Қазір балалар неге тез жарақат алады?

Жақында Орал қаласында саябақтағы аттракционнан бірнеше бала құлап, ауруханаға түсті. «Калейдоскоп» айналмалы әткеншек аяқ астынан істен шығып, кілт тоқтағанда балалар жан-жаққа ұшып, темір жақтауларға соғылған. Олар түрлі дәрежеде дене жарақатымен ауруханаға жеткізілсе, жағдайы ауыр балалар жансақтау бөліміне түсті. Арасында бассүйегі мен қол-аяғы, шынтақ сүйегі сынған балалар да бар. Осы оқиғадан кейін травматолог дәрігерлер дабыл қақты. Қауіпсіздік шараларын сақтаудан бөлек, ата-аналарға үндеу жасады. Әңгімені әткеншектен құлау әлегінен бастап, жығылса да жансақтау бөліміне түсетін балалардың денсаулығындағы кінәраттың себебін сала мамандарынан сұрап көрдік.

Жарақат – сыртқы фак­тор­лардың әсерінен болатын рефлекс. Статистикаға сүйенсек, жа­ра­қаттар негізінен 7-11 жас ара­лы­ғындағы бастауыш мектеп жа­сын­дағы балаларда болады. Қыздардан гөрі ұлдардың 70 пайызы жарақат­та­нады. Травматолог-ортопед маман­дардың айтуынша, балалық шақта жиі жарақаттану себебі – қоршаған ортаның абаттандырылмауы, нем­құрай­дылық, тұрмыста, ойын кезін­де, спортта баланың абайсыз іс-әрекеті. Балалардың жарақат алуына олардың психологиялық ерекшелік­тері де әсер етеді: білуге құмарлық, көп қозғалғыштығы, көңілкүйі, өмір­лік тәжірибенің жоқтығы секіл­ді дүниелер әсер етеді. Ата-ана­лардың міндеті – балаларды қауіп-қатерден сақтау. Өйткені оқыс оқиға ата-ана кінәсінен болады. Балалар трав­матологиясы бөлімінің маман­дары балалардың жарақаттануы олардың даму процесіндегі құбылыс еке­нін айтады. Былтыр ЮНИСЕФ және ДДСҰ-ның денсаулық және қоршаған орта мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы Джоан Вин­сентен еліміздің 8 өңірінде 0-14 жас­қа дейінгі балалардың ата-ана­лары арасында жүргізген сауал­на­маның қорытындысын талқылай келе, 3000 отбасының қауіпсіздік шара­сы бойынша үш түрлі түсінігін алға тартты. Сауалнама нәтижесінде, ата-аналардың 84 пайызы балаларға төнетін қауіптен хабарсыз болса, енді бірі инфрақұрылым сапасын сынайды. Үшінші лек заңнама дұрыс жұмыс істемейді деп күйінеді. Бала­лар травматологиясы төңірегінде де алыпқашпа әңгіме көп. Күн сайын бірнеше баланың жарақат сүйегін таңатын бөлім мамандарының айтар уәжі де бар.
Nagymanov    Болат НАҒЫМАНОВ,
UMС Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының ортопедия бөлімінің жетекшісі:

