Mercedes-Benz-те жұмыс істейтін қазақ Германияда қазы жасап сатып, табысқа кенеліп жүр

Mercedes-Benz-те жұмыс істейтін қазақ Германияда қазы жасап сатып, табысқа кенеліп жүр

Mercedes-Benz-те жұмыс істейтін қазақ Германияда қазы жасап сатып, табысқа кенеліп жүр
ашық дереккөзі
51250
Арман Болысбеков Герма­ния­дағы ав­томо­биль құрастырудың отаны саналатын Штут­гарт айма­ғын­да тұрады. Онда әлемге әйгілі Mercedes-Benz компаниясының за­уы­тында автоматтандыру бойын­ша электрші қыз­метін атқа­ра­тын ол бұл жұ­мысқа екінің бірі кіре алмайтынын айтады. Сондай-ақ ол жұмыстан тыс уақытта Қыр­ғыз Респуб­ли­касы мен Молдави­я­дан келген досы үшеуі қа­зы айнал­ды­рып, оны сатумен айналысады. Ал­дағы уақытта қазыны бренд қылып, Гер­мания аймағына таратқысы келетін Ар­ман­ды әңгімеге тартып, сұхбаттасқан едік. [caption id="attachment_158672" align="alignleft" width="212"] width= Наурыз мерекесін тойлау кезінде[/caption] – Германияға өзгелер секілді мек­теп бітірген соң көшіп барған болар деп ойласақ, ол жаққа оқушы ке­зіңіз­де қоныс аударған екенсіз. Отба­сыңыз­бен бірге көштіңіз бе? – Иә. Негізі, мен – Ақмола облысы Ат­ба­сар ауданы Самарка ауылының тума­сы­мын. 7-сыныпқа дейін Самаркадағы орта мек­тепте оқып, кейін 2002 жылы отба­сы­мызбен бірге Германияның Штутгарт ай­мағына қарасты Вюртемберг қаласына кө­шіп келдім. Мектепті осы жерде бітірдім. Әкем жуырда зейнетке шығады. Анам үй шаруашылығымен айналысады. Мен – үйдің үлкенімін. Қарындасым жергілікті фир­мада хатшы, ал інім тұрғын үйлерді жа­рықтандырумен айналысатын электрші болып жұмыс істейді. Үйленгенмін. Әйелім жергілікті ауруханада медбике. Ал мен Mercedes-Benz компаниясының зауы­тын­да автоматтандыру бойынша электрші қыз­метін атқарамын. Mercedes-Benz-тің бөл­шектерін құрастыратын станоктармен жұмыс істеймін. – Сіз тұрып жатқан Штутгарт ай­ма­ғы Mercedes-Benz және Porsche се­кіл­ді ірі автомобиль концерндерінің бас штабы мен зауыты орналасқан өн­дірістік орталық ретінде танымал. Тиі­сінше Mercedes-Benz-тің зауытына жұ­мысқа тұру сізге оңай болған шы­ғар? – Әсте олай емес. Мектеп бітірген соң, Mercedes-Benz-тің фирмасындағы арнайы оқу орталығына құжат тапсырдым. Жал­пы, Mercedes-Benz-тің жанынан ашылған мұн­дай орталықтарға оқуға түскен адам өз ма­мандығы бойынша үш жарым жыл уа­қыт оқуы қажет. Онда мамандық бойын­ша оқытылуы тиіс пәндерден бөлек, ай сайын бір апта бойы мектепке барып, ма­темати­ка, неміс тілі және тарих пән­дерін оқисың. Со­сын емтихан тапсырып, үш жарым жыл­да жинаған білімің мен біліктілігіңді көрсетуің қажет. – Ол орталыққа оқуға түсу үшін қа­­­таң іріктеуден өту қажет болар? – Иә. Орталықтағылар алдымен мек­теп­тегі оқу үлгеріміңді тексереді, сосын сұх­баттасуға шақырады. Сұхбаттасу кезін­де мінез-құлқыңа, жүріс-тұрысыңа қарай­ды, сосын техникалық тестілеуден өткі­зе­ді. «Сомынды бұрап сал. Бұрандаманы бе­кіт» деген секілді тапсырмалар беріп, тех­никалық жабдықтарды