– Дархан Қамзабекұлы, бір кездері сіз Ақордада ішкі саясаттың басшысы болдыңыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның даму стратегиясын қалай жобалап, қалай қалыптастырып жатқанын өте жақыннан көрдіңіз. Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасының елге беймәлім қандай артықшылығын атар едіңіз?
– Тұңғыш Президент күні – бір адамға арналған мереке емес. Елбасымыз республиканы аса ауыр кезде қабылдап, ең қиын кезеңдерден алып өтті. Негізгі реформаларды жүзеге асырып, өзін де, елін де дүниежүзіне мойындата алды. Сондықтан ел абыройын асырған адамға арналған мереке –мемлекеттің мерекесі.
Елбасының ел ауызында жүрген қасиеті – әбден қайнаудан шыққан, еңбекпен жетілген шынайы сипаттары. Біздің байқағанымыз: ол кісі қандай да бір істі бастарда сеніміне, шешіміне айналасын, ортасын иландыра біледі. Топ бастаған көсемдігі, сөз бастаған шешендігі, ең бастысы көрегендігі адамды тәнті етеді. Қазақ фольклорында «Ханда қырық кісінің ақылы бар» делінеді. Бұл – мақтаудан бұрын жауапкершілік. Қағанат пен кейінгі ордаларды (хандық) хан билесе, бүгінгі заманда мемлекетті президент немесе премьер-министр (канцлер) басқарады. Мәселе затында болса керек. Елбасының дәстүр мен жаңашылдықты жалғастырған қабілетінен Қазақстан заманауи билік құбылысын, қасиетін ұқты. Бұл да – мектеп. Мемлекеттік қызметкер үшін де, халық үшін де.
Тұңғыш Президенттің аса таңғалдыратын қасиеті – әлемдік биік саясат сахнасына шыққанда халқы мен мемлекетін тұлғаландыратыны. Ойшылмен ойшылша, ақсүйекпен ақсүйекше, спортшымен спортшыша сөйлесе алады. Себебі өзі де сол қасиетке ие. Кез келген адамға мұндай қасиет беріле бермейді. Бұл сипатты қазақ қоғамының күрескерлік, өжеттілік тарихымен байланыста түсіндіруге болады. Елбасының Тәуелсіздік жылдардағы еңбегі уақыт өткен сайын асқақтай көріне беретіні сөзсіз.
Осынау жылдары қаншама этносты бір шаңырақ астында ынтымаққа ұйыстыруы – зерттеуге тұрарлық тақырып. Кез-келген саясаткердің немесе мемлекет басшысының еңбегі уақыт өте келе салыстырылып бағаланады. Назарбаев феномені – тарих аспектісінде қарастырылатын айрықша құбылыс.
– «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінде Елбасы «Елдіктің жеті тұғырын» жариялады. Онда ұлттық құндылық пен ұлттық мәдениетті қастерлеу ерекше айтылды. Осы орайда қазіргі ақпарат саласының контент сапасына көңіл бөлмей өтуге болмайды. Бүгінде медиа рейтинг жинау жеңіл-желпі ақпарат санын көбейтумен бағаланатыны жасырын емес. Танымдық-ағартушылық бағыттағы материал көп қаралым жинамайды деп пайымдайды. Мұндай жағдайдағы ақпарат саласын тығырықтан қалай шығарамыз?
– Біріншіден, Елбасы айқындаған «Елдіктің жеті тұғыры» – мемлекетшілдік тұжырымдама. Бұл – Тәуелсіздікті дамытатын, салаландыратын іргетас. Ол бір ғана буынға арналған құжат емес, талай ұрпаққа бағытталған құндылықтар дестесі. Әр тұғырды дұрыс мазмұнмен толтыра білсек, бұл құжат ел Тәуелсіздігін баянды етуге қызмет етеді.
Екіншіден, тығырықтан шығудың жолы – контенттің де, аудиторияның да сапасына байланысты. Кеңес уақытында «сапа белгісі» деген болатын. Бұл –шын мәніндегі сапалы заттарға қойылатын белгі. Ал қазір біздің қоғамда сапалы контент даярлау өте күрделі мәселе болып тұр. Жалпы Қазақстанда, ТМД-да медиа нарық толық қалыптасты деп айтуға әлі ерте. Мысалы, кейбір шетелдік БАҚ-тағы материалды қарасаңыз жан-жақты саралап, адамға қажетті ақпаратты ұсынады. Ол жерде өткір тіл де, терең ой да, қажетті дерек те кездеседі. Біздегі материалды сапалы әрі қызықты етіп даярлау үшін таптаурын үрдістен арылуымыз қажет. Кейбір ақпарат құралдары жалаулаған жалаң ақпараттың соңында жүр. Енді біреулері мақтауды ғана жазса, кейбірі даттауды ғана қолданады. Журналист орта жолды ұстанып, аналитикаға көбірек мән беруі тиіс. Сонымен қатар сапалы контент ұсынып отырған БАҚ та аз емес. Ал жаңағы рейтинг жүйесі тәуелсіз болуы қажет. Сонымен қатар біздің елге қандай контент қажет екенін дұрыс түсінетін жүйе болғаны абзал. Сонда ғана рейтингке тәуелділіктің мәні ашылады.
Ал сапаға келсек, біз интернет жүйесі арқылы ақпарат таратып жатқан әлеуметтік желі белсендісі мен блогердің ешқайсысына шектеу қоя алмаймыз. Әрқайсы өзіне тиесілі міндетін атқаруы қажет. Сапалы ақпаратты немесе тиімсіз контентті аудитория өзі анықтауы тиіс. Азаматтардың өздеріне тән ақпараттық қалқан, ақпараттық сүзгі болған жағдайда ғана медиа нарық өздігінен ретке келеді.
