1445
Мұзбалақ Мұқағали
Мұзбалақ Мұқағали
Биыл – Мұқағали жылы. Қашаннан қазаны ортаймаған қазыналы қазақ поэзиясындағы құбылыс, мұзарт шың, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл. Жыл басынан бері ақиық ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған, оның өлмес мұраларын арқау еткен түрлі әдеби, мәдени, рухани шаралар еліміздің мәдениет ошақтарында, оқу орындарында, барлық дерлік ауыл-аудандарында көптеп ұйымдастырылып, өткізіліп жатыр. Мақатаев жылының лайықты қорытындысы оның туған өлкесі – Нарынқол жерінде, Қарасаз ауылында жасалды. Қазан айының алғашқы күндері Мұқағали тойы осы өңірде дүбірлеп өтті. Үш күн бойы Хантәңірі сынды сұңқар биігі, Шарын шатқалы сынды ғажайып табиғат ескерткіші, Шалкөде сынды жасыл жайлауы, Ақбұлақ сынды бал қайнарымен әйгілі әсем өлкені Мұқағали Мақатаевтың асқақ рухы кернеді. Үш күн бойы ән мен жыр бір толастамады, ақынның өлмес өлеңдері көптеп оқылды. Жыл ішінде жарияланған түрлі байқаулар, жыр бәйгелері сәтімен қорытындыланды. Аудан орталығы Нарынқол кентінде ақын ескерткіші бой көтерді.
«ҚАРАСАЗ КӨШЕЛЕРІ»
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім, Жыр жазсам оған, жұртым, елеңдестің. Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас, алайда, өлеңді ешкім! М.Мақатаев
Жалпы М.Мақатаевтың 90 жылдық торқалы тойына дайындықты Алматы облысы өткен жылдан қолға алған екен. Мерейтойды кең көлемде, өз дәрежесінде атап өтуге жергілікті бюджеттен қомақты қаржы қарастырылыпты. Айтулы шараға орай құрылған арнайы жұмыс тобына облыс әкімі Амандық Баталов өзі басшылық етіп, бар жұмысты бақылауында ұстаған. Құрылыс және көркейту жұмыстарына ерекше мән беріп, олардың сапалы атқарылуын қатаң қадағалаған. Соның нәтижесінде Қарасаз ауылындағы ақын музейіне, мәдениет үйіне, А.Барманбекұлы атындағы орта мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аталған нысандар жаңа кейіпке еніпті. Елді мекеннің орталық көшелері, орталық алаңы абаттандырылып, көше шамдары орнатылыпты. Ауызсу жүйесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында республикалық бюджеттен бөлінген 427,1 миллион теңгеге қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр екен. Ауылға кіреберістегі «Жастар саябағы» абаттандырылған. Іргелес Сарыжаз ауылында Райымбек батыр ескерткішінің маңы көркейтіліп, ескерткіш жанындағы су жүйесі жөндеуден өткен, ауылдың орталық көшелері көз тартар көркем қалыпқа келтірілген. Қарасаз ауылында өнер мектебін салу да мерейтой аясындағы маңызды бастамалардың бірі көрінеді. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Биыл аумағы 3 гектар Мұқағали атындағы жаңа саябақтың құрылысы басталған. Құны 374,5 миллион теңгелік жобада концерттік сахна, шағын футбол алаңы, балалар алаңы, воркаут спорт алаңы, аллея, демалыс аймағы қарастырылған. Сол сияқты аудандық әкімдік ғимаратының жанынан шағын саябақ салынып жатыр. Аудандық мәдениет үйінің алдындағы сквер мен орталық саябақ толық абаттандырылған. Міне, ұлы жерлестерінің мерейтойына осындай тас түйін дайындықпен келген қарасаздықтар алыстан ат арылтып жеткен құрметті қонақтарды зор қошеметпен қарсы алды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, Алматы қаласында тоғысып, ақын тойына бет түзеген әдебиет, мәдениет майталмандары, өнер шеберлерінің салқар көшін Қазақстан Жазушылар одағының өкілі, ақын Бақыт Беделханұлы мен М.Мақатаев мерейтойын ұйымдастыру комиссиясының белді мүшелерінің бірі Дүйсен Мағлұмов бастап жүрді. Райымбек ауданына жетер жолда атаулы меймандарды Еңбекшіқазақ, Кеген аудандарының азаматтары ілтипатпен қарсы алып, ізетті құрмет көрсетті. Кең дастарқан басында, дархан дала төсінде шалқыған әсем ән мен келісті жыр, айтылған ақжарылқап лебіздер, көкіректерді кернеген шат-шадыман көңіл күй ақын тойының бөлек мәртебесінің бір көрінісіндей болды. Той шымылдығы ауылдық мәдениет үйінде арнайы дайындалған әдеби-мәдени көркем кешпен ашылды. Алғаш болып сөз алған Б.