Жаңа жолдау – жаңа бағыт-бағдар

Нұржан Жетпісбаев, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының жетекшісі:

–Жолдаудың негізгі басымдықтарын белгілей отырып, Мемлекет басшысы барша қазақстандықтың әл-ауқатын жақсарту – оның Қазақстан Президенті лауазымындағы басты мақсаты екенін атап өтті. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Мемлекет басшысы бес негізгі бастаманы ұсынды. Олар: ең төменгі жалақы мөлшерін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ағымдағы 42,5 мыңнан 60 мың теңгеге дейін ұлғайту; соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің пайдасынан 60 пайызға артта қалған еңбекақы төлеу қорын арттыру; еңбекке ақы төлеу қорына жүктемені төмендету; бюджет саласы қызметкерлерінің бірқатар санаттарының жалақысын 20 пайызға арттыру; зейнетақы жинақтарының бір бөлігін кейіннен тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы банкіндегі» шотқа жеткіліктілік шегінен жоғары аударуға рұқсат ету.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында көрсетілген индикаторлар мен іс-шаралар Президенттің бүгінгі Жолдауына сәйкес келетінін атап өту қажет.

Сондай-ақ Президент орта білім беру жүйесінің өзекті мәселесі мектептерде орын жетіспеушілігі болып отырғанын атап өтіп, жаңа 1000 мектеп салу туралы тапсырма берді. Осы орайда, 2025 жылға қарай, «Nur Otan» партиясының Жол карталарына сәйкес, 800 жаңа мектеп салу есебінен апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түпкілікті шешу, шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 5 мың мектепті жаңартуды жоспарланып отыр.

Сонымен қатар мемлекет басшысы өз сөзінде «Ғылымды дамыту – аса маңызды басымдық» деп атап өтті. Бұл ретте, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының шеңберінде жас ғалымдарға жыл сайын 1000 грант бөлінетін болады.

Мен Президенттің мемлекеттік аппарат бірыңғай тетік ретінде жұмыс істеуге міндетті және жұмысты орындай алмайтын және ел басшылығының тапсырмаларын орындаудан жалтарған барлық лауазымды тұлғалар қызметінен кетуі керек деген пікірімен толық келісемін.

Back to top button