қолдануға ебің бар ма, жоқ па, соны бақылайды. Негізі, бұл орталықта оқығысы келетіндер жетіп артылады. Бірақ, ол оқуға екінің бірі түсе алмайды. Абырой болғанда бағым жанып, оқуға түсіп кеттім. Сосын 2011 жылы осы зауытқа жұмысқа кірдім. [caption id="attachment_158671" align="alignright" width="212"] width= Қазы айналдыру кезінде[/caption] – Сонда он жылдан астам уақыт бойы бір жерде жұмыс істеп келе жа­тыр­сыз ба? – Иә. Негізі, мен тұрақтылықты жақсы көре­мін. Жұмысқа құдды бір өз үйіме бара жатқандай барамын, барлығы көңілден шығып жатса, жұмыс ауыстырып нем бар? Содан соң әлемдегі беделді автоконцерн бол­ғандықтан, бұл жақтан кеткім жоқ. Жо­ғарыда атап өткендей, орталыққа оқуға түсу қандай қиын болса, мұнда да кез кел­ген адамды жұмысқа ала бермейді. Екін­шіден, қазір Германияда жақсы жұмыс ор­нын табу оңай емес. Сол себепті кезінде беріл­ген мүмкіндікті пайдалана біліп, осын­да жұмысқа кіргеніме қуанамын. – Mercedes-Benz 2030 жылға қарай то­лықтай бензиннен бас тартып, электромобиль көліктерді әзірлеп шы­ғармақ. Осы орайда сіз секілді ма­мандарға көп жауапкершілік арты­латын шығар? – Әлбетте, мен дәл қазір сол электро­мо­биль көліктерге батареялар әзірлейтін жер­де жұмыс істеймін. Десе де қазір тех­нологияның қарыштап дамуына бай­ла­нысты өндіріс орнындағылардың көп­шілігі роботтардың көмегіне көп жүгінеді. Бізде де солай, бір батырманы бассаңыз болғаны, робот атқаруы тиіс жұмысты мінсіз орындап шығады. Қазір көп жағ­дайда жұмысты арнайы құрастырылған машиналар жасайды, ал адамның қолымен жасалатын дүниелер күн санап азайып барады. [caption id="attachment_158667" align="alignleft" width="212"] width= Қазы айналдыру кезінде[/caption] – Сізге хабарласқанымда «Қазір қа­­зы жасайтын ет сатып алуға кетіп бара жатырмын. Сәлден соң хабарла­сайық­шы» дедіңіз. Жұмыстан тыс уа­қыт­та қазы жасаумен айналысасыз ба? – Иә. Елде жүргенде үнемі қазы жа­сай­тынбыз. Германияға қоныс аударған соң, қазы әзірлейтін жерді іздеп таба алмадық. Сосын жылқы етін сатып алып, алғашында тек өзіміз үшін жасап жүрдік. Бірде Гер­ма­нияда құрылған «Qazan e.V.» атты неміс-қа­зақ қауымдастығының төрағасы Вале­рий Оствальдпен кездескенде ол «Сен қа­зыны жасап, неге сатпайсың? Біріншіден, ақ­ша табасың, екіншіден, ұлттық тағамды на­сихаттайсың, үшіншіден, атажұрттың дә­мін сағынып жүрген жандарға «жақсы­лық» жасайсың» деп идея беріп, қанаттан­ды­рып жіберді. Сөйтіп, бастапқыда бұл іс­­пен бес жыл бойы жалғыз өзім айналы­сып жүрдім. Сосын сол қауымдастық ар­қылы Қырғыз Республикасынан келген Виктор есімді жігітпен таныстым. Ол Германияда қасапшының оқуын оқыған, тиісінше оған шұжық өнімдерін әзірлеуге рұқ­сат етілген. Айта кетерлігі, Германияда шұ­жық өнімдерін әзірлеп, сату үшін ар­найы рұқсатнама алуың қажет. Әйтпегенде бұл өнімдерді заңсыз түрде сататын бол­саң, тергеуге алып, тіпті түрмеге қамап қоя алады. Сосын арамызға Молдавиядан кел­ген Виталий қосылды. Виктор қазының не екенін бұрыннан біледі екен, бірақ бұған дейін жасап көрмеген. Ал Виталий қазы секілді тағам түрінің бар екенін осын­да келіп білді, бірақ ол қазыны бірден ұнат­ты. Сөйтіп, қазір соңғы екі жылда осы екеуі­мен бірге қазы айналдырып, тапсы­рыс­тар аламыз. – Ал жылқының етін қайдан сатып ала­сыздар? – Осында бір неміс азаматы төрт түлік мал­дың етін сатумен айналысады. 