Беделханұлы «Адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы» (Ә.Кекілбайұлы), Абай, Мағжан, Ілияс, Қасымдардан соң, қазақ поэзиясында бір өзі бір мектеп қалыптастырған ұлы Мұқағалидың өмірі мен шығармашылығына қысқа-нұсқа тоқталып өтті. Содан соң осы мерейтойға орай түсірілген «Қарасаз көшелері» деректі фильмі көрермендер назарына ұсынылды. Жобаның авторы – көрерменге «Ән мен әнші» бағдарламасы арқылы жақсы таныс продюсер, «Қоңыр media group» компаниясының басшысы Сержан Молдасанұлы. Режиссері – Жандос Еспенбетов, композиторы – Ермек Елгезек. Қасиетті Қарасазды бетке алып, жолға шыққан қос жігіт – ақын туған мекеннің төл перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы ұлттық театрдың әртісі Еркебұлан Дайыров пен белгілі сықақшы Олжас Сыдықбектің басты мақсаты – Қарасазда еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Мұқағали жырларын жатқа оқитынын ел ішінде кең тараған қағидаға көз жеткізу. Расында, «Бабалардың баласы – қариялардан» (Мұқағали) бастап, Қарасуға шомылып жүрген қарасирақ балаларға дейін мұзбалақ ақынның өлеңдерін мүдірместен оқи жөнелетіні еріксіз таңғалдырады, сүйсінтеді. Бұл да болса, Қарасаз халқының даңқты жерлестеріне деген, оның шығармаларына деген шексіз махаббаты. Бұл күнде Қарасаз – Махамбеттің Қараойы, Абайдың Қарауылы сияқты, туған халқына Мұқағалидай ұлы дарынды сыйлаған текті топырақ, қасиетті мекен, жоралы жұрт. Ауылдың табиғи келбеті жасандылықтан ада, шынайы берілген фильмнің өн бойына Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндер жібек желі болып тартылған. Бірегей туынды жөнінде ой бөліскен ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақытгүл Айдарова: «Балалық шағымыз Қарасаз, Қарасу өзендерінің бойында өтті. Кинодағы ауыл көріністері, көшелері бізге етене таныс. Фильмде адам мен табиғат, қарапайымдылық пен шынайылық шебер үйлесім тапқан екен», – дей келіп, фильмді түсірген шығармашылық топқа ризашылық білдірді. «Еркін елдің ертеңі» атты жас ақындар арасында жарияланған жыр мүшәйрасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі болды. Жыр әлемінің есігін енді ғана ашқан жас ақындар өздерінің балауса жырларын көпшілік алдында оқып берді. Содан соң Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағанбетова, ерлі-зайыпты Қанат-Айтгүл Құдайбергеновтер, жезтаңдай әнші Өмірқұл Айниязов т.б. бастаған Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әртістері ән мен күйден шашу шашты.«АЛАШ ЖҰРТЫНЫҢ АҚИЫҒЫ»
Жат жерді жастанғанда жазатайым, Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым. …Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын, Қазақтың дәл өзіндей қарапайым. М.Мақатаев
Екінші күнгі іс-шараларға екпін берген, дәл осындай тақырыппен өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияның тізгінін ақын, ғалым, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып ұстады. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет құттықтау сөз сөйлеп, М.Мақатаевтың қазақ әдебиетінде алатын орнына, өзінің шынайы шығармашылығымен халқының зор ықыласына бөленген ақиық ақынның өлмес туындыларының мән-маңызына тоқталды. Жазушылар одағының, барша қауымның атынан ақынның ұлы мен келіні Жұлдыз бен Бақытгүлге, сондай-ақ ақын қыздары Алмагүл мен Шолпанға лайықты сый-құрмет көрсетті. Конференцияда негізгі баяндаманы «Мұқағали» журналының бас редакторы, жергілікті қаламгер Батық Мәжитұлы жасады. Одан кейін алыс-жақыннан келген ақын-жазушылар, маман-ғалымдар кезегімен сөз алып, М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығының қырлары жайында жан-жақты сөз қозғап, ой өрбітті. Атап айтқанда, ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі Атагелді Күлтегін, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қаламгерлер Нұртөре Жүсіп, Жанарбек Әшімжан, белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, ақын Ханбибі Есенқараева, журналист Рысбек Сәрсенбайұлы, ғалымдар Сәмен Құлбарақ, Дүкен Мәсімхан, Жанат Әскербекқызы т.