Біз іргелі әрі қуатты мемлекетке айналамыз десек білім, ғылым саласына ерекше мән бергеніміз жөн. Жастардың біраз бөлігі «тек қана диплом алсам болды» деген түсінікпен жүрсе, одан ертең ешқандай да маман шықпайды, жұмысқа да орналаса алмайды. Ғылыми әлеуетімізді көтеру – уақыт талабы. Ғылым – қоғамның барлық саласының ілгері жылжуына күш беретін сала. Тіпті, биылғы Олимпиадада спортшыларымыздың төмен көрсеткішінің өзі осы саладағы ғылымның әлсіздігінен хабар береді. Мәселен, мына көрші Қытай елінде спорт саласын зерттейтін 40-тан астам ғылыми институт бар. Бізде мұндай бірде-бір ғылыми мекеме жоқ. Спортшы жаттығуды қандай жиілікпен жасаса, қандай нәтижеге жететіні, қанша күш жинай алатыны, тіпті күшті қалай жұмсау қажеттігі – барлығы есептеулі. Біз ұлттық та, басқа да спорт түрлерін дамытамыз десек, оны заманға сай ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделеп алуымыз қажет.
Қазақта тәлімгер деген жақсы сөз бар. Қазір ол сөздің бағасын білмей жүрміз. Тәлімгер – жол көрсетіп, кеңес беріп, жөн сілтеуші тұлға. Халқымыз: «Есті адамға ақыл айтпа, жөнін айт» дейді. Кезінде аудан басшылығында қызметте жүргенімізде «Ғалым болам десеңіз» атты бағдарлама даярлап, мектеп оқушыларын ғалымдармен жолықтырып, ортақ жоба ұсынған едік. Сол жерде ғалым өзінің ғылымға қалай келгенін, жетістікті қалай бағындырғанын баяндап, оқушылар үшін шеберлік сыныбын өткізетін. Қазір дәл сондай тәлімгер тұлғалар жетпей жатқан сияқты.
– Қазір ақпаратқа қолжетімділік өте оңай, дәстүрлі медиамен бірге азаматтық журналистика да қалыптасып келе жатыр. Мәселен, жекелеген блогерлер, әлеуметтік желі белсенділері ақпаратты тұтынумен бірге қолдарындағы смартфонымен медиа өнім беріп отыр. Бірақ ол ақпараттың рас-өтірігін анықтау қиын. Осы орайда заңды сұрақ туындайды: азаматтық журналистика өкілдері мен блогерлердің мәртебесі мен жауапкершілігін қалай айқындаймыз? Оларға құқықтық тұрғыдан қандай да бір жауапкершілік жүктей аламыз ба? Сауаттылығы мен этикаға қатысты деңгейін көтеруге мемлекет тарапынан қандай да бір жұмыстар атқаруға тиістіміз бе?
– Мемлекет тарапынан қандай да бір тиым болса, оған адам одан бетер қызыға түсуі мүмкін. Әрі бұл – бұрын қолданылған тәсіл. Біз аудиторияның, халықтың деңгейін көтеруіміз қажет. Мемлекет блогерлердің медиа сауатын арттырып, жан-жақты маман ретінде қалыптасуына қол ұшын созғаны дұрыс. Екіншіден, 2012 жылы, Тәуелсіздіктің 21-жылында ғана Журналистік этика кодексі қабылданды. Сол сияқты блогерлерге арналған этика кодексі болғаны жөн. Ол – ешқандай құқықтық шектеулер емес, әдептер жиынтығы. Себебі әлеуметтік желіге тіркелген әрбір азамат сауатты дей алмаймыз. Кейбірі жұртты адастырып та жатыр. Дегенмен қазірдің өзінде жан-жақты, жұртқа пайдасы тиетін блогерлер бар. Біз бұл қауымдастықты бұдан әрі жетілдіріп, медиа т.б. жөнінде тренингтер өткізіп, дамытып отыруға тиіспіз. Айналып келгенде тағы да халық таразы болып, өзіне қажетті блогерді таңдап алуы қажет.
Қазір біздің жастарымыз бұрынғы жастарға қарағанда басқаша, мүмкіндігі де жоғары. Бірақ олардың өз мүмкіндігін көрсетуіне жағдай жасай алмай отырған шығармыз. Ақпарат жүйеміз – әлемдік ақпараттың бір бөлшегі, сондықтан бізде болып жатқан құблыстарды жаһандық медиадағы мәселелермен салыстыра қарау маңызды.
– Биыл Парламент Мәжілісінің құрамы біршама жаңарды. Қатарларыңызға жаңадан қосылған, кейбірінің тәжірибесі аздау. Жаңа әріптестеріңіз бен байырғы Парламент мүшелері арасында қандай сабақтастық жұмыстар жүріп жатыр?
– «Ел – елек» деген. Барлығын екшеп, саралап біліп отырады. Бірақ Парламентке жаңа келген жастар алғыр, қарым-қабілеті сын көтереді. Олардың Парламенттік қызметке қосатын үлесі аз болмайды деп ойлаймын. Ал Парламенттегі сабақтастық бұрыннан бар. Болашақта да үзілмейді. Тәжірибесі көп, өмір сынынан өткен азаматтар заң шығарушы жүйеде көп іс тындырады деген көзқарасқа күмән келтірмей, жастар жағы жаңа идея, жаңа ізденіс әкелетініне сеніммен қарауымыз керек. Осы жағынан алып қарағанда, таразы теңеледі деп пайымдаймын.
Сұхбаттасқан
Бейбіт ТОҚТАРБАЙ