Елімізде өрт кезінде қаза тапқандар қатары 20 пайызға артқан

Қазақстанда өрт салдарынан адамның мерт болу көрсеткіші өскен. Бұл туралы ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті басқармасының басшысы Ерлан Төрегелдиев айтты.

«Жыл басынан бері елімізде 7 515 өрт жағдайы тіркеліп, тіл жаудан 1 018 адам құтқарылды. Өкінішке қарай 251 адам қайтыс болды. Сонымен қоса 217 адам түрлі дәрежедегі күйік алды және уланып қалды. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы өрт саны 7% төмендеген, бірақ оның салдарынан адамның қаза табуы 20%, ал жарақат алу 18% өсіп отыр. Көбіне тұрғын үй секторында жиі орын алады, биыл 4 300-ден астам өрт болды, бұл еліміз бойынша өрт жағдайының 58%», – деді Е. Төрегелдиев.

Сондай-ақ, ТЖМ өкілі өрт қауіпсіздігі бағытында атқарылған жұмыс нәтижесіне тоқталып өтті.

«Соңғы 2 жылда атқарылған жұмыстар әлеуметтік осал топтқа жататын азаматтардың үйлерінде орын алатын өрт санының айтарлықтай төмендегенін көрсетті. Статистикаға сүйенсек, 18 пайызға дейін төмендеген. Мәселен, 2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымында аталған санаттағы үйлерде 354 өрт болса, 2020-2021 жылғы жылу беру кезеңінде барлығы 19 өрт жағдайы тіркелген. Сонымен қатар тұрғын үй секторында адамдардың газдан немесе түтіннен улану көрсеткіші де 28 пайызға азайғаны байқалады», – дейді ол.

Back to top button