б. өз сөздерінде сан қырлы, мол құнарлы М.Мақатаев поэзиясының асқақ болмысына, биік деңгейіне әр тараптан барлау жасады, баршаға жағымды, жұғымды, «халқының дәл өзіндей қарапайым» өлеңдерінің өміршеңдік сиқырына жұртшылық назарын аударды. Тілші ғалымдар Б.Қалиев пен Ш.Құрманбайұлы «Мұқағали тілінің сөздігі» атты толымды еңбектің орындалуы, басылып шығу тарихымен таныстырды. Халқымызда: «Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген қанатты қағида бар. Небәрі 45 жасында өмірден озған ақиық ақынның арамыздан кеткеніне 45 жыл болса да, қалың бұқараның оған деген құрметі, оның өлең-жырларына деген ілтипаты, бағасы мысқалдай да кеміген емес. Қайта оның шығармаларына деген сұраныс жыл санап артып келеді. Өлең-дастандары, аудармалары жаңа қырынан танылып, түрлі зерттеу нысанына айналды. Аға буын өкілдері тұрмақ, кейінгі буын жастар арасында оның шығармаларын жата жастана, жатқа оқитын, өлең жолдарын үлгі-өнеге ретінде тұтынатын адамдар легі толастар емес. Тегінде, «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын соңында сөз қалдырған» деген сөз осындайда айтылса керек. М.Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар қатарында туған өлкесі Райымбек ауданы мен «Мұқағали» журналы бірлесе отырып, «Білгің келсе, алдымен зертте мені» атты ғылыми-танымдық материалдарға бәйге жариялаған болатын. Ақынның рухани қазынасын ғылыми тұрғыда зерттеуді мақсат тұтқан бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен әдебиетші ғалымдар, жазушылар, сыншылар белсене қатысты. Бәйгені ұйымдастыру алқасы атынан сөз алған оның төрағасы Д.Мағлұмов: «Бәйгеге түскен еңбектер қазылар алқасы тарапынан мұқият сараланды. Мақаланың жаңашылдығы мен ойлылығына, көркемдігіне, көңілге қонатын нақты түйіндеріне жете көңіл бөлінді» дей келіп, бәйге қорытындысын жария етті. Оның жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы сертификаттармен бірге, қомақты ақшалай сыйлықтарға ие болды. Мұқағали Мақатаев атындағы Халықаралық қоғамдық қордың атқарушы директоры Бақытгүл Айдарова өз сөзінде ақынның артында қалған мұраларының жүйеленуі, жариялануы, насихатталуы жайына тоқталды. Бүгінде ел көлемінде М.Мақатаев атында әдеби-мемориалдық музей, әдеби сыйлық, көшелер мен саябақтар, білім беру мекемелері т.б. бар. Бірнеше ескерткіші орнатылған. Жыл сайын ақын өлеңдері бойынша көркемсөз оқу шеберлері байқауы, көрмелер, әртүрлі форматтағы тағылымдық кездесулер, әдеби кештер, шығармашылық сайыстар т.б. өткізіліп тұрады. Ақынның өз даусы жазылған бейне және аудиотаспалар телеарна мен радиолардың архивтерінде сақталған. Ақынның өлең-жырлары үзбей, жеке кітаптар күйінде басылып келеді. Биылдың өзінде ақын шығармаларының 10 томдығы жарық көрмекші. Ақын атына арнайы жасалған төсбелгімен бұрынырақта ақын-драматург Иран-Ғайып, ақын Р.Ниязбеков, ғалым М.Жолдасбеков, жазушы-публицист Б.Ғабдуллин, сыншы А.Кеңшілікұлы т.б. марапатталған екен. Бұл жолы мұндай құрметке арқалы ақын Светқали Нұржан ие болды. Конференциядан соң сахна билігі қайтадан өнер шеберлерінің қолына көшіп, ән мен жыр әуеледі.МҰЗБАЛАҚ АҚЫН ТҰҒЫРЫНА ТҰРДЫ
Мен сені қызғанамын, Қызғаныштан мұз шайнап, Тұз жаладым. Шаңқылдап алдымнан шық, Ана қыран, Алыстан келеді ұшып мұзбалағың... М.Мақатаев
