Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлаған кітаптарды киізге орап сақтаған қазақ

Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлаған кітаптарды киізге орап сақтаған қазақ

Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлаған кітаптарды киізге орап сақтаған қазақ
ашық дереккөзі
1094

Шетелдегі қазақ диаспорасы, ондағы қан­дастар дегенде ең алдымен сол жердегі қазақ ин­теллигенциясы, ғылым мен мәдениеттің өкіл­дері бірден көз алдыңа келеді. Қытайдағы қазақ­тар арасында Шыңжаң өлкесінде аты аңызға айналған, даңқы мен дақпырты қазақ еліне таныс тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Тұрапбай Жардамбекұлы.

Тұрапбай Жардамбекұлы өткен ХХ ғасырдың 50-жылдарының ортасында Қытайдағы қазақ­тар­дың ішінен ең алғашқылардың бірі болып, сол кездегі Кеңестік Қазақстанда мал дәрігерлігі ма­ман­дығын оқыған. Қадірменді ақсақалымыз Қа­зақстан тәуелсіздігін алған соң, 2000 жыл­дары ата­жұртқа оралып, Алматы маңын­да зей­неткерлік өмірін жалғастыруда. – Атыңызды біраз бұрын білсек те, өзіңізбен дидарласып, танысудың сәті, мі­не Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қар­саңын­да түсті. Қазақтың атақты қалам­гері Рахымжан Отарбаевтың «Адамның жастық шағы өткен жерде жарты жүре­гі қалады» деген сөзі бар. Әңгімеңізді бі­раз арыдан, ататегіңізден, қайда туып, қайда өскеніңізден бастасақ, қар­­­сы болмассыз. – Менің аталарымның, әкелерімнің жері – Алматы облысы Жаркент ауданының арғы жағындағы Сүйдіңкүре деген жер. Қа­зіргі ол жер Қытайдың Іле облысына қарас­ты Қорғас ауданы. Мен сол Қорғас ауданы­ның Сарбұлақ деген ауылында 1938 жылы дүниеге келдім. Қарапайым шаруаның ба­ласымын. 11-12 ағайындымын. Топты жан­ды асырау оңай емес, әкем байдың малын бақ­ты. Отбасымыздың қиыншылығы өте ауыр болды. Ал анам – үй жұмысындағы әйел. 1947 жылдың күзінде әкем мені Сүйдің­күре­де ашылған жаңаша бастауыш мектеп­ке әкелді де, сондағы бір жақын жамағайын­ның үйіне орналастырды. Бір жағынан оқимын, бір жағынан ертелі-кеш сол үйдің отын-суын тасимын. Жаңа айттым ғой, шаруа­ның баласымын деп, шаруасы шай­қал­ған шағын үйдің шаңырағына уық бо­лып шаншылуға тырыстық. Отбасымызда ме­нен өзге оқыған адам жоқ. Бастауыш мек­тепті бітірген жылы Құлжадағы ерлер ор­та мектебіне таңдалып алындым. Кейін ол мектеп «Ахметжан Қасыми атындағы гим­назия» деп аталды. – «Ахметжан Қасыми атындағы гим­на­зия» жайлы айтып өтсеңіз... – Иә, Құлжаға келдік. Ол кездегі Құлжа бас­қаша еді, қалың орманмен көмкерілген ша­ғын ғана қала болатын. «Ахметжан Қа­сыми атындағы гимназияға» Іленің әр ауда­ны­нан ғана емес, Шыңжаңның басқа да ай­мақтарынан жақсы оқыған талантты ба­лаларды таңдап алған екен. Ол сол тұста­ғы Шыңжаңдағы орта білім беретін маң­дайал­ды оқу орны болды. Сабақты арнайы пе­дагогикалық білім алған кәсіби, тәжіри­белі оқытушылар берді. Осы орайда екі ұстазым туралы айта ке­­­тейін. Оның біреуі – Әсейін Жақсылықұлы, екін­шісі – Сәкен Орынбайұлы. Таңжарық ақынның атақты «Қасқыр мен бөрібасар» атты дастанындағы «Бұл ит­тің басқа иттен түрі басқа, Тарғыл жүн, тік­ше құлақ, бурыл қасқа. Қар басса, осы жы­лы мүшелі еді, Бір шықпақ Әсейінмен он үш жасқа...» дегеніндегі