Жаңалықтар

Елордада коронавирус жұқтырған оқушылардың саны артты

Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова елордада коронавирус жұқтырған оқушылардың саны артқанын айтты.

«Елорда әлі де «қызыл» аймақта тұр. Күн сайын орта есеппен 200-280 жаңа инфекциялық жағдай тіркеледі. Қыркүйек айында тамыз айымен салыстырғанда сырқаттанушылық көрсеткіші 3,5 есе төмендегені байқалды. Сондай-ақ, осы аптада өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда науқастар саны 8 пайызға артқаны байқалады», – деді С. Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сырқат құрылымы бойынша, жұқтырғандар арасында ересектер саны 79,7% құрайды. Оның 20,3%-ы 30-39 жас аралығында болса, 27,8 % – 40-59 жаста, 20,1% – 18-29 жаста, ал 11,5% – 60 жастан асқандар.

«Қыркүйекте коронавирус жұқтырған балалардың үлесі 16-дан 24,3%-ға дейін, жасөспірімдер – 2,5-тен 5,4%-ға дейін өсті. Ал науқас оқушылардың үлесі 2,3-тен 20 пайызға дейін артқан. Оқу жылының басынан бері коронавирус жұқтырған оқушылар саны 2 232 болған, бұл ауру жұқтырған жалпы халықтың 19,6% және оқушылардың 1 пайызын құрайды. Олардың 642-сі немесе 29%-ы мектепке бармай тұрып ауырып қалған, осылайша оқушылар арасында 1590 жағдай оқу басталған соң тіркелген», – деп атап өтті Сархат Бейсенова.

Спикердің айтуынша, эпидпроцеске қаланың 125 мектебінен 1237 сынып тартылған. Қазіргі уақытта 1526 оқушы сауығып, мектепке оралды және 88 мектептің 303 сыныбы карантин шараларын жалғастыруда.

«Ковидтің ең көп тіркелуі 3-8 сынып оқушылары арасында байқалады. Бұл 963 жағдай немесе оқушылардың жалпы аурушаңдығының 43%-ын құрайды. Жалпы сырқаттанушылықтың 62,6 %-ын жұмыс істейтін халық және 25,4% – ын жұмыс істемейтін тұрғындар құрайды», – деді С. Бейсенова.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/nur-sultanda-koronavirus-zhuktyrgan-okushylar-sany-artty_a3848005

 

Back to top button