығы 47 этномәдени бірлестік этнос өкілдерінің тілін, мәдениеті мен дәстүрін сақтап, оны одан әрі дамытуға жұмыс істеп отыр.
Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының активі құрамында этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінен құралған 106 өкілі бар. Олардың арасында «Агрофирма Родина» ЖШС бас директоры И.Сауэр, Чуваш этномәдени орталығының төрағасы Е.Мащинская, «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының төрағасы У.Шоназаров, «Вайнах» Ақмола облыстық шешен-ингуш қоғамының төрағасы Г.Яндиев, «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы» Ақмола филиалының төрағасы Г.Осиненко, Ақмола облысының өзбек мәдени орталығының төрағасы Т.Медетова бастаған өңірге белгілі азаматтар бар.
2014 жылғы 3 қыркүйекте Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Көкшетау қаласында облыстық Достық үйі – «Қоғамдық келісім» КММ-нің ашылуы болды. Ол Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ету, этномәдени бірлестіктерге әдістемелік, ұйымдастырушылық көмек көрсету мақсатында құрылған. Қазір онда заманауи электронды және компьютерлік техникамен, жиһазбен жабдықталған этномәдени бірлестіктердің 16 кабинеті, мемлекеттік тілді және этностардың ана тілдерін үйрену жөніндегі 12 кабинет, конференц-зал, хореографиялық және акт залдары бар. «Қоғамдық келісім» достық үйінің барлық жұмысы этнос өкілдерін өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму процесіне белсенді тартуға бағытталған.
Жыл бойы Достық үйінің базасында қазақстандық бірегейлікті қалыптастырып, этностардың мәдениеті мен дәстүрін сақтауға бағытталған 200-ден астам түрлі форматтағы қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық іс-шара өткізілді.
Биыл қаңтар айында Ақмола Ассамблеясы «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» деп аталатын ұзақмерзімді облыстық жобасын іске қосты. Жобаны іске асыруға Ақмола облысының 17 ауданы мен 2 қаласынан Ассамблеяның өңірдегі қоғамдық құрылымдары қатысты.
Сондай-ақ Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы сәндік-қолданбалы өнер шеберлері одағының бастамасы бойынша «Менің Отаным – Менің Қазақстаным» жобасы іске асырылды. Жобаның мақсаты – ұлттық дәстүрді, мәдени құндылықты дәріптеу, этностардың сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері шеберлерінің шығармашылық әлеуетін қолдау және одан әрі дамыту. Жобаны іске асыру барысында облыстың әр ауданында Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жетістіктерін көрсететін қолданбалы өнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды. Оған халық шығармашылығы өкілдерінен 247 шебер қатысты.
1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Көкшетау – достық мекені» облыстық халық шығармашылығы фестивалі өткізілді, оған этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары, аудандар мен қалалардың көркемдік ұжымдары қатысты. Осы іс-шара аясында Достық үйінің жанында 12 жартылай киіз үймен және сахналық алаңмен жабдықталған Достық арбатының салтанатты ашылуы болды. Жазда демалыс және мереке күндері мұнда этномәдени бірлестіктердің өнер ұжымдары өнер көрсетеді, ал халықтық қолданбалы өнер шеберлері көрермендерге өз бұйымдарын ұсынады.
ҚХА-ның «30 игі іс» жобасын іске асыру шеңберінде облыстың этномәдени бірлестіктері, ҚХАА мүшелері 300-ден астам іс-шара мен сенбіліктер, экологиялық және қайырымдылық акциясын өт-
кізді. Нәтижесінде, 8 900 адамға
197 948,617 мың теңге сомада материалдық көмек көрсетілді.
ҚХА институтын нығайтып, оның мемлекеттік этносаясаттың үйлестірушісі ретіндегі рөлін арттыруда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдары үлкен рөл атқарады. Облыстық Ассамблея бөлімшесі жанында 7 қоғамдық құрылым жұмыс істейді, олар «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңында, ҚХА-ның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында айқындалған негізгі міндеттерді іске асырумен айналысады.