150 ша­қырым жерде орналасқан оның фер­ма­сына барып, жүз келіден көп ет сатып ала­мыз. Сосын оны Виктордың арнайы үй-жайына әкеліп, етті бөлшектейміз, ішек тазалаймыз. Сосын қазы айналдыра­мыз. – Германияда жылқының еті қан­ша тұрады? – 1 келі ет 7 еуро тұрады, теңгеге шақ­қан­да бағасы – 4500 теңгеге жуық. – Қазыны жекелеген клиенттің тап­сырысымен ғана әзірлейсіздер ме әл­де дүкендерге де жасап өткізесіздер ме? – Әзірше тапсырыспен ғана әзірлейміз. Біреуі 10 келі, енді біреуі 20 келі тапсырады. Тап­сырыс саны белгілі бір межеден асқан кез­де барамыз да әлгі немістен ет сатып алып, дереу жас еттен қазы әзірлеп, оны тап­сырыс бергендерге таратамыз. Жалпы, біз жаңа сойылған жылқының етінен әзір­леген қазыны бірден сатуға тырысамыз. Тапсырыстың көп болатыны соншалық, қазыдан ет артылмайды. Артылса да, мұн­дай жағдай өте сирек кездеседі. – Бір қызығы, Қазақстанда туып-өс­кен, қазір Германияда тұратын не­міс­тер қазыға көп тапсырыс береді екен? [caption id="attachment_158668" align="alignright" width="300"] width= Клиенттердің тапсырысы[/caption] – Иә, тапсырыстың көбін солар береді. М­е­ніңше, олардың басым көпшілігі тек қазы жейтін секілді. Сосын олар қазыдан сорпа әзірлейді. Оның үстіне, олар қазы­ның нағыз табиғи өнім әрі жегенге «жеңіл» екенін жақсы біледі. Немістерден бөлек, осында тұратын 3-4 қазақ отбасы да жиі тапсырыс береді. – Бұл іспен шындап айналысып жүр­ген сіздер қазыны алдағы уақытта дүкен сөрелеріне қоюды да мақсат тұтып отырған боларсыздар? – Әлбетте. Осында орыстардың ірі дү­кен­дер желісі кең таралған. Бұл дүкен­дердің сөрелерінде орыстардың дәстүрлі тағамдары көптеп сатылатыны айтпаса да түсінікті. Бір танысымыз арқылы сол дү­кендердің біріне екі-үш рет қазы қойып, сат­қан едік, тез арада өтіп кетті. Алдағы уа­қытта жекелей клиенттерден бөлек, сол орыс дүкендеріне арнайы тапсырыспен әзір­легіміз келеді. Бүгінде бұл өнімді өтім­ді ету үшін қолымыздан келгеннің бар­лығын жасап жатырмыз. Қазір сыртқы қап­тама, сондай-ақ вакуумдық орауыштың қалай болатынын ойластырып жатырмыз. Одан бөлек, құрамы мен қайда жасалғанын білдіртетін жапсырма қағаз әзірлеудеміз. Со­нымен қатар сыртында қазақ өнімі еке­нін білдіртетін өрнек салу ойымызда бар. – Қазыдан бөлек, қымыз, шұбат се­кіл­ді сусындарды әзірлеу ойда жоқ па? – Ондай ой жоқ. Германияда биенің сү­тін табу қиын. Германияда көп жыл қа­та­рынан жылқы шаруашылығын табысты жүргізіп отырған неміс Ханс Цолманнан басқа ешкім бие сауумен айналыспайды. Бі­рақ ол бие сүтін сатпайды, одан қымыз әзірлеп, түрлі өнімдер