Мұхиттан мұнай сүзген Ғалия

Мұхиттан мұнай сүзген Ғалия

Мұхиттан мұнай сүзген Ғалия
ашық дереккөзі
Ғалия Садықова 20 жасында мұнай кен орындарын іздеумен ай­налысатын шетелдік компанияға жұмысқа тұрған. Сейсми­калық инженерия мамандығы бойынша білім алған ол қы­зығы мен қиын­дығы мол жұмысы туралы сағаттап айтуға бар. Бү­гінде өзі секілді мұнай саласында жұмыс істегісі келетін жас­­тарға жол көрсетіп, ментор болып жүрген Ғалияға хабар­ла­сып, сұхбат алған едік. – Бізде мұнай іздеу жұмыс­тары ерлердің қолынан ғана келеді деген түсінік қалып­тас­қан. Ал сіз бұл стереотипті бұ­зып қана қоймай, болашағын бұл іспен байланыстыратын жас­тарға ментор болып жүрсіз. Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды? – Мамандық таңдауда көп ой­лан­дым. Таңдаудағы алғашқы кри­те­рийім – мамандығым ата-анам­ның көңілінен шығуы керек. Сол себепті мектепте оқыған жылдары көп ойдың жетегінде жүрдім. Астро­навт, эколог, дәрігер, дизайнер бол­ғым келді. Бұлар бір-біріне ұқса­май­тын әртүрлі саланың маманы ғой. Осын­дай сан алуан мамандықтар­дың арасынан таңдау жасаймын деп көп ойландым. Десе де, менің бо­лашақ кәсібімді таңдауға бір оқи­ға әсер етті. Бірде анам екеуміз ұшақ­та болған кезде ол маған бір сұ­рақ қойып: «Қызым, егер болашақ­та планетада аласапыран уақыт туса адамзат қай мамандық иелерін ға­рыш кемесіне отырғызып құтқара­ды? Бір сәтке фантазияңды қосып, осы сұраққа жауап берші», – деді. Сол кезде мамандық таңдаудағы ұста­нымым анықталды десем қате­лес­песпін. Инженер боламын! Ұшақ­та анам екеуміз кетіп бара жат­қанда осындай тоқтамға келдім. 16 жасымда мұнай-газ бағытындағы отандық оқу орнының студенті атан­дым. Геофизика, мұнай-газдың сейсмологиясы пәндерін өзіме жа­қын тұттым. Бұл пәндерді оқи оты­рып, менің мақсатым айқындала түсті. Өзімді барлауда, теңіз бен мұ­хитта және шетелде жүргендей елес­теттім. Төртінші курста оқып жүр­генімде бір шетелдік компа­ния­ның хабарландыруына көзім түсті. Қажет құжаттарды тапсырып, ба­ғым­ды сынап көруге бел будым. Жұ­мысқа қабылдау алдындағы кон­курстық сұхбаттасу Абу-Даби қа­ласында болды. Тағдырдың маған қарайласқаны шығар, сол уақытта ата-анаммен Дубай қаласында едім. Анам мені бір қаладан екінші қалаға жіберуге қарсы болды. Сол кезде «оқуды бітіру кешіне арнап көйлек сыйламаңыздар, оның орнына мені сұхбаттасуға жіберіңіздерші» деп жалындым. Дегеніме жеттім! Бар­дым. Шыны керек, қатты қорық­тым, көп сұраққа жауап бере алма­дым. Десе де, сұхбат алған мамандарға «Рен­жімеңіздерші, бірақ мен бұл сұрақтардың жауаптарын білмей­мін», – деп шындықты айттым. Әрине, осыдан кейін залда отырған ма­мандардың мені өз компаниясы­на жұмысқа алғысы келмегені айт­паса да түсінікті. Сонда да қайтпай «Мені барлық кәсіби машықтарға үйретіңіздерші! Қолымнан келеді!» деп табандап тұрып алдым. Осы сөздер мен үшін шешуші болған секілді. Бір-екі аптадан соң жұмысқа шақырту алдым. Алғашқы жұмыс вах­там Мексика шығанағында өтті. Сту­дент кезде армандаған сәттердің орын­далғанын сол кезде түсіндім. Мұнай барлауында, теңізде