Шенеуніктер асарлатып тұрғызған үйлерді өзге адамдарға беріп жатыр

Шенеуніктер асарлатып тұрғызған үйлерді өзге адамдарға беріп жатыр

Шенеуніктер асарлатып тұрғызған үйлерді өзге адамдарға беріп жатыр
ашық дереккөзі
Жамбыл облысында әкімдік пен имамдар арасында дау туды. Жергілікті имамдар жамағат боп жұмылып тұрғызған үйлерді шенеуніктер өз қалауларынша үйлестіріп беріп жатыр деп дабыл қақты, деп жазды turkystan.kz. Белгілі болғандай, көктемде қала әкімі Ержан Жылқыбаев мешіт ұжымы ұсынған мұқтаж жандарға жер бөліп, баспана салуға рұқсат берген. Әкімнің уәдесіне сенген дін өкілдері бірден құрылыс жұмыстарын бастапты. Бірақ қаржы жетпей жұмыс жарты жолда тоқтаған. Сол кезде өздерінің жаңа жылға дейін баспаналы болатынын естіген отбасылар да қарызданып, туыстарына несие алғызып, көпшілікке көмектеседі. Жеме-жемге келгенде үйлі болуы тиіс тұрғындар әкімдік бекіткен тізімде жоқ боп шыққан. Игі істің басы-қасында жүріп, қала әкімінің уәдесін алдым деген Елдос Қырықбаев жеме-жемге келгенде әкімдік алдап кетті деп отыр.
«Біреуден 500 кірпіш, тағы біреуден цемент аламыз. Әркімнен солай. Бізде мешітте «мә, саған» деп бере салатын жамағатты көріп тұрған жоқпыз. Әйтеуір жамағат шамасы келгенше көмектесті. Сол екі ортада әкімдік бәрін бүлдірді. «Мына үй неғып тұр, бітпесе, біз бітіріп береміз» деп орта белде кіріп кетті. Рұқсат сұраған да жоқ», – дейді Сары молла мешіті имамының көмекшісі Елдос Қырықбаев.
Барлық дау да осы жерден туған. Енді жаңа жылға дейін баспаналы болуы тиіс үш отбасы үйсіз қалып отыр. Ал әкімдік өкілдері үй салуға рұқсат бергендерін растайды. Бірақ өздерің қалаған кісілерге бересіңдер деген сөз болған жоқ дейді. Бүгінге дейін асарлатып үй салу жобасы аясында мұқтаж жандарға жеті үй беріліпті. Ал жыл соңына дейін тағы сегіз отбасы баспаналы болмақ. Бірақ олардың қатарында мешіт ұжымы ұсынған тұрғындар бола ма, болмай ма, әзірге белгісіз.