Тәуелсіздік – 30

9 қыркүйекте қандай маңызды оқиғалар болды?

1994 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы үкімет мүшесінің анты туралы қаулы қабылдады.

2002 жылы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында қазақ-өзбек шекарасының жекелеген учаскелері туралы Келісімге қол қойылды. Құжат арқылы екі ел арасындағы шекаралары толық анықталды.

2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Өскемен қаласында мамандандырылған әкімшілік соты құрылып, ол 2005 жылдың 1 сәуірінен өз жұмысын бастады.

2005 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен Екібастұзда Қазақстандағы тұңғыш базалық прокуратура ашылды. Онда Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары прокуратураларының жас қызметкерлері кәсіби дайындық деңгейін көтереді.

2005 жылы Астанада Қазақстанның алғашқы Ұлттық жастар дельфий ойындары ашылды.

Дельфий ойындары – классикалық және заманауи жанрдағы өнердiң барлық түрін бiрiктiретiн мәдени форум. Бұл фортепиано және скрипка, баян және халық билері, эстрадалық ән салу және театр, цирк және фотосурет, плакат және теледидар. Шара аясында Ұлттық ойындар конкурсы 14 номинация бойынша өтті.

2005 жылы Алматыда Балқаш-Алакөл бассейндік кеңесінің алғашқы мәжілісі болып өтті.

Ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті және Қазақстандағы су қорларын бірлесіп басқару және суды қорғау жоспарын әзірлеу жөніндегі БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының техникалық қолдауымен Балқаш-Алакөл бассейні.

ҚР Ауыл шаруашылығы мен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің аумақтық бөлімшелері, Балқаш-Алакөл бассейндік су шаруашылығы және жергілікті төтенше жағдайлар басқармаларының қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан бұл басқосуда Бассейн кеңесін құру туралы шешім қабылданып, оған мүше азаматтардың тізімі бекітілді, кеңестің ережесі мен жоспары қаралды.

2005 жылы Алматыда Қауымдасқан қазақтың Қалдарбегі атты естелік кітабы жарық көрді.

Кітап қазақтың белгілі жазушысы, Қазақтан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығы алқасы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Қалдарбек Найманбаевқа (1939-2004) арналған.

Кітаптың тысында жазушының өз қолымен жазған сөздері келтірілген. Екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімінде Қ.Найманбаевтың саяси, мемлекеттiк және қоғамдық қызметiндегі еңбектері жазылған; екінші бөлімі жазушының шығармашылығына, қазақ ұлттық әдебиетінің дамуына қосқан үлесіне арналған.

Қалдарбек Найманбаев шығармашылық қызметін Лениншіл жас газетінен бастаған. Кейіннен басқа республикалық баспаларда жетекшілік қызметтерін атқарған. Жазушының шығармаларының ішіндегі ең танымал кітаптары: Үміт өткелі, Даңқ тұғырында, Көктөбе, Біз сені тосамыз, Гүлзат, Алыс сапар. 1992 жылы Қ.Найманбаев Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығы алқасының төрағасы болып сайланған және осы лауазымында өмірінің соңына дейін қызмет атқарған.

2009 жылы Астанада 2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының таныстырылымы болып өтті.

Ұсынылған ұлттық жоспар адам құқықтары жөніндегі заңнаманы, адам құқығын қорғаудың жүйесін, сондай-ақ халықтың өз құқықтары тұрғысында қорғану тетігі бойынша нақты қадамдарды қарастыратын топтастырылған бағдарлама болып табылады.

Жоспардың тұжырымдамалық бөлімінде адамның азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқығына қатысты мәселелері талданған.

2011 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Жамбыл, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары күндері аясында ұйымдастырылған көрмеге барды.

Көрмеге Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақтардағы жаңа өндіріс орындары өнімдерінің үлгілері, құрылып жатқан және құрылысы жоспарланған нысандардың жобалары қойылды.