Әсейін – осы кісі. Әсейін ағай Ташкенттегі атақты Орта Азия университетінде оқып келген екен. Ақ иық ақын Таңжарық Жолдыұлының құр­дасы әрі досы болған. Әсекең бізге географиядан сабақ берді. Кітап бетіне қарау деген жоқ, бес құрлықты, ондағы мемлекеттердің астанасы мен жан санын, қандай ұлттар жасайтынын түгел жатқа айтатын. Тіпті, қабырғаға ілінген дүние картасының алдында бері қарап тұрып, шыбықтың ұшын иығынан асырып, мынау бәлен құрлық, мынау түген мемлекет деп дәл көрсетіп беретін жарықтық. Шыңжаң көлемінде мұндай ұстаз саусақпен санарлық ғана деп айтсам, артық етпес. Аңызға айналған адам ұстаз еді. Ал Сәкен Орынбайұлы Үрімжіден оқып кел­ген болуы мүмкін, ол да сол кездің ең үздік ұстаздарының бірі. Сәкен ағай бізге кура­­тор болумен бірге, физика-математика пә­нінен дәріс оқыды. Қысқасы, екеуі де аймаңдай тұлғалар еді. Біз осындай білікті, білімді, өз ортасынан озып туған зиялы ұстаздардан, үлкен тұлғалардан тәлім алдық. Сол кісілерге қарап, оң-солымызды таныдық. Олар біздің тұлға болып қалыптасуымызға, өзінің білімімен де, мінезімен де, кісілігімен де, былайша айтқанда жүріс-тұрысымен де үлгі бола білді. – Гимназияны бітіргеннен кейін Қы­тайдағы қазақтардың алғаш­қы­лары­ның бірі болып Қазақстанға оқу­ға келіпсіз, ендігі әңгімені осыдан ары қарай сабақтасаңыз? – Біз гимназияны бітіретін жылы Қытай мен Кеңес Одағы арасында білім саласы бойын­ша келісім болған екен. Сол келісімге байланысты Шыңжаңнан кеңестік Қазақ­стан­ның жоғары оқу орындарынан оқуға өл­кедегі қазақ, ұйғыр, өзбек, татар орыс се­кілді 13 ұлттан 50 студент баратын бол­ды. Соның ішінде мен де бар едім. Ол кездегі Шың­жаңның мәдениет саласы мен білім саласы бір министрлікке қарайтын. Ол министрлікті Бұқара Тышқанбаев деген кісі басқарды. Бұқара Тышқанбаев саяси қай­раткер ғана емес, жазушы, киносценарист болды. Шыңжаң қазақтарының тұңғыш ки­носы «Қасен-Жәмиләнің» сценарийін жаз­ған адам. 50-жылдары ел көшкенде, Қ­а­зақстанға өтіп кетті. Сөйтіп, 50 студент 1956 жылы Кеңестік Қа­зақстанның астанасы Алматыға келдік. Мен қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­си­тетінің Мал шаруашылығы институты­ның Малдәрігерлік факультетіне оқуға түстім. Әрине, бұл менің өміріме үлкен бет­бұрыс әкелді. Институттағы барлық оқу процесі орыс ті­лінде жүретін болғандықтан, алдымен орыс тілін мықтап үйренуге кірістік. Боз­ба­ла­мыз ғой. Алматы секілді ғажайып шаһарға бірте-бірте бауыр баса бастадық. Тіл үйрену жағында бізге мұғалімдер мен жергілікті сту­денттер көп көмек көрсетті. Не керек, жат­пай-тұрмай, күн демей, түн демей үйре­нудің арқасында бір жылда орыс тілін еркін меңгеріп алдым. Мұғалімдердің оқыған лек­циясын еркін тыңдап, жаза алатын, ер­кін сөйлеп, пікір алмасатын деңгейге жет­тік. Орыс тілі бізге кәсіптік білімді терең­деп үйренуге даңғыл жол ашты. Әлі есім­де, Нығмет Сауранбаев деген кісінің орыс­ша-қазақша үлкен сөздігі болды. Орыс тілін негізінен сол сөздіктің арқасында үй­рендім. Сол сөздік кітапханамда әлі сақ­таулы тұр. Сосын Фазыл Мұхаметқалиев де­ген кісі болды. Өзі Ұлы Отан соғысына қа­тысыпты. Үлкен ғалым, терапияның, яғни мал дәрігерлігі ғылымының үлкен білгірі. Жұ­байының аты