    Тұрмыстағы түсінбеушіліктен жарақаттанатын бала көп
– Статистикаға жүгінсек, бұрын­ғы­дай емес балалардағы жарақаттану жиі­лігі біршама азайған. Өйткені пан­демия кезінде балалар аулада ой­намай, үйде отырды. Соның әсе­рінен балаларда айтарлықтай дене жарақаты байқалмады. Одан кейін парктер мен түрлі демалыс орындары да жабылып, балаларға төнетін қауіп-қатер 20-30 пайызға азайғанын байқадық. Жарақаттың түрі көп. Десек те, тұрмыстық жарақаттардың өсуін жоққа шығара алмаймыз. Со­ның ішінде күйік жарақаты белең алып тұр. Одан кейін терезеден құ­лап кетуі де жиілеген. Ата-ананың қол көтеруінен немесе түрлі агрессив тұрғыдағы шабуылынан балалар жа­рақаттанған. Дәл осы жағдай барлық өңірде болып, тіркеліп жатыр. Біздің орталыққа келетіндердің дені – тұрмыстағы түсінбеушілік кесірінен туындаған оқыс оқиғалардан зардап шеккен балалар. Тағы бір мәселе ата-ана балалардың қандай деңгейде жарақат алғанын ажырата алмай жа­тады. Мысалы, қолы сынған бал­а­ның жансақтау бөліміне түсу-түспеуі жарақаттың дәрежесі мен күштілігіне және жас ерекшелігіне байланысты. Құлағаны қатты болып, басы жа­ры­лып, тірек-қимыл қозғалысының сүйек­тері сынып жатса ғана жансақ­тау бөліміне жібереді. Соңғы кезде жансақтау бөлімінде дене жарақаты­мен жатқан бала көп деп айта алмаймыз. Алдымен бала жарақат алғанда ата-ана жанынан табылуы керек. Сүйек сынғаны, қол шыққаны белгілі болса, денесін мүмкіндігінше қозғамағаны жөн. Кейбір ата-аналар эмоцияға беріліп, баланы көтеріп алады немесе жұлқылап тастайды. Керісінше балаға ауру сезімін азай­татын дәрі беріп, ыңғайлы жағдайда жатқызу керек. Бұл жедел жәрдем келгенше атқарылуы тиіс іс-әрекет­тер. Шұғыл медициналық көмек көр­сететін орталықтан шалғайдағы тұрғындар үшін зақым келген дене­нің қимыл мүшелеріне картон не­месе ағаш байлап, жарақаттың алдын ал­ған жөн. Ауруды бәсеңдететін дәрі-дәрмек беру керек деп отырған себебім, оқыс оқиғадан бала жарақат­тық шок алып қалуы мүмкін. Бұл да жығылғанға жұдырық болады. Сон­дықтан бірден ауруды бәсеңдететін дәрі берген дұрыс. Тағы бір дабыл қа­ғатын мәселе бар. Соңғы кезде ба­лалар арасында туабітті тірек-қимыл аппараты ақауымен туатын бала саны өсіп келеді. Нақты себебін дөп басып айтпасақ та, жалпы себебі – урбанизация, дұрыс тамақтанбау, күн­делікті тұрмыс-тіршілікте химия­лық заттардың шамадан тыс қол­да­нылуы. Дәрі-дәрмекті де жиі іше­міз. Дәрігердің нұсқаулығынсыз үй жағ­дайында түрлі дәрілерді ішудің сал­дарынан кейін бала сүйегінің үгітілуі, қол-аяқтың ойнамалы шығып кетуі мен оқыс шытынауы секілді кері әсе­рін тигізеді. Әңгіменің бәрі баланың де­не жарақатына байланысты болып жа­тыр ғой, 30 жылдық еңбек өтілі бар ортопед-травматолог ретінде айтарым, баланың аяқкиіміне мән беру керек. Алдымызға түрлі жара­қат­пен келетін баладан қандай аяқ­киім киіп жүргенін сұраймыз. Осы жағдайда ата-ана баласының қандай аяқкиім киіп жүргенінен хабарсыз болып шығады. Ең бастысы аяқты қыспайды, қалыптың ішінде аяқ кең тұрады. Ата-аналар аяқкиімнің орто­педиялық сипатына мән берместен, балаларының ұнатқанын әперуге ты­рысады. Әдемі аяқкиім де әлекке са­латынын ұмытпау керек. Аяғын қыс­паса да, өкшесі орнықсыз болуы мүм­кін. Соның салдарынан баланың та­бан сүйектері шаршап, салмақты кө­тере алмай жатады. Ұрпақ саулы­ғын сақтағысы келетін әрбір ата-ана мамандардың кеңесіне құлақ асуы керек.

«Сүйек жарақатының атасы – сы­нықшы» деген сөз бар. Сы­нық­­шы­лық емі ата-бабадан мұра болып қалған емдеу әдісінің түрі десек те, балалар травматологы Жомарт Сүлейменов медици­на­лық көмекке жүгінгенді жөн са­найды.

Жомарт СҮЛЕЙМЕНОВ,  zhomart suleymenovтравматолог:

 Сынықшының қателігі сабақ болуы керек
– Балалардың жиі жарақат­тануын маусымдық кезеңге бөлуге бо­лады. Әсіресе көктем-жаз айла­рын­да күн жылынысымен далаға шы­ғып ойнайды. Әткеншекке тер­бе­ліп, велосипед тебеді. Тіпті балық ау­лауға барғанда қармаққа ілініп қа­­лып, жарақат алған бала да кез­дес­кен. Одан кейін мектепке баратын мез­гілде балалармен ойнап жүріп, сы­нып ішінде оқыс оқиғаға тап бо­лып жатады. Қыс мезгілінде мұзға сыр­ғанап, аяғын сындырып жатқан бала көп. Осы кезеңдерде ата-анаға мұ­қият болуды ескертеміз. Бала­лар­дағы ең қауіпті жарақат түрінің бір себебі – көлік апатына ұшырауы. Одан кейін терезеден құлап кетуі. Қорғаныш торлардың болмауынан бала қараусыз қалып, арты қайғылы жағ­дайға ұласып жатады. Есіктің жақ­тауына иығын ұрып алса да, ме­дициналық тексеруден өткізу керек. Сүйектің деформациялануы көзге көрініп тұрады. Егер сүйектің өзгерісі байқалған жағдайда бірден дәрігерге барған жөн. Әлі күнге дейін ауыл­дық жерлерде сынықшыға баратын халықтың қарасы көп. Ерте заманнан келе жатқан білгір сы­нық­шылар да бар. Дегенмен сүйек сыну белгілері байқалса бірден рентге­но­логия бөліміне тексерту керек. Жа­қында маңғыстаулық 8 жасар бала­ның оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Велосипед теуіп жүріп қолын сын­дырып алған баланың ата-анасы дәрігердің нұсқаулығынсыз сынық­шыға көрсеткен. Ол сүйекті қатты таңып тастағанынан зақымдалған жер қарсы реакция беріп, жас жет­кін­шек бір қолынан айырылды. Сы­нықшы мен емшіге барып ем алғанда, сынған сүйек әрдайым орнына келе бермейді. Жарақат алған кезде бірден мамандандырылған көлікпен аудан орталығындағы травмотологиялық жарақат қабылдау бөлімшелеріне қарат­қан дұрыс.

Балалардағы дене жарақаты қоз­­­ғалыстың көп болуымен тү­сінік­ті. Осын­дайда «Бала жетіге тол­ғанша жер­ден таяқ жейді» деген ма­қал еске түседі. Алайда терапевт ма­­мандар бала ағзасында жеткі­лік­ті дәрумен­дер­дің болмауы да тірек-қи­мыл қоз­ғалысқа кері әсерін ти­гі­зетінін ай­тады.

fariza terapevt Фариза НҰРЫМБЕТОВА,
терапевт-фармаколог:

                      Ата-ана дәрумен ішу ережесін білмейді
– Балалардағы дене жарақа­ты­ның себебі көп. Солардың бірі – дәру­мендердің жетіспеушілігі. Эколо­гия­лық өзгерістер мен тағам құра­мын­дағы пайдалы нутриенттердің аз­ды­ғына байланысты қазір балаларда дәрумен жеткіліксіздігі жиі байқа­ла­ды. Бұл өз кезегінде жеткіліксіз бол­са, ағза молекулалық деңгейде дұрыс жұмыс істемейді. Баланың бойынан дәрумен жетіспеуін байқау қиын емес. Ең алдымен баланың физика­лық дамуының тежелуі және терісі­нің бозғылттануымен, шаш, тырнақ­тың әлсіздігінен айқын көрінеді. Мы­салы, бой өсуінің төмендеуі, тіс­тердің сынғыш болуы бұл кальцийдің жеткіліксіздігін білдіреді. Кейбір балаларда В12 дәруменінің жетіспеуі фуникулярлы миелоз ауруына шалдықтырады. Сонымен қатар бала­ның инфекциялық ауру­лармен жиі ауруы да микронутриент­тердің жет­кіліксіздігі және иммунды жүйенің нашарлауынан пайда болады. Д дәру­менінің жетіспеуі иммуни­теттің төмендеуіне ықпал етеді. Жал­пы балаға дәрумендерді инди­ви­дуалды мөлшерде тағайындау қажет. Кейбір ата-аналар баласына дәрігер­дің келісімінсіз өз бетінше дәрумен­дер беріп жатады. Бұл дұрыс емес. Кез келген дәруменді бермес бұрын дәрі­гермен ақылдасып, қажет ана­лиз­дерді тапсыру керек. Балалар ішетін дәрумендердің мөлшері ересектерге қарағанда 50-60 пайызға аз. Кез келген дәруменнің балаларға арналған мөлшері болады. Ата-ана­лар балаға дәрумен беру ережесін сақ­тамайды. 1-2 апта ғана ішкен балаға ешқандай дәрумен әсер ет­пейді. Кемінде үзбей алты айға жуық ішуі керек. Жаз маусымы кезінде ба­лалар арасында сүйектің сынуы, қол­дың шығып кетуі секілді жара­қаттар белең алды. Мысалы, сүйек неге сынады сауалына жауап іздеп кө­рейік. Сүйек құрамының 60 пайы­зы – су, 12,5 пайызы – нәруыз тектес ағзалық зат оссеин, 21,8 пайызы – минералды заттар (кальций фос­фаты) және 15,7 пайызы майдан тұра­ды. Оссеин сүйекке серпімді, иіл­гіштік қасиет береді. Жас бала­лардың сүйегінде ағзалық заттардың мөлшері көбірек. Сүйектері иілгіш болатындықтан спорт және балетпен айналысады. Адамның жасы ұлғай­ған сайын сүйегінде ағзалық заттар азайып, минералды заттар көбейеді. Құрамында минералды заты көп сүйек­тер иілгіштік қасиетінен айы­рылып, морт сынғыш келеді. Адам де­несінде 230-дан астам буын бар. Әрбір буынның сырты тығыз дәне­кер ұлпадан түзілген қабықпен қап­талған. Оның қызметі – сүйектердің буын ойығында еркін қозғалуына мүмкіндік беру. Сүйектің бірімен-бірі байланысатын шеті жылтыр, тегіс шеміршекпен қапталған. Қозғалу кезінде шеміршек үйкелісті азайтып, оқыс соққының алдын алады. Сон­дай-ақ кальций мен Д дәрумені де ағзаға ауадай қажет. Өйткені каль­ций сүйектің беріктігін нығайтады. Ал оның дұрыс сіңуі үшін Д дәрумені қажет. Күнделікті өмірде тұтынатын дәрумендерді ішудің қарапайым ережелерін білу артық етпейді.

Балаларда жиі кездесетін дене жарақты туралы балалар нейроп­си­хо­логы Айнұр Алдашованың әлеу­мет­тік желідегі жазбасы көп адам­ның көкейінде жүрген сауалдың жауа­бын бергендей болды. Оның ай­туынша, құлау проблема емес. Тек ың­ғайсыз құлау балаға қауіпті болуы мүм­кін. Сондықтан баланың ірі мо­торикасын дамыту керек. Өйт­кені осы қабілеті жақсы дамыған бала, өзіне төнген қауіп-қатерден де­несін қорғай ала­тын көрінеді. Құ­лап бара жатқанда, ең маңыздысы – баспен түспеу. Алақан, шынтақ, тізе, өкшені тіреп, бас ұрылмайтын әрекет жасау керек. Кірпі сияқты жиырылып қалу адам­ды жазымнан сақтайтын іс-әрекет екен. Нейропсихолог Мөлдір Орын­байқызы баладағы дене жа­ра­қа­ты­­­ның психосоматикасын тар­қа­тып айтып берді.

moldir orynbaykyzy  Мөлдір ОРЫНБАЙҚЫЗЫ, нейропсихолог:

               Шектен тыс өбектеу баланың дамуын тежейді
– Дене жарақаты деп бөліп ал­май, жалпы балалар ауруларының пси­хосоматикасы деп қарастырған жөн. Оның ішіне баланың құлауы мен сүрінуі, дене мүшелерінің жара­қаттануы да кіреді. Өзім де үш бала­ның анасымын. Баламның табанына кірген сүйек, маңдайыма қадалсын деп өбектеп отыратын аналарды да жиі кездестіреміз. Психолог ретінде айтатын болсам, баладағы түрлі сыр­қат пен жарақаттың дені ата-ана та­ра­­пынан жеткілікті көңіл бөл­ме­геннен пайда болады. Бір күні «ауы­рып қалсам» немесе «құлап жара­қат­тансам, анам маған көңіл бөледі» деп бей­саналы түрде бала ойлайды. Құлап-тұруы мен сүрініп-жығылуы қа­лыпты дүние. Шектен тыс ата-ана­ның өбектеуіне үйренген бала бо­лашақта күрделі мәселелерді шеше алмайды. Жоғарыдағы бала қимы­лының ірі моторикасын дамыту туралы мәліметті тарқатып кетейін. Алдымен ұсақ моторикалардан бас­тап үйренген жөн. Солардың бірі – қол моторикасы. Қол жаттығуы ба­ла­ның қимыл-қозғалысынан бөлек, интеллектуалды қабілетін де арт­тырады. Одан кейін құлаған кезде реф­лексия дабылын қағуға әсер етеді. Психологияның мимен жұмыс істеу яғни, нейропсихология саласында жүргендіктен балалармен жаттығу жасаймыз. Қарапайым бір нейро жат­тығуды айтқым келіп тұр. Оң қолы­мыз басты сипап, сол қолды іші­мізге қойып, сағат тілімен уқа­лай­мыз. Бірдей уақытта осы екі қимылды қатар жасап отыру керек. Алғашында миды бағындыру қиын болады. Бірақ көп қимылдағанның нәтижесі же­мі­сін береді. Бұл әдіс бала құлаған кезде абдырап қалмай, өз-өзін сабырға ша­қырып, өздігінен әрекет ету дағ­дысын қалыптастырады. Сәби шақ­тан гөрі 7-10 жас аралығындағы ба­ла­лар оқыс оқиғаға жиі тап болады. Ондай жағдайда ата-ананың басты міндеті – бала жиі баратын орын­дардың қауіпсіздігін назарда ұстау. Балаға қауіпсіз орта жасақталуы керек. Жығылып қалса «Көзіңе қара­майсың ба?» деп дүрсе қоя беру де дұрыс емес. Ол өскенде осы қылығы үшін өзін кінәлі сезінетін болады. Осы қағидалар ата-ананың есінде әр­дайым жүруі керек.

                                                                                                                                                    Дайындаған
                                                                                                                                         Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Back to top button