Жағажайдағы жастар кеші: аудан әкімі жазаланды

Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек ауданы әкіміне сөгіс жарияланды. Бұл туралы облыс басшысы Ғали Есқалиев коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі жедел штаб отырысында мәлімдеді. 

Әлеуметтік желілерде жеке жағажайлардың бірінде жалаңаштанған жастардың кеші өткені туралы ақпарат жарияланды. Демалыс күндері жеке кәсіпкерлер жер телімін жалға алып, жаппай іс-шара ұйымдастырғаны белгілі болды. Оқиға облыс орталығының маңындағы жағажайлардың бірінде болған, – деп жазды Tengrinews.kz.

«Бәйтерек ауданы Трекин ауылдық округі Жайық кентінің жанында «Ванильные берега» жағажайында кеш өтті. Орал қаласының 21 жастағы тұрғыны жағажайды жалға алып, кеш ұйымдастырған. Би алаңында ӘҚБтК-нің 434-бабында көзделген «Ұсақ бұзақылық» әкімшілік құқықбұзушылық жасалған. Тәртіп бұзғандардың бірі Орал қаласының 28 жастағы тұрғыны екені анықталды. Қалғандарын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде», – деді Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті ЖПҚ басқармасының бастығы Мирхат Аженов.

Ғали Есқалиев құзырлы орган қызметкерлерін заңсыз іс-шараға қатысқандардың бәрін жауапкершілікке тартуға шақырды.

«Бәйтерек ауданы қазір «қызыл» аймақта орналасқан. Аудан әкіміне сөгіс жариялаймын. Алдын ала кештің өтуіне тыйым салу керек болған. Әдепсіз іс-шараға қатысушылардың барлығымен тәрбие жұмысын жүргізіп, олар жұмыс істейтін мектеп директорлары мен кәсіпорын басшыларына ақпаратты жеткізу қажет», – деді Ғали Есқалиев.

Кейін кешті ұйымдастырушылардың бірі кешірім сұрап видео жазды.

Back to top button