50267
Ұлтшыл суреткер
Ұлтшыл суреткер
Поляктардың ұлттық мақтанышына айналған қаламгері Генрик Сенкевич ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында тарихи және әлеуметтік маңызы зор тақырыптарды қозғаған кесек туындыларымен қоғамдық санада сілкініс туғызған ірі тұлға. Көз сұғын қадаған елдердің талауына түсіп, оқ пен оттың ортасында қалған Отан тағдыры суреткер шығармашылығының алтын арқауы болып, көңілді толқытып жанды тебіренткен тарихи романдар жұрттың жүрегіне жол тауып, рухын тірілтті. Сол үшін де поляктар оны ерекше құрметтеді, талантты перзентінің әр сөзін қадір тұтып, артына қалдырған асыл қазынасын қастерлеп, көзінің қарашығындай сақтады.
Тау суының екпініндей насихаты күшті жазушының «Камо грядеши», «Тасқын», «Пан Володыевский», «Крестшілер» т.б. романдары жүздеген мың данамен жарық көрді. Біз ол еңбектерді оқыған сайын азаттық үшін арпалысқан поляктардың тәуелсіздік жолында төгілген қаны мен тартқан азабын көріп, қайсарлығына тәнті болып, ерлігіне сүйсіне түсеміз. Сенкевичтің әдеби мұрасы егжей-тегжейлі зерттеліп, жүздеген еңбек, мыңдаған мақала жазылды, шығармаларының желісімен көрермен қызыға тамашалаған көптеген фильм түсірілді. Адамзатты талантымен мойындатқан суреткердің тәуелсіздік жолындағы халқының ерлігін дәріптейтін туындыларды жазу мәнері өзге елдің әдебиетіне де шапағатын тигізді. Өз басым қабырғалы қаламгеріміз Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романын оқып шыққаннан кейін, оның тап осындай кесек туындыны жазуына Генрик Сенкевич романдарының бір мысқалдай болса да ықпалының тигенін сезгендей әсер алдым. Ел тәуелсіздігін жырлаған суреткеріне отандастары қаражат жинап, талантына көрсетілген халық құрметінің белгісі ретінде оған зәулім үй сыйлады. Яголонск университетінің докторы атағын беріп, ол Львов қаласының құрметті азаматы атанды. 1905 жылы Генрик Сенкевичке эпос саласына сіңірген ерен еңбегі үшін әлем әдебиетіндегі ең жоғары марапат Нобель сыйлығы берілгенде поляктардың қуанышында шек болмады. Бұл оқиғаны Сенкевич жеке басының емес, өз елінің зор табысы ретінде бағалады, өйткені ол ұлттық эпостарында «тар жол тайғақ кешуді» басынан өткерген елінің тарихын суреттей отырып, азаттық үшін жан аямай күрескен жанкешті ерлігін жырлады. Әр суреткердің сөз өнерінің әлемінен еншілеген өз тақырыбы болады. Қаламгердің қандай да бір тақырыпты таңдауына түрлі жағдайлар мен ситуациялар әсер етеді. Ендеше отандастарының махаббаты мен сүйіспеншілігіне бөленген суреткердің тарихи тақырыптарға ен салуына қандай себептердің итермелегенін түсіну үшін оның өміріне де қысқаша тоқтала кетейік. Ол туған халқы үшін өте ауыр кезең болған өліара мезгілде өмірге келді. Мына жалған дүниенің есігін ашқанда поляктардың Отанын онымен көршілес мемлекеттер хан талапай қылып, өз араларында бөліп алған еді. Ата-анасы ауқатты адамдар болмағандықтан, отбасы ұдайы тұрмыс тауқыметін тартып тұрды. Бастарында баспаналары жоқ әке-шешесі тіршілік қамымен бір ауылдан екіншісіне көшіп жүріп 1863 жылы ғана Варшавадан үй сатып алды. Ел астанасын ол жылдары сан құбылған сағымдай қарама-қайшылықты көңіл күйдің ауаны билеп тұрды. Отаршылдарға қарсы халықтың көтерілісі бұрқ ете қалып, кейін оны Ресей империясы озбырлықпен жаншып тастады. Сонымен бірге поляктар жаңадан енгізілген шаруашылық реформаларды жүзеге асырудың қамын қарастырып, екінші жағынан прогрестің қарқынды дамуы өмірді түбегейлі өзгертіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Жүрегі жалындаған суреткердің дүниетанымы тап осындай қиын кезеңде қалыптасты. Варшаваға қоныс аударғаннан кейін ол гимназияға оқуға түсті. Гимназиядағы оқуы аса мәз болған жоқ, себебі сабақтан гөрі поляктар мен әлемдегі атақты қаламгерлердің туындыларын оқуды оның жаны сүйетін. Поляк тілі мен әдебиеті ең жақсы көретін пәні болды. Гимназияны тәмамдаған соң тұрмыс-тіршілігі жақсы алыс туыстарының үйінде тәрбиеші болып жұмыс істеді. Ағайындарының балаларын оқытуға ықыласты болмағанымен, материалдық жағдайы қиындап кеткендіктен, басқа амалы қалмады. Нәпақасын таба жүріп, сол кездері ел астанасының негізгі мектебі аталған, кейін Варшава университеті болып өзгерген білім мекемесіне оқуға түсті. Әке-шешесінің айтқанын орындап Сенкевич оқып жатқан мектебінде медицинаны зерттеумен айналысты. Бірақ медицина ғылымын суқаны сүймегендіктен одан көңілі тез суып, тарихи-филология бөліміне ауысты. Білімін де жетілдіріп, әрі шығармашылықтан да қол үзбеген Генрик 1869 жылы тырнақалды туындысын өмірге әкелді. Одан кейін іле-шала «Құрбандық» деген сүйекті шығармасын жазып тастағанымен, ол жарық көрмей, кейін қолжазбасын да жоғалтып алды. Мұқтаждық қысып, тұрмыс-тіршілігі ауырлай түскен жас жігіт емтихандарын тапсыра алмай, ақыр соңында дипломсыз қалып, оқуын тастап кетті. Қайтпек керек? Болашақ жазушы күнкөріс қамын қарастырып мерзімдік басылымдармен байланысып, оларға арнап эсселер, фельетондар, рецензиялар жаза бастады. 1873 жылы «Польская газета» басылымына фельетонист болып жұмысқа тұрып, өзінің арнайы бетін жүргізіп, екі жылдан соң варшавалық газеттердің біріне әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысты. Тіршілік қамымен жүрсе де алдына үлкен мақсат қойған ол қолы жұмыстан қалт еткенде, жанына жақын тақырыптарды зерттеп, жазуын тоқтатпады. 1872 жылы «Бәрі бекер» повесін тәмамдап, кейбір кемшіліктеріне қарамастан шығармасы табысты болып, сыншылардың жақсы бағасын алды. Жалғыз хикаямен тоқтап қалмай, бір повестен соң екіншісін өмірге әкеліп, қарапайым адамдар, шаруалар, солдаттар мен жұмысшылар эпостарының басты қаһармандарына айналды. Тұтастай алғанда Сенкевичтің ең алғашқы туындылары уақыты мен сюжеті, тақырыбы жағынан бірсарынды болғанымен, олар суреткердің зиялы қауым ортасындағы беделінің арта түсуіне игі ықпалын тигізді. 1875 жылы бірнеше басылымда журналист болып нәпақасын таба жүріп ол алдымен Париж бен Венаға, кейін Америка Құрама Штаттарына саяхаттап қайтты. Шетелдік сапарларынан соң тақырыбын өзгертіп, АҚШ-тағы өмір туралы мақалалар топтамасын, саяхаттаған елдері жөнінде көптеген новелла жазды. Қаламгердің шет елдегі жұмысы жазумен ғана шектелген жоқ, ол Калифорниядағы поляк қауымдастығын құру ісімен де шұғылданды. Үш жыл АҚШ-та болғаннан кейін Еуропаға қайтып оралды. Алған тәжірибелерімен және әсерімен бөлісу үшін дәрістер оқып, ұстаздықтан қолы босағанда газеттер мен журналдарға арнап шығармалар жазды. Бірте-бірте шеберлігі шыңдала түсіп, психологиялық очерк жазудың майталманы ретінде елге кеңінен танылды. Атағы дүркіреп зор табысқа қол жеткізген бақытты күндерінің бірінде Мария Шеткевичпен танысып, бір көргеннен оған құлай ғашық болып қалды. Әйгілі шляхтичтің қызы да оны ұнатып, екеуі Венецияға сапар шегіп, сол жерде Генрик сүйіктісіне тұрмыс құруға ұсыныс жасады. Ата-аналарының ақ батасын алған жастар үйленгенімен, бақыттары ұзаққа созылмады. Екі бала сүйгеннен кейін жұбайы құрт ауруына шалдығып, дүние салды. Қайғы теңізінің тұңғиығына батып кеткен Сенкевич жанын жұбату үшін саяхат шегіп, шығармашылыққа қатты беріліп, жазумен көңілін алдандырады. 