БЖЗҚ: «Түскен өтініштер саны рекордтық деңгейге жетті»

БЖЗҚ: «Түскен өтініштер саны рекордтық деңгейге жетті»

БЖЗҚ: «Түскен өтініштер саны рекордтық деңгейге жетті»
ашық дереккөзі
Өткен аптада зейнетақы қорындағы ақшаны алу шарты күрт өзгеріп, зейнетақы жарнасының алуға болатын сомасының төменгі шегі шамамен екі есеге өскен болатын. Осыған орай, біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға ниет білдірген қазақстандықтардың саны күрт асты. Соңғы тәуліктерде қаржы институтына 16 мыңнан астам өтініш түскен, деп жазады turkystan.kz «Отбасы банк» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінде enpf-otbasy.кz платформасының 43 744 қолданушысы өз өтініші бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-нан («БЖЗҚ») «Отбасы банктегі» арнайы шоттарына 242 миллиард теңге қаражаттың түсуін тосып отыр. 3 желтоқсанның өзінде біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға ниет білдірген қазақстандықтардан      16 000 өтініш келіп түсті. Бұл - жыл басынан бері БЗТ-ін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу мақсаттарына алу мүмкіндігі туындаған уақыттан бастап, жолданған өтініштер көлемі бойынша рекордтық көрсеткіш», – делінген хабарламада.
Банк мәліметінше, қалыпты күндері платформа арқылы 2200-ге жуық өтініш қабылданып келген. Қазақстандықтар тұрғын үйді толық сатып алу, ипотеканы ішінара төлеу үшін пайдалануға ниет білдірген. Сондай-ақ зейнетақы қаражатының бір бөлігін туысқандарына аудару қызметі сұранысқа ие болып шықты. Бүгінге дейін бұл мүмкіндікті 338499 адам қолданып үлгерді. Оның ішінде 171598 адам ипотекаға жүгінбей тұрғын үй алған. Біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану бойынша Нұр-Сұлтан, Маңғыстау облысы мен Алматы көш бастап тұр. Ал Солтүстік-Қазақстан облысының тұрғындары аса белсенділік танытпаған.
«Азаматтардың enpf-otbasy.kz платформасына қызығушылығы артқанына қарамастан, ол тұрақты режимде үзіліссіз жұмыс істеуде. Ал желтоқсан айының соңына дейін оның негізінде есептелген біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомасын пайдалануға болады. «Отбасы банкі» қаражатты пайдалану үшін 45 жұмыс күні береді. Осы уақыт ішінде артық зейнетақыны пайдалану мақсатын растауға немесе жаңа жағдайлар мен жаңа мақсаттар туындаған жағдайда оны өзгертуге болады», – делінген хабарламада.