жасайды. Десек те бәрінен бұрын қазы айналдыруды жаным сүйеді. [caption id="attachment_158669" align="alignnone" width="724"] width= Қазы айналдыру кезінде[/caption] – Шетелде жүріп «қазы айналдыру­ды жаным сүйеді» деген қазақты бі­рін­ші рет көруім... – Мен сізге мұны айтып түсіндіре ал­маймын. Қазақтың ұлттық тағамдарының маңызын бала кезімнен ұғып өстім. Жал­пы, қазы жасауға қызығуға атам Байсал мен әкем Жұмағали зор ықпал жасады. Атам ауылда мал ұстайтын, 10-15 жылқы бағатын. Үйдегілер жыл сайын соғым сойып, қазы айналдыратын, ет сүрлейтін. Мұның барлығын көріп-өскен маған бұл істі осында дөңгелету оңай болды. Сондай-ақ, жүректің түбінде табыс табудан гөрі, шетте жүріп, қазыны әлемге таныту арма­ным жатқанын айта кеткен жөн. Қазақ екенімді мақтан тұтамын, қазақ екенімді үнемі айтып жүремін. Бәзбіреулер секілді қай­дан тарайтынымды айтудан жалтақта­маймын. Әлдебіреу біздің ұлт туралы жа­ғымсыз нәрсе айтса, сол жерде-ақ ұрып жығамын. Германияда тұрып жатқаныма жиырма жылға жуықтап қалса да, көңіл Қазақстанға тартады да тұрады. Елге бара бергім келеді. Жыл сайын барып тұратын едім, пандемия салдарынан соңғы жыл­дары бара алмай жүрмін. Келесі жылдың жазында барып қайтуды жоспарлап отыр­мын. Жалпы, Қазақстан, әсіресе біздің ұлттық тағамдар туралы әңгіме естіп қал­сам, жүрегім жібіп сала береді. Қастарына барып, оларға бұл тақырып туралы сағат­тап айтуға бармын. Соның ішінде қазы айналдыру ісі маған жақын. Маған бұл іс­пен айналысқан ұнайды. Біреулер көлік ай­дағанды қалай жақсы көрсе, мен де етпен жұмыс істегенді, одан қазы жаса­ған­ды солай жақсы көремін. [caption id="attachment_158673" align="alignnone" width="1024"] width= «Qazan e.V.» неміс-қазақ қауым­дас­ты­ғының мүшелерімен бірге[/caption] – Жырақ жүрсеңіз де, ел десе елең ете­тін сіздің жоғарыда айтып өткен «Qazan e.V.» неміс-қазақ қауым­дас­ты­ғының жұмысына да белсенді арала­са­тыныңызды байқадық. – Иә, сол қауымдастықтың мүшесі ре­тін­де ұйымдастырылатын іс-шаралардан қалмауға, басшылыққа мүмкіндігінше кө­мектесуге тырысамын. Негізі, белгілі бір іс-шара өткізілетінін WhatsApp желісінде арнайы құрылған топ арқылы хабардар боламыз. Сосын жиналысқа қатысамыз, ізін­ше жоспар құрылады. Валерий Оства­льд пен Денис Козырев бастаған қауым­дас­тық өкілдерінің Германиядағы Қазақ­стан елшілігі және Консулдықтың қол­дауымен соңғы кезде атқарып жүрген сү­белі жұмысы ретінде қазақ мәдениетін насихаттауға бағытталған фотокөрмені айтар едім. Бүгінде бұл көрме Берлин, Фран­кфурт қалаларында өтті. Көрмеге келу­шілер арнайы тігілген киіз үйді, Қа­зақстанның заманауи архитектурасын, та­биғатын, ұлттық тағамдары мен адам­дары бейнеленген 50-ге жуық суретті кө­ріп, таң-тамаша болды. Айта кетерлігі, сурет­тер интернеттен жайдан-жай алына сал­маған, барлығының авторлық құқығы са­тып алынған. Бұл көрме желтоқсан айын­да Мюнхенде жалғасын табады.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары