«100 мың АҚШ долларын аудардым»: Қазақстандық әншінің қызы шетелдік алаяқтарға алданып қалды

Елге танымал дәстүрлі әнші Ұлжан Айнақұлованың қызы Әсем Айнақұлова виртуалды алаяқтарға алданып қалды. Әлеуметтік желідегі танысудың соңы тақырға отырғызған. Бұл туралы әнші өзінің инстаграм парақшасында жазды. 

– Үш ай бұрын әлеуметтік желі арқылы шетелдік азаматпен таныстым. Онлайн сөйлесіп жүрдік. Анамның алдынан өтіп, отбасын құруды да жоспарладық. Қазақстанды көргісі келетінін де айтып қалды. Бірінші некеден туған ұлыммен де тез тіл табысып кетті. Өзінің айтуынша, кәсібі – бизнес саласы. Ол үнемі шетелдік инвестициялық компанияның платформасы арқылы табысты көбейтуге кеңес беретін. Сол іске мені де қызықтырып, басында аз ақша салдым. Бірде халықаралық платформа арқылы криптовалютаға үлкен ақша аудардым. Кейін көлік пен екі пәтерімді сатып, ақшасын аудардым. Осы күнге дейін 100 мың АҚШ долларын аударыппын. Бизнес-аккаунтымның шотына қомақты ақша жиналған кезде алайын десем, «салық төлеңіз» деп операторлар хабарласа берді. Black Rock деп аталатын платформа ақшаны қабылдайды, бірақ бермейді екен. Шикіліктің барын сезгеннен кейін, жігіттің өзін зерттей бастадым. Сол кезде барлығы белгілі болды. Профилінде тұрған фото қытайлық актер жігіт болып шықты. Ал сөйлесіп жүрген «жігітім» басқа кісі. Бәрі анықталғанымен, тым кеш еді. Қазір анам мен ұлым үшеуіміз пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Осы күнге дейін жинаған барлық дүние-мүліктен айырылдық, – дейді әнші.

Әсем вертуалды алаяқтардан зардап шеккен жалғыз адам емес екенін біледі. Бейтаныс жігіттің парақшасын жариялап, алаяқтардан сақтануға кеңес берді.

 

 

Back to top button