Жаңалықтар

20 қазан: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

1933 жылы 20 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің негізі қаланды.

Білім ордасының ашылу салтанаты 1934 жылы 15 қаңтарда өтті. Алғашқы кезде университет құрамында физика-математика және биология факультеттері ғана болды. Бүгінгі таңда республиканың беделді оқу орындарының бірі.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі құрылды. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Әкімшілік құрылымына ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлім енгізілді.

1995 жылы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.

1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы Жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес, Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанынан тәуелсіз Қазақстан Республикасының астанасы мәртебесіне ие болады.

2009 жылы Астанада «Қазақ елі» монументі салтанаты түрде ашылды. Тұғыр граниттің төрт қабырғасына көлемі 3,7х6,9 метрлік қоладан құйылған бедербейнелер (барельеф) жасалған. Алғашқысы «Халық және Президент» деп аталады. Монументтің оң жағындағы келесі бедербейне «Қаһармандық» деп аталады. Ал монументтің батыс жақ бетінде орналастырылған «Жасампаздық» бедербейнесінде халқымыздың көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолы көрсетілген. Монументтің шығыс жағындағы соңғы бедербейне «Болашақ» деп аталады.

2011 жылы Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиевтің Қазақстанға ресми сапары аясында екі ел арасында теңіздегі сауда кеме қатынасы туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Аталған шарт – екі елдің теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастығының негізгі құжаты.

2014 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Маврикий Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Милан Джая Нямраджсингх Митарбхан екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынастар туралы бірлескен коммюникеге қол қойды. Маврикий республикасы – Үнді теңізінің оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан аралдық мемлекет. Астанасы – Порт-Луи қаласы. Аумағы – 2,04 мың шаршы гектар.

2015 жылы Астанада Кувейт мемлекетінің Қазақстандағы жаңа Елшілігінің ғимараты ашылды. Ол елорданың Шарль де Голль көшесі, 6 үй көш мекенжайында орналасқан. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1993 жылдың 11 қаңтарында орнатылған.

Бұған ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 1997 жылдың 31 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында Кувейт мемлекетіне жасаған сапары негіз болған.

2017 жылы Ақтөбе қаласында ҚР тұңғыш әділет министрі, белгілі заңгер, ғалым, саяси қайраткер Нағашбай Шайкеновке ескерткіш қойылды. Н. Шайкенов 1947 жылғы 6 наурызда РФ Орынбор облысында туған. 1992 жылы Қазақстанға жұмысқа шақырылған. ҚР Президентінің кеңесшісі, әділет министрі, Премьер-Министр орынбасары болған.

Back to top button