Мерекелік салтанаттың үшінші күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бастаған үкіметтік делегация Хантәңірі мұзбалағының туған жері Қарасазда болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Үш күн бойы есігі бір жабылмаған ақын музейін аралап көріп, оның қорына әйгілі әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов аманаттаған, ақын Светқали Нұржан алып келген ақын қобызын тапсырды. Сол күні аудан орталығы Нарынқол ауылындағы орталық алаңда М.Мақатаевтың еңселі ескерткіші ашылды. Ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақынның ұлы мен келіні Жұлдыз Мақатаев пен Бақытгүл Айдарова, ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері, Парламент депутаттары, ел зиялылары және аудан жұртшылығы қатысты. Қоладан құйылған, тұғыры граниттен соғылған ескерткішті орнатуға облыстық бюджеттен 61,1 миллион теңге қарастырылыпты. Жұмысты мердігер ұйым «Тайқазан» ЖШС атқарған. Ескерткіштің биіктігі – 8,2 метр, авторы – сәулетші А.Рүстембеков, мүсіншісі – Қ.Кәкімов. Қ.Көшербаев: «Мұқағали – қазақ жырының асыл қазынасы. Ол – өткен мен жаңаның арасын жалғаған алтын көпір. Елбасы мен Президенттің бастамасымен ақынның ғасырлық тойын ЮНЕСКО көлемінде өткізуге ұсыныстар дайындалып жатыр. Халқымыздың рухы Мұқағали жырларындай таза, Хантәңіріндей асқақ, Көлсайдай көрікті болсын», – дей келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқып берді. Мұнан соң Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі Атагелді Күлтегін Мұқағали – қазақтың ғана емес, тұтас түркі әлемінің, адамзаттың ақыны екенін атап өтіп, торқалы тойдың рухани мән-маңызын паш етті. Облыс әкімі Амандық Баталов шекаралық аймаққа көрсетілген қолдауларға тоқталды: «Ақиық ақынымыз Мұқағалидың 90 жылдық мерейтойы үлкен деңгейде аталып өтіп жатыр. Президент тойға өз құттықтауын, көпшілікке ыстық сәлемін жолдады. Елбасының қолдауымен 2 ауданды бөлу арқылы Райымбек ауданы қайта құрылып, бүгінде гүлденіп жатқанын мақтанышпен айтамыз. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Қазір шекаралық аумақтағы ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайы жақсарып келеді, қаншама жаңа нысандар бой көтерді, жаңа үйлер салынды. 500-ден астам отбасы Нарынқолға қайта көшіп келді. Екі жарым мың жас туған жеріне оралды. Мұқағалидай ақыны бар қазақ халқы бақытты. Ақынның рухы жас ұрпақты қолдап жүрсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын», – деді аймақ басшысы. Сол күні 50 отбасына жаңа үйдің кілті табыс етілді. Нарынқол ауылында салына бастаған жоспарлы 83 үйдің 33-і бұған дейін пайдалануға берілген екен. Бұл жолы жобаның 3 және 4-ші кезеңдері аяқталып, 50 үй беріліп отыр. Бұдан соң мерейтой орталық алаңда ақынның сөзіне жазылған әндердің гала-концертімен жалғасты. «Жүрегінің түбіне кір жасырмай», қалың қазағымен ағынан жарыла сырласып өткен ақын Мұқағали жырлары ақ-қарасы шендескен аумалы-төкпелі өмірдің қайшылықтары: қуаныш пен қайғыны, сағыныш пен мұңды, ерлік пен өрлікті шынайы да көркем кестелей білгенімен ерекше құнды, алабөтен құрметке ие. Сол ретте жан баласына жаттығы жоқ, жаны жомарт, жүрегі жұмсақ, алапат дарын иесі – ақиық ақын көкірегінен буырқана ағылған жыр жанартаулары ақынжанды халқымызға, өлеңсүйер қауымға таусылмайтын сый, мол сыбаға болып қала бермек. Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені. Мұқағали мұрасы, маржан поэзиясы – болашақ ұрпақтың мәңгілік еншісі, қастерлеп, қадірлей беретін қымбат қазынасы! Мұқағалитанушы ғалым, сыншы А.Кеңшілікұлының сөзімен айтқанда: «Мұқағали поэзиясы ұлттық орбитаға шығып, өзіне лайық орнын алды. Ұлы Абай сияқты енді Мұқағалидың да адамзаттың ақынына айналу ғасыры басталғалы тұр».Жомарт ОСПАН, Нұр-Сұлтан – Алматы – Қарасаз – Нарынқол – Нұр-Сұлтан