2011 жылы Қарағандыда жаңашыл ақын Қасым Аманжоловтың ескерткішінің және қазақ әдебиеті қайраткерінің 100 жылдығына арналған мерейтойлық шара аясында оның атындағы аллея ашылды.

Мүсін авторы, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Жеңіс Молдабаев. Биіктігі – 7,8 м. Жазушының қолына жазба кітапшасын ұстап тұрған бейнесі бейнеленген.

2011 жылы Санкт-Петербургтегі Ресей ұлттық кітапханасында Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшілік, келісім және жасампаздықтың 20 жылы және Ленинградтық өрендерім! Жамбыл Жабаевтың 165 жылдығы мерейтойлық кітап-иллюстрациялық көрмелері ашылды.

2012 жылы Уфада ТҮРІКСОЙ-ға мүше елдер мәдениет министрлерінің Тұрақты Кеңесінің отырысында 2013 жыл қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың және қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың Жылы деп жарияланды.

Мұқан Төлебаев (1913-1960) – композитор, КСРО халық әртісі, ҚазКСР-ға еңбегі сіңген өнер қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Алматы педагогикалық училищесінде, Мәскеу консерваториясының жанындағы Қазақ опера студиясында білім алған. Төлебаев – қазақ музыкасы майталмандарының бірі, барлық музыка жанрларында үлкен мұра қалдырған, қазақ музыка мәдениетін жаңа белеске көтерген әйгілі ұлттық композитор. Ол – Амангелді операсының (Е.Г. Брусиловскиймен бірге), ҚазКСР Мемлекеттік Әнұранының (Е.Г. Брусиловский және Л.А. Хамидимен бірге) авторы. Оның Біржан мен Сара операсы қазақ опера музыкасына қосқан елеулі үлесі болды. Композитор оркестрлік және камералық туындыларды, 50-ден астам әндер мен романстарды беріп, халық әндерін өңдеді, М. Әуезов атындағы Қазақ драма театрының спектакльдеріне және фильмдерге музыка жазды.

Шыңғыс Айтматов (1928 – 2008) – қырғыз жазушысы, кеңес әдебиетінің классигі, әлемдегі 170-тен астам тілдерге аударылып, 60 миллионнан астам тиражбен басылған философиялық романдар мен повестердің авторы.

Айтматовқа Ғасырдан да ұзақ күн (Боранды бекет), Жан пида, Кассандра таңбасы, Жәмила романдары даңқ әкелді. Әдеби қызметтен тыс, Айтматов Қырғызстанның Бенилюкс елдеріндегі елшісі де болды.

2013 жылы Қытай Халық Республикасы Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында бейбіт мақсатта ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.

2014 жылы Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Иран Президенті Хасан Руханидің қатысуымен Қазақстан-Иран бизнес-форумы басталды. Оның аясында көптеген екіжақты құжаттарға, атап айтқанда, геология, металлургия, агроөнеркәсіп кешені, логистика, туризм және құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларынан асатын келісімдерге қол қойылды.

2014 жылы Astana Opera Мемлекеттік опера және балет театрында Х Азия нейрохирургтары конгресі салтанатты түрде ашылды. Оған әлемнің 50 елінен келген 600-ден астам шетелдік делегаттар қатысты.

2015 жылы Астанада балаларға арналған екі томдық Тәтті алма әдеби шығармалар жинағы мен www.tattialma.kz сайтының тұсаукесері өтті. Жобалар ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен, оның Жібек жолы Бейбітшілік сыйлығына гонорар ретінде алған қаржысына жүзеге асырылды.

2016 жылы Шығыс Қазақстанның Қатонқарағай ауданында Патшалар алқабындағы ежелгі қорғанның үстіне айналы саркофаг орнатылды. Енді ол ашық аспан астындағы мұражайға айналды. Шыңдалған айнадан жасалған саркофагтың ауданы 90 шаршы метрге жетеді.

Back to top button