2021 жылдың басынан бері 17,3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Turkystan.kz.
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 17 358 адам өз Отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 87,7 мың этникалық қазақ оралған.Биылғы жылдың басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі 76,2% – Өзбекстаннан, 9,7% – Қытайдан, 6% – Түрікменстаннан, 2,5% – Моңғолиядан және 5,7% басқа елдерден. Этникалық қазақтардың басым көпшілігі Алматы (28,3%), Түркістан (13,4%), Маңғыстау (19,1%) және Жамбыл (7,8%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,5%) қаласына қоныстанған. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 55,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 28,1%-ды және зейнеткерлер 16,8%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,1% жоғары білімді, 40,2% орта кәсіби білімді, 45,5% жалпы орта білімді және 3,1% білімі жоқ.