Италияның әлемге белгісіз ақыны

Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары еліміздегі бәйге атаулының әділетті өтпегенін талай рет көріп, сыйлықтардан көңіліміз суып, етіміздің өліп кеткені ешкімге де құпия емес. Сондықтан амалын тауып, мемлекеттік деңгейдегі ірі марапаттарды әдебиеттегі жолбикелер еншілеп кетіп жатса таңғалмақ түгіл, оған түк мән бермейтін болып алдық. Өкінішке қарай, мұндай келеңсіздіктің әлемдік беделі асқақтап тұрған Нобель комитетінде де оқтын-оқтын болып тұратыны қалыпты құбылысқа айналды. Осыған орай Швед академиясы таңдаған лауреаттардың әдебиетші қауымның сын нысанына айналғанына қай заман. Біреулер беделі күшті академияны нағыз жазушыларды елемей, саяси себептерге орай оқырмандарға аса танымал емес авторларды таңдайды деп айыптайды. Екіншілері, сарапшылардың көбінесе ағылшынтілді әдебиеттің өкілдеріне бүйрегі бұрып тұратынын айтып, Нобель комитетінің академиктерін жазғырып жатады. Үшіншілері Нобельдің қалдырған өсиетіне қарамастан, әдебиет саласындағы сый­лықтың кей кездері сөз өнеріне еш қатысы жоқ адамдарға беріліп кететініне нара­зылық білдіріп жатыр. Бүгінде Швед академиясының шығарған ше­шім­деріне қарсы қалың оқырманның наразылығы толастаудың орнына, жыл өткен сайын өршіп, күшейіп барады. Дегенмен Нобель комитетінің оқыр­ман пікірімен санаспауы – кенеттен пайда болған тосын жағдай емес, ға­сыр басынан бері жалғасып келе жатқан қалыпты құбылыс.

1906 жылы әлем оқырмандары Швед ака­демиясының әділетті шешім шы­ғара­ты­нына сеніп, ендігі Нобель сыйлығын әлем мойындаған ұлы суреткер Толстойға береді деп үмітін үкілеп отырды. Алайда Ресей ғы­лым академиясының оны өзіне әперуге әре­кет жасап жатқанын біліп қалған Толстой 1906 жылдың 7 қарашасында жақын танысы, фин жазушысы әрі аудармашы Арвид Ярне­фельдтке хат жазып, осы сыйлықтың өзіне беріл­меуін сұрап, өтініш білдіреді. «Егер сыйлық маған беріліп қалса, одан бас тарту ма­ған ыңғайсыздық туғызар еді», – деп жа­зады «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясының ав­т­оры. Ярнефельдт хатты алған соң Толс­той­дың тілегін орындап, оны Нобель коми­те­тіне жеткізеді. Осылайша 1906 жылы әде­биет саласындағы әлемге әйгілі марапат ита­лия ақыны Джозуэ Кардуччиге берілді.
Джозуэ Кардуччидің есімі де, шығар­ма­лары да бүгінде жаһан поэзиясын зерттеп жүр­ген арнайы мамандарға болмаса, қалың оқыр­манға беймәлім. Шындығын айтсам, өз ба­сым Кардуччи есімді ақынның өмір сүр­генін естігеніммен, ғасыр басында Нобель сый­лығын алғанын білгеніммен, бірде-бір жыр жинағын кітап дүкендерінен кездес­тір­ген жоқпын. Беделді сыйлықтың лауреаты еке­ніне қарамастан, қазір оның аты-жөні де, туын­дылары да аса көп айтыла қоймайды. Шығармаларын талдаған ірі зерттеулер көзімізге түспегенімен, ақын өлеңдерін орыс тіліне италия поэзиясының білгірі Евгений Солоновичтің тәржімалағанынан хабарым бар. Сонымен бірге, Кардуччи жырлары поэзия антологияларында бірнеше мәрте жа­рық көрді. Әрине, мұндай жетім мәлі­мет­тер ақын шығармашылығын жан-жақты біл­­­гісі келген оқырманның ашқарақ көңілін қа­нағаттандыра алмайды. Дегенмен мен мұн­дай мәлімет тапшылығын, рухани мұра­сы бай италия әдебиетінің емес, сол ұлы ха­лық­тың сөз өнеріне аса мән бермеген сын­шы­ларымыздың кемшілігі деп есептеймін.
Италия поэзиясы жөнінде әңгіме ай­тыл­ғанда біздің бәріміздің де қайта өрлеу дәуі­р­і­нің ұлы шайырлары Данте мен Петрар­ка­дан басқа ешкімді де есімізге түсіре алмай қи­налатынымыз жасырын емес. Жиыр­ма­сыншы ғасырда Италияның 16 азаматы түрлі саладан Нобель сыйлығының лауреаты атан­ды. Солардың алтауы бұл атақты мара­патты әдебиет саласынан еншіледі. Атап айтсақ, олар біз бүгін шығармашылығын тілге тиек еткелі отырған – Джоузэ Кардучии, 1926 жылы оны иеленген – жазушы Грация Деледда, 1934 жылы атақты марапатты алған драматург Луиджи Пиранделло, 1959 жылы Нобель сыйлығын алған ақын Сальваторе Ква­зимода, 1975 жылы Италияның тағы бір ақыны Эудженио Монтале, 1997 жылы драматург Дарио Фо әлемге әйгілі құрметтің қошеметіне бөленіп, өз ұлтының мәртебесін бір көтеріп тастады. Міне, осы деректің өзі Ита­лия әдебиетінің осал емес екеніне көзі­мізді жеткізе түскендей. Сондықтан Ресей отаршылдығының қыспағында қалып, бір ғасырға жуық уақыт бойы жаһан мәдениетін тек сол халықтың әдебиет зерттеушілерінің ең­бектерінен ғана оқып өскен біз шын мә­ні­сінде әлі көп нәрседен бейхабармыз. Еуропа тілдерін жаңғақша шағатын, шет елде білім алып жатқан жастарымыз келешекте біздің көзімізді ашып, Италияның ұлы әдебиетін бізге қайта таныстырады деп үміттенемін.
Әділіне жүгінсек, ХІХ ғасырдың екінші жар­тысындағы италия әдебиетін Джозуэ Кар­дуччидің жырларынсыз көз алдыңа елес­тету әсте мүмкін емес. Замандастары ита­лия­лық шайырдың әдеби беделіне құрметпен қарап, адамгершілік өнегесінен үлгі алды. Кардуччи шығармашылығында азаматтық ли­рикаға да, елінің тарихы мен оның өкіл­дерінің тағдырына қатысты ойларға да, адам мен мәңгілік табиғат рухының үйлесіміне де орын болды.
Джозуэ Кардуччи 1835 жылғы 27 шілдеде Италияның табиғаты тамылжыған өлкесі Вер­силияда дүниеге келді. Бала күнінен әде­биет пен тарихқа деген қызығушылығы оян­ған ол Пизанск университетіне оқуға түсіп, филологиялық білім алып шығады. 1860 жылы Болон университетінде кафедра басқарып, өмірінің соңына дейін онда дәріс берді. Ақынның «Өлеңдер» деп аталатын тырнақалды туындысы 1857 жылы жарық көрді. Жастықтың буымен аңғалдық жасап қойып, қарызға белшесінен батқан Джозуэ шығармашылықпен айналысу арқылы мол ақша тауып, одан құтылуды мақсат етті. Жас ақынның көптеген жақсы өлеңдері 1860 жылы оқырман қолына тиген «Жастық жырлары» деп аталатын келесі жинағына енді. Бұл жинақта Данте мен Петраркаға еліктеп жазған махаббат лирикасы да, арнау өлеңдері де, елінің даңқты тұлғаларына арналған азаматтық лирикасы да болды. Италияның бірлігі үшін күреске үн қосқан ақын қаламынан «Сицилия мен төңкеріс» сияқты шығармалар туды, ұлт-азаттық қоз­ғалысының екі тобына жатқанымен, тағ­дырдың жазуымен бір тудың астында соғысқан Виктор Эммануил мен Гарибаль­диді мадақтады. 1867-1879 жылдары жаңа жинағы оқырман қолына тиді. Ақынның одан кейінгі жылдары да табысты болып «Жаңа ұйқастар», «Жабайы одалар», «Ұйқас пен ырғақ» сияқты бірнеше жыр жинақтарын ха­лыққа ұсынды. Кез келген лирикалық ақын сияқты Кардучии да табиғат тақыры­бына назар аударды. Жыр жинағына енген «Жабайы орманда» деп аталатын өлеңінде ақынның алғашқы лирикасына тән көңіл күйдің ағымы анық сезіледі. Онда жабайы табиғат пен бүлікшіл тұлғаның мінезі айқын көрініс тапқан.
