2122
Петропавлда үш туысын пышақтаған ер адамға сот үкімі шықты
Петропавлда үш туысын пышақтаған ер адамға сот үкімі шықты
Петропавлда үш туысын пышақтап, тағы екеуінің өміріне қастандық жасаған 30 жастағы ер адамға сот үкімі шықты.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың шешімі бойынша «Өлтіру» және «Өмірге қастандық жасау» баптары бойынша айып тағылған 30 жастағы Бекболат Ғабдуллин өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Қайғылы жағдай наурыз айында Петропавлда болды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, алматылық Бекболат Ғабдуллин 9 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан Петропавлға туыстарының үйіне қонаққа келеді. Ер адам еш жерде жұмыс істемеген. Құмар ойынға салынып, қарызға белшеден батқан екен.
«Жәбірленушілердің айтуынша, Ғабдуллин үй ішін аралап, үйдегі құнды заттарға қызығып, туыстарын тонамақ болған. Үй иелеріне пышақпен ұмтылғанда да маған ақша керек деп айқайлаған», - дейді істі қараған судья Сергей Викторенко.
10 наурыз күні Ғабдуллин араққа сылқия тойып келіп, сағат 02.30 шамасында шабуылын бастаған. Алдымен немере інісін темекі шегейік деген сылтаумен шақырып алып, арқасына бірнеше рет пышақ сұққан. Жігіт көмекке шақыру үшін екінші қабатқа әжесінің бөлмесіне жүгіреді. Ондағы телефон арқылы қарама-қарсы тұратын туыстарына телефон соғып, есінен танып қалады. Ғабдуллин оның артынан жүгіріп кіріп, ұйқыдағы қарияны да пышақтайды. Кейін 48 жастағы тәтесіне де пышақ сұғады.
«Сотталушының жасаған қылмысы өте ауыр болғандықтан сот оны қоғам үшін қауіпті деп таныды. Сол себепті Ғабдуллин өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді», - дейді Сергей Викторенко.
Сондай-ақ Ғабдуллиннен жәбірленушілердің пайдасына 14,8 млн теңгеден астам материалдық және моральдық шығын өндірілді.