Елі үлгі тұтқан азамат. Дюсенов Балташ Сыздықұлы туралы үзік сыр

Елі үлгі тұтқан азамат. Дюсенов Балташ Сыздықұлы туралы үзік сыр

Елі үлгі тұтқан азамат. Дюсенов Балташ Сыздықұлы туралы үзік сыр
ашық дереккөзі
655

Ерейментау ауданының тұрғындары күні бүгінге дейін ұмытпай келе жатқан бір жан бар. Ол – еңбек  жолын мектептің қарапайым мұғалімдік қызметінен бастаған Балташ Сыздықұлы. Асыл азаматтың арамыздан кеткеніне көп болса да, өзінің ізгі қасиеттерімен, терең әрі жан-жақты білімінің арқасында ел жадында берік сақталып қалуы тегін емес.

1952 жылы ауданымыздың  Благодат орта мектебін үздік бітірген жас өрен қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. Оның да өзіндік бір сыры бар. Соғыстан кейінгі жылдары қазақ мектебінде маман жетіспеушілігіне байланысты математика пәнін  орыс тілінде өткізетініне қарамастан Виктор Петрович Фишердің сабағын бала Балташ асыға тосатын. Сол кісіге ұқсап математика мұғалімі болсам деп армандайтын. Талантты шәкіртінің ниетін ұстазы да қолдап: «Сен математика үшін жаралған жансың. Осы ғылымды игер» деп кеңес берген екен. Қазақ білімінің қарашаңырағы – ҚазМУ-де  оқыған кезінде  әлемге әйгілі атақты ғалым, академик Константин Петрович Персидскийден дәріс алады. Университетті қызыл дипломмен тәмамдаған жас маманға аспирантурада білімін жетілдіру туралы ұсыныс түседі. Бірақ ауылдағы  ата-ананың жағдайын ойлап, солардың қасынан табылып, қолқабыс жасау қамымен қанша ұнап тұрса да, ол ұсыныстан бас тартуына тура келеді. Ұлы орыс жазушысы Антон Павлович Чеховтың: «Өзіңді қарапайым ұстап, жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды» деген сөзі ешқашан өміршеңдігін жоғалтпақ емес. Балташ аға мұғалімдік қызметке кіріскен алғашқы күннен өзінің мейірімділігімен, ашық көңіл және тамаша білімімен шәкірттер жүрегінен орын таба білді. Ашу, қатқыл мінез көрсетпеген ұстазды шәкірттерімен қоса олардың ата-аналары да ерекше құрмет тұтты. Ұстаздың ұлы мұраты білімді жастарды өсіру болса, ол арманына  жетті деуге болады. Одан білім алған оқушылардың арасынан А.Прокопов деген математика ғылымының докторы шықты. Жоғары санатты математиктер: Г.Серіков, Ж.Хасанов, С.Рыбалко, А.Абай сияқты кәсіби мамандар оның тәлім-тәжірибесін алды. Математика пәнін меңгеру әркімге бұйырмаған. Оны қабілетті оқушылар ғана толыққанды игере алады. Бұл ғылым саласында талантын танытқан талай қазақ азаматтары бар. Қазақстанның әйгілі математиктері туралы кітаптарды, баспасөз бетінде жарияланған мақалаларды жинақтауды жақсы көретін Балташ ағамыз, қолы боста олар туралы қызықты әңгімелер айтудан бір жалықпайтын. Шым-шытырық есептердің шешу жолдарын тапқан қазақ ғалымдарының еңбектеріне  ризашылық танытып, олардың өмір жолдарын дәріптеп отыратын. Әсіресе, белгілі математиктер Әлмұқан Ермеков, Орынбек Жәутіков, Өмірзақ Сұлтанғазин секілді алыптармен бірге 21 жасында кандидаттық, ал 28 жасында докторлық диссертация қорғаған жас ғалым Асқар Жұмаділдаев туралы толғаныс пен таңданысқа толы әңгімелері жадымызда сақталып қалыпты. Ереймен жері тарихта аттары белгілі азаматтармен ерекшеленеді. Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел болғанда жүрегі жарылардай қуана қарсы алып, туған өлкенің атақты  тұлғаларының өнегелі өмірлерін жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында қоғамдық жұмыстың көрігін қыздырған жанның бірі  Балташ Сыздықұлы болатын. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, ол Қанжығалы Бөгенбай батырдың, атақты Үмбетей жыраудың мерейтойларына мұрындық болып,  Алматыдан арнайы келген жоғары мәртебелі қонақтарды, соның ішінде Өзбекәлі Жәнібеков бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлерін, ақын-жазушыларды, қазақтың атақты ұшқышы, Ұлы Отан соғысының екі мәрте батыры атанған Талғат Бигелдиновті қарсы алып, құрмет көрсетумен бірге тарихи өлке – Ерейменнің өткен-кеткенінен терең сыр тарқатып, мәртебелі меймандардың көңілдерін тасытып, ризашылығына бөленгені әлі күнге дейін көз алдымызда. 1998 жылы Қазақстан Республикасы Орталық Сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиеваның қолы қойылған куәлік алып,  қоғамдық негізде президенттік сайлауға үміткер  Н.Назарбаевты қолдаған ынталандыру  тобының өкілі ретінде ұлы шараға етене араласты, ел мүддесі жолында өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындағанын жерлестері құрметпен әркез еске алады. Ал 1999 жылы Ерейментауға Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш келгенде бар сән-салтанатымен қарсы алған ел азаматтарының алдыңғы қатарында жүрді. Балташ Сыздықұлы ең бір қиын кезеңде Ерейментау ауданының Білім бөліміне жетекшілік жасады. Ол бір жұрт сапырылысқан, тұрғындардың бірі кетіп, енді бірі келіп жатқан өте бір күрделі уақыт болатын. Білікті басшы бар қиындықты еңсере жүріп, жергілікті мектептердің сан қилы күрделі мәселелерін оң шеше білді. Қазір есептеп отырсақ, шамамен 20 мыңнан астам оқушының  көшелі тәрбие  көріп, дұрыс  білім алуына жағдай жасапты ғой  сол тұста. Екі тілде еркін сөйлейтін ардақты ағамыздың білімі талапкерлерді жоғары оқу орындарына дайындауда көп пайдасын тигізді. Целиноград қаласындағы білім ордаларында физика мен математикаға бет бұрған жастарды талай сыннан өткізгені  есімізден кетпейді. Балташ Сыздықұлының Ерейментау ауданында Қазақ тілі қоғамын басқарып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін аудан деңгейінде асқақтатуға қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Кезінде өзі жетекшілік жасаған Ерейментау қазақ орта мектебіне атақты қолбасшы Бөгенбай батырдың есімін бергізіп, жерлестер рухын қоздатқаны ұмытылмақ емес. Күні бүгінге дейін сол мектепте оқитын балалар республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүрсе, ол да аға еңбегінің жемісі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, Абай хакімнің: Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес  далаға. Ұстаздық қылған жалықпас, Үйретуден балаға, –  деген дана сөзі құдды біздің кейіпкерімізге арнап айтылғандай. Алған білімі мен жиған тәжірибесін ұлы мұратқа жұмсаған ағаның өмірі өнегеге толы. Халқымыз осындай азаматтарын әрдайым ардақ тұтқан. Балташ Сыздықұлының аудан, облыс, республика деңгейіндегі марапаттары жетіп артылады. Десек те, ең үлкен марапаты елдің ризашылығы мен алғысы деп білеміз. Өмірлік жары, көп жыл бойы мұғалім болып еңбек еткен Раушан Бекмолдақызы Әміровамен бір шаңырақта 7 бала тәрбиелеп өсірді. Раушан апай Қарағанды педагогика институтының физика-математика факультетін аяқтаған жан. Қос ұстаздың шаңырағында өскен балалардың ішінен ата-аналарының жолын жалғағандары  бар. Аумалы-төкпелі уақытта азаматтық мінез танытқан асылдарымызды ұмытуға болмайды. Адалдық пен әділдік қасиеттерін шәкірт бойына сіңіре білген ұстаздың мәртебесі әрқашанда биік.  

Талғатбек ЖАНАЙДАРҰЛЫ,

Білім беру ісінің Құрметті қызметкері

Серіктес жаңалықтары