Кардуччидің өзі де табиғатынан бос­тан­дық пен дербестікті бәрінен биік қойып, жо­ғары бағалаған, жеке және қоғамдық өмір­дегі еркіндікті шектейтін кедергілермен күрескен бүлікшіл ақын болатын. Жыр сү­лейі ештеңені жасырмай, бәрін жайып сала­тын. Міне, осы мінезіне тән сипаттардың бәрі де ақынның «Сайтанның әнұраны» деп ата­латын туындысынан көруге болады.
Бұл шығармасында бас кейіпкер кү­рес­кер-бүлікші ретінде сипатталған. Көркем туын­дыдағы Сайтан ол – жұмақтан қуылушы емес, Иегованы жеңген жеңімпаз. Сайтанның бойында адамсүйгіштік қабілет пен ғылыми күмән басым. Ал ғылымға деген күдік бол­ма­са, мәдениеттің прогресі болуы да неғайбіл. Ақын шығармасында Сайтан – техникалық прогрестің ғажайыбы мен символы болып табылатын паравоздың бейнесімен салыс­тырылады.
Ақынның бұл шығармасы за­ман­дастары­ның арасында түрлі пікір туғызып, жұрттың көбі Сайттанның жағымды бейнесіне үрке қарады. Кардуччи болса қызу пікірталасқа түсіп кетіп, өз ұстанымының дұрыс екенін дә­лелдеуге тырысты. Ақын поэзиясында бас­қа да бүлікшілер – Прометей мен Мартин Лютердің образдары да кездеседі. Соңғысын ол қарама-қайшылықты тұлға ретінде сурет­тейді. Бір жағынан біз оның бойындағы өз идеалының дұрыстығы үшін мойымайтын күрескерлігіне тәнті болып, екінші жағынан әлем­ге қарсы шыққан тұлғаның әлсіздігі мен кү­дігін көреміз.
Кемеліне келген шағында Кардуччи поэ­зия мен табиғат бір-бірімен гармониялық үйле­сімде өмір сүрген, адамзаттың көктемі болып саналатын Ежелгі Элладаның бейнесін жырлауға қызығушылық танытты. Ақынның «Эллин көктемі» деп аталатын үш өлеңі бар. Онда ол дүниені түлете алатын табиғаттың құдіреттілігін жырлайды. Өлеңнің образдық жүйесінде әсемдік пен ақындық символика әдемі үйлесімділік тапқан. «Өгіз» және «Сан Мартино» деген өлеңдерінде Кардуччи туған елінің тамылжыған табиғатына тамсана тү­сіп, қарапайым ауыл өмірі мен оның адамға сый­лайтын қуанышын жырлайды.
Натурафилософиялық және махаббат лирикасымен қатар ақынның толысқан ша­ғында туған шығармашылығында азаматтық, сая­си лирика да кездеседі. Мысалы, 1877 жы­лы ол «Терм Каракалла жанында» деген ода жазды. Бұл туындысында ақын ежелгі рим сәулетінің ұлы ескерткішіне қарап оты­рып, өткені мен бүгіні туралы терең ойға ба­тады. Италияның кешегі тарихы мен бүгін­гі ахуалын салыстырады. Ақын көзіне өткен заманның адамдары бүгінгі күннің өз ба­баларының ұлылық қасиеттерін жоғалтып алған пенделерімен салыстырғанда алып болып елестейді. Өткен күндердің ерлігі ту­ралы естеліктер Кардуччидің ақындық әле­мінде бүгінгі күннің шындығымен салыс­тырылады. Барлық жан-тәнімен өркениетті елдердің арасынан өзіне лайық орнын алып, біртұтас Италияны аңсаған патриоттардың ерлігіне тамсанған ақын өзін қорланғандай сезінеді. Өйткені, италиялықтар өздерінің көптеген ұлы мақсаттарына ұрыс алаңында көр­сеткен ерлігімен емес, түрлі саудаласу мен келісімпаздықтың арқасында қол жет­кізді. «Италия, сен мемлекет бола алғаның­мен, жаның ұсақталып кетті» деп қайғырады ақын сол жылдары жазған жырларының бірінде.
