Қасиетті Түркістан төрінде 400 жылдық музыкалық аспап ойналды

Қасиетті Түркістан төрінде 400 жылдық музыкалық аспап ойналды

Қасиетті Түркістан төрінде 400 жылдық музыкалық аспап ойналды
ашық дереккөзі
Түркістан музыкалық драма театры жаңа премьераны көпшілік назарына ұсынды. Өнер ұжымының «Махаббат мұнарасы» атты жаңа қойылымына келушілер де көп болды, деп жазды turkystan.kz. Жаңа премьера қысқа өмірінде артына мол мұра қалдырған Талаптан Ахметжановтың «Сұлу мен суретші» шығармасының желісімен сахналанды. Осыған дейін бірнеше сахнада қойылған спектакль Түркістан топырағында заманауи келбетке ие болды. Бұл спектакльдің басты жаңалығы – әлем музыканттарының үздік бестігіне енетін виолончелист, Швейцарияның Цюрих қаласында тұратын талантты музыкант Эльдар Сапараевтың өнер көрсетуі болды. Ол 1628 жылы жасалған 400 жылдық тарихы бар Амати («Antonius Hieronymus Amati») виолончель аспабымен қойылымға музыкалық сүйемелдеу жасады.
«Сахнада 300 жыл Еуропаның корольдік отбасыларының жеке коллекциясында сақталған «Amati» аспабы қазір мұражайға қойылған. Әлемде мұндай аспаптың үшеуі ғана сақталған. Түркістанның төрінде ойналатын «Амати» тарихи виолончелі – әлемнің мәдени мұрасы. Біз бұл аспапты киелі Түркістанға арнайы алып келіп отырмыз. Бұл Орталық Азия елдеріндегі үлкен жаңалық деп білемін. Яғни, түркістандықтар қазір тарихи сәттің куәсі болып отыр», - деді қойылымның көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.
Басты рөлдерді Ақбота Рахат пен Жұлдыз Әбдікәрімова, Әділ Ахметов, Нұрқанат Жақыпбаев және Түркістан театрының актерлері ойнады. Қойылымның режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова. Қоюшы суретшісі – Қабыл Халықов. Спектакльге арнайы музыка жазған Түркістан музыкалық драма театры музыкалық бөлімінің меңгерушісі, бас композиторы Хамит Шанғалиев. Балетмейстер – Мадина Мұратпекова. Қойылым аяқталған соң Талаптан Ахметжановтың қызы Айгерім әкесінің қолтаңбасын жоғары деңгейде көпшілікке ұсынған өнер ұжымына алғысын білдірді.
«Өнер мәңгілік дегені рас екен. Әкем жастай өмірден өтсе де, көптеген шығармалары сахнадан орын алып жатыр. Бұл қойылымды 2014 жылдан бері көріп келемін. Бүгінде ерекше әсер алдым. Әкемнің де рухы бір аунап түскен болар», – деді ол.
Ал ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов Түркістанда бой көтерген музыкалық театрдың «аяқ алысы» таңғалдырып келе жатқанын айтты.
«Мен театрдың екінші спектаклін көріп отырмын. Өнер ұжымы үлкен құбылыс жасап жатыр. Оны мойындауымыз, бағалауымыз керек. Бүгінгі қойылымның да ерекшелігі сонда, әртістер аса жоғары талғаммен ойнады. Өнерпаздардың барлығы тазалық әлемінен сыр шертті. Бұл театрдың болашағы зор. Талғамы, эстетикасы бөлек», – деді Т.Жаманқұлов.
Айта кетейік, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Түркістан музыкалық драма театры «Махаббат мұнарасынан» бөлек, Дулат Исабековтың «Бөртесі» мен Роза Мұқанова жазған «Фаризаны» көрермен назарына ұсынады.