Жаңалықтар

Көкшетауда үйдің шатыры құлап, ұйықтап жатқан әжей көз жұмды

Көкшетауда жеке тұрғын үйдің шатыры опырылып, 63 жастағы зейнеткер алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметше, 6 қазан сағат 00:48 кезінде Көкшетау қаласындағы Пионерский көшесінің бойындағы бір қабатты жеке тұрғын үйдің шатыры опырылып түсті. 1950 жылы салынған тұрғын үй апатты деп танылмаған.

«Құлаған шатыр үйіндісінің астынан үй иесі 63 жастағы әйелдің денесі табылды. Ол алған дене жарақатынан көз жұмған. Қазіргі кезде сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деді ведомстводан.

Ақмола облысы полиция департаменті мәлім еткендей, полицияға зейнеткердің 14 жасар немересі хабарлап айтқан. Бала үйдің төбесі құлап, әжесі қайтыс болғанын жеткізген.

Полицияның мәліметінше, екі жыл бұрын үйде өрт болған, содан бері шатыры жөнделмеген. Үйдің шатыры опырылып түскен кезде қария жатын бөлмеде ұйықтап жатқан. Зейнеткер мен екі немересі бірге тұрған. Ал ұлы іссапарда болған. Оқиға жазатайым оқиғалар санатына жатқызылды.

Back to top button