Өмірінің соңына дейін Кардуччи өз Ота­нын ерекше сүйіп, еліне, жеріне деген адал махаббатынан айныған жоқ. Замандастары Кардуччидің поэзиясын өте жоғары баға­ла­ды. Бірақ ақын өлеңдерін қабылдай алмай, оған сын айтушылар да табылды. Тағдырдың тауқыметін де, түрлі қиындықтарды да көріп, табалаған дұшпандарына лайықты жауап та бере білді. Оның поэзиясы дәуірдің өзіндей сан қырлы әрі қарама-қайшылықты болды. Уақыт өте келе ол хрестоматиялық ақынға ай­налды, оның өлеңдерін оқушылар жаттап, поэзияның жұмбағын іздеген талай ғалымдар Кардуччи шығармашылығының қыры мен сырын зерттеді.
Джозуэ Кардуччи 1907 жылдың 16 ақ­панында дүние салды. Ақынды соңғы са­парға шығарып салуға екі жүз мыңнан астам адам жиналды. Міне, осыдан-ақ Италия хал­қының өз ақынын қалай мақтаныш тұ­тып, ерекше құрметтегенін көруге болады.

1906 ЖЫЛЫ ӘДЕБИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ НОБЕЛЬ
СЫЙЛЫҒЫН АЛУҒА ҮМІТКЕР БОЛҒАН ҚАЛАМГЕРЛЕР:

1. Хьюстон Стюарт Чемберлен (1855-1927) – ағылшын-неміс жазушысы, әлеуметтанушы, нәсілшілдіктің негізін салушылардың бірі.
2. Луи Франк (1868-1937) – бельгиялық жазушы, заңгер, саясаткер және мемлекет қайраткері
3. Уильям Бут (1829-1912) – ағылшын уағызшысы, Құтқару әскерінің негізін қалаған генерал.
4. Джордж Мередит (1828-1909) – Викториан дәуіріндегі танымал ағылшын жазушысы.
5. Джон Морли (1838-1923) – ағылшындардың әкімшілік қайраткері, тарихшы.
6. Льюис Моррис (1833-1907) – ағылшындардың танымал ақыны. Нобель сыйлығына алты рет ұсынылған.
7. Алджернон Чарльз Суинберн (1837-1909) – ағылшындардың танымал ақыны, өз заманында Англияның ең атақты шайыры болып мойындалған.
8. Герхарт Гауптман (1862-1946) – әлемге әйгілі неміс драматургі. 1912 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алды.
9. Георг Моррис Кохен Брандес (1842-1927) – даниялықтардың танымал әдебиет зерттеушісі, публицист, натурализмнің теоретигі.
10. Анджело де Губернатис (1840-1913) – италияның танымал ғалымы.
11. Антонио Фогаццаро (1842-1911) – италия жазушысы, ақын, саясаткер.
12. Толстой Лев Николаевич (1828-1910) – әлемге танылған орыс жазушысы. «Казактар», «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» атты атақты романдардың авторы. Адамзатқа танылған талай қаламгерлердің шығармашылығына қатты әсерін тигізген. Жазушының шығармашылығы туралы мыңдаған мақала, жүздеген зерттеу жазылды. Шығармаларының желісімен көптеген фильм түсірілді.
13. Борден Паркер Боун (1847-1910) – америкалық философ, профессор.
14. Гастон Буасье (1823-1908) – француз тарихшысы, Ежелгі Рим мен көне дәуірдегі христиандардың тарихы туралы көптеген еңбектің авторы.
15. Альбер Сорель (1842-1906) – француз тарихшысы, Француз академиясының мүшесі.
16. Ярослав Врхлицкий (1853-1912) – чех ақыны, драматург, аудармашы.
17. Педро Пабло Фигероа (1857-1906) – чили жазушысы.
18. Йозеф Виктор Видман (1842-1911) – швейцариялық жазушы, журналист, әдебиет сыншысы.
19. Сельма Лагерлёф (1858-1940) – швед жазушысы, 1909 жылы Нобель сыйлығын иеленді.

Амангелді
КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Back to top button