және шет­­елде қызметтемін! Өзімді ба­қыт­ты сезіндім. – Мұхиттың ортасында ай­лап қызметте болудың өзіндік ерекшеліктері де бар шығар. Сон­дай оқиғалардың бірін ай­тып берсеңіз. – Техникалық жағынан аса жауап­ты жұмысқа қатысың бар еке­­нін сезіну зор жауапкершілік жүк­тейді. Жағалаудан алыста, теңіз­дің ортасы болған соң барлық тех­ни­­каның үздіксіз жұмыс істеуі өте маңыз­ды. Қызмет бабымен Аме­ри­ка, Колумбия, Мексика, Бразилия, Норвегия, Сенегал, Гана, Индонезия, Ма­лайзия, Вьетнам, Дания, Англия, Шот­ландия елдерінде жұмыс ба­бы­мен болдым. Бірнеше ай кезекшілік жұ­мыстан соң бірден үйіме, елге ора­­ламын. Анамның қасында бола­мын. Өкінішке қарай, әкемнің дү­ние­ден озғанына бірнеше жыл бол­ды. Әрине, қызығы мен шыжығы мол жұмыстың кемшіліктері де бар. Көп отбасылық мерейтойлар мен ша­ралардан тыс қаласың. Әріп­тес­терім балаларының тұсаукесер тойы­на, туған күн кештеріне, үй­лену тойларына бара алмай жатады. Сон­дай жұмыс күндерінің бірінде Нор­вегияда болған кезекті кезек­шілігімде ауа райы бұзылып, теңізде қат­ты толқын соқты. Сол күні ішім түйі­ліп ауыра бастады. Госпитальға барып, дәрігерге қаралдым. Ол қа­жетті анализдердің барлығын алды. Жағалаудағы дәрігерлермен хабарға шығып, кішігірім консилиум өткіз­ді. Сол сәтте капитан тікұшақ ша­қыр­­тып, мені жағалаудағы ауруха­на­ға апаруға тапсырма берді. Ауы­рып тұрсам да қиындыққа төтеп бере алатынымды көрсеткім келіп, теңіздегі қолайсыз ауа райына қара­мастан келген тікұшаққа өз аяғым­мен баруды ұйғардым. Тікұшақ қо­натын алаң жаңбырдан тайғақ, теңіздегі толқындардан тікұшақ алаңға көп уақытқа дейін қона ал­мады. Айнала тас қараңғы. Бір сәт­те тікұшақ қонған соң мен оған қарай жүре бастағанда, толқын соғып, құ­лап қалдым. Сол сәтте «өлген же­рім осы шығар» деген үрей келді. Сосын мені Норвегия елінің ауру­ханасына алып келді. Сол мезет­те анама хабарласып үлгердім де, бар­лық тексеруден соң шаршаған­дық­тан, қатты қалжырап бірден ұйық­тап кетіппін. Таңертең ауруха­на қыз­меткерлері оятып, анама хабар­ласуды сұрады. Неге дейсіз ғой? Се­бебі мен анама ауруханада еке­нім­ді айтып, ал тексерулердің нәти­жесі жақсы екенін айтпай ұйықтап қалған екенмін. Менен хабар болмаған соң ол Норвегия еліндегі жұмысымның филиалына, содан соң ауруханаға, мені қабылдап алған дәрігерлерге хабарласқан. Абырой болғанда бұл оқиға сәтті аяқ­талып, жұмысыма оралдым. Әлі күнге дейін сол күнді еске түсірсем, денем тітіркеніп кетеді. – Өзіңіз секілді мақсат қоя біл­г­ен жастарға кәсіби манса­бын табуға жәрдем беріп жүр­ге­ніңізді білеміз. Бұл бағыттағы жұ­мысыңыз қалай өтіп жатыр? –Менторлық бағыттағы жұ­мысым университетте жүргенде бас­талған еді. Оқып жүріп көптеген форумға, конференцияға қатыса­тын­мын. Барлық білген-түйгенімді қойын дәптеріме түртіп жүретінмін. Ал соңғы курста шетелдік компа­ния­ға орналастым. Курстас қыздар сон­дай белді компанияға жұмысқа тұруым­ның сырын сұрағанда, сол қойындәптеріме жазылған кеңес­тер­ді оқи бастаймын. Достарыма бел­ді мұнай компанияларына қалай құжат