Жаңалықтар

Шортандыдағы жарылыс: оқиғаның мән-жайы анықталды

Шортанды кентіндегі үш пәтерлі үйде газ баллонының жарылуына өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауы себеп болған. Бұл туралы Ақмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов мәлімдеді.

«Алдын ала анықталғандай, өрттің шығуына қарапайым өрт қауіпсіздігі, яғни газ құрылғысын пайдалану ережесінің сақталмауы себеп болған. Қазіргі кезде сараптама тағайындалып, зерттелуде. Жарылыс салдарынан тұрғын үйдің шатыры мен пәтерлерді бөліп тұратын ішкі қабырғалар опырылып түсті. Газ баллоны жарылған пәтерде бір отбасы тұрған. Сол күні онда қонақ шақырылған. Зардап шеккендердің барлығы сол үйдің тұрғындары емес, арасында балаларымен бірге қонаққа келгендер де бар. Көрші пәтердегі адамдар зардап шеккен жоқ. Оларға тек материалдық шығын келді», – деді Манарбек Шапағатов.

Еске сала кетсек, кеше Шортанды кентінде барак типті үш пәтерлі үйде газ баллоны жарылды. Оқыс оқиға туралы хабарлама өрт сөндіру бөліміне сағат 21:38-де келіп түскен. Өртті сөндіруге ТЖД-ның 35 қызметкері мен 7 техникасы, «Жер Ана» ЖШС МЕӨҚҚ-ның 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылған.

Қазіргі мәлімет бойынша, үйіндінің астынан үш адамның денесі табылды, оның біреуі кәмелеттік жасқа толмаған бала.

Сонымен бірге, түрлі деңгейдегі дене күйігімен 10 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде балалар бар. Кейбір зардап шеккендердің жағдайы ауыр.

Back to top button