Тергеу басталды: 33 мың АҚШ доллар пара алған шенеунік ұсталды

Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялы-инновациялық даму басқармасының басшысы мен мердігерлік ұйым басшылары аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілініп, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алматы облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мамандары тергеу жүргізіп жатыр.

Басқарма басшысы жауапкершілігі шектеулі серіктестікті нысан құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы деп «таныған». Сатып алу шартының құны 666 млн теңге болса, соның 15%-ын, «кері қайтару» ретінде алдын ала келісілген 90 млн теңгеден 33 500 АҚШ доллары сомасында пара алуда күдікке ілінді.

Ең бастысы, бұл нысан «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаражатқа салынған.

«Лауазымды тұлға, мердігер ұйымның құрылтайшысы мен директоры аса ірі көлемде пара алуға қатысты деген күдікпен ұсталып, Алматы облысының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі талқыланып жатыр. Тергеу жалғасуда. Қылмыстық істі жүргізу кодексінің 201-бабын бойынша тергеу мүддесіндегі басқа да мәліметтер жария етілмейді», – деп жазды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Back to top button