Жаңалықтар

Павлодар облысында жанармай тиеген көлік апатқа ұшырады

Нұр-Сұлтан қаласынан Шығыс Қазақстан облысына бағыт алған, 38 000 литр дизель отыны құйылған бензовоз цистернасымен жолдың шетіне аударылып кетті, – деп жазды Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдетінше, 15 қараша күні сағат 22:08-де «101» пультіне Қызылорда-Павлодар тас жолында жол-көлік оқиғасы орын алғаны туралы хабар келіп түскен.

«Ақсу ауданы Береке ауылының маңында цистернасы бар Ақмола өңірінің «Mercedes-Benz Actros» автокөлігі жолда ірі қара малды қағып кеткен. Оқыс оқиға салдарынан Нұр-Сұлтан қаласынан ШҚО-на 38000 литр дизель отынын апара жатқан бензовоз цистернасымен жолдың шетіне аударылған. 150 шаршы метр алаңға дизель отыны төгілді. Жүргізуші зардап шеккен жоқ», – дейді Қалқаман кентінің азаматтық қорғау капитаны, 13 өрт сөндіру бекетінің бастығы Бақберді Қағабаев.

1982 жылы туған жүргізуші алапат жарылыстың алдын алған. Ол дереу моторды сөндіріп, көлігін аккумулятордан ажыратып үлгерген.

«Оқыс оқиға орнына Қалқаман кентінің өрт сөндіру бекетінің 3 адам және 1 техникасы жұмылдырылды. Олар төгілген жанар-жағармайға арнайы көбік шашып, сол арқылы дизельдің одан әрі төгілуін жойып, бензовоз жарылысының алдын алды. Жүргізуші мен өрт сөндірушілердің жедел және үйлесімді әрекеті тас жолдағы төтенше жағдайдың алдын алды», – деді Бақберді Қағабаев.

Оқиға орнына Павлодар облысы ТЖД жеке құрамының 8 адамы, «102» қызметі шықты. Сондай-ақ Қалқаман, Ленин кенттері мен Ақсу, Екібастұз қалаларынан қалған отынды тартып шығару және цистернаны көтеру үшін 6 техника жұмылдырылды.

Back to top button