1888 жылы құрт ауруы дертіне ұшыраған мәдениет қайраткерлеріне арналған көмек қорын ашып, оны қайтыс болған әйелінің есімімен атады. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Генрик Сенкевич Отанын тастап, Швейцарияға қоныс аударуға мәжбүр болады, бірақ туған жерінен жырақта жүрсе де бір сәтке де болса Польшасын есінен шығармай елінің қамын ойлап, қайғы теңізіне батып, қасірет шекті. Қоғамдық қызметпен айналысып, соғыс құрбандарына көмек комитетін құрды. 1916 жылдың 25 қарашасында поляктардың әдебиетін әлемге танытып қана қоймай, өз ұлтының айбыны мен рухы болған атақты жазушы өзге елде дүние салып, мүрдесі Веве қаласындағы (Швейцария) жергілікті католиктік шіркеуіне жерленді. Сегіз жыл өткеннен кейін жазушының сүйегі туған топырығына жеткізіліп, қасиетті Иоанн Крестител кафедралдық соборына қойылып, мәңгілікке дамыл тапты. Жетпіс жыл өмір сүрген Генрик Сенкевич поляк халқының жүрегінің төрінен орын алып, әлем әдебиетінде де өшпес ізін қалдырды.1905 ЖЫЛЫ ӘДЕБИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН АЛУҒА ҮМІТКЕР БОЛҒАН ҚАЛАМГЕРЛЕР
- Редьярд Киплинг (1865-1936) әлемге әйгілі ағылшын жазушысы. 1907 жылы Нобель сыйлығын иеленді.
- Джон Морлей (1838-1923) ағылшындардың қоғам қайраткері, тарихшы. Антиимпериялық бағыттағы тарихи шығармалардың авторы. Вольтердің, Руссоның, Дидроның шығармашылығы туралы монографиялар жазған. Қаламгердің саяси журналистика мен әдебиетке сіңірген еңбегі орасан зор.
- Льюис Моррис (1833-1907) ағылшындардың танымал ақыны. Нобель сыйлығына алты рет ұсынылған.
- Алджернон Чарльз Суинберн (1837-1909) ағылшындардың танымал ақыны, өз заманында Англияның ең атақты шайыры болып мойындалған.
- Димитриос Вернардакис (1833- 1907) грек жазушысы, драматург, аудармашы, тарихшы, филолог.
- Георг Моррис Кохен Брандес (1842-1927) даниялықтардың танымал әдебиет зерттеушісі, публицист, натурализмнің теоретигі.
- Марселино Менендес-и-Пелайо (1856-1912) испан ғалымы, мәдениет тарихшысы және әдебиеттанушы.
- Джозуэ Кардуччи (1835—1907) италиялық ақын, 1906 жылы Нобель сыйлығын алды.
- Элиза Ожешко (1841-1910) поляк жазушысы әрі қоғам қайраткері.
- Толстой Лев Николаевич (1828-1910) әлемге танылған орыс жазушысы. «Казактар», «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» атты атақты романдардың авторы. Адамзатқа танылған талай қаламгерлердің шығармашылығына қатты әсерін тигізген. Жазушы шығармашылығы туралы мыңдаған мақала, жүздеген зерттеу жазылды. Шығармаларының желісімен көптеген фильм түсірілді.
- Альбер Сорель (1842-1906) француз тарихшысы, Француз академиясының мүшесі
- Ярослав Врхлицкий (1853-1912) чех ақыны, драматург, аудармашы.
- Сельма Лагерлёф (1858-1940) швед жазушысы, 1909 жылы Нобель сыйлығын иеленді.
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