тапсыру керек, сұхбаттасу ке­зін­де сұрақтарға қалай жауап бер­ген жөн және басқа да қажетті кеңестер бере бастадым. Бүгінде сол достарымның барлығы – ірі ком­па­ниялардың қызметкерлері. Сол кезден бастап маған Ресейден және алыс шетелден жастар жаза бастады. Барлығына да қолымнан келгенше көмек беруге тырыстым. Уни­вер­си­тет қабырғасында басталған достық кө­мек бүгінде халықаралық дең­гейдегі жастарға деген менторлық бағытқа айналды. Әр «оқушым» бойын­ша өзіндік дерекқорым бар де­сем болады. Олардың даму жолын жа­зып отырамын. Мұның барлығы да дұрыс нетворкинг деп ойлаймын. – Оқырмандарымыздың ара­сында сіздің менторлығыңызға жүгінгісі келетіндер болса, олар­­ға қандай кеңес берер едіңіз? – Кеңес алғысы келетін жас­тар­ға қашанда ашықпын. Әлеуметтік желідегі парақшама жазған сұрақ­тардың барлығына жауап беремін. Егер тәлімгерім болашағын халы­қ­аралық мұнай компаниясымен бай­ланыстырса және алдына нақты мақсат қойып, нақты қадам жасауға бел буса кеңес беруге дайынмын. Ең алдымен, тайм менеджментті құру­ға, адамның нақты жоспарына на­зар аударамын. Тіпті, демотивация­лан­ған жастарды да байқаймын. Бұл мәселеге де көңіл бөлемін. Бұл фактордың барлығы да болашақ кәсіби маманның өз арманындағы ман­сабын табуға септігі зор. Айта кету керек, тәлімгерлерімнің ара­сын­да жасы үлкен мамандар бар. Олар көбіне тұрақты жұмысы мен қоғамда қалыптасқан ортасы бола тұра, өзінің жанына жақын кәсібін із­деп, маған көмекке жүгінеді. Сон­дай жандарға менторлық жәрдем бере­мін. Олардың қатарында тек мұ­найшылар емес, робототехника, мар­кетинг және басқа сала ма­ман­дары да бар. Жол көрсете отырып, өзім де көп дүниелерді үйренемін. – Қазір уақытын алдын ала жос­­парлап, тіпті алдағы бір­не­ше жылға жоспар құрып қоя­тын­­дар баршылық. Осындай time-менеджмент сізде де бар шығар. Ендеше жоспарыңызды айт­саңыз. – Жоспарым көп. Жақын уа­қыт­та кәсіби менторларға арналған плат­формада өзімнің парақшамды ашып, оқушылар мен студенттерге мен­тор болуды ойлап отырмын. Мек­теп пен университет қабыр­ға­сында жүріп-ақ жастар нақты жос­пар құру арқылы өз жеке кәсіби жо­лына жылдамырақ түссе деймін. Бүгінде өзімнің авторлық мен­тор­лық бағдарламамды дайындау­да­мын. Бұл бағдарламаны кәсіби ме­то­дистердің және бағдарлама жа­сау­шылардың көмегіне жүгініп іске асырамын. Авторлық бағдарлама­ның мазмұнында алпауыт ком­па­нияларға түйіндемені қалай тол­тырып жолдау керек, сұхбаттасу барысында өзіңді қалай таныстыру керек және одан басқа да маңызды тапсырмалар мен кеңестер болады. Бағдарламамды тәмамдаған тәлім­гер барлық қажетті ақпаратты бойы­на сіңіріп, әлемнің кез келген ірі компаниясына қызметке орна­ласа алады. Жеке жоспарларыма ке­летін болсақ, магистратура бөлі­міндегі оқуымды тәмамдап, білікті­лігім­ді арттырғым келеді. Өзімнің кәсіби жолымды одан әрі де мұнай саласымен байланыстырамын. Ең бастысы, мен – бақыттымын! Бақы­тымның бірден-бір себебі – өз ар­ма­нымдағы жұмысымды істеу! – Сұхбатыңызға көп рақмет! Алар асуларыңыз көп болсын!

Сұхбаттасқан Бибігүл Бөкенбай