Найла еді. Осы Найла База­нова деген профессор бізге физиологиядан дәріс берді. Бүкіл Кеңес Одағына белгілі фи­зиолог ғалым екен. Сол кездің өзінде Бірік­кен Ұлттар Ұйымының шақыруымен шет­елдерге барып, жиі-жиі ғылыми лек­циялар оқиды деп еститінбіз. Ерлі-зайыпты екеуі де инабатты кісілер еді. Кураторымыз бір орыс келіншек болды. Орта бойдан сәл биік, әйел ретінде де, адам ретінде де өте сүй­кімді адам. Бізбен жиі-жиі сөйлесіп, жағдайымызды біліп, көмегін де аямай жүрді. Бірақ ол кісі бізге дәріс берген жоқ. Қонақбаев деген кісі де менің есімнен кет­пейді. Институттың ректоры-тұғын. Ол кісі бізге терапиядан сабақ берді. Маған «Мал­дәрігерлік ғылымымен айналыс, ол қа­заққа өте керек ғылым» деп ақыл айтып, ба­ғыт сілтеген осы – Қонақбаев. Мен ұста­зымның бұл өсиетін орындадым. Қонақбаев кейін институтты бітірген ке­­зімде өзім сұраған оқулықтар мен кітап­тар­ды институт кітапханасынан алып беріп, сыйға тартты. Бұл кітаптар мен оқулықтар маған өл­шеусіз байлық болды. Сол кітаптарды өмір бойы пайдаландым. Айтпақшы, осы кітап дегенде есіме түсіп отыр, менде қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыйлаған кітаптары болды. Үйдегі апаларың орыс қызы. Қызыл­дар келгенде Қырғызстаннан қашып, біздің Ілеге барған орыстар екен. Кейін бәрі қазақ болып кетті. Қайынағам Владимир Зиминко де­ген кісі 1982-1992 жылдары Бүкілқы­тай­лық саяси мәслихаттың депутаты болды. 1987 жылы Бейжіңге пленумға барғанда, Шыңжаңнан барған аз ұлт өкілдерінің ішінен жаңағы кісіні – В.Зиминконы Кеңес Одағының Қытай Халық Республика­сын­дағы елшілігінде қызмет атқаратын Қасым-Жомарт Кемелұлы қабылдайды. Владимир Николаевич өзі орыс ұлтының өкілі бол­ған­дықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлы­мен орыс тілінде еркін әңгімелеседі. Шын көңі­лі­мен риза болған жас дипломат оған кете­рін­де бір топ құнды кітап сыйлайды. Ол кі­таптарды қайнағам маған әкеліп берді. Қара­сам, бәрі орыс тіліндегі малдәрігерлікке қатысты кітаптар. Ол кезде Іленің шалғай ауданында жүрген біздің қолымызға ондай құн­ды кітаптар түсе бермейтін. Қатты қуан­дым. Менің Іледегі мал нәсілін жоғары­ла­туыма көп пайдасын тигізді. «Мәдениет төң­керісі» кезінде киізге орап тығып тас­тадым. Менің есімнен кетпейтін тағы бір ар­дақ­ты есім бар. Ол – екі рет Социалистік Ең­бек Ері Нұрмолда Алдабергенов. Алматы­да оқып жүріп, асқазанымды ауыртып алдым. Институт Кавказға емделуге жіберді. Барсам, Нұрмолда аға сол жерде санаторий­да тынығып жатыр екен. Танысып, аз күн­нің ішінде баласындай болып, бауыр басып кеттім. Ем біткен соң, машинасына мінгізіп алып, барған жерінің бәріне ертіп барады. Қа­зақтың кең даласындай кеңпейілді, аң­қылдаған кісі екен. Сондай кішіпейіл. Ауыл­ды сағынып жүргенде, әкемді көргендей болдым. «Қазақ – қайда жүрсе де қазақ екен ғой» деген ой сол бала кезде келген менің ойыма... Әуелгі сөзімізге оралайық, алды 60 жыл, соңы 30 жылдан артық сарымайдай сақ­таған сол кітаптарым ұрпақтарымның кі­тап сөресінде тұрсын деп, Қазақстанға көш­кенде бәрін алып келдім. Жалпы, мен ұстаздан жолы болған адам­мын. Бүкіл өмірімде соларды үлгі, өнеге етіп келемін. Қазір олардың бәрі өмірде жоқ. Жарықтықтардың пейіште нұры шал­қы­сын! Ал екінші ұстазым – кітап. Ол жағы­нан да асығым алшысынан түсіп отырды... – 50-жылдардың соңында бүкіл Қы­тай бойынша «Стиль дұрыстау» деген сая­си науқан болғанын білеміз, сол кез­де Қытай үкіметі Кеңес Одағында оқып жатқан Қабдеш Жұмаділов бас­та­ған студенттерді кері шақырып алды ғой? – Иә, сондай жағдай болды. Бәрімізді қайта шақыртып алып, Үрімжіде «Саяси үй­рену» дейтін желеумен үш ай социалистік тәр­биеге қатыстырды. Біз «идеямызды азат етіп», үлкен саяси сүзгіден өттік. Өзіңіз ай­тып отырған Қабдеш Жұмаділов, Мырзахан Құр­манбайұлы бастаған бірнеше жігітке «ұлтшыл» деген қалпақ кидіріп, алып қалды. Қал­ғанымызды бір-бір сілкіп алды да, оқуы­мызды жалғастыруға Алматыға қайтарды. Біз оқуымызды қайта жалғастырдық. – Шыңжаңға қайтып барғаннан кейін не болды? Неге Қазақстанда қал­ма­дыңыз? – 1961 жылы осындағы оқуымды тәмам­дап, келісім бойынша Шыңжаңға қайттық. Өйткені әу баста, Қытай үкіметі оқуға жі­бер­­генде үйленуге, Кеңес Одағында қалуға бол­майды деген талаптар қойды және сон­дай келісім болды. Ол кезде біздің Қа­зақ­стан­да қалуымызға, қай жағынан қарасаң да еш мүмкіндігіміз жоқ еді. Шыңжаңға қай­тып барғаннан кейін үкіметтің кадрлар на­зараты (министрлігі) мені Үрімжідегі Шың­жаң мал шаруашылығы назаратына (бұл министрлік дәрежелі мекеме) қызметке бөлді. Онда бір жылға жуық қызмет істедім. 1962 жылы Іле Қазақ автономиялы облы­сы­на қарасты Моңғолкүре ауданындағы Іле Нәсілді жылқы фермасына жіберді. – Алматыдан, былайша айтқанда шетелден білім алып келген маман үлкен жерде – Үрімжіде қызмет істеуі тиіс қой, сізді неге бірден шалғайдағы шекаралық аймаққа жіберді? – Оның себебі – сол шетелден оқып кел­ген, саяси жақтан күмәнді деген күдік. Қазір ойлап отырсам, сол Моңғолкүре ау­данына барғанымнан ұтпасам, ұтылмаған сияқ­тымын. Неге десеңіз, өзім ауыл бала­сымын. «Ел іші – алтын бесік» қой, ауыл тұр­ғындары мені жылы қабылдап, өз ба­ла­сындай бауырына басты. Зоя апаларыңды – Зоя Зиминаны осы жерден кездестірдім. Мі­не, 60 жыл қол ұстасып, бірге өмір сүріп ке­леміз. Ал мамандығыма келсем, Іле нәсіл­ді жылқы фермасы 1938 жылы құрылыпты. Кеңес Одағынан алдырған 22 айғыр бар екен. Жоғары оқу орнында оқыған тео­рия­лық білімдерімді практикада қолданып, мол тә­жірибе жинадым. Менің ғылыми ла­бора­ториям нәсілді жылқы фермасының жылқы алаң­дары болды. Моңғолкүредегі жылқыда жұқ­палы аурулар өте көп екен. Әсіресе, ме­нингит пен іш тастау өршіп тұрыпты. Оның себеп-салдарын, емдеудің жолдарын қарас­тырдым. Бұл індеттердің жылқы басының азаюы мен генетикасының бұзылуына апарып соғатын күрделі ауру екенін байқап, оны зерттей бастадым. Міне, сол індетті зерт­теу 40 жылға жалғасты. 40-қа таяу ма­қа­ла, 2-3 монография жаздым. Бір сөзбен айт­қанда, қазақ жылқысы жаңа тұқымының да­муына бүкіл өмірімді арнадым. Біз бап­таған сол жылқы тұқымы Іленің брендіне ай­налды. Қазір сол Моңғолкүре жылқысы даң­қы «Іле тұлпары» деген атпен бүкіл Қы­тайға әйгілі болды. Іле жылқысының даң­қының артқаны сондай, Іле десе «Тұлпарлар мекені» деген тіркес ойға оралады. Қазақтың көр­некті композиторы Әліпбек Мәлікұлы «Іле тұлпары» деген күй шығарып, оны тарих­қа өнер