Олардың арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының, азаматтық қоғам мен биліктің өзара іс-қимылының заманауи құралдарының бірі Қоғамдық келісім кеңестерін атап өтуге болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметі – ұлттық бірлікті нығайтып, әртүрлі әлеуметтік топтар мен үкіметтік емес ұйымдардың қоғам дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Облыста жалпы саны 248 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Олардың қызмет спектріне көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сатып алу, ауызсумен қамтамасыз ету, елді мекендерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, абаттандыру және басқа да мәселелер кіреді.
Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының жанында аналар кеңесі жұмыс істейді. Аналар кеңесі өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесімен, халық дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын дәріптеумен айналысады. Мұқтаж отбасыларға көмектесу үшін қайырымдылық акцияларын өткізеді.
Аналар кеңесі қызметінде «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» жобасы ерекше танымал. Осы жоба аясында Көкшетау қаласының оқу орындарында «Мәншүк», «Айғаным», «Сырғалым», «Шаңырақ», «Абай», «Еркеназ», «Үкілімай», «Балқадиша» және тағы басқа қыздар клубтары ашылды. ҚХАА жанындағы Аналар кеңесі медиаторлармен тығыз қарым-қатынас жасайды, осылайша тұрақты негізде «Ашық әнгіме» айдары шеңберінде тікелей эфирлер өткізеді.
Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының қызметіндегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті бағыттары бойынша сараптамалық сүйемелдеу жүргізу мақсатында ғылыми-сарапшылық топ жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топ қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті бағыттары, қазақстандық патриотизмді, мәдениет пен дінді құрметтеуді қалыптастыруға бағытталған жастармен тәрбие және алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысады.
Ақмола облысында Достық үйі жанындағы қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде медиация кабинеті жұмыс істейді. Жыл басынан бері медиация кабинетіне 25 өтініш келіп түсті, оның ішінде 3 медиативтік келісім жасалды. Облыста 38 медиация алаңы бар, онда 25 кәсіби медиатор қызмет атқарады.
ҚХАА қызметін кеңінен жариялау мақсатында облыстық Ассамблея жанынан журналистер клубы жұмыс істейді. Журналистер клубының құрамына облыстық, қалалық газеттер мен облыстық теледидар өкілдерінен тұратын 14 адам кіреді. Клуб мүшелері ҚХАА қызметін көрсетуге белсенді қатысады. Жалпы, журналистер клубы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған этносаясат мәселелерін БАҚ-та жиі жариялап келеді.
Этнос жастарын қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі төңірегінде топтастыру бойынша үлкен жұмысты ақмолалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен еріктілер орталығы жүргізуде. Олардың құрамында этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттарының өкілдері, Көкшетау қаласының жоғары оқу орындарының белсенді жастары бар. Биыл «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы Ассамблеяның еріктілер қозғалысы орталығымен бірлесіп 5 500 адамды қамти отырып, 180 іс-шара өткізді. Құрбан айт мерекесінің алғашқы күнінде Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының еріктілері «Мың алғыс!» республикалық акциясына қатысты. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері «Ағаштарға қамқор бол» акциясын өткізді. Оның аясында жастар теннис корты мен облыстық Достық үйінің жанындағы саябақ аймағын қоқыстан, қураған бұтақтардан тазартып, ағаштарды суарды. Жасыл акция жаз бойы жалғасты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған міндеттерді орындау аясында біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оның ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайту мәселесіне үлкен көңіл бөлеміз. 2019 жылдан бастап Достық үйінде мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығы өз қызметін бастады. Оның құрамында мемлекеттік тілді жетік меңгерген түрлі этнос жастарының 22 өкілі бар. Орталықтың бастамасы бойынша 30 сәуірде Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу аясында тәуелсіздіктің құрдастарымен және мемлекеттік тілді меңгерген түрлі этностардың жастар өкілдерімен кездесу өтті.
Қазір Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының қызметі Мемлекет басшысы, ҚХА төрағасы Қ.Тоқаевтың ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде айтқан этносаралық қатынастар саласындағы жаңа міндеттерді басшылыққа алып, өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған.