Салғырттықтан сабақ алатын кез жетті

Қай елде болса да, әскери оқ-дәрі қоймалары − қауіп­­­­­сіздігі қатаң сақталатын ны­­сан. Өйткені оның ел қор­ға­ны­сы мен қауіпсіздігі үшін ерек­ше маңызы бар екені белгілі. Деген­мен соңғы жылдары біздің мем­ле­кетімізде ғана емес, әлемнің көп­теген елінде оқ-дәрі, қару-жа­рақ қоймаларының жарылуы жиі­леп кетті. Мұндай оқиғаның болуына бірнеше себеп бар дейді сарап­шылар. Яғни, сырттан жа­салатын диверсиядан, жарылғыш зат­тармен дұрыс жұмыс істе­меу­ден (бір жерден бір жерге тасу не­месе жою кезінде), сосын қару-жа­рақ, оқ-дәрілерді ұрлап сатып, қыл­мысты жасыру үшін қой­ма­ларды қасақана жарып жіберуден және сирек жағдайда оқ-дәрілер­дің тым көнеріп кетуінен жары­лыс­тар болатыны болжанады. Де­мек, қай-қайсысы да бейбіт өмір сүру­дің шырқын бұзатын әре­кеттер.

Тәуелсіздіктің соңғы жиырма жы­лы ішінде еліміздің әскери оқ-дәрі қоймаларында бірнеше рет жарылыс бол­ды. Атап айтқанда, 2001 жылғы 8 та­мызда Балқаш қаласы маңында, 2009 жыл­ғы 20 наурызда Арыс қаласында снаряд­тарды жоюмен айналысатын ме­кеменің қоймасында, 2009 жылғы 8 шіл­деде Алматы облысы Іле ауданында Қор­ғаныс министрлігінің оқ-дәрі қой­ма­сында, 2013 жылғы 27 тамызда «Қазақ­жарылысөнеркәсіп» АҚ аумағында, 2015 жы­лы Арыста тағы оқ-дәрі қоймасында, 2019 жылы Арыста және осы жылдың 26 та­мызында Жамбыл облысы Байзақ ау­да­нында әскери инженерлік қоймасында. Мұны тек ауызбен санап шығу оңай де­месек, олардың әрбірі әскерилер мен бей­біт халыққа кәдімгідей қауіп төндірді де­сек болады. Ол жарылыстарда 30-дан аса адам қаза тауып, 130-дай адам зардап шек­ті. Бейбіт күнде елімізде осынша шы­ғынға ұшырау біздің әскери саламыздағы жауап­ты адамдардың біліктілігінің тө­мен­дігінен басқа ештеңе емес. Әсіресе, соң­ғы жарылыс халықтың ашу-ызасын туғызды.
Тараз қаласы маңында болған жа­рылыс талай былықты ашып кет­кен сияқты. 28349 әскери бөлім ко­ман­дирінің орынбасары подполковник Рус­лан Жылқыбаевтың айтуы бойынша «Өр­тенген қоймадағы инженерлік оқ-дәрі­лер техникалық сипаттамаларына қа­рай жарылмауы тиіс. Сондықтан әс­кери бөлімнің өрт сөндіру тобы өртті оқ­шаулау туралы шешім қабылдаған». Жа­рылыстан аман қалған екі өртсөн­діру­ші азаматтың куәлік беруінше, өрт сөн­діру қызметі түтеп жатқан қоймаға кел­генде әскерилерден «Қойманың жарылуы мүм­кін бе?» деп сұраған, ал әскерилер «жа­рылу қаупі жоқ» деп жауап берген. Со­дан кейін олар өртеніп жатқан тұсқа су құя бастағанда күшті жарылыс жүз беріп, бірнеше өртсөндірушілер мен әс­кери қызметкерлер қазаға ұшыраған. Кейін анықталғандай, қоймада сақталған тро­тилл жарылып кетіп, адамдардың ажа­лына себеп болған, сондай-ақ тех­ни­калар қирап, жарылыс екпіні жақын маң­дағы ауылдарға жетіп, жүзден аса үй мен кафе, дүкендер қираған.
2019 жылы Арыс қаласында болған жа­рылыста материалдық шығын бол­ған­мен, кісі өлімі аз болғандықтан жұрт оның салдарының ауыр шығынға әкел­мегені себепті жұбаныш тапқандай еді, ал мына соңғы жарылыс бейбіт күнде бұ­рын-соңды болмаған адам шығынын әкеліп, елді үрейлендіріп тастады. Міне, осы­дан кейін Қорғаныс министрлігі жа­нынан ұлттық армияның барлық объек­тісіндегі, бүкіл қоймасындағы оқ-дәрі­лердің сақталу жағдайын тексеретін арнайы комиссия құрылды. Оған Қор­ға­ныс министрлігі Бас инспекциясының бас­тығы, генерал-лейтенант Әмір Ха­лықов басшылық етпек.

admin 2019 07 10 ort 1

Қорғаныс министрлігі Арыста бол­ған өрттен кейін мұндай оқи­ға­ларды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдап, Қарулы Күштерде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін же­тілдіру бойынша арнайы жоспар жасап, елі­мізде алғаш рет оқ-дәрілерге толық түгендеу жүргізіліп, екі сақтау базасының құры­лысы ұйымдастырылған болатын. Солай да болса Мемлекет басшысы бер­ген тапсырманың өз деңгейінде орын­дал­мауы Жамбыл облысындағы оқиғаның себебіне айналып отыр.
Жалпы, Байзақтағы жарылыстан кейін оның себебі не деген мә­селеде талай адамдар пікір білдіріп жа­тыр, оның ішінде қарапайым халықтан бастап әскери лауазымды адамдарға дейін бар. Мәселен, жарылыс болған 28349 әскери бөлім бұрын жұмыс істеген әс­кери ардагер Қамшыбек Тұрлыбаев былай дейді: «Мен өзім бұрын сол әскери бөлімде қызмет еткем. Мү­ге­дектігіме байланысты зейнетке шығып кеткеніме он алты жыл болды. Өрттің себебінен жарылыс болды деп жатыр ғой, отқа мина жарылмайды. Ол үшін дето­нация (сілку) болуы керек. Бұл «подстава» болып отыр. Біреу әдейі от қойған… Өртті көрген әскери күзетші әскери бөлімге телефон соғады, ана жақтағылар теле­фон­ды алмаса, аспанға оқ атуы керек. Со­лай аспанға оқ атудан детонация бо­лып, мина жарылып кетті ме деп ойлап отыр­мын.
Мен бұл әскери бөлімде бөлім бас­тығы болып істегем. Бұдан бір­не­ше жыл бұрын осы әскери бөлімде қару-жарақ жоғалған: 8 автомат, 5 пис­толет, 1 карабин. Содан екі автомат қана та­былды ғой, қалғаны жоқ. Табылмады».
Бұрынғы әскери қызметшінің бұл пі­кірі талай күдікке жетелейді. Жан-жағын әскери күзет қорғап, кірпік қақ­пай бақылап тұрған әскери бөлімнен қару-жарақ жоғалса және ол табылмаса не болғаны?! Демек тәртіп мәселесі ойда­ғыдай болмай тұр ғой. Жарылыс болған кездегі Қорғаныс министрі Нұрлан Ер­мек­баев: «Біз алдын ала болжам бойынша түрлі себептерді жоққа шығармаймыз. Бұл қауіпсіздік талаптарын бұзу, өздігінен жану, химиялық реакция болуы мүмкін. Сондай-ақ қасақана нұқсан келтіру не­месе диверсия болуы мүмкін», – деп еді. Мұндай пікірді Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировта айтты. Демек, Байзақтағы жарылыс – тектен-тек болған жарылыс емес.
2020 жылдың 19 ақпанында Түр­кі­стан облысы Бадам елді мекенінде ор­наласқан 10216 А әскери бөлімінен кіші сержант Балғынбай Абылай түнгі сағат 23.00-де әскери бөлімнен қашып, «өзімен бірге 30 Калашников автоматы мен 27 Макаров тапаншасын және 429 оқ-дәрі алып кеткен» деген хабар тараған еді. Бірақ кейін ол ұсталып, 29 автомат, 28 тапан­ша және екі сүңгі пышақ ұрлағаны бел­гілі болды. Ол бұл қаруларды бірнеше күн бойы ұрлап, оған әскери бөлімдегі екі досы көмектескен екен. Дегенмен 120 мың теңгеге сатылып кеткен қарулар та­былып, әскери бөлімге қайтарылған. Бұл біздің әскери салада қатаң тәртіптің сақталмайтынын көрсетеді. Ал тәртіп болмаған жерде не болмайды? Сондықтан әскери қоймадағы оқ-дәрілер енді жарыл­масын десек, ең алдымен темірдей тәртіп керек!

Еліміздегі әскери саладағы тәр­тіп­тің нашарлығы сондай, тіпті Мем­лекет басшысы берген тапсырманың өзі уақытылы, толық орындалмай жатқа­ны­на қарап Қазақстан Қарулы Күштеріне ре­форма жүргізу керегін байқатады. Мә­се­лен, 2019 жылы Түркістан облысы Арыс қаласының маңындағы арсеналда бол­ған жарылыстан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі барлық оқ-дәрі қоймасын елді мекендерден тыс жерлерге көшіруді және оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін күшейтуді тапсырған еді. Сол қаншалық орындалды? Арыс қа­ла­сындағы оқ-дәрі қоймасынан кө­шіріл­ген жарылғыш заттардың біразы Бай­зақ­тағы жарылыс болған әскери-инженерлік қоймаға әкелінгені белгілі болды. Бы­лайша айтқанда, жарылғыш заттар сақ­тауға арналмаған қоймаға жарылу қаупі жоғары оқ-дәрілер әкелінген. Ал қару-жа­рақ, оқ-дәрі сақтауға арналып жаңадан са­­лынып жатқан қоймалардың құры­лы­сы әлі бітпеген…

Соңғы кезде елімізде қару-жарақ­тың ұрлануына қатысты оқиға­лар­дың жиілеп кеткені де қауіпсіздік ша­раларын күшейту қажет екенін көр­сетіп отыр. Қазақстанда қаруды, оқ-дәрі­лерді, жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдауға бай­ла­нысты қылмыстық құқықбұзу­шы­лық­тар саны жылдан-жылға көбейіп бара жат­қан секілді. Мысалы, 2021 жылғы қаң­­тар-шілде айларында Қазақстанда қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш зат­тарды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдауға байланысты қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысты 874 дерек тіркелген көрінеді. Осы қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар және жарылғыш құрыл­ғыларды ұрлау немесе қорқытып алу бойынша өткен жылы 40 оқиға болса, биыл 13 дерек тіркелген. Қаруды, жарыл­ғыш заттарды сатып алу, беру, өткізу және сақтау мәселесінде ең көп қылмыстық құқықбұзушылық Алматыда болған, яғни, 140 рет сондай оқиға болған. Қару-жарақты жымқырып кету, қорқытып алу Ақтөбе және Алматы облыстарында кө­бірек кездесіп отыр. Ал ондай жағдай Шы­ғыс Қазақстан облысы мен Шымкент­те екі, Жамбыл және Қарағанды облыс­тарында, сондай-ақ Алматы қаласында бір рет кездескен. Басқа өңірлерде реттен тіркелген. Елімізде қару-жарақ мәселесіне қатысты мұншалық қылмыстың өріс алуы алаңдатарлық жағдай. Демек, әс­кери салада күшті бақылау – қатаң тәртіп ор­натпай болмайды деген сөз.

photo 372080

Осыдан он жыл бұрын елімізге та­нымал әскери қайраткер, за­пас­тағы полковник Ким Серікбаев елі­міз­дегі қару-жарақ қоймалары туралы «Мін­дет­ті түрде тексеруден өткізіп тұру қажет деп ойлаймын. Ол үшін арнайы жұмыс жоспарын жасап, қоймалардың көлеміне бай­ланысты жылына екі немесе үш мәр­те, яғни оқтын-оқтын тексеру керек. Қор­­ғаныс министрінің өкілдері қойма­лар­да қанша снаряд тұр, қаншасы жарам­ды, қаншасы жаңа, осының барлы­ғын есепке алуы тиіс. Қазір байқап жүрміз, бейбітшілік уақытында соғыс болғандай, барлық жерде қоймалардың жарылу оқиғалары кездесіп жатыр. Осыған дейін елі­міздегі Қараой және басқа жерлерде мұн­дай жантүршігерлік оқиғалар тір­кел­ді. Мәселен, Ресей, Украина, тіпті анау Бе­ларусьте қоймалардың жарылуы мем­лекетке үлкен зиянын тигізіп жатқанын көріп отырмыз. Адам қаза таппағанымен, экономиканы үлкен шығынға батырды. Сондай-ақ бізде Кеңес үкіметі кезінен қалған проблемалар да шаш етектен. Мәселен, 90-жылдардың басында көп арсенал қалды. Оның барлығын мұқият қарау керек. Қару-жарақтың барлығы іште тұр ма, жоқ әлде, сыртта тұр ма – осы мәселені де жіті реттеу керек. Қазір зор­лық-зомбылықтар, түрлі теріс оқи­ғалар көбейіп отырғанда қару-жарақты сыртқа тастауға болмайды. Міне, осылар­дың барлығын реттейтін Қорғаныс министрлігі жанынан арнайы комиссия құру қажет деп есептеймін», − деген еді. Ал біз маманның сөзіне қаншалықты мән бердік? Содан бері, міне бесінші рет жары­лыс болып отыр…
Қазақстанның әскери саласына қа­тысты бірнеше ірі жемқорлық ісі тәуелсіз елдің абыройына бірнеше рет дақ түсірген-ді. 1999 жылы Қазақстан заң­сыз жолмен Солтүстік Кореяға 30 МиГ-21 жойғыш ұшағын сатқаны мәлім бо­лып, ол халықаралық дәрежеде дау ту­дырған. Дегенмен сол кездегі Қазақ­станның Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге мемлекеттің қатысы жоғын мәлім­деді. Яғни, бұл іспен шұғыл­дан­ғандар Қазақстанның экспорттық ба­қы­лау жүйесін айналып өту арқылы жасал­ған.
2009 жылы 10 сәуірде Қорғаныс ми­нистрі­нің орынбасары Қажымұрат Маер­ма­нов сыбайлас жемқорлық жасады де­ген күдікпен қамауға алынып, оның 82 мил­лион АҚШ доллары көлеміндегі рес­публикалық бюджет қаржысын тиім­сіз жұмсағаны анықталып, 11 жылға бас бостандығынан айырылса, сол жылдың маусымында Қорғаныс министрлігінің құрылыс және әскери қызметкерлерді қо­ныстандыру жөніндегі бас басқар­ма­сы­ның бастығы Әнуарбек Оразалинов мем­лекеттің мүлкін жымқырды деген кү­дік­пен қамауға алынып, 7 жылға бас бос­тандығынан айырылды. Сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университетінің бас­тығы генерал-майор Асхат Шойынбаев «билігін асыра пайдаланғаны үшін» төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Мұны мемлекет қорғаныс саласында жем­қорлықтың етек жаюы деп айыптады.

2016 жылы тамызда Қорғаныс ми­нистр­лігінде тағы да ірі жемқорлық оқи­ғасы анықталды. Бұл жолы Ұлттық қауіп­сіздік комитеті еліміздің Қорғаныс күш­теріне бөлінген бюджет қаржысын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты әшкереледі. Министрліктің материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқар­масы бастығының орынбасары, подпол­ковник Жұмқазиев 20 миллион теңге пара алып жатқан кезінде қолға түсті. Сөй­тіп бұл іске қатысты 11 адамға 2,94 мил­лиард теңгеден астам бюджет қар­жысын жымқырды деген айып тағылды. Сот айыпталғандардың 69 миллион теңге көлемінде пара алғанын анықтады. Олар­дың арасында қорғаныс саласының бұ­рын­ғы қызметкері, Қаржы министрлігінің маманы және пара берген алты кәсіпкер сотталды. Ал подполковник Жұмқазиев қыл­мыстық істің ұйымдастырушысы ре­тінде он екі жылға бас бостандығынан айырылды. Міне, осындай жағдайлардан кейін еліміздің әскери саласында тәртіп бар деп айтуға аузың бармай қалады. Әри­не, еліміздің Қарулы Күштері қата­рын­да өздерінің офицерлік ар-намысына қылау түсірмей, шын жүрегімен Отанға қызмет етіп жүрген офицер көп. Дегенмен елдің басты қорғаушысы, мемлекеттің бү­тіндігін, халықтың тыныштығын күзе­тетін әскери салаға да жемқорлықтың із салғаны өте өкінішті…

Қазір елімізде қандай да бір салада кемшілік кетіп жатса, оны тек біз­де ғана болғандай етіп, қара аспанды жерге түсіріп әңгіме айтатындар толып жатыр. Дегенмен ондай жайлардың тек бізде ғана болмағаны жайында, өзге елдерде де болып жатқаны жайында айта кетсек артық болмас. Әрине, бұл арада біз өзгелердің қасында біздікі ойыншық қой деп «шүкірлік» қылып отырған жоқ­пыз, тек салыстырмалы түрде айту арқы­лы әлеуеті бізден әлдеқайда күшті және тәртібі берік елдердің өзінде бұл мәсе­ле­нің шешімін табуы оңай емесін, сон­дық­тан бізге олардан да артық сақ болу қа­жет­тігін көрсеткіміз келеді.
2008 жылдың 3 шілдесінде Болгария Қор­ғаныс министрлігінің оқ-дәрілерді жою базасының аумағында, ел астанасы София қаласының шетінде Челопечене елді мекеніндегі оқ-дәрі қоймасында өрт пай­да болып, техногендік апат болды.
1 453 тонна оқ-дәрілер сақталған қой­ма­ның жарылысы 2 008 жылдың 3 шіл­де­сін­де таңғы 6.30-да болды, өрт пен жары­лыс бір тәуліктен астам уақытқа созылды. Оқиға нәтижесінде София қаласындағы 2 200 нысанға (мектеп, тұрғын үйлер, коммуналдық бөлмелер және т.б.) зақым келді, жалпы залал шамамен 7,5 миллион леві (болгар ақшасы) болды. Бұл бойынша жүр­гізілген тергеулер нәтижесінде 2014 жыл­дың 13 наурызында София әскери округ­тік соты әскери бөлімінің коман­дирі майор Мирослав Тошев Митов пен бол­гар армиясының тағы екі офицерін заң­бұзушылыққа (оқ-дәрілерді жою ке­зінде жарылғыш заттарды сақтау ере­же­лерін бұзу) кінәлі деп тапты.
2015 жылдың 14 сәуірінде таңғы са­ғат 7-де Болгарияның Пловдив аймағын­дағы Игановодағы оқ-дәрі қоймасында та­ғы бір жарылыс жүз берді. Қуаты 1000 тон­на тротил болған бұл жарылыстан қа­за тапқандар мен жарақат алғандар бол­ған жоқ.
2014 жылдың 16 қазаны мен 3 жел­тоқ­санында Чех Республикасының Злин аймағындағы Врбетице қаласында екі рет оқ-дәрі қоймалары жарылды. Қой­ма­ларда Украинаға қару жеткізетін чех ком­паниясының оқ-дәрілері болған. Жары­лыстар екі адамның өмірін қиды. Жарыл­маған снарядтарды тазалауға кет­кен шығын 1 млрд чех кронына жетті. (16 қазандағы жарылыста №16 қойма­дағы 50 тонна оқ-дәрі 800 метр қашық­тық­қа шашылса, 2014 жылдың 3 желтоқ­санында жарылған № 12 қоймада 100 тонна оқ-дәрі болған. Қойма бірінші жары­лыстың эпицентрінен 1,2 км қа­шық­тықта орналасқан еді). Чехия қауіп­сіздік қызметі бұл жарылыстарды ре­сей­лік арнаулы қызмет адамдары жасаған деп санайды.
Украинада бірнеше рет оқ-дәрі қой­маларында өрт пайда болып, оның соңы жарылыстарға жеткізді. Бірін­ші оқиға 2003 жылы болды. Содан кейін бұл Донецк облысындағы Артемовскіде бол­ды. Кейін Запорожьедегі Новобог­да­новкада, ал бес жылдан кейін − Лозовада қатарынан бірнеше рет жарылыс болды. Соңғы апаттарға Сватово, Балаклея, Ка­ли­­новка, Ичня жатады.
Донецк облысында Артемовскіде, қа­зіргі Бахмутта, жалын жергілік­ті арсеналдың он жетісінің онын жойды. Үш мыңға жуық снаряд жарылды. Екі жүз­ге жуық жекеменшік пен көп қа­батты үйлер зақымданды. Зардап шек­кен­дер жоқ.
Запорожье облысы Ново­бог­да­нов­ка­дағы қоймалар төрт рет жарыл­ды. 2004 жылы Град, Смерч және Ураган жүйе­леріне арналған 90 мыңға жуық оқ-дәрі бірнеше күн бойы ауада ұшты. Снаряд­тардың сынықтары өрттің эпи­центрінен 40 шақырым қашықтыққа дейін шашыраған.
2008 жылдың тамызында Харьков об­лысының Лозова қаласындағы қойма өртенді. Арсеналдың құрамында 95 мың тонна снаряд болды. Өрт үш күнде сөн­дірілді, бірақ оқ-дәрілердің жарылуы тағы екі аптаға созылды.
2015 жылы Луганск облысының Сва­тов қаласында тұрғын үйлерден 300 метр қашықтықта орналасқан оқ-дәрі қой­ма­сына от тиіп, жалпы мөлшері 3,5 мың тон­на оқ жарылды. Үш әскери қызметкер мен бір жергілікті тұрғын қаза тапты. Қорғаныс министрлігінің комиссиясы әскери бөлімнің аумағындағы өрт қой­маның сыртынан қойма аумағына енген сигналдық зымыранның себебінен бол­ғанын анықтады.
2017 жылдың наурызында Харков об­лысындағы Балаклея өрт үлкен ка­либрлі танк пен артиллериялық снаряд­тар сақталатын бірнеше қойма алаңын шар­пыды. Жарылыстан бес адам жара­ланып, екі әйел қаза тапты. Өрт оқ-дәрі­лердің 70 пайызын жойды. Жарылыстар диверсия нәтижесінде болған теракт деп аталды. Өйткені Балаклеядағы қоймадағы жарылыстардан бұрын ұшып жүрген дронның даусы естілген.
Соңғы екі жылда Винница айма­ғын­дағы Калиновка мен Чернигив облысындағы Ичняда қоймалар диверсия арқылы өртеніп, жарылды. Шенеуніктер арсеналдардың өртенуіне өзге елдерді кінәлайды.
2020 жылдың 4 тамызында кешке Ливан астанасы Бейрут портында небәрі 33 секундта екі рет жарылыс болды. Екін­шісінде «Розус» кемесінен тәркілен­ген және 2013 жылдан бері порт аймағында сақ­талған 2 750 тонна аммиак селитрасы жарылды. Жарылыстан 210 адам қайтыс болды, 6 мыңға жуық адам жарақат алды, қала ғимараттарына қатты зақым келіп, 300 мыңға жуық тұрғын баспанасыз қал­ды.
Айта берсек, әлемнің өзге елдерінде де мұндай жарылыстар аз болған жоқ. Тек өзге елдерде осындай оқиға болғаннан кейін «сақтықта қорлық жоқ» деп етек-жеңімізді жинап, сақтықты күшейтуіміз керек еді ғой дейсің. Ал біз өзге түгілі өзімізде болып жатқан жарылыстардан сабақ алып отырмыз ба? Мәселе сонда…
«Қайрай білу − бір өнер, құрсай білу – бір өнер. Ол екеуі болмаса, өз басыңа ті­ленер» деп ақын Мұхтар Шаханов айт­пақ­шы, қарудың болғаны жақсы, бірақ оны дұрыстап сақтап, дұрыстап қолдана алмасаң одан қатерлі нәрсе жоқ. Оны елі­мізде болған бірнеше жарылыс көр­сетті. Ендеше, мұндай қайғылы жағдай қай­таланбауы үшін біліктілікті артты­рып, тәртіпті күшейтпесе болмайды. Әс­кери қоймаларға ие болмау – үлкен шы­ғын ғана емес, елдің абыройына дақ тү­сіретін нәрсе.

Ахмет ӨМІРЗАҚ 

Back to top button