тілімен жазып кетті. Ал «Іле тұл­пары» туралы әндер мен өлеңдер өз ал­дына бір төбе. Ол барлық салада кәсіби мамандардың өте тапшы кезі ғой. Моңғолкүре ауданы ше­карадағы үстіртті өңір. Онда мал дәрі­ге­рін қойып, адам дәрігері жоқтың қасы екен. Ауыл адамдары ауырып-сырқаса, «дәрігер» деген атың бар ғой деп, маған келетінді шы­ғарды. Жаны қысылып тұрған адамды көріп, ем-дом жасамау мүмкін емес. Енді не істеу керек? Қолға түскен медициналық әде­биеттерді оқи жүріп, өз бетіммен үйрене жүріп, халық арасындағы жиі кездесетін ауруларды емдей бастадым. Жарты ғасырға созылған практикалық тәжірибе негізінде халық емшілігінің мойын, көкірек, бел омырт­қалары мен асқазан, он екі бармақ ішек жарасын емдеудің де жаңа әдістерін аштым... Үкімет осы еңбегімді көріп, 1982 жылы Іле облыстық зоотехникалық малдәрігерлік институтына профессорлыққа шақырды. Ары қарай институттың ректоры, облыстық мал шаруашылығы ғылымын зерттеу инс­титутының директоры болып қызмет атқардым. Сондай-ақ 1988 жылы Шыңжаң өлкелік мәслихатқа сайланып, 1998 жылға дейін депутат және тұрақты өкіл болдым. Еңбегім бағаланбай қалған жоқ, ҚХР-на еңбегі сіңген ғылым-техника қызметкер­лері­не берілетін мемлекеттік кеңестің және ШҰАР-ға еңбегі сіңген мамандарға берілетін стипендияны алдым. Мемлекет жағынан берілген «Аға мал дәрігері» деген кәсіптік-тех­никалық атақтың иегерімін. Гонконгтан шық­қан «Әлемдегі әйгілі адамдар» деген кітап­қа есімім кірді. – Атажұрттағы зейнеткерлік өмір қалай өтіп жатыр, аға? – Алматының дәмін ерте татқан адам­мын. «Қазақстаннан оқыған» деген атағым мен үшін бәрінен қымбат. Бірақ оның ра­қа­тымен бірге, азабы да аз болған жоқ. Бір сая­си самал үп ете түссе болды, ол менің ба­­­сыма қарлы дауыл болып соққан жыл­дарды бастан өткіздік қой. Алла сақтап, бәрі­нен аман өттім. Екі қыз, бір ұлым бар. Үшеуі де жоғары білімді. Бәрі осында жеке кәсіп­пен айналысады. Ұлым Асқар ішкі Қы­тайдан жоғары оқу орнын бітірген соң, бір­ден Алматыға жібердім. Ол тәуелсіздікті осын­да қарсы алды. Алматыдан мен оқыған инс­титутта мен оқыған мамандықты оқы­ды. Сосын бізді көшіріп алды. Ұрпақ­тарым­ның Қазақстан азаматы болғанына қатты қуандым. Құдайға тәубе, тәуелсіз ел болудан асқан қым­бат нәрсе жоқ. Елбасымыз Қазақ­стан­ның іргетасын берік қалап, бүкіл әлемге та­нытты. Тарыдай шашырап кеткен қазақ­тың басын қосты. Бұдан артық қандай ба­қыт бар?! Міне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны жалғастырып жатыр. Өз басым екеуіне де дән ризамын. Мемлекет құру да, оның тәуелсіздігін ұстап тұру да оңай шаруа емес. Халық бірауызды болса екен деп оты­рамын. Биыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Ұлы көш­тің де басталғанына 30 жыл толыпты. Екеуі де – Ұлы той. Мен ақыл айтудан аулақ­пын. Қазіргі жастар бізден әлдеқайда ақыл­ды әрі білімді. Бүгінгі қиыншылық­тың бәрі – уақытша нәрсе, өтеді, кетеді. Қазақ­станы­мыздың жұлдызы жарқырайтын шақ әлі алда. Мен соған сенемін. Жасы 80-нен ас­қан қария­ның айтатыны – жақсы тілек, беретіні – ақ бата. Қос мереке құтты бол­сын! Ұлы еліме ты­ныштық, береке тілей­мін! – Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Бейбіт ТОҚТАРБАЙ

Серіктес жаңалықтары