Жаңалықтар

Шайдың зияны туралы ғалымдардың 6 тұжырымы

Қазақстан – шай тұтынудан әлем бойынша алғашқылар қатарында. Шайдың пайдасы көп: шөл қандырады, күш береді, холестерин деңгейін төмендетеді және жүрек-қан тамыр жүйесін қалыпқа келтіреді, қартаюды баяулатады, дегенмен ғалымдар бұл сусынның зиянын да жоққа шығармайды.

1. Тым ыстық шай ішу тыныс алу жолдарына зиян болуы мүмкін

Британдық отоларинголог және пластикалық хирург Генри Шарп (Henry Sharpe) тым ыстық шай ішуге әдеттенудің тыныс алу жолдарына зияны тиюі мүмкін деп есептейді.

Сонымен қатар, ыстық шай өңештің қатерлі ісігінің пайда болу қаупін арттыруы мүмкін деген де нұсқа бар. Бірақ ғалымдардың бәрі бұл тұжырыммен келісе бермейді. Қалай болғанда да, шайдың температурасы 50-60 °C-ден аспауы тиіс.

2. Тым қою шай тіс пен сүйекке кері әсер етеді

New England Medicine журналы тым қою шай ішуден зардап шеккен бірнеше науқастың оқиғасын жариялады. Нақастардың көбінде сүйек пен тістегі проблема байқалған. Қою шайды көп адам іше бермейтіні түсінікті, бірақ бұл туралы білген жөн. Оған қоса диетологтар күніне 4-5 шыныаяқтан артық шай тұтынбауға кеңес береді.

3. Шай құрамында ауыр металдар болуы мүмкін

2013 жылы Канадалық токсикология журналы әлемнің әртүрлі аймағынан әкелінген шайдың көптеген түрін зерттеу нәтижесін жариялады. Токсикологтар шай түрлерінен ауыр металдарды, атап айтқанда қорғасын, алюминий, мышьяк және кадмийді анықтаған.  Мұның себебін олар топырақтың ластануына байланысты деп түсіндіреді.

Сусындағы металдардың концентрациясы қайнату уақытына байланысты болады. Егер шай қалташалары суда 15-17 минут тұрса, улы заттар қауіпті деңгейге дейін көтеріледі (мысалы, кейбір үлгілерде алюминий концентрациясы 11 449 мкг/л дейін).

Яғни шай қаншалықты ұзақ қайнатылса, соғұрлым зиян.

4. Кейде бауырға да зиян

Шөп шайлар көбінесе пирролизидинді алкалоидтарды – гүлді өсімдіктердің кейбір түрлері шығаратын токсиндерді жинайды.  Бұл токсиндер денеге тұтастай теріс әсер етеді, бірақ ең қатты зардап шегетін – бауыр. 2015 жылы америкалық Азық-түлік химиясы журналы нәрестелерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге арналған шөп шайлардың 44 түрін зерттеген. Ғалымдар олардың 86%-ынан пиролизидин алкалоидтарын анықтады.

5. Тамақтанғаннан кейін бірден шай ішу темір жетіспеуіне әкеп соғуы ықтимал

Шай тамақтан ағзаға түсетін темірді жояды. 2011 жылы Калифорния университетінде жүргізілген зерттеулерден осындай тұжырым шығарылды. Егер сіз тамақтанғаннан кейін бірден шай ішсеңіз, бұл әдет жағымсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін ұмытпағайсыз.

Сондықтан дәрігерлер тамақтан кейін ең болмағанда 20 минут шай ішпеген жөн екенін айтады.

6. Ұйқысыздық

Сусынның қуаттандыратын әсері физиологиялық негізге ие: импульс, қан айналымы жеделдейді, бүйрек үсті бездері адреналинді көбірек бөледі. Яғни ұйқысыздықтың бірден-бір себебі ұйықтар алдында шай ішу болуы әбден мүмкін.

Back to top button